КӨКӨРІМІ КӨП, КӨРЕРМЕНІ АЗ АЙТЫС БОЛДЫ

328

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – қала күні мерекесімен қапталдасқан «Тіл – ұлттың жаны» деген атпен Семей қалалық Мәдениет сарайында айтыс өтті. Қапталдасқан деген себебім бұл айтыс о баста жоспарға сәйкес 27 қыркүйекке белгіленген екен. Алайда, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жыл сайын кең ауқымда аталып өтілетін Тілдер мерекесі аясындағы осынау айтыс қала күні шеңберіне де еніп кеткені әдеттегі ұраншылдық пен асығыстықтың салдарын көрсетіп берді. Біріншіден күн жексенбі болғандықтан ба, көрермен қарасы өте аз болды. Әр жерде бір отырған екі үш адамның шоғырын қосқанда елуге толмайтын көрерменге қарап, хабарлануы дұрыс болмағандығы көзге ұрып тұрды. Екіншіден 7 жұп бойынша шақырылған 14 ақынның алтауы Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінен болса, екеуі Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінен, ал үшеуі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінен қатысты. Қаламыздағы білім беру сапасы бірінен бірі өтетін оқу орындарының шашбауын көтерген студенттерінің ұстаздары, бірге оқитын курстас құрбы достарының келмегені көңілге қаяу түсірді. Демек, айтыс өтетіні күні бұрын ескертілмеген, я болмаса оқу орындарының басшылығы да қазақтың сөз өнері айтысқа үкілеп жіберген шәкірттерінің талпынысына енжар қараған. Аптаның кезекті күні болса, сабақтан, дәріс беруден босамады дер едік, жексенбіге белгіленген айтысқа аяқ баспағанына қарап «Тіл – ұлттың жаны» деген ұғымнан жеке бастың қамы жоғары болғаны ғой деген ой түюге тура келді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің де қазақтың төл өнерін тіл тақырыбында қозғап отырғаннан кейін қала тұрғындарының назарын аударуға күш салуы тиіс еді ғой деген ішкі қынжылыс та көңілдегі бұлқыныспен астасып кеткенін жасыруға болмас…

Ал, енді айтыста бақ сынағандардың сөз саптасы қалай болды дегенге келсек… Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген мәтел бар. Расы керек, көбінің бабы келіспеді. Оған дәмді сөз, өрелі ой айта алатын буынның әлі қалыптаспаған күйінде сахнаға жіберілгендігі дәлел. Нақты тақырып ана тілдің өзекті мәселесін сөз ету, я болмаса, қала күніне орай Семейге қатысты жұрт көкейіндегі жайларды ортаға салу көбіне екінші орында қалып жатты. Райымбек Өмірбаев пен аякөздік Әлішер Нұрабдоллаевтың айтысы бір бірінің жеке басындағы жайларды түгендеуден аспаса, Қуандық Кенжебекұлы мен Іңкәрбек Әділханның сөз сайысы одан жоғары көрінді. М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің шәкірті Халида Сәметованың қарсыласы №47 мектеп оқушысы Ерсін Кенжебекұлымен айтысы қыз бен жігіттің сөз қағысын көрсетті. Ерсіннің балаңдығы болар ұйғырдың қызы екенін айта беруіне қарап отырып: «Қазақтан бала тусам болды емес пе?» деп тамаша жауап қайырғанына қарап, Халидаға ат төбеліндей көрермен айызы қана қол соқты.

Іріктей келгенде жақсы айтыс үлгісін көрсетіп, сахна мәдениетін меңгеруде Нұрлан Бектібаев, Серік Қуанған, Іңкәрбек Әділханның талпыныстары көңілге қуаныш ұялатты. Дегенмен, жас айтыскердің шыңдалуы баптаушысына да байланысты екенін ескерсек, олардың әліне қарай шабуына жауапты Халықтық ақындар орталығының жаңа есімдерді жарқыратып көрсету жұмысын баяулатып алғанын осы айтыста көрдік. Ақындардың тақырыпты ашуға жүрдім- бардым қарауы, қоғамдық ойларды айтудан гөрі қарсыласының «өмір тарихын» көбірек көпірткені келешекте онсыз да аз көрерменін мүлде жоғалтып алмаса жарады. Кезінде Ринат Зайытов, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысова, Нұржан Өмірбаевтарды түлеткен жергілікті сахнаның бүгінгі жалғасы болатын айтыс ақындары өздеріне жүктелген сенімге сергек қарауы тиіс. Сан таланттарды танытуда аянбай тер төккен Сиязбек Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, «Мұндай селқостықпен қараған айтыстар өте беретін болса, бара-бара көрермен сырт айналатын» күйге жетеріміз анық.

Cәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ.  

 Carlton Davis Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз