Біз ҚазҰУ-дің студенті болған кездегі қалашық тым әдемі еді. Қазіргідей заманауи әйнек ғимараттар емес, ракушка-тақталармен қапталған кеңестік корпустар мен қалың тоғай, 45 қабаттық Есентай-Моллсыз таза көрінетін асқақ Алатау кәдуілгідей бір көрген жанды өзіне іңкәр қылатын. Күндіз жастықтың базары, түнде момақан, бұйығы-тын. Осы ойсыз-қамсыз қалашықта ойлы да ойсыз екі досымыз әй бір шалқыды дерсің. Бүкіл ҚазҰУ танитын оларды. Аты да ұйқас қой, шіркіндердің.Өміржан мен Бауыржан. Екеуі де Моңғолиядан келген. Біз білмейтін Баян-Өлгейдің бет-бейнесі алғашқыда осы екеуі арқылы қалыптасқан болатын. Екеуі де ағып тұр. Шешен. Ділмәр. Философ. Ақын. Жазушы. Қысқасы, ауыздыға сөз бермейді. Өлеңнен де, қара сөзден де таласа алмайсың. Аузыңа құм құйылады. Оралханды, Мұқағалиды жатқа соғады. Жанында тұрсаң лирикадан лекция тыңдағандай боласың. Алайда екеуі де сабаққа оңды қатыспайды. Қашан көрсең будақтатып темекі тартып тұрады. Ара-тұра кірген сабақта ұстаздар бірдеңе жаздырса, бес-он минутта айбақтатып, мұғалімнің алдына қояды да, сұранып шығып кетеді. Терезеден шылым сорып тұрған сұлбасын көресің сосын. Немесе келесі парға шыққанда темекі мүңкіп қарсы жолығады. Ал әлгі жазғанын оқығанда есің шығады. Мұндай теңеу, мұндай сезім, мұндай тіркес қайдан келеді бұл пақырға деп ойлайсың. Біраз уақыттан кейін бұл екеуі жай жүрмейтін болды. Думандатып жүреді. Мұндай кезде тіпті гений. Биіктен, мысқылмен қарайды, сосын семинар мен лекцияның арасында, жатақхана мен корпустың арасында жүрген өзіңнің құнсыз, құмырсқа тірлігіңе қорланасың.
Өміржан шет елдіктерге арналған №6 жатақханада тұрушы еді. Бауыржан басында бізбен бірге тұрғанымен, іргедегі спорт мектебі мен дене-шынықтыру институтының бұзықтары келгіштеп кеткен соң оралмандарға арналған №10 жатақханаға ойысқан. Екеуі екі елі ажырамайды. Алақайы айғайдай Өміржаннан біреулер безе қашады, біреулер таңырқап тұрып қалады. Баука болса жымиып, қалың шашын кейін қарай сілкіп тастап, салқын сырадан сіміріп қойып тұра береді. Енді екеуінің қызықтары жетерлік. Бір жақсысы, жандары жомарт. Байдың баласындай шашып жүреді. Сұрап жүретін кезі де аз емес. Бұларға мұнша ақша қайдан келеді деп ойлайтынмын. Оқытушыларымыздың, ортасының, қала берді қайта оралып отыратын өздерінің жақсылығы екен.
Әрине, үнемі бірге жүрген соң бір-бірінен запы болады ғой адам баласы. Бұлар да сөйтеді. Бір-бірінің айтар әңгімесін, мінез-құлқын әбден біліп алған ағайынды қоңыр қаз жалыққанда шекіседі. Оның үстіне екеуі 1 курсқа дейін ЖенПИ-де дайындық курсында екі жыл бірге оқыған ғой. Өстіп, өзара жағасынан алып жататын, сабаққа қатыспайтын, үнемі шеңбердің сыртында қайнайтын бұл екеуіне журфактың деканы Бауыржан Жақыптың да қаны қайнайды. Бірақ Бәукең, Бауыржан Өміржанұлы өзі де талай динозаврлар дәуірінің дүрмегін көрген дүр-азамат қой, қатты күйініп кеткенде: «Әй, бұл екеуіне не деріңді де білмейсің. Ұрсайын десең біреуі өзіңнің атың, біреуі әкеңнің аты» деп сабасына түседі екен.
Думан Анаштың ФБ парақшасынан