Батыр мінезді Бақытбек

392

Батыр мінезді БақытбекЗапастағы полковник Бақытбек Қамзиновпен таяуда жора-жолдастардың Астанадағы ықшам кездесуінде таныстым. Cол бір шағын әңгімеде бүкіл өмірін қорғаныс саласына арнаған азаматтың бағындырған белестері журналистік қызығушылығымызды бірден оятты. Өзін қарапайым әрі еркін ұстауы, тартылған сымдай түзу жүрісі әскери өмірдің салған өрнектері болса керек. Тұйығын қабағы мен тұнық жанары турашыл болмысының хабаршысы секілді. Сөйлесе келе, оның бүкіл болмысы расында әскери өмірмен бітеқайнасып кеткенін, әділдік жолында жанын шүпірекке түйе алатын азамат екені аңғарыла түсті. «Тура би туғанына жақпайды» дегендей, Бақытбек Сағатбекұлы да турашыл мінез, ақиқатшыл ұстанымның пайдасын да, зиянын да басынан кешіріпті. Қалай болғанда да, қанға сіңген қаһармандық қасиет әскери өмірдің биік белестеріне жетелей түсіп, шытырман шақтар мен сын-сағаттардан сүрінбей өтуіне жол ашыпты. Өзіне жүктелген үлкенді-кішілі сенімнің барлығын да абыройлы атқара білген. Отыз жылдай ғұмырын Қорғаныс саласына арнаған запастағы полковник Бақытбек Қамзинов бүгінгі таңда, түрлі дәрежедегі 8 медаль мен «2-дәрежелі Айбын» орденінің иегері. «2-дәрежелі Айбын» орденін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алған.

Жалпы, біз Отанның тыныштығы жөнінде жиі айтамыз. Ал, сол тыныштық пен бейбіт өмір көбінесе қорғаныс саласының, соның ішінде жекелеген қолбасшылардың, сардарлардың кәсіби біліктілігі, азаматтық жауапкершілігі мен антына адалдығына байланысты екені анық. Осы ұстанымдар қандай сардардың (офицер) бойына берік орнайды. Меніңше, бұл қағидалар әскери өмірді өз еркімен, жандүниесімен қалаған азаматтардың бойында болады. Бақытбекпен әңгімелесе отырып біз осыған тағы бір көз жеткіздік. Сол үшін оның әскери өмірдегі соқтықпалы-соқпақсыз кезеңдеріне кеңерек тоқталуға мақұлмыз.

Әңгімені Бақытбектің бала күнгі арманынан бастасақ, ол 7 сыныпта жүргенде-ақ әскери адам болуды, соның ішінде ұшқыш болуға бекінген. Оған себеп болған алғашқы әсерлер шекарашылардың әскери өмірі болса керек. Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданының шекарамен шектес Жалғыз тал ауылында 1967 жылы дүниеге келген ол ес білгеннен шекара қорғаушылардың өмірінен хабардар. Оның үстіне әкесі Сағатбек кейін осы ауданның Ақтөбе ауылында ұзақ жыл қызмет жасаған. Сағатбек ағаның шекарашылардың Қадыр есімді бастығымен достығы болғандықтан олар үйлеріне жиі келіп тұрған. Жарқ-жұрқ еткен сарала киім киген, түрлі қару асынған сардарлар мен сарбаздар өмірі бала көңілін баурамай қалмаған. Батырлар жырымен ауызданған жасөспірімнің жандүниесіндегі ерлікке, елге қорған болуға деген құштарлық дәні бүр жарып, ынтасы ауа берген. Оған қалай жету керек, неден бастау қажет деген сұрақтар жауабын іздеу басталған. Бүгінгідей «google» кіріп бүкіл ақпаратты суырып алатын заман емес, айналып барып мұғаліміңнен сұрайсың, кітапхана ақтарасың. Мұғалімдір: «Ұшқыштар оқуына түсу үшін физика, математика сабақтарын және орыс тілін жетік білуің» керек деген. Бұрынғы Ласты, қазіргі Жеті арал орта мектебінің 7 сынып оқушысы осылай «Космонавт болуға» дайындықты бастап кетеді. Кітапханаға барып әскери мазмұндағы кітаптармен қатар «Красная звезда» секілді Одақтың орталық басылымдарында қадағалап оқуды әдетке айналдырады.

Сөйтіп, мектепті тамамдап, соңына түсіп жүріп Тарбағатай  аудандық комсомол комитетінен Алматыға жолдама алады. Ол жолдама анау-мынау емес, ең даңқты Можайск атындағы әскери инженерлер даярлайтын институтқа берілген құжат. Ресейдің Санк-Петербургіндегі (бұрынғы Ленинград) бұл оқу орнына сол кезде Алматыда экзамен тапсырып, сынақтан өту мүмкіндігі бар болатын. Сонау бір алыс түкпірдегі ауыл баласының өз бетімен Можайск атындағы әскери инженерлер институтының Космонавт бөліміне құжат тапсыруының өзі бір жүректілік. Оқуға түсу межесі сынақтардан 13 балл алу керек болса, Бақытбек ең жоғарғы 16 баллға қол жеткізген. Орыс тілі мүлде сирек қолданатын ортадан келіп мандаттық комиссия алдында тек орыс тілінде өтетін экзамендерден ең жоғары көрсекішті иеленуі де сол сәттегі үлкен жеңісі еді.

Алайда, жеңіп тұрсаңда сенің жалауың желбірей қоймайтын кездер болады. Бақытбектің де осы сәтте бабы келсе де бағы жанбай қалған. Ертеңінде мандаттық комиссияның алдына келгенде бұларға: «Сендер таңдаған училищеге орын жоқ, ауыл мектебінен шыққан сендер космонавт мамандығын оқи алмайсыңдар, басқа училище таңдаңдар» деген жауап қайтарылады. Мұны айтқан сол кездегі республикалық Досаафтың бастығы полковник Абдрахманов еді. Сол Абдрахманов осы мандаттық комиссияның төрағасы болатын. Ал, оның әрекеті болса мынау, топтан озып тұрған түлектерді қақпайлап, олардың орынына басқа біреулерді «өткізіп» жіберу. Өзінің барлық талаптан мүдірмей өткеніне сенімді Бақытбекке комиссия басшылығынан әділеттілік талап еткенімен еш нәтиже бола қоймаған. Жанындағы балалар болса комиссия ұсынған басқа училищенлерді таңдап кеткен еді. Ал, мұның олай істеуге намысы жібермеді. Бала болса да қарсы келген әділетсіздікпен күрескісі келді, ақиқат өз жағында екенін дәлелдеуге тырысты. Комиссия алдында «Можайск инженерлер институтынына  барам, мені сонда жіберулеріңізді сұраймын, басқа мамандықтың маған керегі жоқ» деп соңғы мүмкіндігі қалғанша қасарысады. Еш нәтиже болмайтынына көз жеткізгенде көңілі қалған Бақытбек ашуға булығып қолды бір сілтеп кері бұрылып есікті тарс жауып кете барады. Ашудың айтқызбайтын нәрсесі жоқ қой. Абдрахманов «Әй, бала» деп дауыстаған сәтте Бақытбектің «Жолдас полковник, «әй!» деп зекуге құқыңыз жоқ, мен әлі әскери ант қабылдағам жоқ, әзірге «Сіз» деп айтуыңызды сұраймын» деген жауапты қалай айтқанын өзі де білмей қалған.

Осы тұста оның кері қарай кеткелі тұрған көшінің оңалуына оң ықпал еткен адам да кездесіпті. Барлық жағдайға куә болып жүрген әлгі Абдрахмановтың орынбасары, өзге ұлт өкілі подполковник (есімі есте қалмапты. Бақытбек келесі жылы рахмет айту үшін арнайы іздеп келгенде жұмыс орыны өзгеріп кетіп, таба алмай қайтқан) корпустан ұзап бара жатқан Бақытбекті дауыстап тоқтатып: – «Мен кісі танысам сеннен бір нәрсе шығады, өзгеге өкпелеймін деп өзіңе обал жасама, менің тілімді алсаң Минскіде әуе ракетасы инженерлері жоғары училищесі бар, соған жолдама алып беруге көмектесейін, бірден айтайын онда ұшқыштар әзірлемейді, бірақ мықты оқу орыны», – дейді. Бұл подполковник Минскідегі училищеге тиесілі жалғыз жолдаманы ғана алуға көмектеспеген, сол сәтте қызмет көлігімен сол жаққа жүргелі тұрған поезға өзі шығарып салған.

Сөйтіп, Бақытбек қолында кітап толы жалғыз чемоданымен Минскіден бірақ шығады. 5 жылдық курсанттық өмірде де күреске толы сәттер көп болған. Күрес болғанда жау жапыратын емес, өз-өзіңмен күрес. Бойыңдағы жалқаулықпен күресу, тынбай іздену, спорттық нормативтерден сүрінбеу, бір сөзбен айтқанда әскери-техникалық талаптардың бәріне сайма-сай болу. Ауыл баласына ең ауыр тигені – әскери салаға негізделген орыс тіліндегі ғылыми оқулықтарды түсініп оқу еді. Намысы бар жігіт бұл қиындықты 1 жылға жеткізбей меңгеріп алған. Орыс тілінен қиналып жүргеніне түсіністік танытқан курстасы Дима Злобин бірде: «Сен естіген немесе айтатын нәрсеңді санаңда алдымен өз тіліңде реттеп содан соң орысша айтуға дағдыланба, бірден орыс тіліне көшуге тырыс. Қай тілде ойласаң, сол тілде сөйлеу жеңіл болады» деп кеңес берген. Тілге шорқақ болғанымен ойы мен намыс нәтижесіне көңіл аударған командирі капитан  Жданец те: «Саспа, байқаймын сенің барлық қиындықты жеңу мүмкіндігің бар, түбі жеңіс сен жақта болады» деп жігерлендірген кездер болған. Иә, бұл курсанттық кезеңдердің алғашқы баспалдақтары еді. Нәтижесінде, Қазақстаннан бірге барған 7 баладан 3-ақ курсант бітіріп шыққан.

«Әскери ортада әділдік қатаң сақталады» деген бала кездегі ойының рас екеніне де осы орта да көз жеткізген. Курстың атынан дзю-до, волейбол бәсекелерінде талай мәрте топты жарғаны бағаланып, команда капитаны атанған. Курс пен бөлімнің намысы үшін талай тер төккен оның қайсарлығы мен алғырлығына разы болған факультет бастығының орынбасары полковник  И.П Гутник бірде: «Ешқандай еңбек зая кетпейді, өтеуі болады. Мен саған оқу бітіріп, жолдама алар кезіңде көмектесем» дегені бар екен. Иван Поликарпович сол сөзінде тұрыпты. Қалыптасқан үрдіс бойынша түлеп ұшатын 90 курсанттың 45-і жолдама бойынша, қалғаны бұйрыққа бағынбақ. Бақытбек рейтинг бойынша тізімде 35-ші орналасқан. Дәл осы жолдаманы бөлуге басшылық жасаған факультет бастығы полковник В.Д.Осипенко алдында Иван Поликарпович Бақытбек туралы жоғары пікір білдіріп, жолдамаға тиесілі өңірлерді өз еркімен таңдауға септігін тигізген.

Минскідегі курсанттық өмірі офицерлік сатыға көтерілген Бақытбектің әскери саладағы еңбек жолы Рессейдің Кубышев қаласындағы №28042 әскери бөлімінде топ бастығы болудан басталған. Бұл шақта жас офицер тура сөлеуді әбден дағдыға айналдырған кезі. Әскери бөлімнің командирі полковник А.Н.Лукьяновтың алғаш қабылдауында болып өзін таныстырғанда Александр Николаевич Бақытбектің түріне қарап тұрып:

-Книгу про «Волоколамское шоссе» читал? – дейді.

-Да, товарищ командир!

-Тогда служи так, как он служил!

-Если начну служит так, как он служил Вам же туго будет товарищ командир!

-И мне такие офицеры нужны, служи честно, казачек давай вперед! – деп Александр Николаевич Бақытбектің қолынан қысып, жұмысына сәттілік тілеп бөлмесінен шығарып салады.

Командирмен арадағы осы екі минуттық диалог көп жайды аңғартып тұрғаны анық. Осы шағын диалогқа куә болған баскарма пункт бастыгы капитан О.М Суходольский екеуінің бір-біріне не дегенін бірден түсіне алмай таң болған. Былай шыққан соң ол Бақытбектен «Командир не деді, сен не дедің, түсінсем бұйырмасын» деп қайта-қайта сұрай беріпті. Сөйтсе, О.М Суходольский «Волоколамское шоссені» оқымаған екен. Оның әлгі диалог астарын аңғармағанын түсінген Бақытбек оған «Алдымен  Волоколамское шоссені оқып шық, содан соң түсінесің» деп жауапты келтесінен қайырады. Әлгі сөз Суходольскийдің намысына тисе керек, «Волоколамское шоссені» сол күні тауып түнімен оқып шығып, ертеңінде Бақытбектің алдында басын шайқап: «Тепер понял, о чем вы вчера говорили, желаю удачи, служи как он!» деп, ризашылығын білдіріпті.

