Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семейге келді. Облыс басшысы қаланың медициналық мекемелеріне жаңа автокөліктердің кілттерін табыс етті. Бұл медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен ұтқырлығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
-Пандемия кезінде дәрігерлерге мобильді болу өте маңызды. Бұл көліктерді дәрігерлер мен медбикелер пайдалану керек. Сонымен бірге біз Семейге жақын арада тағы бір компьютерлік томографты жеткіземіз. Ол №2 қалалық ауруханаға жеткізілді, – деді Даниал Ахметов.
Семей қаласында бүгінде жалпы саны 360 мыңнан астам адам тіркелген 23 медициналық-санитарлық мекеме жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер алдыңғы қатарда тұрып, тұрғылықты жері бойынша білікті көмек көрсетуде.
– Бүгін қала дәрігерлеріне 19 қызметтік көліктің кілті табысталды. Біз, әрине, өте қуаныштымыз және облыс басшылығына шын жүректен ризамыз. Біз олардың қолдауын пандемияның алғашқы күнінен бастап сезініп жүрміз, – дейді №3 қалалық емхананың бас дәрігері, қалалық жедел штаб мүшесі, медициналық мәселелер жөніндегі үйлестіруші Найля Альменева.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айының басынан бастап облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 373 мобильді бригада құрылған, оның ішінде 71-і Семей қаласында. Медициналық қызметкерлер қала тұрғындардың үйлеріне барып, алғашқы көмек көрсетуді қамтамасыз етуде.
Бүгінгі таңда 19 жаңа автокөлік алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне жіберіледі. Осы жылы қосымша қажетті медициналық жабдықтары бар тағы 216 жедел жәрдем көлігі сатып алынады.
Облыстық бюджет есебінен 100 автокөлік медициналық мекемелерге 1 қыркүйекке дейін жіберілетін болады және 116 автокөлік ағымдағы жылдың қарашасына қарай БРК-лизинг арқылы сатып алынады.
«Жерұйық-ақпар»