Қазақстанда осы уақытта ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырған су тасқынына қатысты жағдай жұлдыздарды да толғандыруда. Табиғаттың тылсым күшінен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету акциясына танымал продюсер Баян Мақсатқызы мен белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан да үлес қоспақ.
Бұл туралы өзінің желідегі парақшасында қайырымдылық шарасының бастамашыларның бірі – Ерлан Сайров жазды.
Отандық шоу-бизнес өкілдері «Республика өңір даму» қоғамдық қорының кеңсесіне киімдер мен азық-түліктер алып келді. Бұған қоса, Баян мен Динара өзге де еріктілермен қатар жиналған гуманитарлық көмекті үлестіру жұмыстарына атсалысуда. Үлестіру жұмыстарын «Премьер» сән агенттігінің қыздары да үлес қосуда.
Гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы Қарағанды облысындағы Бұқар Жырау ауданына жөнелтілмек. Айта кетейік, 20 сәуір күні Астанадан елдің су тасқыны болған аймақтарына алғашқы гуманитарлық көмектер жөнелтіледі. Сонымен қатар, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдерінің қатысуымен баспасөз-мәслихаты өтеді.
17 сәуірден бері Астанада Қазақстанның су тасыған аймақтарындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау акциясы өтіп жатыр.