Дастархан жиналған соң көкем мені өз бөлмесіне шақырды. Қалың төселген көрпенің үстіне арқасына жастық қойып, қабырғаға емін-еркін сүйеніп отыр.
– Ал, жолдас полковник, мен саған басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін,-деп , қамшылар жағына отырғызды. Соғыстың аяқталғанына бір-екі жыл болған.., деді көкем әңгімені алыстан бастап. Мен көкемнің сырына бала күнімнен қанықпын, басталған әңгіменің бұзылғанын қаламайды. Көлденең киліккендерге кейіп тастайды. Әңгіменің желісін бұзбай, бітіріп барып, орнынан бір-ақ тұрады. Маған қойылған жастықты қолтығыма қыса көрпеге көсіле жайғастым. Жасаураған көзін алақанымен сипап алып, сөзін жалғастырды.
– Елдің еңсесі әлі көтеріле қоймаған кез еді. Соғыстан аман-есен оралғандар еңбекке араласып, шейіт болғандардың орны толмай үңірейіп, жүрекке түскен жара жанға батқан қиын-қыстау кезең еді. Мақта егеміз, өсіреміз, баптап күтеміз. Тереміз, қырманға арбамен тасимыз. Кептіреміз, іріктейміз. Өкіметке өткіземіз. Мақта күтімді көп қажет ететін дақыл. Алтын өндіру қаншалықты қиын болса, мақта өсіру де соншалықты оңай емес. Сондықтан болар мақтаны «Ақ алтын» дейтіні. Уақтысында суарып, дер кезінде арам шөптен тазалап отырмасаң, өнім беріп оңдыртпайды. Еңбегің далаға кетеді. Жүгері егеміз. Ол піседі. Оны орамыз. Малға азық. Жылда осы. Бітпейтін күйбең тірлік, ұшы-қиыры жоқ азап. Қысқа қарай ол шаруалар азаяды. Көктемге дейін қол босайды. Сол кезде мен Рақымханның(немере ағасы) ауылына барып, шаруаларына қолғабыс жасап, қой бағамын. Ол заманның қойшылары қыста кепеде(жертөле) тұратын. Кепе деген жерді адам бойы тимейтіндей етіп қазылған ор. Сол орды екіге бөліп, төбесін жауып, екі бөлме жасайды. Төбеде кітаптың көлеміндей екі терезеден бөлмелерге жарық түседі. Бір бөдмесінде тамақ ішіледі, түнде жатамыз. Кішілеу екініші бөлмесінде темір пеш болады. Онда ыдыс-аяқ, құрал-жабдық, киім-кешек тұрады. Оларға қосымша пешке жақын бұрышта ерте туған бұзау, қозы-лақтар қамаулы жатады. Қойға арналып салынған қашар, қойшыға арналып тұрғызылған там(үй) дегендер болмайтын. Қойды есекке мініп бағамын. Азанда(таңертең) ерте айдап кетемін, күн бата өрістен айдап әкелемін, қораға қамаймын. Қора деген аты ғана. Бір отар қой сиятын жыңғылмен қоршалған, сайдың ішіндегі ық жер. Өріске маған еріп Майлыаяқ деген төбет шығады. О-о-ой! Ит атаулының төресі болатын(көкем көзін жұмып, басын шайқады). Нағыз жігіт сияқты сенімді, тиянақты, алғыр еді. Оның бойына біткен қара күшті айтсайшы! Қойды қойшыдан кем бақпайтын, қой бағу Майлыаяқ үшін кәдімгі кәсіп пе деп ойлайтынмын. Ол ешқашан малдың берекесін алып, қойлардың арасына кіріп, бет алды үркітіп, жүгірмейтін. Бір отар қойды алыстан торып, бақылап, ауық-ауық жан-жағына қарап қойып, үріп қоятын. Ондай төбеттер қайда бүгінде. Ит былай тұрсын, адам ұсақталып, азған заман болды ғой…
Кейде жайылған қойды бір айналып өтіп, маған келіп еркелей сүйкенгенде, Майлыаяқтың бойына біткен күштің, жаңа айттым ғой, жойқын екеніне қайран қалатынмын. Түйе құлататындай екпіні бар еді. Менің тіземе бір аяғын асып қойып отыратын әдеті бар еді. Аяғын сипап отырып «құрыштан құйылған ба» деп ойлайтынмын. Біраз жатқан соң, анда-санда орнынан тұрып, артқы аяқтарына тіреле көтерілгенде көзіңе арыстанды да , жолбарысты да елестететін.
… Сол қыста Рақымхандар анау Арыстан(Шымкент облысындағы қала) 30 шақырым жердегі Жамбас, Бөрішек деген жерде мал қыстатып отыратын. Қыс айтарлықтай жылы. Қар қалың емес, тіпті жоқтың қасы. Бір күні қыстақтан алыстау кеттім. Қайтармаған соң қойларда тоқтамайды. Бітік өскен ішінде бүргеннің ішінде қойлар шашырай жайылып жатқан. Өзіме тамақ, Майлыаяққа сүйек-саяқ алып шығатынмын. Оның тұқымының тектілігн көрмейсің бе, тамақты тек ыдыстан ғана жейді. Жерде жатқанға жақындамайды. Сондықтан өзіммен бірге оның итаяғын алып жүретінмін. Түскі тамақты ішіп болып, бір бума бүрген жұлып алып, астыма төсеніш етіп отырмын. Алдымдағы от сөніп қалғанымен, шоқтың қызуы басылмаған. Аяғымды жылытып, жан-жағыма қарап-қарап қоямын. Таяқ тастам жерде созыла түсіп, басын екі аяғына қойып жайбарақат Майлыаяқ жатыр. Кенет қыратқа өрмелей жайылып бара жатқан қойлар жанұшыра үркіп, бет-бетімен, тым-тырақай қаша бастады. Оларды көріп, өзге қойлар да жапа-тармағай дүрлігіп, қас пен көздің арасында тып-тыныш жайылып жатқан мал быт-шыт, опыр-топыр болды да кетті. Мен де елең ете қалдым, Майлыаяқта орынан ұшып тұрды. Шірене тартылған жебедей атылуға дайын тұр. Қой үріккен жаққа қарасам, жотаның үстінде үш қасқыр тұр. Денем түршігіп қоя берді. Жалпы біздің елде қасқырдың малға шабуы өте сирек болатын құбылыс. Себебі олар Сыр бойына келе бермейтін. Қолымда таяқтан басқа ештеме жоқ…
Тапжылмай әңгіме айтып отырған көкем жастықты ыңғайлап қойып, шалқасынан жайғасып жатты.
-Сол кездегі қиын-қыстау өмірдің, жоқшылықтың, тапшылықтың жаңғырығы ма, аяқтан өтіп, бойды алған суықтың салдары ма, кәріліктің хабары ма, мына беліме шаншу сияқты бір бәле кенедей жабысып, әбден мазамды алды. Көп отырсам, жүз ине қадалғандай сыздап шаншығанда, жанымды қоярға жер таппай қаламын. Жүрек, өкпе-бауыр, бүйрек іш құрылыстарым әзірге, шүкір аман…
…Айтарлықтай сасып қалған мен есімді жиып «Майлыаяқ!» -дедім. Майлыаяқ кетті зымырап. Мен қарап тұрмын. Итті көрген қасқырлар, «Желқазған» деген құм жайлаған шөл далаға қарай қаша жөнелді. Ентелеп Майлыаяқ қуып барады. Мен жүгіріп қырға шықтым. Үш қасқыр алда. Майлыаяқ артта. Аралары жақындап қалыпты. Бір кезде қасқырлар екіге бөлінді де, үлкен төбені құшақтай екі жаққа қашты. Майлыаяқ төбенің күнгей жағымен қашқан қасқырдың соңына түсті. Төбеден асып көзге көрінбей кетті. Мен жанталаса жүріп тоз-тоз болып кеткен қойларды сай-сайдан әзер дегенде жиып, басын қостым. Баяғыда қариялар айтатын еді: «қасқыр шапқан қойдай болып бытырап» деп, дәл соның кері келді. Біразға дейін не болса содан үркіп жайылып оңдыртпады. Екі сағаттай уақыт өтті. Майлыаяқ жоқ. Қасқырлар талап өлтіріп кетпесе болар еді деп қоямын. Қойларды айдап қырдың үстіне шықтым. Анда-санда «Майлыаяқ, Майлыаяқ» деп айқайлаймын. Айдалада даусымның қанша жерге жетіп жатқанын бір құдай біледі. Бір уақытта «Желқазған» жақтан Майлыаяқ келе жатыр! Мен қарсы жүрдім. Қасына келгенде өз көзіме өзім сенбедім. Үсті-басы қан-жоса. Оң құлағы жарақаттанған, астыңғы ерні жыртылған. Сол жамбасынан алақандай тері жыртылып, жалбырап тұр. Төсі шайналған. Қалай жұбатарымды білмей, сөйлеп жатырмын «Бір өлімнен қалыпсың ғой. Қалай ғана жаның қалған? Жүр қайтайық. Қасқырлар қайта шауып жүрмесін» деп есегіме мініп, жүрейін десем. Майлыаяқ алдымды кес-кестеп, есектің алдына көлденең тұрып алып жібермейді. Қыңсылағандай болды. Есектен түсіп: «Саған не болды, Майлыаяқ?» деймін. Тізерлеп отырған мені басымен кеудемнен түрткілеп тұрғызып, алдыма түстіде. Келген жағына қарай қайта кетіп барады. «Е-е-е, бұл маған жүр деп тұр екен ғой» деп соңынан ердім. Ол құрық тастам жерде алдымда келеді. Ентелей сайға түстік. Қолымнан жетелегендей болып Майлыаяқ мені қардың үстінде сұлап жатқан қасқырға алып келді. Қолымдағы ұзын таяқпен түртіп, өлі екеніне көзім жеткен соң қасына келдім. Кәдімгі қасқырдың арланы! Құлағынан ұстап басын көтеріп едім, салмағы бір тоқтының ауырлығандай екен. Денесінің жылуы басыла қоймапты. Айналама зер сала қарадым. Жан берісіп, жан алысып кем дегенде бір сағаттай алысқан екеуі. Дала алабы арлан мен текті төбеттің көзден таса, ешбір куәсіз өмір үшін болған жекпе-жегінің іздері тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Жер қол соқамен жыртылғандай айқыш-ұйқыш. Жусан, бүрген жаншыла тапталған. Белдесуге дейін барған-ау. Әсіресе, қасқырдың орақтай тырнақтары жерді осып-осып кеткен. Тіпті алдын ала жекпе-жек үшін кеңдігі киіз үйдің орнындай шеңбер жасап алғандай. Бар арпалыс, өмір үшін күрес сол шеңбердің сыртына шықпаған. Арлан сол шеңбердің ортасында жатыр. Оның тамағына Майлыаяқтың аузы тура келіп, тістері қадалғанда, қасқырдың жаны шыққанша тістеп тұрған.
Осы көрініс мені неге екенін білмеймін, көңіл-күйімді көтеріп жіберді. Бір жылы әсердің құшағына бөлендім. Майлыаяқтың қасына келіп, тізе бүгіп отырып, сол қолыммен мойнынан құшақтап, оң қолыммен жон арқасынан сипадым. «Сен батыр екенсің ғой!» деп құлағына сыбырладым. Менің сол сөзім Майлыаяқтың жүрегіне жетті білем, оның жаралы жатып ерекше, адам баласындай елжірегені әлі есімде. Оның ыстық демінің лебі тұла бойымды ерітіп жібергендей болды…
Бұл оқиға ертеңіне Сыр бойын қоныстанған ауыл-аймаққа тарап кетті. Көрші орналасқан қыстақтардан шопандар, алыс-жақын ауылдардан туыстар келіп, «құтты болсын айтып», бір қойдың басын жеп, арқа-жарқа әңгіме дүкен құрып, тарап жатты. Келген кеткеннің бәрі дерлік Майлыаяқтың мақтауын асырып, «жарадың батыр төбет» – деуді де ұмытқан жоқ. ..
Бертін келе совхозда су таситын машинада жүрізуші болып жұмыс істегенде, сол жерден ары-бері өткенімде міндетті түрде тоқтап өтетін едім. Ит тұмсығы кірмейтін қалың бүргеннің ішінен Майлыаяқ шыға келетіндей болып тұратын еді,-деп көкем әңгімесін аяқтап, өзбек шапанын иығына жеңіл жамылып, далаға шығып бара жатты. Әкемнің өмір бойы тік жүретін жон арқасы кәріліктің айтқанына көніп, шөгіңкіреп қалыпты. Әңгіме барысында көкем қайта келмес жастық шағына бір саяхат жасап, сергіп қалды-ау деймін.
Әли-Хан Омарбеков,
отставкадағы полковник.