Отырғандардың туған-туыстарынан түскен өтініш, арыздарға қол қойып болып, келім-кетім кісілерге кездестіру ұйымдастыратын жұмысқа жауапты қызметкер Ирина Викторованы кабинетке шақырдым. Қағаздарды папкасына салып жатып, Ирина Викторовна маған «жаңа ғана менің бөлмеме ерлі-зайыптылар кіріп, менен сіздердің бастықтарыңыздың Шымкенттен екені рас па деп сұрады»-деді.
– Оның оларға не керегі бар екен?
– Білмеймін
– Барып біліңіз.
Бес минуттан кейін Ирина Викторовна маған мынаны баяндады. Олар Қызылорда облысынан келіпті. Абақтыда баласы жатыр екен. Фамилиясын айтты. Жеке басының ісін алдырттым. Баласы Семейдегі бір әскери бөлімде өз борышын өтеп жүріп, өзімен қызметтес жігіттермен төбелесіп қалады. Қылмыстық іс қозғалады. Тергеу жүріп жатыр. Қонақтарды маған кіргізіңдер деп кезекшіге бұйрық бердім. Мониторға қарап отырмын. Темір есіктердің сақыр-сұқырынан айтарлықтай шошынып, киім киісі, жүріс-тұрысы маған етене таныс, көзіме оттай басылып, ер адам мен әйел кіріп келе жатыр. Кабинетке кіріп, орындыққа отырса да, толқулары көпке дейін басылмады. Көзімнің астымен қарап қоямын. Маған білдіртпей, еркек сол қолының сұқ саусағымен әйелінің тізесінен түртіп «сөйлесейші» деген белгі беріп отыр. Оған әйелі қастарын қимылдатып «өзің бастасайшы» деп ыммен жауап береді. Мен ештеңені байқамағандай болып отырмын. Үнсіздікті өзім бұздым.
– Ал, қызылордалықтар, сөйлеңіздер.
– Баланың әлегімен келіп қалдық. Семейге бірінші келуіміз. Ешкімді танымаймыз. Осы түрмені әзер таптық. Жаудың елінде де бір үйің болсын деген ғой. Құдайдың сізге жолықтырғанына қуанып отырмыз. Баламыз бір-екі айда борышын өтеп, әскерден келмекші еді. Бізге көнбей әскерге өзі сұранып кетіп еді. Амал жоқ осы бәлеге душар болыпты. Іс қозғалып сізде, абақтыда отыр екен. Болған жағдайды өз аузынан есітейік. Жодықтырыңызшы.
– Ұлдарыңыз ауылға демалысқа барып па еді?
-Жоқ- деп әңгімеге күйеуі араласты- ауыл, туған-туыс ағайынгершілік жасап, біраз ақша жиып беріп еді. Қолыңыздан келсе баламызды шығарып беріңіз. Еркелеу болып өсіп еді. Төрт ұл-қыз өсірдік. Үшеуі үйлі-жайлы болған, бөлек тұрады. Мына бала әскерден келген соң үйлендіріп, кенжеміз ғой, қолында болсақ па деп жүр едік. Осындай жағдайға тап болдық.
Әйел жылап жіберді. Еркек те қолын қалтасына салып, бет орамалын алып, жасаураған көзіне апарды.
– Сіздің де балаңыз бар шығар. Әкелген ақшаның бәрін сізге берейік. Бір жақсылық жасаңыз. Сіздің Шымкенттен екеніңізге қуанып қалдық. Алыс емес екенсіз.
-Біз былай келісейік,- дедім мен түсімді әдейі суытып, қаталдау дауыспен. Ақша және босатып бер деген сөздерді айтпаңыздар. Ол анау ауылда, оңтүстік жақта болатын әңгіме ғой, көңілдеріңізге келмесін. Бұл жақта жағдай мүлдем басқа. Барлық жағдай заңның шеңберінде шешіледі. Мені қинамаңыздар. Ол мәселелерді тергеу органдары мен сот шешеді. Жиған-тергендеріңіздің бәрін мұртын бұзбай, ауылға қайтып алып кетіңіздер. Қарыз болса қайтарып беріңіздер. Балаңызға жолықтырайын. Ол мәселенің ауруы жеңіл, кездестіру менің қолымда- дедім жүзімді жылытпай. Қонақтардың көзінше әскери-тергеу бөлімінің бастығының орынбасары Ш. Ибраевпен сөйлесіп, ресми түрде баласымен жолығуға рұқсат беруін сұрадым. Сөзге келген жоқ. Аң-таң болып отырған қонақтарды қызмет бабында мінетін ақ «Волга» автокөлігіне мінгізіп, жүгізушім Адайды қастарына қосып, рұқсат алып келуге жібердім. Құжаттарының бәрі дайын болып, қонақтар кабинетке қайтып оралды. Баласын алдырттым. Бірін-бірі сағынған үш жүректің кездесуі кабинетті күңірентіп жіберді. Ирина Викторовна оларды басқа бөлмеге алып кетті. Бір сағаттан кейін олар қайта келді. Беттеріне қан жүгіріп, түрлері өзгеріп кетіпті. Бұрынғыдай емес, өздерін еркін сезініп отыр. Қонақ үйге орналастырдым. Семейде екі күн болды. Қызылордаға дейін билеттерін алып, Адай өзі шығарып салып келді. Купеге жайғасып жатып, күйеуі әйеліне қарап тұрып, «Ай, Сәлима, осының бәрін ауылға айтып барсақ, олар сенбей әлек қылады-ау бізді деді»-деп Адай айтып келді маған. Сот болды. Екі жылға бала шартты түрде бас бостандығынан айырылып, сот залынан босатылды. Сол күні оны базарға апарып киім-кешек алып, еліне шығарып салдым.
Әли-Хан Омарбеков,
отставкадағы полковник.