Ақтөбеде әжетханадан табылған нәресте асырап алынды, – деп хабарлайды «Рика ТВ».
Дәрігерлер есімін Мәншүк Мәметова деп қойған қыз шамамен алты ай уақыт Балалар үйінде болды. Қажетті құжаттарды рәсімдеген соң, Мәншүкті ақтөбелік отбасы асырып алды. Қамқорлық органдарындағылардың айтуынша, бұл жұп сәби асырап алу үшін кезекте бірнеше жыл тұрған. Қазіргі уақытта Мәншүк Мәметоваға жаңа есім берілді, бірақ оның жаңа есімі құпия болып қала бермек. Себебі, сәбидің жаңа ата-анасы БАҚ өкілдеріне ешқандай да пікір білдіргісі келмейді.
Еске салайық, биыл мамыр айында Ақтөбенің 41 жастағы тұрғыны Молдағали Орынбасаров көшедегі әжетханадан нәресте тауып алған еді. Ер адам әжетхана есігін ашқан кезде қыз бала қалтаға оралып, шұңқырда жатқан екен.
Молдағалидың айтуынша, ол ең алдымен «102» нөміріне, кейін жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Дегенмен ол полицейлер мен дәрігерлер келгенге дейін шыдамай, шұңқырға түсіп, нәрестені алып шығады. Кейін сәбиді құтқару сәтінің видеосыпайда болды. Ал анасы іздеуде жүр.
Нәрестесін әжетханаға тастаған әйел 4 жылға сотталуы мүмкін.
PS. Біреулер балаға зар болып, «бақытсызбын» деп налып жүр. Біреулерге «шалыс басқан» қадамы үшін » алғашқының «арманын» бере салып жүр. Әділетсіздікті шарана болып шеккені-ай, сәбилердің, «жалғанның жатырында» жатып сөніп кетпей әдетінше азғындықтың. Биылғы жыл нәрестелердің нәжісханадан табылатын, құбыр жолында тұншығатын, жолда миы шашылып, анасының қолынан қаза болатын жылы болды. Өкінішті, әрине. Бұған кім кінәлі? Не істемек керек?
Мүмкін төмендегі «Сәбидің монологын» тағы бір оқып шығарсыздар.
СӘБИДІҢ МОНОЛОГІ
ЖАНАЙҚАЙ
( көліктің терезесінен лақтырылып, туа сала өлім құшқан сəбидің монологы)
Келдім. Кеттім. Мен сендерге не жаздым,
Анашым-ай, осыншалық неге аздың,
Жатырыңнан сəл кеңірек көліктен,
Басқа əлемді көрсетпедің неге аз күн?!
Анашым-ай,
Құлақ салшы, құрсағыңда бүрлегем,
Шаранаңмын бір күн өмір сүрмеген.
Сыртқы əлемнің салқындығын сезуші ем,
Бірақ мұнша суықтығын білмегем.
Сен жылытар деп ем тəнім мұздаса,
(Алдандың ғой, жұрт сөкпес ед сізді аса)
Кім емеді айтшы соны, анашым,
Сүтке толып, ақ мамаңыз сыздаса?!
Əділдік пе туа сала өлмегім,
Маған неге сұлу есім бермедің,
Шілдехана жасамады əкем де
Атамның да түрін неге көрмедім?!
Əжетайым,
Жанды ауыртып, кіндігімді жұлмалап,
Құтылуға асықтың-ау жылдам-ақ.
Бесігіме бөлеп қойсаң мен сенің,
Мазаңды да алмас ем ғой іңгəлап.
Болар ем ғой, қолғанатың, ермегің,
Əзірейілім боп шықтың ғой сен менің.
Əжетай-ау, əлдилегің келмесе,
Баласы жоқ жанға неге бермедің?!
Əулетіңді тұздай құртып жоймақ па ең,
(Тілегіңді қабыл етіп қойды əттең).
Əйнегінен лақтырғанда көліктің,
Аспанға ұшып кетеді деп ойлап па ең?!
Қазағым-ай,
Сап-сау тудым, Ер болар ем ту алған,
Ерлігімді намысыма суарған.
Қазақ деген елдің ұлы болам деп,
Жатырыңа біткен кезде қуанғам!
Қазағым-ай,
Қысқа күнде қырық өлең шығарған,
Ақын ұлттың ұлы болу – ұлы арман.
Мен, əу баста, Жаратқаннан сол үшін,
Мына сенің жатырыңа сұранғам!
Ей, адамдар,
Мен жолдамын, мені ұмытып кетпеңдер,
Аза тұтып жатыр маған Көк пен Жер,
Тым құрыса баспаңдаршы миымды,
Жинап алсын кептерлер!…
Оюлы Қуаныш
14.01.16
Осылай ұсақтала береміз бе?