ӘЛЕМДІ АЯЗ, ӘДІЛБЕКТІ ӨЛЕҢ ҚЫСЫП ТҰР

371

Әсілі, кімді болмасын әсіре мақтаудан аулақпыз. Ал, көз көріп, көңілге ұялаған жайттарды өзгемен бөлісу кімге болмасын тән қасиет. Қабырғалы қаламгер Әділбек Ыбырайымұлының тұрақты оқырманы ретінде тұшынған сәттерді ішімізге іркіп қалғымыз келмей отыр. Поэзиясы мен Прозасын ұнатып оқитындықтан ғана емес, оның бойындағы мынау жарық дүниенің тылсымына бойлай білуге деген ұмтылысын аңғарғандықтан. Қазан айында бір ғана «Бурабайдың күзін» 12 түрлі жырлаған атпал автор қараша айында да күн құрғатпай жаңа өлеңдер жариялап келеді. Қараша басталысымен қаһарына мінген әппақ әлем Әділбек өлеңінде өзгеше өрнек тауып жатыр. Жаңа жазбаларын оқи отырып алашшыл ақын «аяз қысқан әлемді өлеңімен жылытқысы келген-ау» деген ой түйдік. Содан да болар, «Әлемді аяз, Әділбекті өлең қысып тұр» деп мақалдап жібергіміз келді.

 

 

ҚАРАШАНЫҢ АЙЫ АУДЫ…

Қарашаның Айы ауды төбемізден,
Бүркенген бөкебайын.
Көңіл алаң. Ескілік келем ізбен,
Сағынып көкек айын.

Үскірікті қылғынған жасқағанмен,
Ызғары шытындырды.
Озып кеткен ілгері басқа адаммен,
Бұлғады шытын құрбы.

Сезім тулап шарпыды тұла бойды,
Аязда сәл жылынып.
Өкпелілер өмірге кінә қойды,
Үйір ғой, әлдіге – үміт.

Ұшады, әне, топтанып, қара қарға,
Суықты ерен көрмей.
Елең көрмес үніңді шара бар ма?
Илікпес емендердей…

Қарашаның Айы ауды,
Амал қанша?
Тым ерте күртік көмген.
Байқатпаған сезімді маған да онша,
Білдіртші, іркіп келген.

Бүртіктенген…

2016 жылғы 21 қараша, сағат 23.16

 

ДҮНИЕ ӘППАҚ БОЛЫП ЖЫМДАСАДЫ…

Ақ боз ат,
Ақ боз аяз,
Әппақ дала,
Кім кімнен қарап тұрсам таппақ пана?
Сақылдап қарашада сардауыл жүр,
Тірлігім бар еді ғой шап-шақ қана…

Дүние әппақ болып жымдасады,
Кіршіксіз ақ нәрседен кім қашады?
Жылусыз,
Әппақ әлем,
Қайттік сені,
Жалғанның пәтуасыз тұлғасы әні.

Биыл қыс әдеткідей басталмады,
Қайда ұшты туған жердің қасқалдағы?
Ақшақар пәтшағарға
Айналды әттең,
Ақ боз ат арман едің аспандағы.

Көзіңді тостағандай мөлдіреттің,
Жалыңды үскірікке желбіреттің.
Алдымнан жайтаң қағып сен бір өттің,
Маңыңнан бүрсең қағып мен бір өттім.

Ақ боз ат,
Ақ боз аяз,
Әппақ әлем,
Сен үшін жанды да әппақ сақтаған ем.
Ақшақар,
Бейбаянды бегім едің,
Барасың бір бұлт етіп жатқа менен…

Өзіңдей әппақ ажар таппаған ем,
Екіұшты ала-құйын шаққа келем.
…Танымай аязды да, тажалды да,
Кеудемнен көтерілді қаптап өлең…

Ақшақар, Ақ боз күлік, Әппақ Әлем…

2016 жылғы 20 қараша, сағат 21.22

 

САРҒАЛДАҒЫМ…

Жайнаған ғұмырыңа шырай біткен,
Көрген көз сұқтанады.
Бұрқ етіп аяқ асты бір әйдік дем,
Көзіңде шық қалады.

Қауызың үлбіреген – дақтанбаған,
Құлпырған, сарғалдағым.
Нұр шашқан алаулаған шақтан маған,
Өзіңді армандадым.

Жарқын Күн, жаз-дәуренің басқа аспанда,
Шаттықты бақ де, мейлі.
Сұлулық нәзіктікпен астасқанда,
Ештеме шақ келмейді.

Аяз да қарығанмен сындырмады,
Қауызың қырауланды.
Күлкің де одан сайын сыңғырлады,
Сағыныш тұр-ау мәңгі.

Есімде сыйға берген орамалың,
Алшақсың неге менен?
Мен сенің сезіміңе оранамын,
Суықты елемеген.

Сарғалдағым…

2016 жылғы 17 қараша, сағат 22.10

 

ЖАНАРЫҢ БАЙЛАНҒАН КЕЗ…

Сырғаңды қайық қылып өткізбедің,
Әлдене дедектетті.
Мен сені қарап тұрсам текке іздедім,
Көлеңкем бөлек кетті.

Жан, арым жалғандықтан сыздағанда,
Сен бәлкім, селт етпедің.
Тәйкүшік бұ тірлікті қызғанам ба,
Екі ара көлкектедің…

Басыңа сұр кенептен шарқат салдың,
Көзіңе шырға байлап.
Өзіңмен оңашада тарқатсам мұң,
Беймәлім сырға бойлап.

Үзілген жапырақтар жан-бағыңнан,
Қолыңда бес тал бақбақ.
Жоғалдым неге, қалқа, арманыңнан?..
Жалған сөз – есті алды әппақ.

Әлемде қарау ниет жеткілікті,
Талайдың саңын алған.
… Жанарың байланған кез кетті… бітті…
Жарқ етші, жаным, алдан…

Жылама, сағынғаннан…

2016 жылғы 15 қараша, сағат 22.40

 

ӨМІР ӘУЕЗІ

Мүлгіген тыныштықтан ән естимін,
Ойланып отырамын… және естимін.
Көкейдің көкжиегі әуезденіп,
Арбайды сан түрлі үндер…
Жә-ә, не істеймін?

Елестер бұлдырайды бейнеленіп,
Менімен сөйлеседі кейде келіп.
Бірақ ән үзілмейді бебеулеген,
Әуезге
Астарлы ойлы сөйлем еніп.

Не түрлі кескін көрем қылаңданған,
Бойжеткен жоғалады…
Бұлаң қалған.
Өмірім көз алдымнан өтетіндей,
Ораған шын кескінін тұман-жалған.

Елітіп ескі күнге қызғанменен,
Қалтырап қоя берер мұздан денем.
Бұл менің бара жатқан сезім көшім,
Түсемін арпалысқа ұжданменен.

Мұңды ару сыбызғысын ысқылайды,
Бөгде жан басқа жақта ішті – қайғы…
Мәрмәрдан салынған үй – досымдікі,
Әуезбен көктен қалқи қыш құлайды.

Бір тұрақ табыла ма шыбын жанға?
Қайтейін,
Мына тірлік – құбылғанға.
Талықсып әлдеқайдан үн келеді,
Өмірдің әуезі бар ұғынғанға…

Әнменен әкетерсің түбінде, Алла…

2016 жылғы 14 қараша, сағат 00.10

 

ЖАЗЫМ БОП ҚАЛМАЙ ЖАЛҒАНДА…

Өмірді «көру» жазбаған,
Жазмыш бізді жарылқай қояр жоқ, тегі.
Пенделер кейбір аздаған,
Амалдап, ептей, ілгері қарай беттеді.

Соқырмыз әттең, аңдамас,
Табанның астын керенау кежір көрлікпен,
Сәттілік екшеп, таңдамас,
Жаңылыс бассаң шатасып әнтек, шер – күткен.

Өмірдің тар ғой аңғары,
Зағиптай жасық «тылсымға» қарай аттайсың.
Құлады біреу, жарға, әні,
Табасың оңын, несіпсіз болсаң – таппайсың.

Тағдырлар көп қой адасқан,
Жүйесін іздеп, жүлгесін білмей – лағатын.
Бар және біреу бағы – асқан,
Заңғарда шырқау жұлдыздай жайнап, жанатын.

…Басамыз алға бекем, нық,
Көкейге түйіп өкініш, мұңның салдарын.
Санаңда жатар секемдік,
Арбауға салып, ұстатпай, қусаң – арманың.

… Жазым боп қалмай жалғанда,
Жетейік қатар арманға…

2016 жылғы 13 қараша, сағат 15.40

 

ҚАРЛЫҒАШЫМ, ҚАЙДАСЫҢ?..

Ызғар артып,
Күн көзі солғындаған,
Қара суық жел айдап, оңдың ғалам.
Қарлығашым, қайдасың ақ тамақты,
Қу көңілім өзіңе «тоңдың ба?»
Алаң.

Қаймақтанды қайрансыз Есіл бір дем,
Қараша-қаз көтерді көшін бірден.
Аққайыңдар дірдектер тыр жалаңаш,
Қатыгездеу қараша – шешіндірген.

Қайсар бірақ, сұлулық –
Жалынбаған,
Қырбық қар да тоңданып, қалыңдаған.
Сенің талшын денеңді елестетер,
Аққайыңдар жіптіктей, жаным, маған.

Жанарың да жадымда баданалы,
Жалт қарады жалт ойнап, мағаналы.
… Қараша мен желтоқсан – үскірікті,
Естіледі жаныңның маған әні…

2016 жылғы 12 қараша, сағат 16.44

 

АЛҒАШҚЫ ҚАР ҚУАНТАР…

Астанаға қар жауды…
Ұлпа құлап,
Қыс келеді,
Мінезін кім танымақ?
Аққайыңдар сап-сары сырға таққан,
Бүріседі
Ақ мамық қымтанып ап.

Бір-ақ сәтте өзгерді құбылып күн,
Бар әйтсе де
Ізі әлі жылымықтың.
Жасыл нәлі кетпеген кей жапырақ,
Қар астында қалтырар…
Мұңын ұқтым.

Жайбірақат кісілер көшедегі,
Алғашқы қар қуантар…
Не – себебі?
Торғай отыр ұйлыға тоңғаннан ба?
Ал, қар болса, қарқынын еселеді.

Қуанатын күн бе бұл –
Қылаулаған?
Әлі талай түсеміз шылауға нән.
Жыл құсы жүр көз жазып құсжолынан,
Ұрынбаса жарады тұмауға адам…

Ұлпа Көктен қалқымай
Жиіледі,
Қабағы да
Аспанның түйіледі.
… Қарлығаштай ақ тамақ сол бір ару,
Ұлпаны емес,
Сәуірді сүйіп еді…

2016 жылғы 10 қарша, сағат 23.58

  Marquis Haynes Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз