Елің үшін еңбек еткенің, мұратыңа жеткенің!

326

Тынымсыз соққан ұйытқыма боранды жел екінші күн болды бәсеңсір емес, қайта бұрынғысынан бетер үдей түскендей, Үскірігі бетті шарпыған, қаруы қатты, нағыз сұрапыл боранның өзі. Белуарға дейін қалың түскен күртік қар да сай-сайды, жыңғыл-жыңғылды, өзен жағалауын нығыздап, соқталап-ақ жатыр.

Екі жағалауы ырғала өскен қалың жыңғылды Тәлмен өзені көпірінің үстінде капсағай денелі жүзі қатулы адам айналадағы алай-түлей түтеген екілене соққан боран екпінін елемей өзен бойын жіті бақылауда. «Иә, биылғы қыстың сыңайы жеңіл тимейтін секілді, көктемде қапы қалмау үшін ерте қамданған жөн. Ұзаққа создырмай іске кіріспесе болмас»-деп ойын түйіндеді. Орта бойлы, кең иықты ел ағасы жасындағы бұл азамат жергілікті әкім, Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округінің басшысы – Нұрлан Назарханов.  Тумасынан жайдарлы, ақжарқын жанның бүгінгі жүзінен қатулықтың байқалуына мына табиғаттың сұрапыл сыйы себеп болып тұр, биылғы қардың түсуі ерекше, қазірдің өзінде екі метрге жуық қар басты, тоқтайтын ыңғайы байқалмайды. Қазір мол түскен қар айналаны керемет бір қыс сұлулығына бөлеп тұр, ал көктем түсе тау-тау қар үйінділері еріп, мына Тәлмен өзенін тағы мазасындандырып, арнасын бұзары, айналаға топан су болып жайылары, төтенше жағдайға соқтыруы ықтимал. Әкімнің де мазасын қашырып, өңін бұзып тұрған да осы жайттар. Оның жан дүниесі де мына ақ түтек борандай тынымсыз күйде. «Жоқ, дереу халықты жұмылдырмаса болмас»-деп, атқаратын шаруаның нобайын іштей белгілеп, жедел шараны қолға алуға бел буды.

Апталап соққан долы боран мен қалың жауған күпсек қар да басылып, айдала тынышталды, әйтеуір. Өмірдің талай сатысынан өтіп, халықпен етене араласып, әбден шыңдалған Нұрекең анадағы көпір үстіндегі ойын кейінге қалдырмады, білекті түріп, іске кірісті. Алайда, жазғы және күздігүнгі дала жұмыстарынан кейін көбіне бос, марғау жатқан жұрттың қолына мына аязды күндерде күрек алдыртып, қатып қалған қасат қарды күретуге жетелеу оңай болмады. Жағдайдың  мән-жайын көпшілікке ұғындырып, кейде өр мінезділікке салып, бірде намыстарына тиіп, жұртты жинады. Арнайы үндеу парақшалар да тараттқызды. Жасыратыны жоқ, басшы адамның бұқара халыққа жағуы, сүйіспеншілігіне ие болуы қашанда оңайға түспеген. Алайда, көпті көрген, білікті басшы әкімшілік қызметтің «жілігін шағып, майын ішкен» Нұрлан Үмітханұлына деген халықтың ілтипаты ерекше, содан болар қарасы 200-ге жуық қарулы ер-азамат білектерін сыбанып, қарлы қамалмен арпалысқа дайын болды. Шындығында да, бұл бір нағыз қызу айқастай болды. Өзеннен жырақта кемі үш шақырымдай терең ор қазып шығу оңайға соқпады, құрсалған қармен арпалыс 3-4 күнге созылды. Осы игі бастаманың басы-қасында ауыл әкімі көпшіліке ұйытқы болып, жігіттердің ас-суын, көлік қатынасын ұйымдастырып, толассыз еңбек үстінде болды. Тынымсыз бас­шы өзін де ая­ған жоқ, өзгеге де маза берген жоқ. Кейде бойын бір асқақ сезім баулап, жалынды өлең жолдары жүректен тулап шығып, жігіттердің күш-қайратына жігер қосады. Себебі, Нұрекең жай әкім емес, ақын әкім, өнерге жақын әкім, жалынды жыр-арнауларға толы екі өлеңдер жинағы шыққан, «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың дәл өзі. Ауылдық округ халқының мұның қажырлы еңбегін бағалап, үлкен сенім білдіруі, сөз жоқ, оны қанаттандыра түседі, жігеріне жігер қосып, ел мен туған жерге деген сүйіспеншілікке толы жыр жолдары жазылады, өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқаруына құлшындыра түседі. Осылайша көпшіліктің қолдауымен, білгір жетекшіліктің арқасында үлкен қомақты жұмыс атқарылып, көктемгі су жайылу қаупіне көптеген елді-мекен ұшырмай аман қалды.

Иә, 2010 жылдың қысындағы қармен күрес ауыл әкімінің округтің күйбең тыныс-тіршілігіндегі атқаратын жұмыстардың бір сәті ғана еді. Өзіне абыроймен жүктелген осы аймақтың тыныс-тіршілігіне қатысты талай игілікті істерге, небір жаңашыл бастамаларға мұрындық болды. Мемлекеттік қызметегі 25 жылдың ішінде мұндай қиын-қыстау жағдайлардың талайын бастан өткерген Нұрлан Үмітқазыұлы кез-келген  жұмыстың жүйелі жүргізілуіне өз білімі мен біліктілігін, көп жылдан жинақта­ған тәжірибесін таны­тып, күш-жігерін аянбай сарп ететін әкім екендігін таныта білді.

Еш­бір қиындықтан қаш­пайтын, басталған істің аяқ­сыз қал­дырмайтын, жоспарлы істердің орындалуына әрқашанда сенімділікпен қарайтын селолық округ әкімінің әрбір бастамасы тек сөз бо­лып қал­май, жүйелі жолмен орындалып ке­ле­ді. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан 2010 жылға дейін Көкпекті ауданының ауқымды елді-мекендердің бірі саналатын Қойгелді Аухадиев атындағы селолық округі әкімі қызметін абыроймен атқарды. Кезінде осы селолық округке Кеңес Одағының Батыры Қойгелді Аухадиев есімін беру жолында талай тер төкті, өнегелі істер атқарды. Рухани жан дүниесі бай, тіл мен дәстүрге құрметпен қарайтын ол осы жылдары ауылдың әлеуметтік, мәдени нысандарын толықтай сақтап қалды және олардың толыққанды жұмыс істеуіне аянбай атсалысты. Ауылды абаттандыру, жарықтандыру жолында нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Ауылдағы таза орыс мектебінде тұңғыш қазақ сыныптарының ашылуы да елеулі оқиға болды, бұл істі де Нұрекең бірінші болып көтерді, нәтиже шығарды. Қандай да болмасын істі ұршықтай иіріп әкететін жаны жайсаң, дос-жаранға әділ, өмірден түйгені мол ол  әкімдік қызметтің қыр-сырын толықтай меңгерген.

Билік халыққа қызмет етуге бе­рілген мүмкіндік, мұны қадір­леп, қастерлей білгендер ғана елдің сый-құрметіне бөленеді. Ол ауылдағы әрбір жанға – мейлі, қарапайым жұмысшы болсын, оқытушы-ұстаз болсын, бәріне бірдей жылы амандасып, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін, өтініштерін тыңдауға дайын тұрады.

Нұрекең Көкпекті аудандық мәдениет басқармасына жетекшілік жасап, аянбай тер төгіп, барлық күш-жігерімен еңбек етіп, аудан мәдениетін барынша дамытуға, оның өнерінің биік шыңдардан көрінуіне де атсалысты. «Сен істі сүйең, іс саған бас иер» – деген, қанатты сөз ойға оралады. Аз уақыт қызмет жасаса да, өнер мен өлеңге, рухани құндылықтарға деген талғамы ерекше ол,  бұл істе де да ол асқан сүйіспеншілік таныта білді. Әжелер ансамблін құруда, Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде және басқа да мәдени-қоғамдық шараларды ұйымдастыруда ерекше еңбекқорлығымен байқалды.

Мемлекеттік қызмет саласында білікті де білгір мамандардың тапшылығы байқалатын жасырын емес. Сондықтан болар аудан басшылығы мол тәжірибе жинақтаған Нұрлан Назархановты, қайтадан ауыл округіне жетекшілік жасауын қажет деп тауып, ол Белое, одан кейін Үлкен Бөкен ауылдық округтеріне әкімдік қызметтерге тағайындады.

«Әкім бол. Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» деген қағида жаңа заманның талабы. Нұрлан Үмітқазыұлы, міне, осы аса маңызды мәселеде өзінің жеке басының үлгісін көрсетумен қатар жоғары талап, ерекше табандылық танытып келе жатыр. Елдің мұң-мұқ­тажын білу би­лік үшін үлкен өнер. Ауылдың негізгі дамыту бағыттарын айқындап алған, елге жақын басшы бола білген  ол бұл өнерді де әділдік тұр­ғы­сы­нан ең­серіп, лауазымдық міндеттерді атқарудың қы­р-сырын меңгерген ауыл әкімінің  барлық бағыт-бағдарлары баянды,  қолға алған істері сәттлікке толы болады деген сеніміміз жеткілікті.

Бағдат Жабаев

Өскемен қаласы

 Brett Hundley Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз