«Жерұйық» порталы жер комиссиясының жұмысына қатысты пікірлерді жариялауды жалғастырады. Бұл жолы біз белгілі журналист Мұхтар Түменбайдың жалпы аталмыш комиссияның құрамына қатысты пікірін жариялауды жөн көрдік.
Жә, жер комиссиясының жекелеген мүшелерін талқылау – өнбейтін іс. Дүйім жұртқа 100% жағатын 90 адам табам деу сағым қуалаумен бірдей. Басты проблема осы комиссияның құрылуында жатыр. Меніңше, бұл топтың жұмысы жемісті болады деу – бос үміт. Неге? Комиссия құрамы әркелкі және әрқайсысының жер мәселесіне қатысты өз көзқарасы, өз пайымы бар. Олар тек бір нәрседе ортақ келісімге келуі мүмкін. Ол жерді шетел азаматтарына сатпау мәселесі. Онда да, Терещенко секілді латифундисттер бос жатқан жерлерін шетелдіктерге қуана-қуана сатуға келісер еді. Ал негізінен көп тұста комиссия мүшелерінің пікірлері қарама-қайшы. Біреулері жерге жеке меншік сақталғанда ғана экономика дамиды дейді, екіншілері жерді мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынады, үшіншілері жеке меншік болсын, шетелдіктерге тек ғана жалға беруге болады деп шығады. Ақыры аяғында бір-бірімен қырылысып, бірі комиссиядан шығып, екіншісі кіріп, түптің түбінде жаңа жер кодексі кезекті, қарама-қайшылықтарға толы заң болып шығады.
Оны болдырмаудың бір ғана жолы бар. Ол – жалпы халықтық референдум. Онда екі ғана сауал болуы тиіс.
1. Жерге жеке меншік сақталсын. Шетел азаматтарына жеке меншіке де, жалға да берілмесін.
2. Әрбір қазақстандыққа тиесілі, бау-бақша өсіріп, үй салуға арналған 10 соткадан бөтен жердің бәрі мемлекет меншігіне қайтарылсын. Қазақстан азаматтарына 10-49 жылға дейін жалға берілсін.
Осы екі сауалға қазақ елінің әрбір азаматы жауап берсін. Референдум нәтижесінде қай шешім өтеді, соны мемлекеттік комиссия негізге ала отырып жаңа Жер кодексін дайындайды. Алгоритм солай жасалса ғана нәтиже болады. Алдымен референдум, сосын комиссия жұмысы. Сонда ғана комиссия мүшелері әркім өзінің пікірін тықпалауды қояды. Негізгі принципі қабылданды, сол бойынша жұмыс істейді. Мың жерден ақылгөй болса да, тұтастай елдің тағдыры ат төбеліндей азғантай адамға байланысты болмау керек. Мемлекеттің біртұтастығы мен қауіпсіздігі бәске түскенде жалпы халықтық шешім қажет. Әрі-беріден соң бұл билікке де тиімді қадам. Референдум оларды келер ұрпақтың алдындағы жауапкершіліктен босатады. Сонда келешек алдында жалғыз ғана билік емес, бүгінгі мына тұрған бәріміз жауап береміз. Қылқылдап та, үркітіп, қорқытып та қазақ жерін сұрап жүрген шетелдіктерге биліктің жауабы дайын тұрар еді. Кешіріңіздер, біздің қолда тұрған ештеңе жоқ, бұл халықтың ұйғарымы дейді де жүре береді. Беттері ашық. Соны қалай ұқпайтынына таңым бар. Ал референдумға қаражат жоқ деген жәй сылтау.Талай кезектен тыс Президенттік, Парламенттік сайлауларды өткізгенде таптық ғой қаржыны. Бұл жолы да табуға болады.