Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір
Ал, қалғаны жай күндер.
Ғашық жыры – көлемі ешбір геометриямен өлшенбейтін тіршіліктің көкейкесті өлеңі. Махаббатсыз дүние бос деп білетін халық жан жылуы, мейірім мен сүйіспеншіліктен кенде емес, кем де емес. Махаббат. Маңызы терең, күші алпауыт, ауқымы кең ұғым кімнің болса да жүрегіне жылулық ұялатары хақ. Ғаламның жаратылысының өзі махаббаттан құралса керек.
15-ші сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні. Әулие Валентинге табынып, әспеттеген жастарымызға қайтарым болған ғашықтар күні, бұл. Әлкей Марғұлан «Мәңгілік жыр» деп атаған бұл жыр қазақ халқының төбеге көтерер мақтанышы, қос жүректің ұраны іспетті. Қос ғашықтың махаббаттарын ұғынып, осы екі жүрек иелерінің атына күн белгілеп, махаббатты дәріптеген мереке халық арасында 1999 жылдан бері тойланып келеді.
Өзгенің қызығына көзімізді қызартпай, төл мәдениетіміз бен төл әдебиетіміздің кейіпкерлерін ұлықтау мақсатында «Көктем келді, мен сені тағы ойладым» атты Баянауыл ақындарының жыр кешін ұйымдастырды. «Махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бұлақ-бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ», – дейді Нұршайықов. Біз жеңіске бірге жетейік! Махаббат әрқашан аласармасын! деп ұрандаған, жүректері жырға, көңілдері нұрға толы баянауылдық жастар жырмен сусындады. Жеңісбек Пәзіл, Айбат Ыдырысов, Әбілхан Марат, Жоламан Әйткен, Баянбек Съез, Раушан Амангелдіқызы сынды Баянауланың құтты құрсағынан жырға құмартып жаралған ақындар өлең-сөзді төгілтті. Сондай-ақ, жыр кешіне Арқа төрінде бас болған Астана қаласынан Айзада Сәдуақасова, қарағандылық Ерік Нарынов, Бек Ықылас, Ақмаржан Жорабаева жырмен шашу шашуға арнайы келіпті.
«Махаббатсыз дүние бос» дегенді айтқан абыз Абайдың, Мағжан мен Қасымның, Мұқағали мен Жұматайдың жырлары қаншама ғашықтың жан жарасын жазды. Ғашық жүректерге шуақ сыйлайтын мерейлі мерекеге арқау болған Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың тағдырынан жыр кешінде сыр да шертілді. Махаббат жолындағы күрес әсерлі әңгіме өзегіне айналды. Жас та жалынды ақындардың отты жырлары көңіл толқытты. Баянауылдық әншілердің әуелете шырқай салған әндері жүрек түкпіріне жетті. Залда отырған көрермен күйбең тірлік, мазасыз ойлардан, бұл әлемнен алшақтап, қиял әлеміне беттегендей болды. Барлығы да ән мен жырдың, өлеңнің әсері болса керек.
Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиқа, Фархад – Шырын, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек, Сәлиха – Сәмен, Қыз Жібек – Төлеген, Қалқаман – Мамыр, Естай – Қорлан… Тізе берсек, бір-біріне деген сүйіспеншілігі күллі адамзат баласын ізгілікке жетелеген осынау ғашықтардың ғасыл сезімі әлемді ғадауаттан қорғап тұрғандай… Төбелі төрде жиылған жұртты сырлы өлең, нәзік жырмен сусындатқан, жүректерді тербеп, көңілді қозғаған ақындар бұл дүниенің қызығы махаббатпен екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл. Blaine Gabbert Authentic Jersey