«Мен бір жұмбақ адаммын…» (жалғасы)

121

С.Т: -Апырым-ай, Әлеке, керемет мысалдар келтіріп жатырсыз! Біздің осы диалог-сұхбатты ұйымдастырудағы ең басты мақсатымыз да сол – көп оқырман қазақтың бірі ретінде ғасыр емес, екі-үш ғасырда бір-ақ рет тууы мүмкін АЛЫПТЫҢ жұмбағына үңілу емес пе еді?! Соғыс өнері мен сөз өнерін мұндай биік деңгейде қатар алып жүрген тұлға сол ұлы орыс халқында бар ма екен?! Диалогымыздың бас жағында Израильдің генералының Баукең жайындағы сөзін келтіріп едік қой, соның  астарында аз салмақ болмай тұр ғой…

«Қырық мақал» демекші, расымен де, Батырдың «Батылдық – есеппен қимылдауды тәуекелмен ұштастыру»; «Ептілік – шапшаң ойланып шешім қабылдаудың және бұлшық еттердің шапшаң ойға тәртіптілікпен бағынуының нәтижесі»; «Батырлық – табиғаттың бере салған сыйы емес, бұл – патриоттың өз борышын орындау үшін қауіп-қатерге қарсы баруға өзін-өзі саналы түрде зорлауының нәтижесі»; «Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен, жүрек бәріне бірдей берілмеген» деп кете беретін ақылман афоризмдерінің өзі қаншама! Немесе «Ар, намыс, адамгершілік, ақ ниет, адалдық алдымызда темір қазықтай жарқырап, шөлдегенде сусын, қалжырағанда қайрат, шаршағанда шабыт, ашыққанда арымызға ақ малтадай астық, белімізге тірек, көңілімізге қорек, болдырғанда үйірден ұстап мінген төл атымдай болды»,-деген сөздері ше?!

Ал Әуезовпен қарым-қатынас тақырыбына келсек, «Менің даңқым Мұқаңның да құлағын еліртіпті. Ол кісі майданда жүргенімде маған сегіз хат жазды. Бірақ та ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл Бауыржанның» кесепатынан қорқып, менің академиядағы архивімнен өзі ұрлап алып қойды. Оны мен ол кісіге ешуақытта кешірмеймін..,»,-деп жазатыны бар. Тағы бірде: «М.Әуезовтың «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл өте үлкен қате деп білемін… Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Мен бұл ойымды Мұқаңа айтқанмын. Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді…»,-дейді емес пе…

Ә.О: -Баукеңнің бойындағы табандылықты айтамын-ау. Бір де бүдірінің мұрты бұзылмай кетті емес пе. Құрыштан да беріктігіне теңеу таппайсыз ғой. Бұл да жұмбақ емес пе? Қазақи пендешіліктен алыс та биік болғандығының бірден бір себебі немесе сыры ол — Баукеңнің тірі жанға тәуелді болмауында. «Адамның күні адаммен» — дейді қазақ мақалы. Бұл мақалдың Баукеңнен басқамыздың бәрімізге тікелей қатысы бар. Әрине, саптағы офицер кезінде тәртіпке байланысты бағынышты болды. Алайда, бағыныштылықпен тәуелділіктің үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Осыдан біраз уақыт бұрын Аян Әбден атты азаматтың мақаласын оқып едім. Мақалада Бауыржан Момышұлы мен сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Исмаил Юсупов арасындағы жанжал туралы сөз болады. Бұл жанжалға Баукеңнің даңқты әртіс Шахан Мусиннің әйелі Ғаиникамал Баубековамен некесі себеп болады. Бұл жағдай Қазақстан жазушылар одағының партия бюросында талқыланып, нәтижесінде Б. Момышұлына «бейәдеп қылығы» үшін қатаң сөгіс жарияланады. Бұл істі қарауға республиканың бірінші хатшысы ретінде Исмаил Юсупов қатысады. Юсупов коммунист Момышұлын Орталық Комитетке шақырып, түсініктеме жазуын талап етеді. Баукең Юсуповтың төте жазуды білмейтінін біле тұра, сол жазумен төрт жол өлең жазады да, жақ ашпастан шығып кетеді. Юсупов көмекке Димаш Ахметұлы Қонаевты шақырады. Ол бір қайтара оқып шығып, ішек-сілесі қата күледі. Юсуповке тек алғашқы екі жолды ғана оқып береді. Өлеңнің қалған екі жолы өте бейпіл сөздер болатын. Баукеңнің орнында басқа адам болса:-«Ойбай, жаздым жаңылдым. Қателігімді мойындаймын»,- деп, сол кабинеттен қалтырап-дірілдеп шығар еді. Но только не гвардии полковник Бауыржан Момышұлы!  Ол Юсуповқа тәуелді емес қой. Пәтер сұраған жоқ, шипажайға жолдама бер демейді, балама жалақысы көп жұмыс тауып бер деген жоқ, кітабымды шығаруға көмектес деп алдына барған емес, әйеліме қомақты зейнетақы тағайында деп өтініш жазған жоқ. Міне, нағыз тәуелсіздік!  Өзіме өзім қожамын, бимін. Ал Димаш Ахметұлының күлкісінде: «Тапқан екенсің омыртқасыз адамды, ол сенің айтқаныңмен жүрмейді. Батырдың жеке басының шаруасында не жұмысың бар. Өз обалың өзіңе»,- деген кекесін жатыр.

Міне, Баукең көппен бірге жүрмеген, алты құлаш алда жүреді. Ол сонысымен Бауыржан Момышұлы!

С.Т: -Батырды соңғы сапарына аттандырар алдында әйелі Жәмиләнің Ә.Нұршайықовқа айтатыны бар: «-Әзеке, сенесіз бе, Баукеңнің жүрегі дүрс-дүрс соғып жатты. Мен өз қолымды басып, алақаныммен анық сездім. Менен басқа он адам солай деп келді»,-деп. Бұл тегін бе? Тегін емес. Ол кісінің құдіреті күшті Алланың ерекше етіп жаратқан құлы болғандығына шүбә жоқ.

1943 жылы Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы Мұхаметжан Әбдiха­лықов майданға келіп, он тоғыз күн Панфилов атындағы      8-гвардиялық дивизиямен бірге болады. Сол кісі естелігінде: «Түнiмен сөйлескенiмiзде Бауыржан көбiне соғыс туралы, қазақ жауынгер­ле­рiнiң ерлiктерi туралы ой толғады.

-Соғыс бiтедi. Соғыс бiткен­нен кейiн жағдай өзгередi. Қайткен күнде де бiзге ұлттық Армиямызды құрмай болмайды. Осы мәселенi ұмытпайық, Мұха,- деген сөзi ерекше есiмде қалыпты. Оны бiр емес, бiрнеше рет қайталап айтты»,-деп жазады.

Қылышынан қан тамған қызыл империяның кезінде Батырдың бұлайша ойлап қана қоймай, айтуына не себеп болды? Ол кезде Ұлттық әскер құру идеясы дегеннің өзі адамның батылы барып ойлайтындай, санасына кіріп-шыға қоятын ой-арман ба еді?! Айтқанда, және де партияның өте жоғары лауазымды қызметкеріне. Баукең нені көкседі? Нені армандады? Бәрі жұмбақ.

Ә.О:  -Баукеңнің Шапиға Мусина деген өгей қызы болған. Баукең мен Ғайникамал апа үйленгенде Шапиға он үш жаста болыпты. Шапиға кейін ВГИК-ті бітіріп, сценарист және режиссер болған. «Отчим» («Өгей әке») атты деректі фильмнің сценариін жазған. Шапиға Баукең туралы естелігінде (орысша жазылған): «… В последнее время его одолевали воспоминания, иногда он сидел, что-то напевал, и было такое ощущение, что его что-то мучило. Я думаю, он пил потому, что его преследовало чувство разочарования: он понял, что воевал за другую страну»,- дейді. Айтпақшы, жас Шапиғаға Баукең:  «Дочуля, надо уметь читать газеты между строк»,- дейді екен. Әрине, Баукеңді қандай ауыр ойлар мазалағанын өзі ғана білді. Көзі ашық, көңілі ояу және білімді азамат бола тұра, қазағын жан-тәнімен беріле жақсы көрген адам өз халқына қандай болашақ ойлау керек. Баукең «Алаш орданың» күрескерлерінің мақсат-мүдделерінен хабары болған жоқ деп айта алмаймыз. Ұлттық армия құру үшін қазақ елі дербес тәуелсіз мемлекет болу керек екенін бәрімізден бұрын ұққан. «Соғыстан кейін жағдай өзгереді» деуінде терең сыр жатқан жоқ па? Күндіз-түні бел шешпей соғысып жүрсе де, Қазақстанда жасақталған таза қазақ  әскери құрамаларынан хабардар болды. Армия болу үшін кәсіби әскери мамандар болу керек емес пе. Сол мамандардың соғыс даласында шыңдалып жатқанынан да мәлімет алып отырды. Тіпті Харьков «қазанындағы» тек қазақтардан құралған атты әскер бригадасының  бүтіндей қайғылы қазаға ұшырағанын да білмеді деп айта алмаймыз. Тіпті өзі де қазақтар арасынан жан-жақты білімді офицерлер дайындауға атсалысып, үлес қосты. Бір мысал. Баукең полкке командир болып тағайындалғанда  өз орнына батальон командирі етіп басқа батальонда взвод командирі болып жүрген лейтенант Мұхаметқұл Ысламқұловты бекітеді. Бекіткенде қалай бекітеді дейсіз ғой? Ешкіммен ақылдаспай, жоғарғы жаққа тікелей шығып, айтқанын жасатады. Тіпті М.Исламқұловтың батальонға командир болғанын полк комиссары П. Логвиненко да білмей қалады. Сонда комиссар бұлқан-талқан ашуланып: -«Оның әкесі 25 жыл болыс болған. Партияда жоқ. Мен қарсымын»,- дегенде Баукең: «Сіз маған да қарсы болғансыз. Болыс болған ол емес, оның әкесі»,- деп комиссардың аузын жабады. Сөзі жерде қалмайтын комиссарды айналып өтіп, жоғарыға айтқанын істету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы тағайындаудың өзінде де үлкен сыр жатыр емес пе. Тағы бір мысал. Баукең партияға 1942-шы жылы өткен. Совет әскерінің құрамында партияда жоқ екі полк командирі болатын болса, соның біреуі – Баукең, егер жалғыз болса – ол тағы Баукең. Соғыс кезінде «коммунист болып өлемін» деп партияға сап түзеп өтіп жатқандардың қатарында Баукең жоқ.

Ең сорақысы сол, Баукең армандаған қазір ұлттық армия бар деп есептесек,  заты атына сай ма екен? ҚР ҚК немесе ВС РК ұлттық армия ма? Армия солдатымен күшті, офицерімен беделді емес пе? Осы екеуінің деңгейі қай биіктікте? Міне, мәселе қайда жатыр.

С.Т: -«Мылтықтың дәрісінің исі бармаған, паркетный генералдар» (Батырдың маршал Гречко жайында айтқаны) көбейіп кетті ғой біздің әскерде. Содан соң ба, жұлдыздың да қадірі қашты. Бұрын үш үлкен жұлдызды полковник көрсек, дірілдеп, дегбіріміз қашушы еді…

Осыдан екі-үш жыл бұрын Бауыржан Момышұлы туралы төрт  сериялы фильм жұртшылыққа жол тартқанын білесіз. Түрлі кемшін тұстарына қарамастан, осы фильм арқылы ұлттық әскери тәрбиенi жетiлдiрiп, отан­сүй­гiштiк сезiмдi әрбiр ұрпақтың санасына сiңiруге, бойына бекiтуге болады екен деп пайымдап едік.

Отанына, отбасына, өзiне опасыздық жасаған адамның ешкiмге ешқашан жақсылық жасамайтынын, тiптi өз басын да алып жүре алмайтынын кино барысындағы эпизодтар арқылы түйсіндік. Фильмде Ба­уыржан батыр ға­на емес, дана, iрi қолбасшы, өз ұлтының барлық жақсы қасиетiн  өзгеге мойындата білген тұлға ретінде тағы да танылды. Тәуелсiз елге тәуелсiз сананы қалыптастыруымыз үшiн тәуелсiз тұлғалар керектігін сезіндік.

Батырдың «Ұшқан ұясында» ма, әкесі Момыштың ұлына былай деп бата беретіні бар: «Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың, Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға». Осы батаның әр жолы, әр сөзінің өмірде бұлжымай орындалғаны бір таңғажайып дүние! «Баталы ұл арымас» деген халқымыздың дана сөзі керемет қой!

Қысқасы, біздің әскерге  шабысы арынды, табысы  алымды, намызы найзадай ер жігіттер көп болуы керек. Әскерімізде Момышұлы рухын орнату керек! Солай ғой?…

Ә.О: -Сұрағыңызға жауап беру аса қиын емес. Оңай да емес. Оның сыры мынада. Баукеңнің «Ұлттық әскер» туралы арман-мақсатының іске асуы әлі алда. Көп алда. Ал тыңдаңыз. Отыз жылдың ішінде Қорғаныс министрлігін 10 адам басқарыпты. Орта есеппен әрқайсысына 3 жылдан келеді. Олардың ішінде 7 ай министр болған Серік Ахметов, министрлікті 1 жыл басқарған генерал-полковник А. Қасымов,  екі жыл министр болған кәсіби чекист С. Тоқпақбаев та бар. Олардың қатарында әскерде бір күн де болмаған азаматтар да бар. Ол аз десеңіз, ВГИК-ті бітірген А. Жақсыбековты қосыңыз. Хош делік. Осы жылдары елді үздіксіз Нұрсұлтан Әбішұлы басқарып келеді. Бірақ, 10 қорғаныс министрі ауысты. Осыдан кейін қорғанысымыз құмырсқа өтпейтіндей тас қамал ма? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ойбай қазақ офицерінің саны аз болды, сондықтан қарулы күштерді құрып, аяғынан тік тұрғызу қиын болды деп күндіз-түні зарладық. Ал қазір бәрі қазақ. Шыққан мүйіз қайда? Осы жылдың аржақ- бержағында қанша жоғарғы шенді қазақ офицері жемқорлықпен істі болып сотталды, түрмеге қамалды? Сіз білесіз бе? Мен білемін. Аз болған жоқ. Сол министрлердің ішінде «Қазағым-ай, қазағымның қорғанысы-ай, қазағымның қарулы күштері-ай» деп қайғырып, мұңға батып жүрген біреуі болды ма?

31 жастағы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы қол астындағы 700 жауынгерді 100 күнде шыңдап, баптап, тәрбиелеп, шеберліктің шарықтау шегіне жеткізді емес пе. Өзі де аянған жоқ, өзгені де аяған жоқ. Ол қазақпын деп жауға атой салып, қазақтың абыройын асқақтатты. Қазіргі командирлер танкіні түгімен жұтып жатқанда, Баукең үйіне бір банкі консерві салып па? Отыз жыл өтсе де қарулы күштеріміз қат-құлт. Салыстырмалы түрде Ресейден біраз мысалдар келтірейін. Ресейде отыз жылдың ішінде Қорғаныс министрлігін 7 министр басқарған. Ресей президенті В. Путиннің  мемлекетті басқарғанына 20 жыл болды. Жиырма жылдың ішінде қорғаныс министрлігін 3-ақ  адам басқарған. Ал қазіргі министрі С.К. Шойгудің министр болғанына 9-шы жылға кетіп барады. Осы үш министрдің 5 жылдан кем қызмет еткені жоқ. Осы статистика қорғаныс мәселесіне, Қорғаныс министрлігінің жұмысына оң ықпал ете ме? Әрине. Совет әскерінің қатарында сіз де болдыңыз, біз де болдық. Есіңізге бір сәт түсіріңізші. Қандай едік! Өзімізді айтпаймын. Айбынды Совет Армиясын айтамын. Айтпасқа болмайтын бір дерек. СССР Қорғаныс министрлігі 1953-ші жылы құрылды. 1953-1992 жылдары Қорғаныс министрлігін, 39 жылдың ішінде, 9-ақ министр басқарыпты. Маршал  Малиновский Р.Я. – 10 жыл, маршал А.А. Гречко – 9 жыл, маршал Д.Ф. Устинов -8 жыл. министр болған. Ал бұған не дерсіз. Армия күшті болды ма? Болды. Олай деп кесіп айтуыма менің солдаттық өмірім куә. Мен осы күнге дейін частағы барлық офицерлердің аты-жөнін ұмытқан жоқпын. Жаман болса, баяғыда ұмытып кетпеймін бе. Ішінде бір-ақ мұсылман Файзуллин деген татар жігіті болды, қалғанының бәрі славяндар. Қазір сапырылысып жүрген сапасыз генералдар. Алқам-салқам контракнтиктер. Формалары тіпті ұнамайды. Әсіресе, қыстық формалары. Баяғы ауылдардың завскладтары құсап, адамның ызасын келтіреді. Солдаттарда «парадная форма» жоқ қой деймін. Қашан көрсең СТО-дағы слесарьлар құсап қаптап жүреді. Әрине, әскерді жамандап, олардың беделін түсірейін деп отырған мен жоқ. Бетін аулақ қылсын, ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУА ҚАЛСА, сақадай сай дайын тұрған әскердің болғаны қандай жақсы. Командир де. сол командирге бағынатын солдат та ел қорғаны екенін сезіну керек.  Баукең: – «Командир должен владеть ключом от сердца солдата. Солдатский сейф имеет три ключа: ум, воля, чувства»,-дейді. Осыны қатардағы жауынгерден министрге дейін білгені абзал.

С.Т: – Әлеке, 2019 жылдың 18 желтоқсаны күні «Ютубта» «Он ломал войска СС. Если не можете запомнить его имя, запомните лицо. Бауржан Момышулы» деп аталатын 14 минуттық бейнефильм жарияланды. Сол шағын кино, сенесіз бе,  азғана уақыт шінде 2 092 173 (!) қаралым жинады. Астына сансыз көп комменттер жазылды. Мен солардың денін ерінбей-жалықпай оқып шықтым. Бірлі-екеуін ғана келтіріп өтейін. Мысалы, Александр Бронников деген көрермен былай деп жазады (мәйегін бұзбай әдейі орысшасын ұсынып отырмыз): «Сериал посмотрел и фильм «За нами Москва» (1967 г.). Ещё кучу видео на Ютубе про этого геройского батыра, достойного сына Казахского народа. «Волоколамское шоссе» в планах прочитать. Детям и жене рассказываю, как и кто отстаивал Москву. Для меня это было всегда не понятно, как германские войска практически подошли к столице и так и не взяли её. Я то думал, что там уже конкретно работала артиллерия и танки, но теперь понимаю, что этого там было не густо. Грамотное руководство и самоотверженность бойцов являлось 99% успеха. Вечная память и низкий поклон Героям Великой Отечественной войны».Читать дальше

Екінші бір жазарман:

-Да, это был единственный комбат, который не отдал Москву, когда все войска погибли в котлах,-деп жазса, Кай Грин деген көрермен «Этот великий Батыр Казахского народа был достоин звания маршала и как минимум дважды Героя Советского Союза, а проклятый Сталин даже генерала не дал этому великому человеку…»,-дейді. Бейнефильм соңында жарияланған осындай комменттердің тіпті ұшы-қиыры жоқ! Керемет емес пе?!

Ә.О: -Сәке! Менің алдымда екі кітап жатыр. Олар  талай жылдан бері қол созым жерде тұрады. Біреуі А. Бектің «Волоколамское шоссе»-сі, екіншісі Б. Момышұлының «За нами Москва»-сы. Біріншісінде Баукең кейіпкер болса, екіншісінде — автор. Екеуінде де бір шайқастың тарихы сөз болады. Екеуі де мәңгілік шедевр! Осыдан сексен жылдай бұрын болған ұлы шайқас тарих қойнына алыстаған сайын, осы екі шығарманың маңызы арта бермек. Жоғарыда айттым ғой, қырағы цензорлардың қырқуынан қалай ғана аман өтіп кеткен деп! Ол да Баукеңнің құдіреті демеске амал жоқ! Осы кітаптарды сіз мысалға келтірген 2 092 173 адамның бәрінің оқитынына мен шүбә келтірмеймін. Форма кигеннің бәрін әскери адам деуге болмайды. Мен соның бірімін. Кез келген шайқасқа басшылық жасау — ол терең офицерлік ойдың, табиғи әскери ақылдың нәтижесі. Әскери білімің болмаса, мың ойланып, жүз толғансаң да командирдің шешімін түсінбейсің. Қарсы алдыңдағы қару кезенген жау ақымақ емес. Оларды да қолбасшы басқарады. Баукеңнің қолбасшылығының қайталанбас қыры, қол астындағылардың қатарын сиретпей сақтап қалу. Сондықтан ол ұрысқа кірер алдында осы жағына көп мән берген. Олай болмаса ол 600-дей сарбазын қоршаудан жігін бұзбай 5 рет қалай алып шықты? Қашып шыққан жоқ. Шайнасып, шайқасып шықты. Сіз мысалға келтірген көрермен Кай Грин соны ұққан соң ғой Баукеңді «достоин звания маршала» деп отырғаны. Соғыс болған соң шығынсыз болмайды. Маршал Жуков ұлы қолбасшы. Алайда ол кісіні, қара жер хабар бермесін,  әскери мамандар әскерді орынсыз қазаға көп ұшыратты деп кінәлайды. Біліп айтатын шығар. Кейде ойлаймын, сол соғыс жылдарында Совет әскерінің қолбасшылығында Баукең және Баукеңдей командирлер болғанда адам шығыны 27 миллион болмас па еді? Кім біледі?

С.Т: – Неміс әскерінің 4-ші танк группасының қолбасшысы Эрих Гепнер өз донесениелерінде небәрі отыз бір жастағы батальон командирі аға лейтенант жас қазақтың соғыс тактикасына таң қалып, «Устав пен шайқас жүгізудің барлық қағидаларын сақтамайтын, солдаттары тұтқынға түспейтін, өте-мөте фанат, өлімнен қорықпайтын жабайы дивизия»,- деп жазыпты деседі.

Баукең  тағы бір жолы неміс армиясының он екі бірдей жоғары шенді офицері мен бір генералын тұтқындайды. Бұндай трофейді 1-ші, 2-ші дүниежүзілік соғыс көрмепті деседі…

Ал, сіз айтқан Александр Бектің төрт повестен тұратын «Волоколамское шоссе» роман-тетрологиясы туралы орыс-совет жазушысы, Лениндік және  алты мәрте Сталин сыйлығының лауреаты, атақты  «Живые и мёртвые»  романының авторы, 1943-ші жазылған  «Жди меня, и я вернусь. Только очень жди, Жди, когда наводят грусть, Желтые дожди»,- деп басталатын даңқты өлеңнің авторы Константин Симонов (1915-1979):  «…среди правд, написанных всеми нами о войне, одной из самых важных и дорогих правд была правда книги Бека „Волоколамское шоссе“… это вообще одна из самых лучших книг о войне в нашей литературе. И хотя её хорошо знают у нас и знают во всем мире, ей, этой книге, ещё не полностью воздано по заслугам»,-деп өте-мөте жоғары баға берді.  Латын-американдық революционер Че Гевара  бұл кітапты  өзінің үстел үстінде тұратын кітабына айналдырып, далалық командир сөмкесінен тастамай алып жүрген. 1946  жыл бұл кітап  еврейдың атақты қаламгері Эвен-Шошанның аудармасымен   иврит тілінде жарық көрді. Ұзақ жылдары Израиль әскерінің жоғары шенді офицерлері курсының тыңдаушылары үшін міндетті пән болғанын жоғарыда айттық.   Финляндияда  Әскери академия курсанттары оқыған. Қытай Коммунистік партиясының мүшелері оқуға міндетті болған. 1963 жылы ГДР әскерінің офицерлерін оқыту бағдарламасына енгізілген…

Ә.О: -Керемет деректер келтіріпсіз, Сәке. Баукеңнің әскери, жазушылық, азаматтық мұрасына шын қызығушылықтың заманы алда деп ойлаймын. Қазір де бар ғой. Жалпыхалықтық деңгейдегіні айтамын. Сіз 60-70 жылдардағы ауыл балаларын көз алдыңызға келтіріңізші. Біз қызығатын, сондай болсақ қой деп армандайтын батырлар кім еді? Дұрыс айтасыз. Алпамыс, Қобыланды. Бұлар арғы заманның батырлары. Ал Баукең барлық заманның батыры. Өкінішке қарай қазіргі «качественный состав офицеров» оңбай тұр ғой. Қару-жарақ қоймалары жарылып, бүтіндей бір қаланы қиратып жатсада, арбалап тасып қару  сатып жатса да, парламентке есеп беруге барып, бір сұраққа дұрыс жауап бере алмай шерменде болып жатса да, әскерилер генерал, генерал-лейтенант, генерал-полковник болудан бір жалықпай-ақ қойды! Жарлықты да бір жыл бұрын дайындап қояды-ау деймін. Өткенде бір әңгімелескенде Баукеңнің Ресейдің Подольскідегі мұрағатта сақталған, Батырдың академияда оқыған дәрістерін орыстардың бермей жатқанын сөз еттік. Себебі құпия дейді екен. Білесіз бе, неге құпия? Менің ойымша, түк те құпиясы жоқ. Соғыстың біткеніне 75 жыл болды. Неткен мерзімі бітпейтін құпия дегің келеді. Оның сыры мынада деп ойлаймын. Баукең тактика мен әскери оперативтік өнерден дәріс оқыған. Бұл деген сөз Баукең соғыс кезінде болған барлық үлкенді-кішілі шайқастардың тарихына талдау жасап, ұтымды жерін асырып, осал жерін жасырмаған. Қолбасшылардың қателігін білгір әскери маман ретінде сынға алып, бәріне «сырға» таққан. Міне, бар «құпия» осында. Егерде сол дәрістер Қазақстанға қайтарылып, кітап болып шықса, қуырдақтың әкесін сонда көрер едік. Сол құжаттарды қайтарып алуға біздің құқымыз бар. Бірақ ол үшін күресу керек. Кім күреседі? Қорғаныс министрлігіндегілердің генерал атағын алудан қолдары босамайды. Сатылымға ашық түрде түскен, бүкіл жер шарын дүр сілкіндірген Бектің «Волоколамское шоссе» -сі мен Баукеңнің «За нами Москва»-сын құныға оқып жатқандардың қолына Баукеңнің академияда оқыған дәрістері түссе, Баукең нағыз әскерилердің нағыз тәңіріне айналар еді!

С.Т: – Сіз әлгіде айтқан «Волоколамское шоссе» тетрологиясын мен осы екеуара сұхбат-диалогты жүргізу барысында толықтай, бір үтірі мен нүктесін қалдырмай оқып шықтым. Кітап 538 (!) бет, төрт повестен тұрады. Атақты жазушы К.Симонов таң қалса – таң қалғандай, сұрапыл кітап! 1941-ші жылдың небәрі екі-үш айлық аралығын  ғана қамтитын кітаптағы уақиғалар тізбегі кинодағыдай көз алдыңда тізбектеліп өтіп жатады. «Байтал түгілі бас қайғы» демекші, сұрапыл соғыс күндерінде Баукең күнделікті қалайша жүргізген деп айран-асыр  қаласың. Солай ғой, Әлеке?

Ә.О: -70-шы жылдардың ортасында Семейдің Абай атындағы театрында жазушы Т. Ахтановтың «Күшік күйеу» атты пьесасының премьерасы болды. Ол кезде театр ғимараты қазіргі қалалық мәдениет үйінде орналасқан еді. Премьераға жазушының өзі Алматыдан арнайы келіп қатысты. Ертеңіне Семей педагогикалық институтының филология факультетінде  Тахауи Ахтановпен кездесу болды (мен тарих факультетінің студентімін). Сонда Тахауи ағаға сұрапыл соғыс туралы сұрақ қойылды. Ол кісі соғысқа қатысқан ғой. Сонда Тахауи аға: -«Кескілескен шайқастың ішінде жүріп, мыңдаға адамның баудай түсіп, қырылып жатқанын көріп, жаным талай түршікті ғой. Сонда ұрыс арасындағы аз-маз үзілісте ойлайтын едім: Тірі қалсам, осы қантөгісті қалай көрдім, солай жазу керек. Жаумен алысу ол ажалмен алысу. Осыны жазу үшін мен тірі қалуым керек»,-деген еді марқұм Тахауи Ахтанов.

Баукең де соғыста аз көрген жоқ. Көргенін келешек ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен. Күнде көргенін күнде жазып отырған. Шайқастардың сызбаларын, оның барысына қысқа түрде талдау  жасап, планшетінде сақтай білген. Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат бен аңызы» да Баукең соғысып жүріп 37 дәптер жазғанын айтады. Ойланып көріңізші, Сәке! Соғыс болса қайнап жатыр! Бомбалар жарылып, танкілер жаншып жатыр, қоршауға түсіп қалу қаупі қол созым жерде тұр. Ал Баукең қолбасшы. Көз алдында карта, қолында телефонның тұтқасы. Бір минут бос уақыт жоқ. Түнде шайқас саябырсығында, оқтың иісі аңқыған блиндажда керосин шамның жарығымен ол кісі болған оқиғаларды дәптеріне жазып отыр. Баукеңе күнделік жүргіз деп ешкім бұйрық бермеген. Сонда ол кім үшін жазып отыр? Біз үшін. Бізден кейінгілер үшін. Тарих үшін. Желісі үзілмейтін ұрпақтар үшін. Бұл да ерлік қой. Баукеңнің осы дәптерлері болмаса, А. Бектің «Волоколамское шоссе»-сі  де, Баукеңнің «За нами Москва»-сы да, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы»  да болмас еді. Баукең жазған 37 дәптердің маңызы 37 ғасырдан соң да жәдігерлердің жәдігері болып қала бермек.

С.Т: –Әз-ағаңның  жазғаны бар ғой: Момышұлы 1418 күн мен түн бойы ерлік жасады деп. «Волоколамское шоссе»-ні оқи отырып,  қайсар қазақтың сирек кездесер табиғи ақылына, шексіз, көзсіз батырлығына, таусылмас қуаты мен қайтпас ерік-жігеріне бас иесіз.

А.Бек алғаш көргенде Баукеңнің бет-пішінін қандай да бір өткір аспаппен  қоладан құйылған, дұрысы оюлап жасалған резьба-нақышқа ұқсатады. Бұл қазақ орыс тілінің бар байлығын еркін меңгерген дейді. Толқыған сәттердің өзінде сөз бен тіркестерін бұзбайды дейді. Қазақша сөйлегенде сөз тіпті өз-өзінен құйылатынын байқадым дейді.

«Қай қазақтың баласының етті көргенде тісі қышымайды.  Қай қазақтың баласының жақсы атты көргенде балтыры ісімейді»,-деп Батырдың өзі жазғандай,  Лысанка деген ақ маңдай, ақ бақай атымен ойқастап, соғыстың алғашқы екі жылында-ақ аға лейтенанттан полковникке жеткен Баукеңнің жаудан қашып келе жатқан сексен жеті жауынгерді өз батальонына қабылдамай қоятыны бар.

-87 беглецов, 87 мокрых куриц! Долгих разговоров у меня с вами не будет. Вы пустили слезу: примите нас. Москва слезам не верит. Не верю и я,-дейді. Сонда бүкіл орыс әлеміне әйгілі «Москва көз жасын сенбейді» деген тіркестің авторы тағы да Баукең болып тұрған жоқ па, осы!?…

Ә.О: – Бұл сөздерді айтқанда Баукең 31 жаста болатын. Осы тіркестің шығу тарихын, қолданатын сәтін, кімдерге арналуы керек екенін, оларға оңай тимейтінін білген (мен осыны жасым 50-ден асқанда білдім). Жалпы Баукең Мәскеуде (ары-бері өткені болмаса) соғысқа дейін болмаған. Баукең көп білген ғой. Мысалы, «Москва слезам не верит» деген тіркес, тарихшылардың айтуы бойынша, сонау Мәсукеу княздығы жылдарынан басталғанға ұқсайды. Мәскеу княздары салықтың түр-түрін ойлап тауып, халықты қанай берген ғой. Халықтың атынан өкілдер қайта-қайта келіп, жағдайларының жоқтығын, әбден тарығып жүргенін, беретін ештеме қалмағанын айтып шағымданады емес пе. Княздар оларды қабылдап, түсінудің орнына, ұрып-соғып, тепкілеп, «сендердің көз жастарың керек емес, бізге салық керек»-деп қуып жіберіп отырған. Осы тіркес сол кезде пайда болған екен. Баукең бұны білген, білген соң қолданып отыр. Орыстың мәтелін орыс жерінде орысқа айту, ол да осал дүние емес.  Мүмкін сондықтан болар, Баукеңді ақылды орыстардың силайтыны, ақымақ орыстардың қинайтыны. Жалпы кітаптағы 87 жауынгерге қатысты эпизод өте тартымды жазылған. А. Бекке ол туралы Баукең бекерден-бекер қостырған жоқ.

Әйтпесе, А. Бек қайдан біледі. Бір оқығанда Баукеңнің  87-ге қатысты іс-әрекетін қолдай қоймайсыз. Қорыта келе, күмәніңіз сейіліп, «өте дұрыс жасаған!» деп құптағаннан  басқа амалыңыз қалмайды.
С.Т: – Бірде үйде жүріп Бақытжан Момышұлы (1941-2012) ашу шақырып, дауыс көтеріп, телефонмен қатты-қатты сөйлеседі. Төргі бөлмеде мұны әкесі естіп отырады. Кейінірек жеке қалған кезде жайымен сөз қозғап, баласынан:

-Сен бағана біреумен айқайлап сөйлестің ғой? – деп сұрайды.

-Иә, сөйттім… Үндемегенге бұлар менің төбеме шығып алыпты! – дейді Бақытжан қабағын кіржитіп.

Сонда Баукең:

-Жоқ. оған олар кінәлі емес, ұлым. Шығуға ыңғайлы, мінгенге жайдақ сенің төбең кінәлі! – деген екен деседі.

Жалпы, «Абай жолы» романына енбей қалған көптеген оқиғалар болған ғой. Бауыржан Момышұлының мынандай бір естелігі бар:

-Бірде Мизәміл деген (фамилиясын ұмыттым) соғыс ардагерімен әңгімелескенім бар. Өзі семейлік әрі профессор Бейсембай Кенжебаевпен бажа екен. Кенжебаевтың әкесі Абаймен қарым-қатынаста болған көрінеді. Сол Бейсембай Кенжебаевтың әкесі Абайға:

– Сен әкеңнен артықсың, – депті.

– Жоқ, мен әкемнен артық емеспін, – деп Абай төмендегі оқиғаны айтып беріпті.

Бір күні Құнанбай Абайды оңаша шақырып алып:

– Мырзажігіт (Құнанбай Абайды Мырзажігіт, ал әкесін Абай тәте дейді екен), үйіріңде жақсы аттар бар ма? – дейді. Абай әкесінің ойын түсініп:

– Бар, тәте, – дейді.

Үйіне келген соң, ойланып отырып, Құнанбай:

– Үйірден жеті байталды бөліп алуың және бір жақсы айғыр табуың керек, – деп шешеді. Бір адамның үш рет бәйгеден келген құнанын Абай жүз қойға сатып ап, жеті байтал тобына қосады.

Арада жыл өтеді. Құнанбай мен Абайдың үйлері де, жылқылары да бөлек көшіп жүреді екен. Таңертеңгі мезгілде:

– Тәтең өз жігіттерімен келе жатыр, – деген хабар жетеді. Абай әкесінің мінезін біледі. Үй төңірегін тазалап, аттарын ерттеп, жігіттерін дайындап тұрады.

Құнанбай жақындағанда Абай алдынан жүгіріп шығып, қос қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, аттан түсіріп алады. Қолтығынан сүйегеннен-ақ Құнанбай:

– Мырзажігіт, көңіліңді қалдырмайын, түсейін. Тек үйде отырмаймыз, шай-пай ішпейміз, шұғыл аттанамыз, – деп ескертеді.

Қазақтың көшпелі өмір тәртібі біздің әскер тәртібінен бір де кем емес. Кермеден аттар үзілмейді, кейбірі ерттеліп, жорыққа дайын тұрады. Құнанбай: «Ал, Мырзажігіт, кеттік» – дегендей салмақ сала қараған сәтте, Абайдың басына: «Ә, бұл кісі жылқыға барып, баяғы жеті байтал мен құнанды көрмек екен ғой» деген ой сап ете түседі.

Қыстың күні, қар қалың. Жылқылар Ақшатау тауын қыстап жатқан. Жолда Құнанбай әңгіме айтқансып, Абайды алыстан қармап келеді. Төрт-бес сағат жүріп, жылқыға да жетеді.

– Тәтемнің артықтығын сонда білдім. Жылқының ішінен мен сатып алған бөтен құнанды айтқызбай таныды. Танып тұрды да:

– Мырзажігіт, мына құнанды ұстаттыршы, – деді. Жылқышы құнанды әп-сәтте-ақ ұстап әкелді.

– Жүр, енді ана үйірді аралайық, – деп тәтем басқа шоғырға бастады.

– Ана құнанды ұстаңдар! – Жылқышылар үйірді алты айналдырып жүріп, әрең ұстады.

– Ал енді осы екеуін жарыстырып көрейік, Мырзажігіт.

Қар белуардан асады. Көз көрім жерден екі ат бірінен бірі оза алмай қатар келе жатыр. Жақындағанда тәтем:

– Мырзажігіт, қазір құнаның қалай болар екен, құлап қалмас па екен? – деп күлді. Езуін жиып алғанша болған жоқ, жүз қойға сатып алған жүйрігім етпетінен түсті. Анау тұсымыздан құйғытып өте шықты.

Тәтем:

–Ал, Мырзажігіт, сау бол, – деді де, атын бұрып ап, өз жігіттерімен жүрді де кетті. Мен әкемнен артық болсам, өз жылқымның ішінен жүйрік құнанды таңдай білмес пе едім? Халық мені ақылды, әкесінен артық дейді. Ақылдылығым қайда? Мұны мен қалайынша байқамадым? Бала қандай ақылды болса да, әкесінен бір басқыш төмен болады екен деген түйінге келдім, – деген екен Абай…

Бұл мысалды Баукең өзі әңгімелеп айтып отыр.

Аңдап қарасақ Әлеке, өмірі күрделі де қайшылықты Бауыржанның әр қимылынан халқын қашанда шырқау биіктен көруді көксеп өткен ұлы Абаймен арадағы ғажайып параллельді көреміз. Қалай ойлайсыз?

Ә.О: -Есіңізде ме, Сәке, осыдан оншақты жыл бұрын (уақыт шіркін қалай зуылдайды, ә) қолымызға Баукеңнің  «Көз алдымда бәріңсің…» деген кітабы түскенде екеуміз таласып оқып едік қой. Сонда Баукең күнделігінде: «Құнанбай — ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады… Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді»,- деген пікірлер жазған.

Біз Құнанбайды «Абай жолы»-нан білдік. Ал, Баукең Құнанбайды кітаптан бұрын білген, сонан соң айтып отыр. Сіз Құнанбайдың атбегілігі туралы жақсы мысал келтіріпсіз. Соған орай мен де Баукеңнің осы қасиеті туралы бірер сөз айтпақпын. Менің кітап сөремде елге танымал азамат, интернационалист-жауынгер, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың «Қаһарман» атты кітабы бар. Б. Смағұл былай деп жазады: — «Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезінде дивизия басқарғаны бәрімізге аян. Міне осы дивизия командирі болып жүрген кезде Б. Момышұлы ер-тұрманы да келісті, өзі де келісті ақбоз айғырды тақымына басқан ғой(Батырдың ақбоз айғырға мініп тұрған фотосуреті де бар). Дивизияның шаруашылық жағын басқаратын полковник Зуев Б. Момышұлына ең әуелі бір ат әкеліпті. Б. Момышұлы атты жақтырмайды. Екіншісін әкеледі. Оны да жаратпайды. Үшіншісін әкеледі. «Мен ешуақытта байталға мінген емеспін, мінбеймін де» — деп мұны да қайтарып жібереді. «Қазір ат таңдайтын кез емес қой»- деп күңкілдегеніне қарамастан, Зуевқа сүліктей ақбоз айғырды алдыртады ғой ақыры. Енді Бауыржанның осы қылығына аз-кем тоқтала кетейікші. 1942-шы жыл. Аса қиын кез. Соғыстың үдеп, майдангерлердің жүдеп тұрған шағы. Дәл осындай қиын-қыстау шақта Бауыржан Момышұлының ат таңдағаны, шынында да, қай еріккендік?

Біле білсек, бұл-еріккендік емес. Алыстан көре білетін, әріден ойлай алатын адамның ісі. Жауынгер әрдайым командирге қарайды. Егер командир айбынды, сұсты, сесті болса, жауынгер де оның бұйрығына мүлтіксіз мойынұсынады. Айбыны мен айдыны жоқ командирді жауынгер жүре тыңдайды. Егер Бауыржан Момышұлы дивизия командирі бола тұра байтал мініп, не болмаса бір тұғырды ирек қамшылап бара жатса, не болар еді?- дейді депутат Бақытбек Смағұл. Осы деталь да сіз айтқан паралельден алыс емес-ау, Сәке.

С.Т: -Әлеке, осы диалог-сұхбатымызды Әз-ағаңның даңқты «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясынан бастап едік.  Соңын да қазақ халқының осы ардақты екі ұлының  жазбаларымен аяқтағым келіп отыр. Аяқтағанда да, екеуінің өз соңында қалдырған кейбір нақыл сөздерімен.

Сонымен, Баукең былай дейді: 

  1. Жігіттің екі сөйлегені – өлгені. Уәде бермеуге тырыс. Әйтпесе, сөзіңде тұр. 2. Құмар ойын – əлсіздің əлегі. Мықтының рухы биік, денесі шымыр.
  2. Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр.
  3. Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама.
  4. Жүйкең әлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сәттерге бапта.
    6. Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда. Тәуекел түбі жел қайық – жүзесің де өтесің. Уайым түбі тұңғиық батасың да кетесің.
  5. Сырыңды ешкімге алдыртпа. Екі елі аузыңа сыймаған сөз, өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды.
  6. Өкпелеме. Өш алма. Санасына бер. Аллаға тапсыр!

Өнер үйрен.

  1. Мамандығыңда мықтысы бол.

Т.с.с….

Ал, Әз-ағаң болса былай дейді:

  1. Тісі алтынның іші алтын бола бермейді.
  2. Өлмейтін кітап оқырман көңілінде қалады, солардың жүрегінде өмір сүріп, солармен қоса қартаяды.
  3. Шындық үшін адам шоқ та басады, шоқпарға да жығылады.
  4. Нәпсісін тыя білгеннің несібесі толық.
  5. Өзін-өзі даттаған өзгеден мақтау дәметеді.
  6. Өзің қырт болсаң – өзгенің соры, қатының қырт болса – өзіңнің сорың.
    7. Ағармайтын шаш, ауырмайтын бас болмайды. Т.с.с….

Баукең мен Әз-ағаңның мұндай асыл сөздері аз емес. Жалғастыра беруге болады. Әзірге осымен тоқталық. Ал сізге, Әлеке, сұхбат-диалог барысында берген мәнді, мазмұнды жауаптарыңыз үшін журналымыздың атынан көптен-көп рахмет айтамыз!

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз