«Бізде құлшыныс әлі де аз….»

400

Әлемдік кәсіпқой бокс аспанына жарқ еткен жұлдыздай жалт-жұлт етіп шыққан Жәнібек Әлімханұлының алдыңғы өткен аптадағы аргентиналық Гонсало Кория атты атақты боксшысын екінші раундта-ақ сұлатып салғаны бокстың ең айтулы мамандары арасында «Бұл жігіт мына екпінімен қайда бара жатыр?!» деген сыңайдағы әбігер тудырып отыр.

«Жерұйық» порталы белгілі бокс жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовпен арада өткен сұхбатты орыс тілінен («Время» апталығы, 14.10.2020 жыл) еркін аударма түрінде жариялап отыр.

-Cіз де екінші раундта нокаут болады деп күттіңіз бе?

-Әлбетте. Жәнібек аргентиналықтан әлдеқайда басым тұрған боксшы ғой. Оған басқадай бәсекелес керек. Ол қазір өз салмағындағы ең үздік ондықтың қатарына кіреді. Жәнібек өз қарсыласын осы ондықтың ішінен іздеуі керек.

-Біздің Жәнібек орта салмақтағы чемпиондар Чарло, Андраде, Альварестерге сес көрсеткендей. Кәсіби бокста шаршы алаңға небәрі тоғыз рет қана шыққан жігітке ертерек емес пе?

– Бұл «шақырулар» – былайша айтқанда пиар. Мұндай пиарға ол жақта арнайы оқытады. Ал негізі Жәнібеке олармен жұдырықтасуға әлі ертерек секілді. Қанаты біраз қатаюы қажет. Бірер жылдан соң белгілі болады. Кәсіпқой бокстағы әңгіме әуесқойлардан өзгерек қой. Мысалы үшін, біз Жәнібек өзін 12 раундта қалай ұстайтынын әлі білмейміз.

– Бәлкім сол үшін де Кориямен ұзағырақ бокстасу керек пе еді?…

– Жоғы да. Онымен бұл жерде мысық-тышқан боп ойнаудың жөні бар ма еді? Соқ деп тұр екен, соғу керек. Нокауттар да қажет. Мамандар бұған баса назар аударады.

– Ал егер сол чемпиондардың бірі Жәнібекпен жұдырықтасуға келіссе ше?

– Олар үшін Әлімханұлы әзірге ешкім емес. Олар, әрине, оның қолынан бірдеңе келетінін біледі, бірақ әлі жөндеп танылмаған боксшыға қарсы шықпайды. Оларға сұмдық көп ақша салынған. Тәуекел жасауға болмайды. Ал Жәнібектің есімі, мысалы үшін, Ковалев секілді болған кезде, сонда ғана онымен сөйлесуге болады.

– Менің бір байқағаным, Жәнібек орта салмақтағы барлық чемпиондарды ұрысқа шақырғанда, Головкиннің есімін ешқашан атамайды….

– Меніңше, бұл ұлы боксшыға деген құрметтің белгісі. Жалпысы, шынын айтқанда, олардың қазір бөлісетін ештеңесі жоқ. Головкин – жұлдыз! Шетте жүргенде, біздің жігіттер бір-біріне қолдау жасауы керек қой.

– Дегенмен, Әлімханұлы бүкіл орта салмақтың королі болсам дейді. Сондықтан ерте ме, кеш пе, Головкинмен де есеп айырысатын кез келмей ме…

– Ол жерде төбелесетін боксшылар жетеді: мысалы, Деревянченко, Чарло… Головкинге дейін жетпейді. Ол кезде Гена бокстан кетеді. Головкинге қазір жинаған абыройы, аты мен атағы қатты жұмыс істеп жатыр. Оған Жәнібекпен жұдырықтасудың қажеті жоқ. Ол ТМД-дан шыққан боксшылардың күшін бес саусағындай біледі. Жәнібекке де Головкинмен төбелестің керегісі жоқ. Ол өз табыс жолымен биікке ақырын өрлеп келеді. Оған қазір әлдеқайда дөкей қарсыластар қажет. Мысалы, Головкин жеңіс биігіне қалай жетті? Жан аямай ұрысты, қарсыластарын 7-8-ші раунда ұрып құлатып жүрді….

– Ал Әлімханұлының күші неде?

– Бұл жігіт өте дарынды боксшы. Координациясы мықты, соққысы әбден қойылған, жақыннан да, алыс қашықтықтан да соққы жұмсай біледі. 2012 жылғы Қазақстан чемпионатында барлығын қуып жүріп сабады. Бұл жігіт те Головкин сияқты өте дарынды. Өздері бір-біріне ұқсас. Нағыз әмбебаптар. Жәнібек кәсіпқойлықта да алғыр. Чемпион болуға даяр. Тек әлі де күш-қуат жинау, төзімділігін шыңдау керек, функциалкасын дамыту қажет.

– Кәсіпқойға ерте ауысып кетпеді ме? Меніңше, Жәнібек әуесқой қатарында жүргенде өзінің соңғы сөзін әлі де айтпай кеткендей болып көрінеді. 2016 жылғы Олимпиадада ештеңе ұтпады..

– Ол Олимпиадаға 2012 жылы баруы керек болған. Өзін көрсете алар еді. 2016 жылы да Риода финалға сөзсіз жетер еді. Бірақ ширек финалда келесі қарсыласына күшімді сақтаймын деп жүріп, ойламаған жерден ұтылып қалды. Бұны біздің жаттықтырушылар штабының қателігі деп білемін.

– Ал Олимпиада-2016-дан кейін оны басқа боксшылар өкшеден баса бастады…

– Олай демес едім. Ол Токиоға оп-оңай барар еді. Біздің боксымызда айтуды өзім қаламайтын көптеген қалтарыс-бұлтарыстар бар… Сондықтан былай дейін: ол жігіт кәсіпқойлыққа дер кезінде кетті. Бәлкім бұл жақсылыққа орайласып тұрған шығар. Әуесқойлар қатарында жүріп жұдырықтасатын 300 ұрыстың түкке де қажеті жоқ. Кәсіпқойлыққа ауысып, сөлің сығылып келгеніңде кімге керексің? Әнеки, Канело әуесқой болған жоқ қой – кімнен кем?!

– Жәнібек әуесқойлар қатарында жүргенде 75 келіге дейінгі салмақта шығып жүрді, тіпті, өзін жартылай ауыр салмақта да байқап көрді. Ал кәсіпқой рингте 72,5 кг. салмақта бокстасады. Екінші орта салмаққа неге ауыспайды екен деген ой ғой біздікі…

– Жауабы қиын. Мен оның салмақты қалайша қуып жүргенін білмеймін. Бірақ екінші орта салмақта сүйегің ірі, бұлшық етің сірі болуы керек екенін білемін. Жәнібекте бұл жағы әлі жеткіліксіз. Және де Головкин орта салмақтың мәртебесін ең «жұлдызды», ең жоғары ақылы салмаққа айналдырғанын да есте ұстаған абзал.

– Жуырда кіші Чавес Головкинмен төбелесем дегендей бірдеңе деді. Қалай ойлайсыз, Генаға қарсы келе ала ма?

– Әй, қайдам. Чавес – әрине, танылған, елдің көзіне түскен, ақшасы бар дегендей, боксшы ғой. Бірақ техникасы орташа ғана.

– Жәнібектің шамасы оңай жете ме?

– Оп-оңай. Жәнібекке де атақ жолында алға қарай басу үшін осы сияқты байшыкеш боксшылар керек (күліп).

– Әлімханұлы ылғи да: «Мен әлі «Қазақ мәнерін» («Казахский стиль») көрсетемін» деп жүреді. Ол қандай мәнер?

– Меніңше, ол образбен айтқаны болуы керек. Біздің ең мықты деген боксшы жігіттеріміздің барлығын қазақы мәнермен жұдырықтасатын жігіттер деп айтуға болар. Бұл –әмбебап стиль.

– Осы жігіттеріміздің арасынан тағы кімдерді кәсіби бокста биікке шығады деп ойлайсыз?

– Әли Ахмедов пен и Садриддин Ахмедов. Мейірім Нұрсұлтановтың да ұрысы ұнайды. Оның әуесқойлық базасы жақсы: шыдамды, соққысы күшті, ұрыс жүргізу мәнері жақсы. Қысқасы, біздің елді әлемге танытарлық мықты боксшыларымыз аз емес.

– Тағы бір сауал. Қазақстан құрамасы алдағы Токио олимпиадасында «Сидней-2000»-да жеткендей кемі екі алтын, екі күміс алатын жағдайда ма?

– Мүмкіндік қашан да бар. Өзбектер өткен Олимпиадада үш алтын, үш күміс, екі қола алып кетті ғой. Бұлай болады деп кім ойлаған?! Оларда жеңеміз, аламыз деген құлшыныс керемет болды. Ал біздің құлшынысымыз қайда? Біз бәрін техникамен аламыз деп ойлаймыз. Бұл аз. Жәнібек Әлімханұлының 2016 жылғы Олимпиада ойындарындағы ұрысын есіңізге алыңызшы… Сондықтан, шаршы алаңдағы әр жолғы ұрыста финалда жүрмін деп ойлау керек.

«Жерұйық» ақпараттық порталы.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз