Ақпан айының алғашқы он күндігі де аяқталды. Бірақ, Семей қаласы көшелерін қардан, жолдарын мұздан арылту жұмысы мардымсыз. Кала тұрғындары коммуналдық қызмет басшыларының әрекетіне наразы. Тіпті, соңғы күндері коммуналдық саланың техникалары тоқтап қалғанға ұқсайды. Осы салаға жауапты Жолаушылар көлігі және автомабиль жолдары бөлімінің басшысы Юрий Пазынаның шаруаны ұйымдастыра алмай отырғаны күн сайын айқындала түсуде. Оған қала жолдары мен көшелерінің қазіргі көрінісі дәлел. Неге бұлай, мүлдем түсініксіз.
Осыдан 20 күндей бұрын Бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен жиында Юрий Сергеевичтің берген жауабы да журналистер көңілінен шыға қоймады. Мәселенің мәнісін ашып айтқанның орнына ақпарат құралдары өкілдеріне «Біздің істеп жатқан жұмысымызды неге көрсетпейсіңдер» деп ренжи сөйлеп, қайта-қайта қар жауғандықтан шығарып үлгермей жатқандықтарын көлденең тартты. Бұл жауабы республикалық телеарнадан да беріліп, елдің күлкісін келтірген еді.
Енді қараңыз, қыстың басында қысқы маусымға дайын екендіктерін мәлімдеп, сап түзеген бүкіл техникаларын мақтана көрсетеді. Ал, қыстың алғашқы айы өтпей жатып «техникамыз жетпей жатыр, қар көп жауып кетті» деген сылтау айтады. Сонда, қар осы Семейге ғана ерекше жауып, басқа қалаларға жаумап пе екен? Қар жауған кезде жол табанын сыпырып жүрген техникалар болмаса, қар шығарумен тұрақты шұғылданып жүрген құрам жоқ. Осыдан 10 күндей бұрын Абай, Қабанбай, Интерноцианал көшелерінен қар тиеп жатқан техникалар пайда болып еді, ол жұмыс та тоқтап қалғандай. Себебі, алысқа бармай-ақ орталық көшелердің жол жиектері мен алаңқайдағы үйінді қарлар әлі сол күйінде. Осы уақытқа дейін тазаланбаған көшелер енді қай уақытта қолға алынбақ?
Ал, жергілікті билік кезінде қысқы кезеңге дайындық туралы мәлімдегенде «Біздің мердігерлерде жиыны 52 бірлік арнайы техника бар; олардың 15 бірлігі қар тазалайтын, 5 бірлік автогрейдер, 6 бірлік құм шашқыш, 2 бірлік қар тиегіш, 15 бірлік ілмек жабдықты трактор және оның сыртында 25 бірлік қар тасымалдаушы автомобиль бар» деген болатын. Мұншама көлік шынымен тұрақты істеп тұрса мәселе баяғыда шешімін тапқан болар еді.
Соған қарағанда, аталмыш мәлімдеме көзбояшылық немесе бөлім басшысы Ю.Пазына комуналдық шаруашылықты толық меңгере алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда, қала көшелерінің жағдайы сын көтеретін жағдайда емес!
Қ.Зекенұлы,