Міне, «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай хакім айтқандай, Бақытбек те Бауыржан Момышұлын үнемі үлгі тұтып өтті. Барлық сын-сағаттарда ең бірінші намысты ойлады. Жеке басыңа, ұлтыңа, отаныңа сөз келтірмеу Бақытбек үшін басты шарт болып қалыптасқан. Алдыңғы қатарда болу мектеп кезінен бойына сіңген сыңайлы. Ол мектепте сынып старостасы, отряд жетекшісі, комсомол хатшысы, оқушылар комитетінің төрағасы секілді жауапкершілікте өз атына сөз келтірмеуге дағдыланған. Сол кездегі ұстазадырының көпшілікпен тіл табысу, істі ұйымдастыру жөніндегі тәлімдері де өз пайдасын тіигізбей қалмаған.

Бар күшін салып әскери қызметке кірісіп кеткеніне 3 ай толғанда полковник Лукьянов А.Н өзіне шақыртып, оның әскери өмірдегі аяқ алысына көңілі толатындығын айта келіп, отделение бастығы  етіп тағайындасак калай деп сұрайды. Оған өзінің тікелей бастығы капитан Мурзин А.Д командирге кіріп «бұл жігітті өз орныма лайық деп есептеймін”-деп Бакытбектің кандидатурасын ұсыныпты. Осы қызметте тер төгіп, жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды орындау жалғаса береді. Келер жылы Кеңес Одағы ыдырап, түрлі өзгерістер орын ала бастайды. Алдымен Азербайжан, Армиян, Украйндар өз офицерлерін шақыртып алған. Бақытбек те екі ұдай күй кешеді. Соның алдында ғана «Мемлекеттік шекарашылар» деген киноны көрген еді. Сонда анасы мен әйелін ерткен кіші офицердің шекара алдында екіұдай күй кешкені оған қатты әсер еткен. Ойлана келе «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бабалар өсиетін ескеріп Қазақстанды бетке алған. Айтпақшы, оның алдында 1992 жылы командир Лукьяновке кіріп, жұмыстан босату жөнінде 5 рет рапорт жазғаны бар. Лукьянов А.Н төрт  рапортын сөзге келместен жыртып тастаған. 5-ші рапортпен кіргенде полковник Александр Николаевич рапортты ұстап отырып: «Біздің аталарымыз Москваның түбінде бірге жан қиды, ал, саясатты көріп тұрсың не істеп жатқанын, сол аталар ұрпағын ұлтқа бөліп әр жаққа ыдыратып жатыр, біз болсақ бәрін ұмытып, берілуге дайынбыз» дегенде Бақытбек оның қолындағы рапортты сұрап алып, көзінше өзі жыртып тастаған. Мұның сөз астарын ұққанына, дереу шешім қабылдағанына разы болған командир «Мен сені бір аптадан соң қайта шақыратын болам» деп, кабинетінен шығарып салады. Расында келесі жұмада ЛукьияновА.Н өзіне шақырып, комбаттың орынбасарлығын ұсына отырып, «одан кейінгі кезекте Батареи командирі боласың, келер жылы Академияға жолдама берем, әзірге мен командир болып тұрғанда саған жасайтын көмегім осы, бұл сенің өз рапортыңды өзің жыртып тастағаныңның қарымтасы, сен секілді нағыз офицерлер бізге де керек» дегенді ашық айтады. Алайда, арада 6 ай өткенде Лукьиянов запасқа кетіп оның орынына басқа командир келіп, Одақ ыдырап ол жердегі болашақ бұлыңғыр бола бастайды.

Сонымен, 1993 жылдың ақпанында Бақытбектің Қазақстан Қарулы күштерінің құрамындағы жаңа жолы басталады. Алғашқыда Жаңгыз төбедегі №№97626, 97617 әскери бөлімдерінде зздн штаб бастығы, командирі қызметкерін атқарған. Ол кезде Қазақстан Қарулы күштерінде де кадрлар жетіспей жатқан кез, жоқтан бар жасап сол тығырықтардан шығуға тура келген. 2000 жылы Жуков атындағы әскери Академиядан «Әуе ракетасы әскері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерін соғыс және күнделікті өмірде бірлесе басқару» мамандығын алып шыққан. 2015 жылы запасқа шыққанға дейінгі аралықта біраз дәрежелі қызметтерді атқарады. Бас штаб бастығының орынбасары болып та қызмет істеген. Соның ішінде бір еңбегіне жеке тоқталмай кетуге болмайды. Ол Астана іргесіндегі Ақмол елдімекенінде орналасқан №44813 әскери бөлімде командир болған кезі. Әскери өмірдегі ең бір қиыны мен қызықты кезеңі де осы жерде өткен болар. Өйткені, ол №44813 әскери бөлімді басынан аяғынан дейін өзі жасақтап шыққан. Осы полкты басқарғанда ол өзінің жастайынан көкейіне түйген, «Әскери жасақ осылай болуы керек» дейтіндей арманын толық жүзеге асырады. Өзінің білімі мен тәжірибесін сала жүріп бүкіл бір полктің техникалық, гуманитарлық және жауынгерлік, кәсіби деңгейлерін жоғары санатқа көтерген. Бұл жай сөз емес, Қорғаныс министрлері неше мәрте арнайы келіп, әуе қорғанысының кәсіби және техникалық жетістіктерін бағалап қайтқан. Бұл полктің әскери тынысымен Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі де кезінде арнайы танысқан. Бақытбекті осында басшылыққа тағайындаған министр Мұхтар Алтынбаев мұның 3 айдың ішінде жаңа әскери бөлімді талапқа сай жасақтап шыққанын жоғары бағалаған. Осындайда Даниал Ахметовтың Қорғаныс министрі кезіндегі сапарын еске ала кетуге тиіспіз. Бақытбекті суханы сүймейтін аппараттағы кейбіреулер Даниал Кенжетайұлына «әскери бөлімде қару жоқ, қарауыл қойылмаған, командирдің өзі жұмысқа Астанадан келіп істейді» деген бірнеше теріс ақпарат берегендіктен министр Д.Ахметов келген бетте сол мәлімет негізінде қадала түседі. Дәлелсіз айыпқа шыдап тұру Бақытбекке бітпеген мінез, Қорғаныс министрінің алдында әлгі мәліметтердің теріс екенін дәлелдеуге тура келеді. Командирдің бекер шырылдап тұрмағанын түсінген министр әскери бөліммен толық танысып шығуға шешім қабылдаған. Нәтижесінде, министр Д.Ахметов әскери бөлімнің әлеуетіне көз жеткізіп, командир Б.Қамзиновтың қолынан қысып (үш мәрте), жұмысына көңілі толатындығын жасырмайды. Министр сонымен бірге құрамда еріп келген Мұхтар Алтынбаевқа қарап: «Мына командирге 2 айлық көлемінде сыйақы тағайындаңыз» дегенді және айтады. Полковник Бақытбек Қамзиновтың Елбасының қолынан «2-дәрежелі Айбын» орденін алатыны да осы қызметте жүрген кезі еді.

Болмысында батырлық мінез бар, әділетсіздікке төзе алмайтын жандар үшін кедергінің көбі екі ортаға от жаққыштардан келіп жатады. Сондай кедергілер Қазақстан Қраулы күштері құрылымын құлай сүйіп еңбек етіп жатқан Бақытбек Қамзиновтың да алдынан шығыпты. Өтірік мәлімет, теріс пікір айналып келіп Бақытбек Сағатбекұлын тағы бірнеше рет жұмыс орынын ауыстыруына әкеліп соққан. Бақытбек ақырында өзін қырына алғандардың қылығына шыдай алмай, олардың көзін шындыққа жеткізу мүмкін емес екенін ескеріп 48 жасқа толған шағында өз еркімен жұмыстан кетуге шешім қабылдайды. Шешім қабылдап, өсек-өтіріктен құтылғанымен іште қалған өкініштен біраз уақытқа дейін арыла алмайды. Ол өкініш – Елім, Отаным, соның қорғанысының бір кетігіне кірпіш болып қаланам деп, Рессейдегі барлық мүмкіндіктерін тастап келгенде, осындай әділетсіздікке тап боламын деп ойламағаны. Әскери соқпақ басталғалы екі үлкен әділетсіздікке тап болған екен. Екеуі де Қазақстанда орын алыпты. Бірі – алғаш «Космонавт» оқуына түсіп тұрып, өптей қалуы. Екіншісі, әскери жолдың 55 жасқа дейінгі межеге жетпей қалуы…

Ердің жасы елуге толатын шақтағы Бақытбектің ішінде қандай арман, қандай үміт бар екендігі бір өзіне ғана аян. Оның үстіне біреуге мұң шағу, әлдекімге шағыну оның табиғатында жоқ. Әскери тақырыпта ашылып сөйлей бермейтіндіктен өзінен естіген әңгімеміздің ұзын ырғасы осы. Десе де, ол Қазақстан Қарулы күштеріне соңғы күшін сарқа қызмет етудегі жолының ертерек тоқталғанын ойлаған кезде сыртқа білдірмей іштей бір күрсініп алатынын аңғардық.

Екі жылдан бері азаматтық қоғамдағы тірліктерді бастан кешіп жатқан ол Астанада жұбайы Ажар Серікызы екеуі төрт баласын тәрбиелеп, үйдегі үлкен кісілерге қамқор болып жүріп жатыр.

Қайрат Зекенұлы,

журналист.

Астана қаласы.

 

 

 

 

  Michael Crabtree Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз