Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты уролог, №2 Ақмола облыстық ауруханасының Бас дәрігері Тимур Мұратов астаналық ақ халаттылар ортасында танымал маман. Әсіресе, оның урология саласының дамуына қосқан үлесін айрықша белгілеуге болады. Ол бүгінгі қызметімен қоса, Астанадағы уролог-эндоскопия дәрігерлер қауымдастығының төрағасы. Еліміздегі урологияның дамуына қосқан үлесінің біріне тоқтала кетсек, осы мамандықтың халықаралық майталманы профессор Юза Хеннің Астанаға келіп, өз тәжірибесімен бөлісуіне тікелей мұрындық болған. Тель-Авив медицина университетінің профессоры, есімі әлем дәрігерлеріне мәлім, урология емінің ең үздік маманы Юза Хен жас дәрігер Тимурдың тілін қалай алып жүр? Қазақстан медицинасындағы урологияның өрістей түсуіне тағы қандай ықпалы болды? Осы және өзгеде сұрақтардың жауабын Тимур Мұратұлының өзі айтып беру үшін сұхбатқа кезек берсек.
– Тимур Мұратұлы, дәрігер болу жас кезінде өзің қабылдаған шешім бе, әлде айналаңның кеңесімен жасалған таңдау ма?
– «Биік мақсат-биік жартас, оған өрмелеп жылан да шығады, екпіндеп қыран да қонады», – деп Абай атамыз айтып кетті емес пе?! Шіркін, адам баласының арманы шексіз ғой…
О бастан білімге деген құштарлығым ерекше болатын. Бірақ, бала күнімде дәрігер болу туралы мүлде ойлаған емеспін. Осы мамандықты өзім аса қаламайтынмын. Есейген кезімде ұшқыш боламын, техникалық мамандық таңдаймын деп жүрген азаматтың медицинаға күрт бұруының да өзіндік себебі жоқ емес. Мектептегі ұстаздарым бейімділігім мен талабымды ескеріп, бірнеше рет сол кездегі Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған физика-математика мектебіне бағыттаған болатын. Бірақ, ата-анам ол ұсынысты құптамады. Дәрігер мамандығын таңдау – бұл бір моральдық мәселе.
Мен үйдің үлкені болғандықтан, атам мен әжемнің қолында өсіп, сол кісілерге ерекше бауыр басып кеткен баланың бірімін. 11 сынып оқып жүргенімде арасына жарты жыл салып сол кісілер қайтыс болды. Екеуі де асқазан рагынан көз жұмды. Ауруханада жатқан әжеме барған сайын көз алдымда солып бара жатқаны, қолымыздан укол салудан басқа қайран жоқтығы жанымды мазалайтын. Оның үстіне, алдында Ауылшаруашылық институтына апарамын деп жүрген әкем бір күні «Дәрігер мамандығын таңдасаң қайтеді?!» деп кеңес беріп, жауабымды күтті. Атам мен әжемнің сырқаты әсер етті ме, ойлана келе, мектеп бітіруге жақындағанда әкемнің ұсынысымен келістім.
– Екі ойлы болып келгендіктен клиникалық пәндерді меңгеріп кету қиынға соқпады ма?
– Қиыныңыз не, басында ол орта мен үшін мүлде түсініксіз еді. Сабақтың басым көпшілігі орыс тілінде, алғашқы екі жылдай шынымен ауыр соқты. Қиналғанда оқуды тастап кетсем бе деген кездер де болды. Бірақ, елден ұяласың, намысқа тырысып сабақты қайта қолға аласың. Сөйтсем, бұл уақытша мәселе екен, ден қойған адамды мамандық өзіне тартып, қыр-сыры ашыла түседі екен. Клиникалық пәндер басталғанда тіпті қызығырақ болды. 4-ші курста уролог болуға көңілім ауды. Ол кезде тәжірибелік сабақтар көбейіп, ауруханаларға жиі баратын кезіміз. Ерлан Төлеуғазыұлы Бүркітов деген дәрігер ағамыз «Сенен мықты уролог шығады» деп көтермелеп, кейбір тапсырмаларды беріп қойған кезде біздің бала көңіліміз тіптен марқайып, әр іске құлшына кірісетінбіз. 6-ші курстан кейін 1 жыл интернатурадан өту керек, Семейде урологияға интернатура жоқ болып шықты. Ол үшін не Алматы, не Астана екінің бірін таңдау керек болды. Бір жағы нағашы жұртым, бір жағы «Астана – армандар орындалатын қала» дегенді нысанаға алып осында келдім.
– Алып-ұшып келгеніңе қарай, Астана сені қалай қабылдады?
– Бұл 2000 жыл болатын. Нағыз қиын кезеңдер еді. Бір пакет кітап, бір пакет киімімді көтеріп, тәуекел деп Астанаға келдім. Жолым болып, Ақмола медициналық академиясына құжат тапсырып, интернатураға қабылдандым. Оқытушылар №1 қалалық ауруханаға жіберді, кілең орыс тілді орта екен, ол кезде тілге шорқақ едім, еркелігіңді көтеретін ешкім жоқ, уақытпен санаспай тер төгуге тура келді. Арада 1 жыл өте шығып, интернатураны да тәмамдадым. Енді жұмыс іздеу машақаты басталды. Мамандық бойынша жұмысқа іліккенше күзетші, құжат тіркеуші секілді жұмыстарды місе тұтып жүрдім. Келер жылы бір жекеменшік емханаға дәрігер болып орналастым. Осы ауруханада Хайрли Гафур Зинурұлы есімді профессормен таныстым. Бұл таныстық – менің өмірдегі ең үлкен олжам. Ұстазым әрі әкемдей болып кеткен ол кісіге деген алғысым шексіз. Басында бірқатар тапсырмалар беріп, әр нәрсені істетіп жүрді. Бір күні маған «Мен республикалық ауруханаға урология бөлімінің меңгерушісі болып ауысамын, менің орныма сен қаласың» деп, орынына қалдырып кетті. Осылай жүріп жатқанымда бір егде адамды емдеуіме тура келді. Сол кісі сырқатынан сауығып, қайтатын күні менің тағы қайда жұмыс істейтінімді сұрады. Осы жеке емханада ғана жүргенімді айттым. Сол адам менің әскери госпиталға орналасуыма себепкер болды. Әскери госпиталда істеп жүргенімде 2003 жылы республикалық ауруханаға ауысқан профессорым Хайрли ұстаздан шақырту алдым. Анау-мынау емес, тура сол өзі істеп жүрген ең даңқты мекемеге. Басында сенер-сенбесімді білмедім. Кез-келген дәрігердің арманы боларлық, Ұлттық ғылыми медициналық орталықта қызмет ету мүмкіндігіне ие болуым, бұл енді Хайрли Гафурдай өз кәсібін шын сүйетін, мамандыққа адал жанның арқасы деп білемін.
Гафур Зинурұлындай қайырымды адамдар болатынын бұрын кітаптар мен кинолардан ғана білуші едім, міне, өмірде де көзбен көрдім. Мені танымайды, бірақ болашағыма үміт артып, үлкен ортада, небір мықты мамандар арасында шыңдалсын деген болуы керек. Қандай дәрігерлерге болмасын үлкен ұстахана – Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа мықты көкесі жоқ мен секілді жас маманға өздігіңнен орналасу әсте мүмкін емес еді. Өзіме артылған сенімге сөз келтірмеуді бірінші кезекке шығарып бар ынтаммен кірісіп кеттім. 2003 жылдың шілдесінен 2004 жылдың басына дейін еңбекақысыз қызмет жасауға да разы болдым. Менің ол кездегі мақсатым – өзімді қабілетті дәрігер ретінде мойындату ғана болды. Басқаға бас қатырмадым. Жарты жыл бойы барлық тапсырмаларды орындап, ота жасауларға қатысып жүрдім. Содан 2004 жылдың басында Гафур Зинурұлы аурухананың Бас дәрігері Абай Қабатайұлы Байгенжинге мені ертіп барып: «Мына дәрігер жарты жыл болды, тегін жұмыс істеп келеді, мамандығын жетік біледі, бір штат босапты, соған осы азаматты алсақ деген ұсынысым бар», деді. Бас дәрігер бірден келісімін беріп, сонда айтқаны ғой: «Мен бұл жігітті сыртынан көріп, біздің осында жұмыс істейтін дәрігерлердің бірі екен деп жүргенмін» деп таңырқағаны бар.
Сөйтіп, Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталық мені 6 жылдың ішінде 1 дәрежелі уролог, медицина ғылымдарының кандидаты етіп шығарды. Осы ғылыми орталықтағы үлкен олжамның тағы біріне тоқтала кетсем, сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтың ғылыми дәрістеріне тап болғаным. Жақсылық Ақмырзаұлы жас дәрігерлермен өте белсенді жұмыс жасады, сағат 17.00 ден кейін бәрімізді жиып ғылыми жұмыспен шұғылдануымызға тікелей бас болып, өзі қадағалады. 2006 жылдан профессор Хайрли басқа жұмысқа ауысты, ал мен профессор Енсебаев Ерлан Жалелұлының қол астында жұмысымды жалғастырдым. Ол кісі жоғары тәжірибелі оташы, мені урологияның бүге-шүгесіне үйретті.
Осылай, Астана – мен үшін өмірімінің жаңа кезеңдерін қалыптастырған мекеніме айналды.
– Тимур Мұратұлы, біраз жыл бұрын әйгілі уролог, профессор Хеннің Астанаға келіп, тәжірибесімен бөліскенін білеміз. Сол профессор осында өзіңнің шақыруыңмен келді дегенді естіп едік. Бұл өзі қалай болған нәрсе?
– №2 қалалық ауруханада еңбек етіп жүргенімде Израильден біліктілік көтеріп қайтуға арналған жолдаманың біріне ие болдым. 2011 жылы Израильдің Тель-Авив қаласында профессор Юза Хеннің клиникасында 1,5 ай болдық. Ол жақтың жұмыс жүргізу әдісіне керемет таң қалдым. Мүлдем басқа әлем десе де болғандай. Таңертең сағат 8.00 де жұмыс уақытынан қалмай келсекте, ол кісі осы кезде жұмыс істеп жатады. Үшінші күні шыдай алмай, Профессор Хеннен «Жұмыс уақыты 8 дедіңіз, 8 де келсек жұмыс істеп жатасыздар, мұның себебі қандай?» деген сұрақ қойдым. «8 ол үкіметтің бекіткен уақыты, дәрігер барлығына үлгеру үшін ерте қимылдауы керек, бізде нағыз дәрігерлер үшін жұмыс одан ерте басталады» деген жауап алдым. Сөйтсек, олар жұмысқа сағат 7 ден келіп 8 ге дейін палаталарды аралап, жұмысалды жиынды өткізіп тастайтын болып шықты. Жұмысалды жиын өте еркін, шайларын ішіп отырып өткізе береді екен. Ең жақсысы үйренемін деп барғандардан ештеңе аянбайды. Қанша сұрақ қойсаңда қабақ шытпай түсіндіруге тырысады. Олардың қайнаған тірлігі мен жайнаған тұрмысына тамсана жүргенде 1,5 ай білінбей өте шықты.
Қайтарда Профессор Хен: – қандай сұрақтарың бар, – дегенді айтты.
– Профессор, Сізді өзіміздің елге шақырсақ келе аласыз ба? – деп сауал қойдым.
– Ол не үшін керек? Не, еліңе барып мен Профессор Хенді білем деп мақтанғың келеді ме? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
– Олай емес, профессор! Менің отанымда да тура сіздердегідей медицина болғанын қалаймын. Сіздің тәжірибеңізді елдегі өзге де әріптестерім көрсе деген тілегім бар, – деп ойымды аша түстім.
– Әй жарайсың, онда жақсы, сенің дәл осы сөзің үшін қайда болсын баруға дайынмын. Келер жылы шақырту жібер міндетті түрде барамын, – деп қолымды алды.
Расында келесі жылы қасына доктор Ави Бериді ертіп, профессор Хен келіп, өз тәжірибелерін ортаға салды. Одан кейін де бір-екі рет келіп қайтты. Нәтижесінде, Қазақстанда бірінші рет бүйрекке ота жасаудың жаңа тәсілін меңгердік. Профессор Хеннің келуімен урологияға үлкен өзгеріс енді, жинақтай айтқанда 2010 жылдан бері урологияның дамуы үлкен сатыға көтерілді. Сол даму мен өрістеудің бел ортасында жүргеніме өте разымын.
– Тимур Мұратұлы, бүгін білдей бір облыстық аурухананы басқарып отырсың. Қырыққа толмаған азаматқа 200 мыңдай тұрғынға қызмет көрсететін, 350 дей ақ халатты маман еңбек ететін мекеме тізгінін тапсыру – кәсіби біліктілігіңді бағалудың белгісі болар. Бас дәрігер не нәрсеге баса көңіл бөлуі керек екен?
– Шынымды айтсам, әу басында, басшылық қызмет жоспарымда жоқ нәрсе еді. Дәрігерлік жұмыстың табылғанына разы болып жүрген адам басшы болу туралы қайдан ойлай қойсын. Жалпы, мен бүгінгі қызметімнен бөлек, Астанадағы уролог-эндоскопия дәрігерлер қауымдастығының төрағасымын. Өзіміздің ортақ мақсаттарымыз бойынша шеберлік сабақ, симпозиумдар өткізіп тұрамыз. Осындай кәсіби мамандықтың қыр-сырына бойлап, қызығымен жүрген жерден Бас дәрігерлікке келіп қалдым. Сәті солай болып тұрса керек. Сәл шегініс жасай кетсем, Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жұмыс жасап жүрген жерімнен Астанада жаңадан ашылған №2 қалалық ауруханаға ауыстым. Ол мекемеге жаңа аталған орталықта бірге істеген А.Сегізбаева бас дәрігер болып барып, сол кісі жаңа аурухананаға бір топ жас дәрігерлерді шақырған еді. Орталықта қатардағы дәрігер болып жүрген жерімнен №2 ауруханаға урология бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Бөлім жұмысын тиісінше жүргізген еңбегім ескерілген болуы керек, 2 жарым жылдан соң басшылық Бас дәрігердің орынбасары қызметіне ауыстырды. Осы ортада алаңсыз еңбек етіп жатқан жерімнен 2015 жылы бүгінгі қызметке ауысуға тура келді.
Бірде Ақмола облысының бұрынғы әкімі Сергей Виталиевич Кулагин шақыртып жатыр деген хабар алып, таң қалдым. Айтпашы, облыс басшысымен 2011 жылы профессор Хеннің жанында жүргенінде танысқаным бар. Сергей Витальевич профессор Хенді жақсы танысы болып шықты. Сөйтіп, облыс әкімінің қабылдауына келдім. Ішім алай-дүлей, менімен ұзақ сөйлесті, сұрақтарына білгенімше жауап қайтарумен болдым. Әңгіме соңында Сергей Виталиевич: «Біз №2 Ақмола облыстық емханасының Бас дәрігері қызметін ұсынғалы отырмыз, бірнеше кандидатураның ішінде саған тоқталып отырмыз, өзіңдей жігерлі жасты қолдауға дайынбыз, жасқанбай кіріс, алып кетесің» дегені. Ішімнен мұндайда қызық болады екен-ау деп ойлай берем. Содан да болар әкім қабылдауынан шыққан соң көмекшісінен «өзі мен шалыс естіген жоқпын ба?» деп қайталап сұрағаным бар. Содан бері де міне 2 жылдай уақыт болыпты. Өзіме жүктелген міндеттерді шамам келгенше ойдағыдай атқарып жатқан жайымыз бар. Басшы алдымен ұжымды ұйымдастыра білуі керек екенін түсіндім. Қазіргі тілмен айтқанда менеджер. Сондықтан, ғылым мен басшылықты қоса алып жүруге тура келіп жатыр.
– Қазір үлкен бір аурухананы басқарып отырсын. Кезіндегі өзің секілді жұмыс іздеп келген жас мамандарға, қабілетті деген дәрігерлерге қаншалықты қолдау білдіре алып жүрсің?
– Мамандығын сөзбен емес, іспен сүйетін жандарға қолымнан келген көмекті аямаймын. Жоқ дегенде дұрыс жол көрсете алатын тәжірибем бар. Оның үстіне әр нәрсенің жауапкершілігін сезінген сайын соған терең мән береді екенсің. Әсіресе, мамандығына өте қабілетті жастарға міндетті түрде көмектескім келіп тұрады. Ешкімнің жетектеуінсіз мамандық соңына түсудің не екенін басымнан өткергендіктен болар. Бір мысал айта кетейін. Осы аурухананың урология бөлімінде Бақтияр есімді дәрігер бар. №2 қалалық ауруханада Бас дәрігердің орынбасары болып жүргенімде сол Бақтияр «Сіздердің жандарыңызда жүріп тәжірибе жинасам деп едім» деп ұсыныспен келді. Көкшетаудағы жұмысынан демалыс алып, ешқандай еңбекақысыз дәрігерлермен бірдей жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді. Көрсек көрейік деп рұқсат бердік. Шынымен де нағыз дәрігер болудың жолында жүрген жан екенін іс жүзінде көрсетіп жүрді. Кейіннен бір штат босап соған келді. Үйренуді әлі де жетілдірсем деген соң, «Болашақпен» шет елден оқып келуіне жол көрсеттім. Ол оқуға кеткенде мен мұнда ауысып кеттім. Оқу бітіріп келсе, орыны бос емес. Жағдай осылай деп, маған келеді, білімін жетілдіріп, нағыз жұмыс істеймін деп тұрған шағы ғой. Осыдан урология бөлімін ашып, сенім білдірдік, қазір сол бөлімнің меңгерушісі. Сол секілді, Әділет есімді жас дәрігер осы біздің ауруханадан тәжірибеден өтті. Сыртынан байқап жүрем, өте қабілетті мәдениеті де жоғары. Уақыты бітіп қайтар кезде, маған қоштасу мақсатымен кіріп шықты. Ол кабинеттен шыққан соң тәжірибеден өткен бөлімінің меңгерушісінен Әділет жөніндегі пікірін сұрадым. Бөлім меңгерушісі: «Ой, Тимур Мұратұлы, шіркін, бір бос орын болса, Әділетті өзімізде қалдырсақ болар еді» деп, ағынан жарылды. Содан осында қалдырдық.
– Тимур Мұратұлы, сұхбатымыздың еркін де ашық өрбігеніне іштей разы болып отырмын. Бүкпесіз әңгімелерің үшін рахмет, амандықта болайық!
– Өзіңізге де үлкен рахмет!
Сұхбатты жүргізген Қайрат Зекенұлы.
Астана қаласы.