Бір сұлтан бас уәзірін шақырып алып:
-Менің мемлекетімде қанша ақын бар?-деп сұрапты.
-Жүз ақын бар,-деп жауап беріпті бас уәзір.
-Олар не жазып жүр?
-Өмір, махаббат, ғылым-білім, жорықтар туралы. Көпшілігі Сізді мадақтап, біразы ғайбаттап жазып қояды.
-Олардың ішіндегі нағыз ақыны нешеу?
-Әлбетте, Сіздің атақ-даңқыңызды келістіріп жырлағандары нағыз ақын болады да! Жартысынан көбі!..
-Мен осы тұрғанда мақтағанға жақсы боп, даттағанға жаман болып кетпеспін. Сондықтан, бүгіннен бастап, бүкіл ақынды бірін қалдырмастан зынданға таста!- деп әмір беріпті сұлтан.
Айтты – бітті! Оның пәрмені қолма-қол орындалады.
Бір жыл өткенде сұлтан уәзірінен тағы сұрапты:
-Қане, менің ақындарымның жағдайы қалай екен? Отыр ма? Қаншасы жазып жатыр?
-Бәрі отыр. Іштерінде қыңыр-қырсық он әпенді ғана жазуын әлі қояр емес. Қалғандары қысымға, қапас пен қамауға шыдамай жазуды доғарды,- депті уәзір.
-Ендеше, солардың бәрін босатып жібер, ал ішіндегі жазуын қоймаған әлгі он ақынды алып қалып, әрқайсысына сый-сияпат көрсетіп, жеке-жеке салтанатты сарайға орналастырып, барлық жағдайын жаса!- деп әмір етіпті сұлтан.
Айтты – бітті! Оның пәрмені қолма-қол орындалады.
Тағы бір жыл өткенде ол бас уәзірінен:
-Менің ақындарым қалай? Енді қаншасы өлең жазуын жалғастырып жатыр екен?– деп сұрапты.
-Үш-ақ ақын қалды. Қалғаны жақсы тұрмыстан тоғайып, масайрап, жазбай кетті,- деп жауап беріпті уәзір.
-Ендеше, міне — нағыз Ақын сол үшеуі. Тауқыметке жасымаған, марапатқа тасымаған сол үш ақынды ардақтап, жазғаны мен айтқанына құлақ асыңдар! -деген екен сонда сұлтан.
Ұлықбек Есдәулеттің жазбасынан
«Ұлт» порталынан алынды
Өте керемет шығарма екен!… Шындықты қалай дәлелдеуге болатынын көрсетіп берген екен…Сонда үлгі алуға боларлық ұш ақ ақын бар екен…)))…
Керемет ой,дәнішпандық,шын ақыл,
Біздің елде бар мұндай сан мың ақын.
Әрбір сөзі шор-шор алтын,көзі күн,,
Ал жүрегі махаббаттан тұратын.