С.Т: – Сұхбат заңдылығына сәйкес, сіздің жауаптарыңызға орай дәл осы жерде біздің диалогымыз одан әрі үш бағытта өрбуі тиіс сияқты. Біріншісі. Біз әңгіменің қызығымен алдыға озып, зымырап барамыз. «Балалық шағыңыз туралы…» деп Бек айтпақшы, Баукеңнің балалық шағына оралсақ қайтеді? Екінші. «…он алты жарақаты бар, алтауы ауыр… Қайранмын. Адам жаны қандай сірі десеңізші!…» дейтін «Адам қайраты» әңгімесінің бас кейіпкері Әкімгерей («Курляндия майданында» – Әділгерей) темасын қазбалай түсуге болар еді. Үшінші. Әз-ағаң өмір жолында кездескен әр деталь, әр штрихқа жан бітіретін шебер қаламгер ғой! Ол кісінің батырдың ақтық сапары жайындағы сіз айтқан естелігі тірліктің бұралаң, қалтарыс сәттерін дөп басып суреттеуімен құнды.
Жазушы Бекке балалық шағы жайында айтқанымен, ол батыр туғаннан кейін бір жылдан соң тоқсан екі жасында дүние салған бабасы Имаштың жас нәрестеге берген:
Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын, құлыным –
Қойнауы суға мол еді –
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тілегі зор еді –
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді –
Құмары болсын, құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді –
Сыңары болсын, құлыным,-деген батасының иірім-қайырымын жан-тәні, табиғатымен түсіне алар ма еді?!
Жарық дүниеге келгеніне екі-үш ай болғанда, шешесі Рәзия нәрестені күн көзіне шығарып, «Атасының қолын ұзартып, қолғабыс беруге келді» деп, ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүрген Имаш атасының алдына әкеледі. Атасы қолына жас бұтақ ұстатып:
Құрық деп берсем- құл болма,
Шыбық деп берсем – шіл болма.
Бәрінен де, шырағым,
Баяны жоқ ұл болма!-десе керек.
Ал енді осы үш бағыттың қайсысын таңдадық?
Ә.О: -Баукең асқақ тау сияқты ғой. Бір шыңға шықсаң, екінші шыңы шақырады. Шегі көрінбейтін шыңдар менмұндалап кете береді, кете береді. Батырдың жек дара бір қырына, өмірінің бір кезеңіне тоқталу мүмкін емес. Себебі ол кісі кесек тұлға. Орысша – цельная натура. Немесе бата дарыған дара тұлға. Бір жақындасаң, ешқашан одан алыстап кете алмайсың. Жұмбақ. 1943-шы жылдың 8 -ші желтоқсанында Баукең Мәскеуде, СССР-дің Жазушылар одағында кездесуге арнайы келіп, «Волоколамск тас жолы» кітабының талқылауында сөз сөйлейді. Әрине, орыс тілінде. Сөзінде Баукең: -«У меня нет военного образования, кроме солдатского, которое я получил на действительной службе в 1932 году. Но я не считаю себя человеком не сведущим в военных вопросах. Я солдат и прошел военную академию в натуре – в бою»,-дейді. Ғажап жұмбақ! Әскери білімі болмаса да, Баукеңнің ойлап тауып, іске асырған әдіс-айласы әскери білімі бар, академия бітірген бірде бір командирдің үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Оған талай мысал келтірдік қой. Тағы біреуі сұранып тұр.
Дмитрий Снегин өз естелігінде мынадай жағдайды жазып қалдырған. Қырық екінші жылдың аязы сықырлаған қысы. Панфиловшылар дивизиясы Ескі Тверь маңында шабуылға шыққан кезі. Жер қар құрсауында, аттың да, адамның да кеудесінен келеді. Бір аттам жер жүру үшін жаяу әскер әбден қиналып жатыр. Дмитрий Снегиннің басқаруындағы артиллерия дивизионын Бауыржан Момышұлы басқаратын полкке көмекке жібереді. Жаяу адам жүре алмай жатқанда, ауыр зеңбіректерге жегілген аттар қалай жүрсін. Шабуыл жүріп жатыр. Немістер екінші бекініске көшіп алып, алғы шепті атқылауда. Алға кетіп қалған өз әскерлерімізге артиллеристер қарға көміліп қолдау көрсете алмай жатыр. Дивизия командирі генерал Чистяков Бауыржанға әскерді шабуылға қайта көтеріп, неміс қорғаныс шебін басып алуды бұйырады. «Бауыржанның орнында басқа командир болса, генералдың бұйрығын екі етпей, шабуылға шығар еді. Әскер орынсыз шығынға батар еді. Ал Бауыржан басқаша істеді»,-деп жазады Д. Снегин. Полк командирі Баукең алға барлаушылар жіберіп, жаудың бет алысын байқап алып, бірінші батальонды өзі басқарып, артиллерия дивизионының алдынан бірақ шығады. Алдымен жауынгерлердің бәрін тамақтандырып алып, 600 адамды иық тірестіріп сапқа тұрғызады. Көзді ашып-жұмғанша бойында жаны бар тікбұрыш пайда болады. Олар иық тірестірген күйі алға жылжығанда, арттарында әдемі тапталған із қалады. 600 адам қатарын ыдыратпай, тұтас қозғалып қарды үтіктеп таптап өтеді. Алдыңғылар шаршағанда олардың орнына соңғылар барып отырған. Жасап жатқан айласының айды аспанға шығаратынын түсінген жауынгерлердің құлшынысы қарды аязымен бірге қыздырып жібергендей. Олар салған даңғыл жолмен артиллерия дивизионы алғы шептен бірақ шығып, снарядтарды жаудың басына бұршақша жаудырады. Осылайша шабуыл генерал белгілеген уақыттан бір жарым сағат кеш басталып, жауды тиісті уақыттан бұрын қорғаныс шебінен қуып шығады. Өз солдаттарына қатал Баукең оларды әкелік мейіріммен сүюші еді. Сондықтан оларды ешқашан орынсыз оққа тосқан емес. «Түннің бір мезгілінде, -дейді Д. Снегин,- біздің команда пунктімізге генерал Чистяков келді. Ол аз сөйлеп, ойлы отырды. Қоштасарда Бауыржанға қарап тұрып, былай деді: – Мен кәрі солдатпын. Әрі өз қызметімді де бір кісідей білетін сияқты едім. Қайран қалдырдың сен мені. Бір сөзбен айтқанда, рақмет бұл сабағың үшін…». Академия бітіріп, дивизия басқарған 42 жастағы орыстың генералын бас идірген, академия бітірмей, полк басқарған 32 жастағы қазақтың қайсар капитаны Бауыржан Момышұлы ұстазынан озып тұрған жоқ па! Міне жұмбақтың жұмбағы! Бұл аз десеңіз тағы бір мысал. Баукеңнің 80 жылдығына орай 1991-шы жылы «Жалын» баспасынан Мекемтас Мырзахметовтың құрастыруымен «Бауыржан батыр» атты кітап шықты. Сол кітаптың алғысөзінде Мекемтас аға Баукеңнің мына өлеңін жария етеді.
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Бұл өлеңнің қай жылы жазылғанын білгіңіз келе ме? Айтайын. 1947-ші жылы 6-шы желтоқсанда. Баукеңнің алда әлі 35 жыл өмірі бар. Ұрпақ Бауыржан Момышұлының сексенін де, тоқсанын да, жүздігін де атап өтті. Бір бойына осыншама жұмбақ тұнған қандай тұлға дегің келеді де тұрады!
С.Т: – Әлеке, диалог барысында Батыр өміріндегі түрлі жұмбақтарға әлі де талай орала жатармыз. Дегенмен, мына бір тақырыпты да осы темаға қиюластыра кетсек қайтеді? Ол тема – Баукең мен Қонаев тақырыбы. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың маңдайына біткен, уақыттың алтын құрсағынан жаралған екі ғажайып тұлғасы Баукең мен Қонаев ақсақалдың ара-қатынасы жайында не айтар едіңіз?
Бір жолы Баукең Мәскеу қалалық ауруханасында орын болмай, коридорда жатып қалады. Ауруханаға түсіп қалғанын естіп, Қонаев көңілін сұрауға келе жатыр дегенді біліп қалған ғой деймін, емхана басшылары батырды аяқ астынан жеке палатаға ауыстырады. Межелі уақытта қасында жаңадан сайланған СовМин төрағасы Б.Әшімов бар, екеуі келеді. Қонаев ақсақал палатаға: «Әй, батыр да ауыра ма екен?!»,-деп әзілдей кіреді. Баукең қасындағы төрағаға үнсіз бір қарап, «Біздікі жай ғой, бір тексеріліп алайын»,- дейді. Ол кісі батырдың көзқарасын түсіне қойып: «Заман солай ғой, батыр, бәрін бірдей мен шеше бермеспін, тез сауығып кет»,-деп тілегін айтады…
Сөз арасында соға кетейін, бір жолы Димаш Ахметұлы жайлы «Елу жыл Ел ағасы» деп аталатын өте көлемді фолиант-кітапты оқып отырып мынандай бір қызықты дерекке тап болдым. Димаш ағаның әкесі Меңліахмет те шежіре мен қазақтың қара сөзіне жетік сұңғыла адам болған ғой. Арғын ішінде Қаракесек Бекетай деген жақын досының (сүйегі Құлжада қалады) ұрпағы Алматыға іздеп келіп, сәлем бергенде, жас жігітті тұрпатынан бірден танып: -Атаң Әшірбек Қарқаралыда мыңдап жылқы айдаған кісі. Ел ішінде: «Қырға таласып-тармасып қаптап бара жатқан Әшірбектің қара жал жылқысы ма, жоқ қалың қарағай ма?» деген сөз қалған. Соның Сүлеймен деген баласы ілгеріде Жетісу жеріне келіп, Ысқақ байдан бұрын үлкен кәсіппен айналысты. Осы күнгі Пастер, Мир, Чайковский көшелеріне дейінгі аумақ сол Сүлеймен қарияныкі еді. Алла бұл кісілерді нәсіпті ғып жаратқан. Былғары өңдеумен бірге он мыңдай жылқы біткен еді. Күрті мен Қарғалы арасы сол кісінің жаз жайлауы, кең өрісі болатын. Сүлейменнен жеті ұл туды. Мұқан деген баласынан туған Жамал Бауыржан Момышұлына тұрмысқа шығады,-деп бір естелік айтады екен. Сонда Жамал апамыздың өзі де аса дәулетті де текті жердің қызы болып тұр ғой…
Сонымен, алдымен екеуара екі-ақ жас айырмасы бар екі ұлы тұлғаның арасы жайында не айтар едіңіз?
Ә.О. -Сәке! Алдымда жақында ғана бақилық болған жазушы Шерхан Мұртазаның Тахауи Ахтанов туралы жазған естелігі. Әңгімеден әңгіме туып екеуі Баукең туралы сөз қозғайды. «Оның таяуда өткен жетпіс жылдық тойы еске алынды,-дейді Шер ағаң,-жиырма сегіз гвардияшы-панфиловшылар паркінде Ұлы Отан соғысының отыз жылдығына арнайы мемориал ашылғандағы салтанатта Баукеңнің «қылығын» мәз болып әңгімелейміз. -Өзің де көрдің ғой,- деп Тахаң мені шынтағымен түртіп қояды. Шыжандай халық. Қонаев бастаған бюро мүшелері төрде тізіліп тұр. Әскери парад өтпекші. Жай халық ол жаққа жолай алмай анталап тұр. Алдында қабат-қабат әскери қарауыл. Бір кезде сол қамалды бұзып, біреу алға шықты. Баукең! Басындағы дөңгелек қазақы бөркі, қолында таяғы. Тура бюро төрелеріне тартты-ау, сабаз! Ту сыртынан келіп, Қонаев пен Ниязбековтың аяқтарының арасына таяғын сұғып тұрып, ары-бері ырғап-ырғап жіберіп еді, ана екеуі шошып қалып, аралары ажырап қалды. Сол екі араға Бауыржан өзі қасқайып тұра қалды да, оң қолын шекесіне апарып, честь беріп, парадты өзі қабылдады ғой, қайран ағам! Тахаң көзі жасаурап кеткендей болды. -Сөйтсе,-деді Тахаң сәл тыныстан кейін,-сорлылар Баукеңді әлгі салтанатқа шақыруды да ұмытып кетіпті. Әлде әдейі… Жеңістің отыз жылдығы, Панфилов…Оу, мұндай да жетесіздік болады екен-ау! Әйтпесе Бауыржан әдепсіз емес еді ғой. Өз орнын біледі. Сыйлап шақырса, тұрар еді ғой басқа бір жерде-ақ. Әй, айызымның қанғаны-ай сонда. Сирақтарының арасына аса таяғын сұғып жіберіп…Тахаң шығармашылық үйді басына көтере қарқылдап, жарқылдып бір күлді дейсің»,-дейді Шер ағаң.
Бұл естелік жағдайды өз көзімен көргендердің деректі документі. Димаш Ахметұлы мен Баукең әрдайым көзбе-көз де, хат-хабар арқылы да қатынаста болған. Баукең Димаш Ахметұлының атына 1970-ші жылы 13-ші ақпанда Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін ескеріп, Совет Одағы Батыры атағына ұсынуды өтініп хат жазады. Баукеңнің майдандас жан досы Дмитрий Снегин бастаған топ Димаш Ахметұлына Баукеңе Совет Одағының Батыры атағын әперу туралы Саяси Бюроға ұсыныс жасауын сұрайды. Әрине, бұл туралы құпия түрде, Баукеңе білдірмеуге тырысады. Біраз айлар өткен соң, Димаш Ахметұлы Снегинге: -«Дмитрий айтшы, сенің майдандас досың қорғаныс министрін неғып ызаландырып жүр?»- деп сұрайды. Гречко ол туралы естігісі келмейді және Саяси Бюро мүшелерінің бәрін қарсы қойыпты, тіпті өз жағына Леонид Ильичті де шығарып алыпты. Сондықтан ойдағыдай шешімге жақын маңда үміт артуға болмайды»,-дейді Димаш ата. Бұл туралы Дмитрий Снегин «Біздің Бауыржан» атты эссесінде толық айтады. Ал, Димаш Ахметұлы өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабында: «Бұл жерде қынабынан қылышын суырмай жатып-ақ даңқы шыққан Бауыржан Момышұлының жолы да, жөні де бөлек»,-дейді. Көзі тірісінде біріміз аға, біріміз інідей сыйласып өттік. Орталық Комитет Саяси Бюросының мүшесі кезімде тиісті орындарға әлденеше рет атақ беру жайында мәселе қойғаным бар. Менің бұл әрекетімді естіген Баукең арнайы келіп: «Батыр – жау барда сыйлы, би – дау бар жерде сыйлы», Димеке. Маған қолдан берген атақтан қадірімді асырған халқымның ықыласы артық. Тілекте түп болмайды. Құдай риза, мен риза. Мен қасы да жау, досының қасы да жау, қасының досы да жау ер жігіттің бірімін»,- дегені бар еді дейді Димаш ата. Дара тұлғалы, даңқы төрткүл әлемге асқан азаматқа атақ алып беру абыройына ортақ бола алмағаныма, әрине, өкінемін»,- деген екен қайран Димаш Ахметұлы.
Осы жерде мынаны айтқым келіп отыр. Жатқан жерлері жайлы болсын, әрине. Қорғаныс министрі Гречко Совет Одағының Батыры атағын 1958-ші жылы ақпан айында алды, ал Леонид Ильич сол атақты алғаш рет 1966-шы жылы алды (төрт рет Совет Одағының Батыры). Соғыстан кейін алған екеуі де. Шын батыр болса соғыста неге алмайды?! Соғыстан кейін сол атақты орысқа алуға болады да, қазаққа болмай ма? Қазақ болғанда қандай қазақтар! Атақ пен марапат мінезге берілмейді. Ерлік пен батырлықтың қайталанбас үлгісін көрсеткен тұлғаға беріледі, Димаш ата Брежневке адал дос болғанына шүбә келтіруге болмайды, ал Брежневтің адалдығына күмән жетерлік. Әйтпесе, айтпай ма Гречкоға:- «Ей, Андрей, мен заманында Қазақстанды басқарған адаммын. Қазақ халқы қонақжай, тамаша халық. Сол халықтың екі қаһарман перзентіне осы атақты бере алмасам, мен несіне БІРІНШІМІН?! Сөзді қысқарт, Құжаттарға қолыңды қой!» – демей ме!
Қазақтың маңдайына біткен Баукеңнің барына шүкір. Оның аты ешқашан өшпейді. Қазір сол Гречколар қайда? Екеумізден басқа кім оның атын атап отыр, а?
С.Т: -Мәссаған, безгелдек! Әлеке, сіз де қайдағы деректерді білесіз-ау! Атағы бүкіл Кеңес Одағына дүрілдеп тұрған Гречконың, Брежнев атамыздың СО Батыры атағын соғыстан әлдеқайда кейін алғанын бірінші рет біліп-естіп отырмын!
Тап осы жерде от-ақын Өтежан Нұрғалиевтің «Панфилов бағындағы Бауыржан бейнесі» деп аталатын мына бір өлеңін келтіре кетудің реті келіп-ақ тұрған сияқты:
Ашуланған адамын алтын берсе кешпеген,
Қайнап тұрған шілдеде папахын да шешпеген.
Папах түгіл, оқ тескен шинелін де шешпеген,
Өмір бойы – полковник,
Генерал боп өспеген.
Кем де сөйлеп қыртпаған,
Артық сөйлеп бөспеген.
Айтар болса – тура айтқан,
Атар болса тура атқан,
Дулаттарды дулатқан,
Орыстарды шулатқан.
Аты – Баукең, сол қазақ тарихта аты өшпеген,
Жүз адамның жұмысын жатып алып істеген.
Мың адамның жұмысын тұрып жүріп істеген,
Миллионның жұмысын жалғыз жүріп істеген.
Алдынан аң кетпеген,
Аузымен құс тістеген.
Ат үстінде туылған,
Ат үстінен түспеген, –
Баукең – осы, жас ұрпақ,
Қарамаңдар тосырқап.
Сөйлегені – қылыштай,
Қарағаны – найзадай,
Қара бұлтты қақ жарып –
Жерге сіңген найзағай!,-дейді Өтежан.
Бұған не дейсіз?!
Ә.Ә: Сәке! Қазақтың небір ақиық ақыны Баукеңе жыр арнады ғой. Мысал өте көп.
Мұхтар Шаханов:
Көз жұмғанша ел мүддесін ту ғып ұстап қасарған,
Ар мен намыс сөз болғанда өзіңен кім аса алған!
Бір ғажабы қан майданда көзсіз батыр атанып,
Куәлігін жарты ғасыр кеш алған-
Сендей қайсар перзент туу әр әйелге бас арман!
Қалижан Бекхожин:
Қырансың сұрапылда буырқанған,
Дауылда найзағайсың бұлтты жарған.
Қаһарман қолды бастап, Ойрандадың
Обырды отаныңа бүлік салған.
Қасым Аманжолов:
«Батырым-Бауыржаным» дейді халқым,
Алып ұш ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.
Сырбай Мәуленов:
Қайрат күшін қан майданда сынаған,
Сенсің менің ардақтайтын бір ағам.
Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде,
Алшаң басып жүргеніңе қуанам.
Мұқағали Мақатаев:
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, аға, саған тартылмаған.
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
Тұманбай Молдағалиев:
Дүниені ерліктің нұры кезген,
Бақыт таптың майданнан, ұлы кезден.
Өз кезіңнің Баяны, Қыз Жібегі,
Саған ылғи қарады жылы көзбен.
Баукеңнің әскери мұрасын зерттеп, ғалым атанғандар бар. «Бауыржан Момышұлының қазақ поэзиясындағы образы (келбеті)» деген тақырыпты қазбаласа ғой, шіркін!
С.Т: – Ақыры Батыр жайлы өлең-жыр темасына кіріп кеткен екенбіз, қырғыз ақыны Сүйінбай Эралиевтің «Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына» атты өлеңінен:
Еріне жағар әрбір ат,
Қасиетімен әрқандай.
Ал мына ақ боз арғымақ,
Ақ сүтке малып алғандай,-деп үзінді келтіре кетейік.
Батырдың талай жорықтарда айнымас серігі болған ақбоз атын таңдап алатын оқиға бар еді. Баукең сол ақбозын алғаш көргенде: «Орташа ғана тығыршықтай ат. Құйрық-жалы сұйықтау, қоян жақ, бөкен қабақ, құйма тұяқ. Арқасында ер қаққан оймақтай ақ дағы бар»,-деп суреттеуші еді ғой. Тайға мініп, жарысып жүрген бала кезінде Қаратау атырабында аңыз болып кеткен Сұркөжекке ұқсатады. Сол Сұркөжек те дәл осындай шағын, елеусіз жануар еді дейді. «Біреулер оны сегіз жүз аттан озған Шаңтимес, енді бірі сонау Асылдан Керегетасқа дейін тізгін тартқызбай келген тұлпар десетін, мынау ақбоз да сол Сұркөжектен тарап келе жатқан тұяқ емес пе екен?»,-деп ойға шомады.
-Мен атбаптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі және ақбоз екен,-деп аттың жонарқасын сипап, сауырын қағып-қағып қояды. «Ақбоз маған қарап оқыранды. Осы кезде майордың жанында тұрған старшина:
-Сіз неліктен ақбоз атты қалайсыз?-деп сұрады.
Мен екеуіне жақындай бердім де:
-Жылқының ақбозын халық қасиетті деп санайды. Біздің елдің батагөй қариясы да, ел қорғайтын батыры да ақбоз айғыр мінген. Егер сол аттың иесі шейіт болса, оның асына ақбоз шалатын болған. Бұл ертеден келе жатқан дәстүр, түсінесің бе?».
Онан соң Суворовтың ақбоз атпен Альпі шыңынан асқанын, Кутузовтың боз атпен француздарды Парижге дейін қуып барғанын, Чапаевтың боз айғырмен Колчактың қарақұрым қолына қырғидай тигенін айтып келіп, өзінің осы атпен неміс фашистерін Берлинге дейін шегіндірсем деген ойын білдіреді.
Батырдың сол ақбозы, шынында да айтулы ат болып шығады. Онымен талай жорыққа шығады, шайқасқа араласады. Талай оқ пен оттың арасынан аман-сау алып шығып жүреді.
«Мен кейде оның үстінен түсіп, сапта тұрған полкты жаяу аралағанда, ол соңымнан еріп отыратын. Жүрсем – жүретін, тұрсам – тұратын. Дауысым қаттырақ шықса, ол мені тұмсығымен түрткілейтін. Айқай шықса болды, бір орнында тұрмай, ауыздықпен алысып тарпынатын. Қалыңға кірсе, құлағын жымитып алып, атылған оқтай зу етіп өте шығатын. Қашсам, кәдімгі сұр көжектей зытатын. Қусам, алдындағы қараға жетпей қоймайтын. Небір айқай-шайқастан аман шығып жүрген сол ақбозымнан Холм қаласы маңындағы қырғын шайқаста айырылдым….», – деп жазады Баукең.
Бұл тема да Баукеңнің сан қырлы жұмбағының бірі сияқты….
Ә.О: -Баукең бұрын әрдайым жадымда жүретін болса, ал қазір тіпті күнде еске түседі. Осы биылғы 8-ші наурыз күні ұлым Нұрхан екеуміз 16-шы маршруттағы автобуспен футболдан жаттығуға бара жатырмыз. Қолындағы пакеті тола сыйлықтары бар ер адам қасынан бізге орын ұсынды. Қысылып-қымталып отырмыз. Жаңағы ер адам апайларына, жұбайына сыйлық әкеледі екен. Сөзден сөз шығып кетіп, әңгіме әкесі туралы өрбіді. Әкесі 1917-жылы туылған. 1978-шы жылы дүниеден өтіпті. 1937-шы әскер қатарына алынады. Сол кеткеннен мол кетіп, елге 1946-шы жылдың соңына таман оралады. Аттай он жыл ел көрмей жырақта, жат жерде жүрген. Тек жүрмеген. Соғысқан! Халхин Гол, Фин соғысы, Ұлы Отан соғысы, Жапон соғысы және Украинада Степан Бандераның бандиттерін жоюға қатысқан. «Бес соғысқа қатысып, елге капитан шенімен аман оралып, Семейде әскери комиссариатта қызметке тұрып, майор шенін алады. Жарақаттан денесінде сау жер жоқ болатын. Өте арық, бойшаң еді. Соғыста жабысқан науқасы қозып, ентікпе ауруына шалдықты. Комиссовать етілген. «Әкем соғыс туралы көп айтпайтын, алайда,- деді жолаушы,- ең ауыр соғыс Степан Бандераның бандиттерімен болған соғыс дейтін еді, әкем марқұм»,-деп ауыр күрсінді де, ары қарай әңгімесін жалғастырды. Себебі,- дейді әкем,- майдан даласында жауың белгілі, тіпті ысқырып ұшып келе жатқан снарядтың қайда түсетінін болжап жатасың. Ал Украина орманында жауыңның кім екенін, оның қайдан шыға келетінін, сөйлесіп тұрған адамның арамза, қаніпезер, қанішер екенінен мүлдем хабарың жоқ. Кез келген ағаштың арасынан, үйдің шатырынан, шарбақтың түбінен, түнде болсын, күндіз болсын бәрібір зұлымдықпен қастандық жасайды немесе атып түсіреді. Бес жыл соғыста, кескілескен ұрыстарда бір жарақат алмаған талай асыл ерлер, сол Украина жерінде, бейбіт күндері шейіт болды,- деп әкем марқұм жыламсырап қалатын еді,-деді жолаушы.
Соғыстан кейін әскери комиссариатта қызметте жүргенде ойламаған жерден Мәскеуге шақырып, әкемді алдымен Бельгияға, одан келген соң тағы шақырып Австрияға командировкаға жіберді. Не бітірді, қандай тапсырма орындауға барды, неге ол тапсырма біздің әкейге жүктелді, біз үшін құпия болып қалды. Тіс жарып ештеме айтпай кетті»-деді жолаушы. Біз түсетін аялдамаға да келіп жеттік. «Әкейдің аты кім еді?»-деп сұрадым. «Құрамжан»- деді жолаушы. Біз жылы қоштастық. Ойпырмай, бүкіл жан-дүнием алай да дүлей болды-ау! Есіме еріксіз Баукеңнің «Адам құдіреті» атты әңгімесі оралды. Баукең соғыстан соң, әскери академияда оқып жүргенде, академияда оқытушылық қызметте жүргенде Қазақстан басшылығына талай хат жазған ғой. Хатында Баукең басшылықтан барлық майдангерлердің естелік жазуын жүйелі түрде ұйымдастырып, майдангердің өзі жазған, айтып бергенін, өзге жазған естеліктерін жинап, арнайы мұрағат ұйымдастыруды сұраған. Ешкім құлақ аспады ғой. Міне, уақыт өтті. Санаулы ғана соғысқа қатысқан ардагерлер қалды. Баукеңнің айтқаны орындалғанда, неткен бай мұра қалған болар еді. Тарихты тірілту әлдеқайда жеңіл болар еді. Мысалы, жоғарыдағы Құрамжан ақсақалдың майдандағы жүріп өткен жолы тарих қой! Өзімен бірге алып кетті. Бес соғысты бастан өткеріп, аман қалған қазақ – осал қазақ емес қой. Тіпті Баукең 1942-шы Мәлік Ғабдуллинге жазған бір хатында: «Біздің өміріміз дүниеден көшкен соң ғасыр үшін, тарих үшін документ боп қалады»,-деген екен. Айтқаны келді ғой!
Бір күні Баукең мұнтаздай болып киініп, сыланып-сипанып, бір жерге баратын сыңай танытып жатса керек. Содан Бақытжан: — «Әке, жол болсын, қайда бармақсың?»,- деп сұрайды. «ЖОБС-қа барамын»,-деп қысқа қайырады. «Ол не? Мекеме ма, әлде адам ба?»,- деп қайта сұрайды. «Ол ЖОБС»,-деп тағы қысқа қайырады. «Айтсаңызшы, жұмбақтамай!»,-дейді Бақытжан. Сонда Баукең:- «Жазушылар Одағының Бірінші Секретары!» — деген екен. Айтпағым. Баукеңнің жазушылармен қарым-қатынасы ол бір зерттелмеген әлем! Үлкенді-кішілі ақын жазушылардың Баукеңнің көзі тірі кезінде, дүниеден өткеннен кейін жазған естеліктері аспандағы жұлдыздардай шашылып жатыр. Соларды бірін қалдырмай жинастырып жинақ етіп шығарса, міне қазына қайда!
С.Т: -Әлеке, ұмытып барады екенмін, алдыңғы диалогқа қайта оралуға тура келіп тұр. Баукең жайында қалам тербемеген айтулы қазақ ақындары некен-саяқ екенін айттық қой. Ал Бауыржан Момышұлы қабылдауындағы Абай мен Пушкин шығармашылығын зерттеген бір ғалым сөз арасында «Недаром в стихотворении Д.А. Кунаева, посвященном Бауыржану Момышулы, есть строка – «Известный миру тактики титан»,- деп жазыпты (ол мақала «Абай» журналында жарияланды). Сонда Димаш ақсақалдың өзі де Баукең жайлы өлең жазған болып тұр ма?
Осыдан тура сегіз жыл бұрын Баукең тақырыбына сізбен тағы бір сұхбат жүргізіп едік. Сол жолы 80-ші жылдардың бас кезінде Чехословакияда іс-сапарда жүріп, А. Бектің «Волоколамское шоссе» романын үш аптаның ішінде үш қайтара оқып шыққаныңызды айтқаныңыз есімде. «Сол күндері Баукең маған ұщы-қиыры жоқ мұхит, көк тіреген шың, құпиясына қиял жетпейтін «Құс жолындай» болып көз алдыма келді»,-деп едіңіз. Баукеңді «Тактиканың тәңірі, стратегияның серісі» деп атаған едіңіз.
Баукеңнің қазақтың қара домалақ баласы атқа қонса батыр, қару ұстаса жауын жастандыратын жауынгер, сөз сөйлесе қара қылды қақ жаратын шешен, қаламды айтқанына көндіріп, ақ қағазға жан бітіретін қажымайтын қаламгер екенін дәлелдеп кеткен бірден-бір қазақ екенін дөп басып айтқансыз.
Шынымен де, Баукең әскери, әдеби, саяси даналық таң қаларлықтай бір басына түйіскен бірегей тұлға, және де қазақтың ел аузындағы бұрынғы батырларынан өзгеше боп туған дана батыры, дара батыры екенінде дау жоқ. Батырдың даралығы, тіпті, Қонаевтың өзіне қолына қалам алдырып тұрған жоқ па?!…
Ә.О: -Баукең шынында да жұмбақ адам ғой. Жұмбақтығы белгісіздігінде емес, керісінше аса танымалдығында. Пәрмені мен парасаты мықты адам болған ғой. Халық арасында «Баукең ондай екен», «Бауыржан бұндай екен», «Анаған былай депті», «Мынаған олай айтыпты» деген сөздер көп қой. Алайда Баукеңе өкпелеп, ат құйрығын шорт кесіп, араласпай кеткен адам болды ма екен өзі бұл жарық дүниеде? Құдай біледі, жоқ-ау. Қайта Баукеңді бір көруге ынтық болған адам қаншама десеңізші. Бүгін оңбай «таяқ жеген» жан ертеңіне арсалаңдап Баукеңе өзі қайта келіп отырған. Бұл құбылыс сонау соғыс жылдарынан басталады. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов өзінің естелігінде, – «Шынын айту керек, аңызға айнала бастаған атыңызды көп естіп, сіз шығарған қырық мақалдың көбін жатқа білгеніме қарамай, Сізді көпке дейін көре алмай арманда боп жүрдім»,-деп жазған. Басқа ортаны қоя тұрып, жазушыларды алайықшы. Мұхтар Әуезовтан бастап кеше ғана дүниеден өткен Герольд Бельгерге дейін оның талантының таудай екенін ұққан. Ойбай-ау, өкпелесе Мұқаң ренжір еді. Сонау 1942 -жылдың қыркүйек айында Мұқаңа бірнеше хат жазып,- «Намыс гвардиясын» сынап, апаратын жеріне апарып тастайды. Баукеңнің әділ сыны Мұқаңның үстеліне снаряд болып түсіп жатты. «Сізге мен таныс та, тамыр да емеспін. Қошемет етіп жалпақтанатын жайым жоқ»,- деген сөздер бар хатында. А. Бектің қалай апшысын қуырып, екі аяғын бір етікке сыйғызғаны тарихтан мәлім. 1943-ші жылдың 8-ші желтоқсанында және тура бір жылдан соң 1944-ші жылдың 8-шы желтоқсанында Баукең майданнан арнайы келіп, Мәскеуде А. Бектің «Волоколамское шоссе» повесін талқылауға арналған жазушылардың бас қосуына қатысып сөз сөйлейді. Сөз сөйледі дегеніміз бер жағы ғой. Повесть жазудағы А. Бектің кемшіліктерін бетіне басып, кейбір тұжырымдарының тас-талқанын шығарады. Сонда залда отырған бірде-бір жазушы: «Сіздікі дұрыс емес, А. Бек танымал жазушы»,- деп қарсы пікір айта алмайды. Қалай айтсын, қылышты шыбық шаба алмайды ғой. Шыбықпен қылышты шапсаң да, қылышпен шыбықты шапсаң да, шейіт болатын – шыбық. Қайнап жатқан майданнан Мәскеуге арнайы келіп, жазушыға қалай жазуды үйретіп шеберлік сабағын өткізген басқа ұлттың өкілі бар ма екен? Жоқ! Ондай бір-ақ адам болған. Ол — бет қаратпайтын қайсарлық иесі, қазақ, отыз үш жастағы гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы! Соғыстан кейінгі жылдары да, бейбіт күндері Баукеңе соғыс ашпақшы болған бірді-екілі жазушылар болған екен. Алайда, олар өз оғына өзі жараланып, «санбатқа» түсіп жатыпты. Олар қазір өмірде жоқ.