Сейсенбі, Тамыз 21, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > «Бастау Бизнестің» алғашқы қарлығаштары

«Бастау Бизнестің» алғашқы қарлығаштары

Кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Бастау Бизнес» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен өткен жылы басталған еді. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы халыққа кәсіпкерліктің негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді. Бұл жаңа бастаманың Баянауыл ауданында да жүргізілгені көпке аян. Сол «Бастау Бизнес» жобасы бүгінгі күні алғашқы қарлығаштарын да ұшырды.

Халықтың кәсіпкерлікті үйренуге ынтасы зор екенін аталмыш курс басталғанның бірінші күнінде-ақ байқаған болатынбыз. Бастапқы кезден «кәсіпкер» болмаққа ұмтылған адамдардың қарасы лек-легімен, толастамаған болатын. «Халықтың қабылдауы, оқуға қатысуы, атсалысуы жоғары болды», – дейді тренер Гүлзина Балтабаева. «Бастау Бизнес» жобасының халық ықыласына бөленуіне бизнес-тренердің біліктілігі жоғары, оқу бағдарламасы кешенді, жүйелі өткендігі себеп болғаны даусыз. Оқу бағдарламасы күніне 4 сағаттан жалпы 80 сағатты қамтыды. 120 сағат жеке кеңес беру сабақтарына бөлінді, яғни әр жеке сұраққа кешенді жауап берілді. Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың іскерлікке ынтасын көтеріп, жеке бизнес бастауына жақсы әсер етті. Оқу бағдарламасын меңгерген 46 адамның ішінде 13-і бизнес жобаны қорғап, «Бастау Бизнес» курсын аяқтағандығы туралы сертификат алды. Бір айға жуық жүргізілген курстар қатысуышыларын бір-бірімен барынша жақындатты. «Көзді ашып-жұмғанша бұл уақыт та өте шықты. Біздің үйренгеніміз өте көп. Ең бастысы, бизнестің не екенін, оған жету, оны жүргізу жолдарын түсіндік», – дейді «Бастау Бизнес» жобасының алғашқы оқушылары. Ал, өз кезегінде бизнес тренер Г.Балтабаева өзінің алғашқы «қарлығаштарына» кәсіптен нәсіп табуда толағай табыстар мен жетістіктер тіледі.

Ендігі кезекте «Бастау Бизнесті» тәмамдағандар аудандық кәсіпкерлер палатасының жанындағы кредиттік комиссиялардан 6 пайыздық несие алып, жеке кәсібін дөңгелете алады. Бұған толық негіз бар.

 

Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation