Астананың іргесінде Есіл ауданына қарасты Үркер деген ықшамаудан бар. Кілең қос қабатты котдеждерден бой көтерген елдімекеннің тұрғындары жыл сайын көбейіп бүгінгі таңда 20 мыңға тақап қалған. Осы мекенде осындай зәулім үйлердің бірін өзі салып, қоныс тепкен қазақтың бірі – Байтұрсын Смағұлов. Қай ортада жүрсе де «Байекең» атанып кететін Байтұрсын аға бұл жақта да сол титулын сақтап қалды. Байтұрсын аға жай ғана Байекең емес, осы Үркерліктер үлгі тұтатып, айналасы ауыл ақсақалдарының төрағасы етіп сайлап алған. Жаңа мекенде азғана жылдың ішінде үркерліктердің қадірлісіне, аға тұтар ақылшысына айналуы – оның көпшілікпен тіл табысқыш, ұйымдастыру қабілетінің зор екенінің белгісі.
Расында, Байекеңнің бауырмалдығы мен көпшілдігі, өзіме ғана емес өзгеге де болсын дейтін жанашырлығы өзі ұзақ жыл еңбек еткен Ақсуат өңіріне де мәлім. Әсіресе, қарапайым еңбек адамдарының білмей түрған немесе аңғармай қалған жағдайларына жол көрсетіп, тірлігінің оңалып кетуіне көп септігі тиген. Соның бірерін мысалға келтіре кетсек. Байекеңнің бұрынғы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінде қызмет істейтін кезі. Бірде көшеде қос қолтығындағы балдағына сүйенген жігіт ағасы Байекеңе есімін атап, өзін нақты танитындай аман-сәлем жасайды. Өңі жүдеу, аяғы тізеден кесілген мүгедек жанды басында танымаса да бұрылып, сәлемін алып, сөзіне құлақ түреді. Жөн сұраса келсе, осыдан 25 жылдай бұрын Ақсуаттың Комсомол ауылында 4 классқа дейін бірге оқыған сыныптысы Әбдікәрім (Әбек) деген азамат екен. Сөйтсе, Әбдікәрім осыдан 3-4 жыл бұрын техникалық жарақат алып, 3-топағы мүгедектікке жатқызылыпты. Бұл топтағылардың жәрдемақылары өте төмен екені белгілі, бала-шағаны асырау қиындап кеткенін жасырмайды. Мән-жайды түсіндіре келіп Байекеңнен қандай да бір көмек болып қалар деп жолығып тұрған беті екен. Кішкене күнінде бірге өскен достың мұндай күйге түсіп қалғанына жаны күйзелген ол біраз әңгімелесіп тұрып, досының қолынан не келетінін, қандай іске бейімділігін де барлап, бірер күнде өзі хабарласатындығын айтып жұмысына кетеді. Алайда, жұмысқа келсе де, үйге барса да Әбек досының жағдайы көңілінен шықпай, не көмек ұсынсам деген ойда болады. Келесі күндері Байекең аудандық Тұрмыстық комбинат мекемесінің басшысына жолығып, бір мүгедек азаматты етікші қызметіне алуына қолқа салады. Арнайы мамандығы жоқ адамдарды жұмысқа алмайтындығын көлденең тартқан мекеме басшысын «ол азаматты үйретсеңіздер тез меңгеріп кетеді» деп уәде беріп, Әбекті жұмысқа алуға көндіреді. Байекең Әбдікәрімді ертіп етікшілер цехына келсе онда өзі жақсы танитын Ахметхан Кіршібаев деген аға істейді екен. Соған «мына азаматты жақсылап үйретіңіз, менің сізге басқа өтінішім жоқ» деп, досын таныстырып кетеді.
Осы бір қолдау Әбдікәрімге күні бүгінге дейін үлкен демеу болып, отбасының негізгі табыс көзіне айналып келеді екен. Өмірі біз ұстап көрмеген Әбдікәрім досы тауып берген істі тез меңгеріп кетеді. Арада 1995 жылдары жекешелендіру басталғанда оған да өзінің тігін машинасы жекешеленіпті. Еншіге тиген дүниені ел секілді сатып жібермей үйіне апарып, бір бөлмемсін тігін цехына айналдырған. Басында көрші-қолаңның аяқ киімін, өзге де нәрселерін тігіп беріп жүрген Әбектің қызметіне сұраныс күн сайын артып, кейіннен ауданның білдей бір жеке кәсіпкеріне айналады. Осы кәсіптен нәсібін тауып, жұрт аузына ілінген Әбдікәрім Байтұрсын есімін әңгімесінен әркез тастамай, үнемі рахметін айтып, «сол досым болмаса, мұндай жетістікке жетер-жетпесімді кім білсін» деп отырады. Бұл дегеніңіз «Көмек сұрағанға балық берме, балық аулайтын қармақ бер» дейтін нақылдың нақты көрінісі.
Байтұрсын Қабденұлының көмегінің арқасында өміріне үлкен өзгеріс пайда болған азаматтың бірі – Байсейітов Мейрамбек. Осы азаматтың қатардағы еңбек адамынан ауданның қаржы саласындағы білікті маманға айналуы да күтпеген жағдай болыпты. Байекеңнің аудандық қаржы бөлімінде инспектор кезі. 1976 жылы әріптесі Ақаш Нұржақыпов Шұбартауға ауысатын болып, орынына басшылық маман іздестіре бастайды. Осы сәтте Байтұрсын басшыға кіріп Мейрамбектің кандидатурасын ұсынған. «Ол жігіттің бұл салада нақты мамандығы жоқ, бірақ өте алғыр, өзі комсомол ұйымының жеткешісі, партия қатарына өткен, қоғамдық жұмыстарда үнемі белсенді, сенім артуыңызға болады, өзіңіз сөйлесіп көріңіз» деген мінездемесімен Мейрамбек Қаржы бөлімі басшысының қабылдауында болып, ақырында жұмысқа шақырылып, қалған еңбек жолын қаржы саласымен байланыстырып кеткен. Байекеңнің есімін ауыздарынан тастамайтындай осыған ұқсас өмір мысалдары аз емес көрінеді.
Міне, өмір соқпақтарының сонау жылдарында мамандығын мұқият меңгерген Байтұрсын Қабденұлы өзі де ұзақ жыл Ақсуат аудандық қаржы бөлімінде мемлекеттік кірістер бойынша көп жыл басшысы болып қызмет еткен. Соңғы жылдары Астанаға қоныс аударған кезде жаңа ортамен де тез тіл табысып, елмен еркін араласып кетті. Нәтижесінде үркерліктердің үлкені ретінде жергілікті қоғамдық жұмыстарға ұйытқы болып келеді. Жұбайы Бақытгүл екеуі Үркер ықшам ауданының қошаметіне, балаларының жетістігіне малынып ғұмыр кешуде. Зейнет жасына жеткен адамдар үшін тұрмыстық жағдайдың жақсы болуы мен айналаңның құрметі өте маңызды болса, Байекеңнің шаңырағы сол игіліктерге қол жеткізген жанұя. Соның бәрі жанұядағы береке бірлік пен жас кездегі талмай еңбек етудің жемісі екені анық. Отбасының ұйытқысы Бақытгүл Зейноллақызы химия-биология пәнінің мұғалімі ретінде ұзақ жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Байекең екеуі 1978 жылы бас қосып, сол кездегі «Комсомол тойы» үлгісімен үйленген. Ол жөніндегі газет материалдары отбасы мұрағатында сақтаулы. Жастайынан анасы Алтынсара мен нағашы әжесі Ұрқиядан үйренген қолөнер шеберлігін өмір бойы өзіне серік етіп, меткепте Жаратылыстану пәнінен бөлек оқушыларды қолөнерлікке баулып, талай көрмелерге апарып жүрді. Оқушыларға іс тігіннен бастап текемет басуға дейін үйретіп жүрді. Қолөнер бұйымдары көрмелерде орын алып, марапатталып жатқанда ең алдымен анасының «Балам үйренгенің өзіңе жақсы» дейтін сөзі есіне түсіп отырады екен. Кезінде колхоз төрағасы болған Зейнолла әкенің шаңырғы бүгінде Көкжырадай туған жер төскейінде 10 баланың үлкені Мұратбектің иелігінде.
Осындай үлкен кісілердің тәрбиесін бойына сіңірген Байтұрсын мен Бақытгүл өздері көрген өнегені өз балаларына да үйретуді ұмытпаған. Кішкене кезінен жанұя тәліміне ден қойған балалары Гүлнұр мен Жаннұр бүгінде лауазымды қызметте жүрсе де, үйде қалыптасқан тәртіпті бұлжытқан емес. Ата-ананың: – «Үй ішінде тілді қойыртпақтамай таза қазақ тілінде сөйлеңдер, ешқашан ер азаматтың алдын кеспей жол беріп жүріңдер», – деген сөздері олар үшін ешқашан бұзылмақ емес.
Балаларымыз оқысын, қатарынан қалмасын деген тілекпен барлық кедергілердің жеңіп келе жатқан ата-ана үміті де ақталмай қалған жоқ. Қос қарлығаштары қалаған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп жатыр. Гүлнұр Байтұрсынқызы бүгінде Астана қалалық мемлекеттік кірістер бөлімінде бас маман. Еңбек нәтижесіне орай ҚР мемлекеттік кірістер Министрлігінің Құрмет Грамоталары және мерекелік медалдарымен марапатталған. Жаннұр Байтұрсынқызы болса Целиноград аудандық прокуратурасында аға прокурор болып қызмет етеді. Еліміздегі заңдық және құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «ҚР Прокуратурасына 20 жыл» мерекелік медалінің иегері.
Міне, арғы тегі аймағына мәлім қажы, би болған Смағұловтар әулетінен тараған бір шаңырақтың иесі Байекеңнің өмір соқпақтары осылай жалғасын табуда. Байекеңнің әкесі Қабден ақсақал да сөзге шешен, сурып салма ақындығы бар әіңгімешіл адам болған. Үлкен-кіші жиындарда қазақтың тарихи әңгімелері мен қисса-дастандарын төгілте айтып, тыңдарманының құлақ құрышын қандыратын өнері елге кең тараған екен. Жас кезінде үйленуге қалың малды осы ақындық-әншілік өнері арқасында өтепті. Кейін ол кісі ел ішінде «ақын Қабден» атанып кеткен. Қабеңнің көзін көргендер Байтұрсынның көпшіл, туысшыл, ағайыншыл қасиеті әкесіне тартқан дейді.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Байекеңде көптің алғысымен алға басып, бір ортаның үлкеніне айналып отырғанын кезінде елге жасаған жақсылығымыздың қайтарымы шығар деп есептейді.
Қ.Зекенұлы, журналист.