Байыт Қабанұлы: АПАМНЫҢ ДАУЫСЫ

365

885495_988331811259144_7056739294612470319_o-320x240

Бес, алты жастардағы кезім бе екен. Апам қораның ана шетіндегі үйлерге жұмсайды. «Сол үйге барып кел, алып кел, беріп кел…» – деген сықылды ұсақ-түйек бірдемелерді сылтау етіп үнемі бір іс тапсырады. Мен іркілмеймін. Үйден шығып бір азғана жерге барып тоқтай қалам да қайта айланып:

– Апа-а-ау – деймін.
– Ә-ә-әу – дейді апам. Апамның дауысы жақыннан естіледі. Мен қорқатын ештеме жоқ екенін түсініп ары қарай жүгіріп тағы біраз жерге барам да қайта айланып:
– Апа-а-ау – деймін.
– Ә-ә-әу – дейді апам. Апамның дауысы әнтек алыстан ақырындау естіледі. Мен сәл-пәл қорқа бастаймын, сонда да ары қарай жүгірем. Бұл кез ана баратын үйдің есігіне таяп қалғанымды байқаймын. Сонда да қайта айланып:
– Апа-а-ау – деймін.
– Ә-ә-әу – дейді апам. Бұл жолы апамның дауысы естілер естілмес тым алыстан, тым өшкін естіледі. Апамның дауысы қаншалықты ақырын өшкін естілсе қорқынышым соншалықты айқындала береді. Мен ана үйге асып-сасып біреу ұстап алардай сүріне-қабына кіріп айтуға тиісті «сәлемімді» айтып, алуға тиісті немесе беруге тиісті нәрсемді бере саламын да сол үйдің берген құрт, бауырсағын қалтама салдырып алып қайтадан далаға шығып жүгіре жөнелем. Сол жүгірген қалпымды өзгерпей:
– Апа-а-ау – деймін.
– Ә-ә-әу – дейді апам. Апамның дауысы ұзақтан әлсіз естіледі. Қорқынышым сол баяғы қалпында ары қарай тіпті тез жүгіріп тағы біраз жерге келем де:
– Апа-а-ау – деймін.
– Ә-ә-әу – дейді апам. Апамның дауысы әлгіндегіден айқындау естіледі. Қорқатын ештеме жоқ екенін түсініп тағы біраз жерге, үйдің алдына келем де:
– Апа-а-ау – деймін.
– Ә-ә-әу – дейді апам. Алдымнан есік ашылады. Апам құшақтай алып бетімнен сүйіп, маңдайымнан искейді.
– Менің ұлым батыр жігіт болып кетіпті ғой, қораның мұқе-е-ем ана шетіндегі үйге жалғыз өзі барып келді. Оо, жасаған шүкірлік мұныңа – дейді.
Осы қылық-қимыл күніне бірнеше рет қайталанады.

Иә мен онда шынында батыр едім. «Егер апамның дауысы естіліп тұрса барша әлемді айланып келуге де болады» – деп ойлайтынмын.

Солай, апамның дауысы естіліп тұрса.

Байыт ҚАБАНҰЛЫ

 Sony Michel Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз