Шаһкәрім қаза тапқан сол бір күн…

412

Шаһкәрім ауылдан ұзап шығып, ешбір оқу орнында оқымаған адам. Оның мектебі де, университеті де – Абай.

Ақынның жиырма жастарында жазғандары, көбінше, жастық, махаббат өлеңдері. Мысалы:

Гауһардай көзі,

Бұлбұлдай сөзі,

Жаннан асқан бір пері.

Жүзі бар айдай,

Мінезі майдай,

Өзгеден артық сол жері.

Дариядай ақыл мол еді,

Жан ғашығым сол еді… –

Деп басталатын өлеңін 21 жасында жазған.

Бұл арада Мұхтар Әуезовті сөйлетудің реті келіп тұр. Мұхтардың сөзінен үзінді келтірейік:

«Ақын болмақ болып, талаптанып өлең шығарып көруге Абайдың іні, балаларының барлығы да ұмтылған. Бұл жағына келгенде Абайдың алды бір жағынан «әдебиет мектебі» сияқты да болады. Сол ретпен өлең шығаратын Көкбай, Шаһкәрім, Абайдың өз балаларынан Ақылбай, Мағауия болады. Бұлардың бәрі де қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жол, дағдысы болғандықтан, өздеріне бөлек бет іздеген сияқты. Сондықтан төртеуі де ұзақ әңгімелі өлең жазады. Сонда Көкбай, Шаһкәрім қазақ елінің ескі өмірінен тарихи оқиғаларды жазса, Ақылбай, Мағауия Еуропа ақындарының салтымен Кавказды, Зұлысты, Африканы өлең қылып, махаббатты жырлайтын сезімді поэманың (романтическая поэма) үлгісін ұстағысы келеді.

Абай бұл жастардың өлең жазуын қабылдаған. Кейбіріне өзі тақырып та беріп отырған. Бірақ бұлардың өлеңдеріне де жалпы өлеңге қоятын қатты сынын түгел қояды. Сондықтан сөздері ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен, Көкбай, Әріп, Шаһкәрім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:

Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз,

Мұнда жоқ алтын иек сарала қыз.

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт әлсіз, –

дейді. «Әзірет Әлі, айдаһарды» Көкбайдың қисса жазғыш болғандығынан айтты, «Алтын иек сарала қыз» деп Сыбан, Әріп деген ақын «Зияда» деген қиссасында сұлу қызды сипаттаймын деп, иегі алтын, көзі гауһар деп мақтауын асырып, түсіне қарамай, асыл тастарды сынай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандап айтқан Шаһкәрім өлеңіне арналған (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ, 1933 ж., 382-383 беттер).

Енді Шаһкәрімнің өмір кезеңдерін шолуымызға келейік. Шаһкәрімнің өзінің жазған өмірбаянынан: «Жиырмадан өткенде, аз ғана ғылым оқыдым…»  – деген сөзін жоғарыда келтірейік: «Ысқақты ұдайы үш сайлау 9 жыл болыс қылған соң, төртінші сайлауда: «Енді болыстықты Бәкемнің орнына беремін» деп, жасы жиырмаға әрең толған Шаһкәрімді болыс сайлатады. Бәкем деп өзінің үлкен шешесі Күңкеден туған Құдайберді деген ағасын айтады. Ол кісі ертерек өліп, артында екі-үш баласы жетім қалған. Сол ағасының аруағын сыйлағандықтан, жасы жетер-жетпесте, Ысқақты өкпелетіп, Шаһкәрімді сайлайды. Шаһкәрім бір сайлау болып болып, 84-жылдың сайлауына келгенде, Абай ендігі болыстықты өзімен бірге туған кенже інісі Оспанға бермек болады», – дейді (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. 1933 ж., 365-бет).

Бұл жөнінде Шаһкәрім өзінің өмірбаянында былай деп жазады:

Өнерлі шебер тіл-жақты,

Алады деп бұл бақты,

Еріксіз маған ел жапты,

Болыстықтың тоқымын.

Болыстық салды жаман ой,

Ғылымды әзір қума, қой,

Ұлықтық деген үлкен той,

Деп, осыған лоқыдым.

Ашылмас кесел болды бұл,

Іздеген ілім қалды тұл,

Азат басым болды құл,

Еріксіз жемтік шоқыдым.

Сөйтіп, Шаһкәрім ел басқару ісіне еріксіз араласқанын өмірінің өкінішті бір кезеңі деп біледі. «Жиырма мен қырықтың арасы: жас өмірдің сарасы, бос өткенін қарашы», – деп налиды.

Шаһкәрімнің философиялық ой жүйесін терең зерттеп, ғылыми талдау жасау, әділ айту философ ғалымдарымызға тиесілі. Оны Шаһкәрімнің өзі де өсиет етіп айтыпты:

Кім айтса да, сынамай қойма, жаным,

Ақылыңа сынатып ойла, жаным.

Пәленше-екем айтқан сөз дұрыс қой деп,

Жүректің таразысын жойма, жаным, –

деген және: «Көп білім жоқ бойымда, шын мақтан жоқ ойымда, кеш сөзімнің кемтігін», – деп, қате айтқаны болса, оған кешірім сұрайды.

«Көп білімім жоқ» дегені – білген білім көлеміне көңілі толмай, қанағаттанбай, місе тұтпаудан барып айтқаны болар деп ойлаймыз. Әйтпесе, ол кісінің өз бетімен ізденіп, қолы жеткен білімі аз болмаған.

Енді ақынның өмірбаянына қайта оралайық. 1917 жылы февраль революциясы жеңіп, патша үкіметі құлағаннан кейін тамыз (август) айында Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі өткізіліп, съезде қабылданған қарар бойынша, Қазақстанда Алаш партиясы құрылып және губернияларда, уездерде партияның облыстық Комитеттері ашылды. «Қазақ» газетінің 1917 жылы 2 желтоқсандағы санында Семейде Алаш партиясының облыстық Комитеттері ашылғанын хабарлап, Комитетке кірген кісілерді атайды.

Сөйтіп, Шаһкәрім бастатқан Абай шәкірттері Алаш партиясын, оның басшыларын қазақ халқының нағыз жанашыр қамқоры деп таныған, шексіз сенген.

Түзелер деп қазағым,

Николай құлап, өлген соң,

Тағы да тартып азабын,

Алпысқа жасым келген соң.

Құлдықтан қазақ босады,

Білмеймін қайдан тосады,

Күн шыққанға ұсады,

Бостандық сәуле берген соң.

Оқыған жастың етегін,

Қабыл алдым жетегін.

Босқа жатып нетемін

Бостандық туын көрген соң,  –

дейді ақын.

Ауданға шабуыл жасаған көтерілісшілерді қырып-жойып, олардың бас сауғалап, қашып кеткендерін қуып ұстап, жазалауға ГПУ бастығы Қарасаров бастаған отряд шығады. Сол күні ауданға бет алып келе жатқан Шаһкәрім Қарасартовқа кездеседі. Олар анадайдан көре сала, сөзге келместен, Шаһкәрімді атады. Оқ тиіп, жараланып жатқан ақын тілге келіп: – Мені ауданға апарыңдар… – дегенше болмай, екінші біреуі тағы атады. Ақын өледі. Бұл сұмдық оқиға 1931 жылы 2 қазан күні болған. Сөйтіп, Шаһкәрім ақын 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қызыл империяның қара жүрек, қанды қол жендеттерінің қолынан қаза табады.

Жендеттер ақынды атып өлтіргеннен кейін, оның сүйегін ессіз даладағы ескі бір құр құдыққа апарып тастап, кете барады.

Шаһкәрімнің сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат (1900-1985) әкесінің сүйегін құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.

Қысқаша айтқанда, Шаһкәрімнің өмірі мен тағдыры жайындағы шындық осындай.

Қайым Мұхамедханұлы, 

Абайтанушы, ғалым.

 Paxton Lynch Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз