Әлихан ескерткіші әкімшілікті абыржытып тастағандай…

383

Әлихан ескерткіші әкімшілікті абыржытып тастағандай...Алаш арысы Әлихан Бөкейханға Семей қаласы әкімшілігі бөлген қаржыға үлкен ескерткіш әзірленуде, ол күзге қарай даяр болады деседі. Оған қай жер бұйырар екен? Бұл мәселеге келуден бұрын өзім куә болған бір қызық оқиғаны баяндап өтейін. Таяуда, дәлдісі 22.05.2017 ж., алаш көсемі Әлихан Бөкейханға «бір кәсіпкер азамат Таткрайда ескерткіш қойыпты» деген сыбысты құлағым шалып, сенер-сенбесімді білмей аңтарылып қалғам. Расы, «Таткрай» деп ат қойған өзен жиегі заманында өмір қазаны бұрқ-сарқ қайнаған тарихи аумақ. Ағайынды Мусиндердің ұн тартатын диірмені төңірегіне Семей өңірінің әр пұшпағынан қап-қап бидай тиеген арбалар симай кететінін, сол сияқты ұлы Абай 1896 жылдан соң қыс айларын Әнияр Молдабаевтың үйінде өткізуді әдетке айналдырғанын айтсақ та жеткілікті. Шығармалықтан шаршаған шағында  биік жағалау бойымен әрі-бері серуендеп, ойына ой, шабытына шабыт қосып үйіне қарай аяңдаған ұлы ақынды көзге елестету қиынға соқпаса керек. Иә, қазіргі Абай алаңында өз орнын өте сәтті тапқан ескерткіш. Күллі Арал алақанға салғандай көрінетін осы тұс қандай көрікті  десеңізші… Енді Әлихан да осындай орынды еншілеп жатса, оған не жетсін.

Сөйтіп, жаңағы біртүрлі ескерткішті көруге келе жатқанда мені осы ойлар қаумалады.   Іздеген жеріміз – қалалық Орталық мешітке тұспа-тұс, тап Ертіс жиегі екен. Абай көшесінен өзенге қарай бұрылғанда, небары 50-60 метр жүрсеңіз болды. Не керек, бір ғажайып әлемге тап болдық. Алдан тұғырымен санағанда биіктігі 5 метр Әлихан Бөкейхан атамыздың ескерткіші қасқайып шыға келсін. Ескерткіш еңселі-ақ. Оның оң қапталына сарғыш бояуы жарқыраған төрт мүсін қойылыпты. Олар кімдер десеңіз, кешегі күн көсеміміз Ленин, оған қатарлас «барлық ұлттардың әкесі» Сталин, чекист Дзержинский және пролетариат жазушысы Максим Горький.

Әділі керек, ескерткіштегі алаш көсемінің бет-бейнесі тартымды екен. Жүзінен нұр төгілген тірі кісі тұрғандай әсерге бөлендік. Төменірек тұрғандықтан қасындағы кеңестік қызыл империя көсемдерінің  Әлекең бейнесіне тиер кесірі жоқ, қайта айшықтай түсетіндей.

Осы сәтте қасымызға бір жеңіл көлік келіп тоқтап, кісілер түсіп жатты. Жөн сұрастық. Қалалық мәдениет бөліміне жаңадан тағайындалған басшы Назерке Аққожина қызметкерлерін ертіп, мән-жайды білуге асығып жеткен екен. Монумент иесі Берікхан Жұмадилов деген жасы 55-тегі келісті азамат екен, ортаға шақырдық. Ескерткіш оның екі қабатты үйінің дәл қасында, үйіне мәшине жөндейтін шеберханасы жалғасыпты. Бекеңе сұрақты жаудыртып бердік, әрине. Мен қарапайым кәсіпкермін, саясаттан да, ғылымнан да алыс жанмын деді ол. Әуелдегі мақсаты – күресінге лақтырылған кеңестік көсемдерді жинап, оларды балалар тамашалайтын әрі дем алып, суға түсетін алаңқай ұйымдастыруға саяды. Өйткені, жағалаудың ластанғаны сонша, ешкім жолай алмайтын хәлге жеткен.  Бұл 2012 жылы болған оқиға.  «Сонан соң мені бір қазақ батырына ескерткіш тұрғызсам деген ой мазалай бастады, – дейді Берікхан. – Бірақ Әлихан Бөкейхан туралы кітапты оқып шыққан соң, ескерткішке осы кісі лайық деп шештім. Мүсінші жалдап, дереу іске кірістім».

Әлихан ескерткіші әкімшілікті абыржытып тастағандай...

Міне, ескерткіштің дүниеге келу тарихы осы. «Қаржы жағын қалай шештіңіз?» дегенімізге алашшыл азамат: «Мен қалтасы қалың олигарх емеспін, шыны керек, мүсіншіге 500 мың теңгені әрең жинап бердім және сонша ақшаны жағаны аббаттандыруға жұмсадым», – деп ағынан жарылды.

Мынаған қараңыз, Әлихан Бөкейхан ескерткішін әзірлеуге қалалық бюджеттен бақандай 32 миллион теңге бөлініпті.  Өзіңіз ойлаңыз, бұл жаңағы Беріктің шығынымен салыстырғанда бас айналатын сома. Ысырап сияқтанды маған. «Осынша орасан қаржы бөлінгені несі, не, мүсінді күмістен құймақ па?» деген сұрақ көкейге кептелді. Осы орайда, қала әкімінің құлағына алтын сырға, жаңағы қаржының жарым-жартысын жағалауды аббаттандыруға жұмсау керек,  Берікхан Жұмадилов бастамасы аяқсыз қалмаса екен деп жұртшылық атынан ұсыныс айтамын.

Берікхан қасымыздағы мәдениет бөлімінің басшысы Назерке Мәулетқызына: «Түнде көлік мінген жастар келіп, мазаны қашыра бастады. Әкімшілік осы мәселені реттеуге қол үшін  берсе, шіркін» дей келе, сөз соңын: «Таяуда шағын ашылу салтанатын жасап, қатым түсірмекпін» деп түйіндеген. Бауырға қатымың қабыл болсын деймін.

Сонымен, ешбір рұқсат қағазсыз қойылған, әкімшілікті абыржытып, әбігерге салған ескерткіш тағдыры қалай шешілер екен? Оны алдағы уақыттың өзі көрсете жатар.

Біз енді «Астана қаласында жасалып жатқан ескерткішке бұйырар орын қайсы?» деген мәселеге ауысайық. Назерке ханымның сөзінше, ескерткіш орны сол жағалау, жаңа көпірдің астыңғы жағы ұйғарылыпты. Оған қарсы екі уәж, яки дауымыз бар.

Біріншісі, ескерткіштің төменде көпір астында тұрғаны жақсы ма, әлде жоғарыда самал өбкен Ертістің биік жарында тұрғаны жақсы ма?  Төменде тұрғаны жақсы деп ешкім айта алмас, сірә. Екінші дауымыз – сол жағалау ма, әлде оң жағалау ма?  Бұл мәселені тарата айтайық.

Байқаймын, бүгінгі ат үстіндегі азаматтар Алашорда үкіметіне тиесілі тек қана Жаңасемей қаласы аумағы деп біледі. Өмір шындығында олай болмаған. Өйткені, патшалық Ресей өкіметінің барлық басқару құрылымы (телеграф, банк, полиция, баспахана, оқу-ағарту орындары) ескі Семейде шоғырланып,  Жаңасемейде тек тілмаш даярлайтын екі жылдық қазақ-орыс школасы ғана жұмыс істеді. Жаңа құрылған Алашорда үкіметінің жарым-жартысы оң жағалауға табан тірегені сол. Соның бірі – алаш атты әскері, екінші түрде алаш милициясы болатын.

Осы мақаланы жазу үстінде Ленин көшесі бойындағы Жеңіс скверін аралап көргем. «Т-34» танкі тұрған бөлігі Жеңіс сквері ретінде сақталып, екінші бөлігі Алаш арыстары сквері аталуға сұранып-ақ тұр. Сенсеңіз, ол тұтастай бос, орта тұсындағы мәңгілік алаудан өзге ештеңе де жоқ. Көнекөз қариялар бұл бұрын атты әскер жаттығатын алаң болған, ал қазіргі «Семей» қонақүйі орнында әскери штаб үйі орналасқан деседі. Бұдан бөлек, бұл 1918 жылдың 16 наурызында Алаш атты әскерінің офицері Қазы Нұрмұхамедов шовинист жауыздың оғынан қансырап құлаған жер.

Сабыр етсеңіз, бұл оқиғаны да еске сала отырайын. Боздақтың өлі денесі Жаңасемей қаласына әкелініп, алаш ақсақалы Шәкерімнің жалынды сөз сөйлеп, Бейімбет Майлин «Тұңғыш құрбан» атты мақала жазған болатын. Сол күндерде көзіне жас алмаған қазақ қалмаған екен.  Естуімше, кейбір азаматтар Қазы Жаңасемейде (ол күнде Алаш қаласы) құрбан болған дейтін көрінеді. Бұл жаңсақтыққа ұрыну, себебі, Жаңасемей – кілең қазақ тұратын әрі жастары көп айбарлы қалашық болған-ды. Сондықтан онда казак-орыстар (ақ де, мейлі, қызыл де) біреуге мылтық кеземек түгіл, демін шығармай, аяғының ұшымен жүруге тырысқан-ды. Сөздің қысқасы, Алашорда үкіметі тек Жаңасемейде орнаған деп шектеліп қалуымыз жарамайды.

Сонымен, жоғарыда айтқандарымнан шығар қорытынды: егер Әлихан Бөкейхан ескерткішіне жағалаудан көрікті орын табылмаған күнде, оны жаңағы Жеңіс скверінің төргі бөлігіне қойған жөн. Оның қос  қапталына барша Алаш құрбандарының аты жазылып, «Алаш сквері» аталса айып па? Семей жұртшылығы осы ұсынысты қолдайды деген сенімдемін.

Асан Омаров,

зерттеуші-ғалым.

 Jermon Bushrod Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз