Таяуда Семейдің №1 мектеп-интернатын 1967 жылы бітірген түлектердің 50 жылдық кездесу мерекесі болып өткен еді. Сол бір жылдары Ертістен қанат қаққан жастүлектер бүгінде бірі мұзбалаққа, бірі анақыранға айналған шақта. Елу жылда ел жаңарғанымен естелік ескірмейтіні секілді олар да сол шақтарға деген сағыныштарын басу үшін байырғы мекендерінде бас қосуға бекініпті.
Осы топтың ішінде ел мақтанышына айналған академик ағамыз Дәуренбек Әзенұлы Әубәкір де болған еді. Ол Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, философия ғ.д., Никола Тесла атындағы «Техника һәм технология саласындағы жетістіктері үшін» Алтын медалінің иегері. Астанадағы «Семей-ЯП» қоғамдық қоры Төрағасының орынбасары сынды мәртебелі лауазымдарды ғылым жолындағы қажырлы еңбегінің арқасында алған. Даңқты математик, ақын, аудармашы, нанатехнологияның білгірі, ұлағатты ұстазды жарты ғасырлық кездесу ерекше шабыттандырып, көңіл толқыны өлең жолдарына ұласыпты. Дәл солай болатын да жөні бар әрі жарасымды. Дәуренбек Әзенұлы осы Ертістің бойында дүниеге келіп, Семейде білім нәрін бойына сіңірді. Қазіргі Бұлақ аулылы іргесіндегі Ақши деген жерде балалық балдәурені қалған. Ұстаздар үмітін ақтау үшін ұзақ жолдарды басты, биіктерді бағындырды. Еліне еңбегі сіңген Ердің Ертісім деп елжіреп, Семейім деп сүйінген сәттегі көңіл-күйін – жарты ғасырлық кездесудің жаңғыры ретінде қабыл алдық.
Алдағы уақытта осы сайттан академик ағаның ел мұраты мен ұлттық мүддеге қатысты кесек мақалары мен сұхбаттары да орын алатын болады.
«Жерұйық» порталы.
СЕМЕЙІМ, ӨЗІҢДІ АҢСАП КЕЛЕМІН!
Семейім, өзіңді аңсап келемін!
Өтті сенсіз елу жылдай керуенім:
Еліммен байтақ бірге дәуірледім –
Мен бүгін «базардан қайтып келемін!»
Қайырмасы:
Ертісің ерке ағады! Шарымның қайда сағасы?! (2-ші дауыс)
Жасымда-ақ ғылым бар деп қол сермедім!
Бабаның өкінгенін ескергенмін:
Жарысам дегендерге дес бермедім –
Бәйгенің алдын бермей өршелендім!
Семейім, қалайша мен еміренбейін!
Ұланың боп жараппын тәрбиеңнен:
Енді өзіңді айналып, еркелейін –
Төріңде аунап-қунап мен кетейін!
Интернатың – бірінші – төл мектебім!
Тойламаққа біз келдік мерейленіп:
Елу жылда ел жаңа дегендейін –
Танымастай біз көрдік өзгергенін!
Тойға жабдық – Саяттың демеуімен!
Дұға да бағышталды – қатым түсті:
Сәкен, Серік, Нәзипа, Баршагүлге –
Аманжан, Бинәлия, Гүлбануге!
Ғинаят, Мәстуражан, Асхат күйеу!
Күтуші боп көрінген, еңбектенген.
Меңзипаш, Қасым, Болат, Дәуренбекпен
Ат арылтып жан-жақтан келіп жеткен!
Кенде емеспіз келіндер, күйеулерден!
Қаншама шаңырақтар көтерілген:
Бүгінде көз-қуаныш немерелер –
Ұрпақтар жалғастығы – өз ретімен!
Ертісің жанға жайлы – өмір көзі!
Бу кеме зымырайды – жүрдек өзі:
Толқынымен тербеліп ән-күйіміз –
Жұпары, көк-майсасы тербеп сезім!
Семейім, достық пейіл мекенісің!
Қайнаған тіршіліктің дүкенісің.
Интернатты бітірген түлектердің –
Істерінің ілкімді кенішісің!
Бір мың тоғыз жүз алпыс жетіденбіз!
Күләш-Мәуітбек, Мәкен-Мағауия мен
Мұрат-Нұрсұлу малды қылған кәсіп –
Саят, Мәстура-Асхат – су мен емді!
Директоры мектептің, әкімің де!
Септермен саудалайтын бизнес-леди
Ұстаздықты жөн көрген мұғалімдер
Профессор лауазымды – академик!
Тіршіліктің бүгінгі қым-қуат кезі!
Басқа түскен керемет уақыт тезі:
Бәрі-бәрі біздерге қозғау берді –
Бәрін-бәрін еңсердік, төтеп бердік!
Семейім, өмір көші жөңкіледі!
Арнау айтар көмекей бүлкілдейді:
Перзенттік парызымды паш етердей –
Ғажайып күйге бөлеп жан-дүниемді!
Аға буын түлектер салды сүрлеу!
Министр де, елші де – Тілеш – Тілеу:
Хан болар ма, қайтер ед ерте дәуір.
Ота-дәрігер Базан жүр – бізге күйеу!
Тылсым әлем тауарих үлесінде!
Ғылым дейтін тұңғиық түгесілді:
«Жеке-батыр», ол дағы еншімізде
Шар-найзағай көпіршік боп электрлі!
Дәуренбек Әубәкір, Семей. 07.07.2017ж.