Ерік Омарғали: Мөңкіп-мөңкіп асаудай ғұмыр албырт…

510
Ерік Омарғали: Мөңкіп-мөңкіп асаудай ғұмыр албырт...
http://www.1zoom.me/big2/83/300435-Sepik.jpg

 

Мөңкіп-мөңкіп асаудай ғұмыр албырт,

Ойға түсті қаша алмай шыңыраулық.

Жүрек емді іздейді тағдырынан,

Біреулерді жіберген сұмырай қып.

 

Іңкәрліктен басталған өмір көші,

Ізгілікке жалғасса, шегінбеші!

Келуіңмен, кетуің – жұмбақ бәрі,

Өміріңнің әр сәті тегін бе осы?

 

Кісінеген құлындай желідегі,

Рух еркіндігі аңсатты тегі, мені!

Періште боп жүргендер пенделіктен,

Ал, періште кімдерге көрінеді?

 

Жанға-мейір, жүрекке-от, тұтам ойды,

Көктем сайын бүршіктеп бұта-қайғы.

Құдайға да жарасқан бұл жалғыздық,

Қалай ғана сезімің жұтамайды?

 

Тот басар деп жанымды шоқ басып ем,

Жоқтасар ел жоғалды топта сүрең.

Мыңқ етпейтін мүңкірді мөңкір ме еді,

Басын мыжып тастаса ақшасымен!

 

Жар алдында дәрменсіз жол күреңі,

Қыранның да қанатын кергігені.

Иткөйлегің-өмірдің мөлдірлігі,

Ақ кебінің дүниенің соңғы демі.

 

Бақыт емес, таң сыйла Тәңір-шұға!

Жұлдыздар ол-ғұмырлар әр ыршыған.

Пешенемнің парағын жазылулы,

Қайтқан құстың естимін дауысынан.

 

Мөңкіп-мөңкіп асаудай ғұмыр албырт,

Ойға түсті қаша алмай шыңыраулық!

Жүрекке емді іздеймін қай гүлдерден,

Құдірет берген мейірімін жұлып алды…

 

***

 

Ерік Омарғали: Мөңкіп-мөңкіп асаудай ғұмыр албырт...
pandaland.kz

 

Тау бауырында тобылғылар гүлдеген,

Сарыалақаз қаңқылы да мұңлы өлең.

Қош аңқыған жұпарыңмен жусаңшы,

Көркем дүние жүрегімді кірлеген.

 

Қыбыр бітіп тіршіліктің демі ыстық

Бозторғайлар бебеулеткен кеңістік.

Көз суырған көкжиектің таңы да,

Гүл майсаны бұрқыратып терістік.

 

Күмбірін бе, сыңғырын ба, сылдырын?

Еркелеген күміс ағып былдыр үн.

Жиып берсең көрші ауылдың қызына,

Тамылжыған таусылмайды-ау қыр гүлін.

 

Тағып берсең бұрымына қызыл гүл,

Алып келсең ауылыңа жүзің нұр.

Қалай қияр сенсіз түнге ұйқысын,

Қалай шыдар сұлулықтан үзілгір…!

 

***

 

Ерік Омарғали: Мөңкіп-мөңкіп асаудай ғұмыр албырт...
cdn.diabetesselfmanagement.com

 

Ана жолдар алапат па?

Мына жолдар жарақат па?

Жаныма ауыр сол күзгі ойлар,

Қалың-қалың қара бұлт па?

 

Ана жолдар сырғақ па екен?

Мына жолдар мұңдақ па екен?

Жаныма ауыр көктемгі ойлар,

Бәрі-бәрі жұмбақ па екен?

 

Ана жолдар көп нүктедей,

Мына жолдар мендік-мерей!

… құйын желдей көнбеңдерші,

Жолдар, жолдар теңдік бермей…

 

***

Аңсаулар … азапты өмір-түн

Білегін ұстаған сенімнің.

Көзіңнен жалт еткен сәуледей,

Келеді өзіңе көрінгім.

 

Мен бұл түн

Мұң ішем шарапсыз.

Мен бұл түн

Күрсінем тағатсыз.

Көбелек хаттарым дірілдеп,

Үзілер аспаннан сағатсыз.

 

Бұрынғы түсімдей таң алды,

Ертеңгі үміттей алаңды.

О, неге,

Жұп-жұмбақ бұл ғұмыр?

Аяулым…

 

***

 

Өлең шексіз ақиқат ғұмыр шексіз,

Неге өлімді ойлаймыз түңілсек біз!?

Ай сүтіндей түндердің аясында

Күн саумалды күндердің мыңын өткіз!

 

Сен тоқталма жалғанды бала арманға,

Өз-өзіңнен уәде бер жоғалмауға.

Мәңгіліктің жұмбағын тапқан кім бар?

Мейірімділікке зұлымдық жаралғанда.

 

Көкіректі кеулеген мұң сарылып,

Әр мұң тамшы сілбіреп құрсағы бұлт.

Жүрегімнің түбінен қалқып шығам,

Ойларымды тамызып жусан-уыт!

 

Он сегіз мың ғаламның бір нүктесі

Сүйдік несін тәңірдің түйдік несін?

Маған өмір берілді тек жырлауға,

Олда ақиқат… өмірде жыр бітпесін.

 

***

Қоңыр желдің өтінде жаңылшы, ойдан

Тек, бұл мезет салатын мамыр сайран!

Әппәқ қанат қиялың пейішке ұшып,

Табиғаттан үріп іш жаңбыр шайған.

 

Кемпірқосақ өрнегін сүйіп көзбен,

Қаз дауысымен ғаламды қиып кезген.

Ойыңды әкеп құя сал гүл қауызына,

Ұжмақ бәлкім осы деп біліп сезген!

 

Беу, Құдайым күллі иіс қымыз жарған,

Құс үніне мойныңды бұрғызбаған!

Күн-Атаға Жер-Ана омырауы,

Иіп әбден тіршілік уызданған…


Ерік Омарғали: Мөңкіп-мөңкіп асаудай ғұмыр албырт...Ерік  Омарғали 1992 жылы 22 наурызда, ШҚО, Жарма ауданы, Белтерек ауылына қарасты Қараш тауында дүниеге келген. Семей қаласындағы №37 гимназияны бітірген. Қазіргі таңда Қазақ Инновациялық Гуманитарлық Заң Университетінің филология мамандығының 1-курс студенті.

  Scott Simonson Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз