Сәрсенбі, Қыркүйек 6, 2017
Негізгі > Бас баған > Хабарсыз кеткен қаһармандарды «қайта тірілткен» полковник

Хабарсыз кеткен қаһармандарды «қайта тірілткен» полковник

Жалыны жарты әлемді шарпыған Екінші дүниежүзілік соғыстың елімізге төндірген зардабы мен жүректерге салған жарасы аз ба? Қазақстаннан аттанған 1,5 миллиондай адамның жартысынан астамы елге оралмады. Қыршынынан қиылған немесе қайда жерленгені белгісіз жауынгерлер қаншама? Шешімі табылмаған, жауабы айтылмаған сұрақтар жетеді. Отан үшін жанын құрбан қылған жандардың тым болмаса қайда жерленгенінен хабарсыз қалудан өткен ауырлық бар ма? Кезінде осындай сұрақтарға мемлекеттік мекемелердің өзі жауап бере алмаған мәселені жеке бір адам қолға алып, шешімін тауып жатыр десе сенер ме едіңіз? Сондай адаммен өзім жолықпай көлденең біреуден естісем мен де сенбес едім. Бүтін бір мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдардың ұжымы атқаратын шаруаны біздің сұхбаттасымыз  бір өзі атқарып тастапты. Әсіресе, қан майданға аттанып, хабарсыз кеткен қаһармандарды арада жетпіс жыл өткеніне қарамастан қабірін тауып, «қайта тірілткені» ерен еңбек. Ешкімнің ықпалынсыз елінен шыққан майдангерлер есімін түгендеп, ерліктерін тізбелеп «Отты жылдар» кітабына енгізген ердің есімі – Жұмағазы Оразов. ІІМ-не еңбегі сіңген қызметкер, полиция ардагері, полковник Жұмағазының табанды еңбегіне деген құрметпен өзін әңгімеге тартып, ой бөлісуін сұрадық.

-Шынымды айтсам о баста мұндай кітап шығарам, «Отты жылдар» тақырыбында дүние жазам, әскери мұрағаттарды ақтарам деген ой мүлде болған жоқ. Алайда, бір үйде өскен Айса ағамның майданнан оралмаған әкесін іздестірем деп жүріп мүлдем жаңа арнаға түсіп кеткенімді аңғармай қалыппын. Бір төбеге шықсаң екінші төбенің жотасы көрінетіні секілді бір деректі анықтау барысында бірнеше сұрақтар туындады. Оның себеп-салдарының соңына түскенде тағы бір сұрақ пайда болды. Сөйтіп, жалғаса-жалғаса 250 қаһарманның майдан даласындағы ізіне, көрсеткен ерліктеріне, Екінші дүниежүзілік соғыстың елімізге әкелген қасіретінің кейбір ашылмаған қырларына куә болдым. Бұл 250 майдангер бір ғана Семей өңірі, Бөдене ауылынан аттанған соғыс содаттары. Әрқайсысын таратып айтсаң жеке-жеке әңгіме. Мысалы, Айса ағамның соғыстан оралмаған әкесінің есімі Құмар Ыбышев еді. ҚР Қорғаныс министрлігі жариялаған «Халық ерлігі» сайтындағы тізімнен бұл есімді кездестіру оңай болмады. Ыбышев деген фамилияның бас әріпіне И әріпін де қойып іздедім. Арада екі ай өткенде бұл фамилияның Абышев болып жазылып кеткенін анықтадым. Нақты солай екенін дәлелдеу үшін де біраз құжаттарды қопару керек болды. Осы фамилияны анықтауға ең бірінші жәрдем береген дерек – анамыздың құлақта қалған әңгімесі болды. Анамыз ол кісі туралы әіңгімелегенде «Айса туағаннан кейін 20 күн өткенде әкесі майданға аттанды» деп отыратын. Айса 1942 жылы 5 тамызда дүниеге келген. Жаңағы «Абышев Кумардың» құжатында майданға аттанған уақыты, қай әскери комисариаттан аттанғаны өзгеде деректер біз іздеген Ыбышевтің бізге белгілі деректерімен дөп келіп, бұлтартпай дәлелдедім.

-Жүке, біз «Халық ерлігі» сайтында соғысқа аттанғандардың барлық тізімі бар деп «мәз» болып жүрміз. Сіздің әңгімеңізге қарағанда ондағы қаншама есім мен фамилияның қате жазылып жүруі мүмкін екен ғой. Мұндай «бұрмаланған фамилиялардың» нешеуін жолықтырдыңыз?

-Санын айтпай-ақ қояйын, жетеді! Басқаны айтпағанда осы кітапқа енген 250 майдангердің басым көпшілігінің аты-жөні қате жазылыпты. Бірер мысал келтіре кетейін. Ыбышев Құмар әкеміздің жерленген жерін анықтағанымыз елге тарамай тұра ма? Аулдастардың, өз таныстарымның арасында Айса секілділер аз емес. Біздің әрекетімізден құлағдар болғандардың алды келіп: «Біздің де әкей туралы мәлімет кездеспеді ме?» деген сауалдар көбейе бастады. «Үміт үзілмейді» дегендей бәрінің көңілінде бір үміт, бір сенім бар. Кейбір әңгімелердің сыңайына қарасам мені олар хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеумен арнайы шұғылданатын жауапты адам секілді екенмін. Осы және өзге де себептер мені майдангерлер рухына жақындата түсті. Негізінен, «қолдан келсе ауылдастарымның бір кәдесіне жарағанға не жетсін!» деп Бөдене ауылынан аттанған соғыс солдаттары туралы біртіндеп іздестіре бастадым. Негізі, өз әкем де майдангер болған. Бірақ, ол кісі аузынан соғыс тақырыбын, ол жасаған ерліктерді естімегендіктен (әкеміз ол тақырыпты сөз етпейтін) жас кезде оған жөнді мән бермеппіз. Мына тақырыпқа бет бұру барысында әкеміздің құжаттарын зерделеп, соғыс кезіндегі мадақ қағаздарын тауып танысқанымда ол кісінің ерен ерліктер жасағанын оқып, таң қалдық. Бөлім командирі болғаны, шеп бұзып, жауды тойтарғаны үшін берілген медаль, ордендері нақты жазылған. Алайда, әкеміз ол жайында ешқандай әңгіме айтпай, ішіне сақтап кеткеніне де қайран қалам.

-Онда іздестіру жұмыстары кезінде сізді ұзақ сарсаңға салған тағы бір мысалға тоқтала кетсек.

-Бір досымның әкесінің аты Қонақбаев Сіләмбек болатын. Осы кісіні ұзақ іздедім, Қонақбаев Сіләмбек деген есім мүлде кездеспеді. Екі айдан астам уақыт өткенде «Кунакбаев Салымбек» деген фамилия таптым.Тапқанымды қайтейін, ол кісінің алғашқы наградттау қағазында ұлты «өзбек» болып жазылыпты. Ал, соғысқа аттанған жері қазақ даласы, біздің ауыл екені жазылған. «Бұл жақта қайдан адасып жүрген өзбек» деп наградтау қағаздарын қарауды жалғастырсам екінші наград парағында Кунакбаев Сламбек деп жазылғанда алдында қандай марапат алғаны көрсетілген. Онда осы ерліктің алдында «Отан соғысы 2 дәрежелі» орденімен наградталған деп жазылыпты. Екеуін салыстырсаң барлық деректер біз іздегендей дәл сәйкесіп тұр да ұлты ғана бірінде «өзбек» екіншісінде «қазақ» деп жазылған. Соғысқа Май ауданынан аттанғанынан бастап қалған мәліметтер түгелімен бірдей. Солай салыстыра келе іздеген Сіләмбек Қонақбаев әкейдің қай майданда болғаны, қандай наградтар иеленгені анықталды. Аты-жөндегі қателіктер туралы мысалдардың тағы бір-екеуін айтсам, Абеуов – Абсуб, Жұмабаев – Жұмағұлов, Исабеков – Сабеков, Жанжигитов Кабдол – Чанджигитов Кабдуб болып жазылып кете берген. Бұл сол кездегі құжат толтырушылардың қырсыздығы ғой…

-Жұмағазы Оразұлы, 250 майдангердің ерлігі мен еңбегіне зер салу аз жұмыс емес. Осы батыр әкелердің қан майдандағы қаһармандық әрекеттерінің кейбірін айта кетсеңіз дейміз?

-Әрине, олардың барлығы да «Батыр» деген атқа лайық жандар. От пен оқтың арасында жан алысып, жан берісу кезінде талай ерліктер жазылмай да қалғаны анық. Оның үстіне біздің елді Кеңес Одағы «бұратана» деп танығандықтан қазақтардың қан майдандағы батырлықтары оңайшылықпен бағалана қойған жоқ. Сондықтан, олардың тізіміне ерліктің ерлігін жасаған, шепті бұзғандар ғана тіркеліп отырған. Менің қолымдағы деректердің өзінде көзсіз ерлік жасағандар жетіп-артылады. Мысалы, Қапаров Зикенге (майдан құжатында есімі Зикель болып кеткен) «Ерлігі үшін» медаль 3 рет берілген. Бұл медаль 1943 жылға дейін «Қызыл жұлдыз» орденімен дәрежелес болған. Сол уақыттан бастап «Даңқ» ордені пайда болып, осы награда басымдық алды. Зикен ата төртінші ерлігінде осы «Даңқ» орденін иеленген. Наград қағазымен таныссаңыз нағыз батыр, бүкіл қазақ мақтанарлық ерліктер жасаған. Неше мәрте шеп бұзып, бір өзі бернеше жауды жер жастандырып, екі рет тұтқын әкелген. Бірде жау ортасына қол гранатасын өлшеусіз биіктіктен асыра өткізген. Ең кереметі мынандай баға берілгендігі. Наград парағында жазылған сөзді сол қалпында оқысақ:«Гвардии казак Капаров З. покрыл себя неуведаемой славой как самый смелый казак – разведчик» деп жазылған сөздер бар. Міне, көрдіңіз бе, сол бір қан майданда «ең ержүрек қазақ» деп бағаланып отыр. Осы тектес ерлік жасаған жерлестеріміз аз емес, әр қайсысының майдан жолына үңілсек жеке бір әңгіме. Сол секілді Өгізбаев Қуаныш деген атамыз көптің әңгімесіне араласа бермейтін, артық сөзі жоқ қарапайым ғана өмір кешіп еді. Бірақ өзі керемет сауатты адам болатын. Сол кісінің өмірбаянымен танысқанымда Қуаныш ақсақал майданда жоғары наградаларынан бөлек полк командир міндетін атқарушы дәрежесінде болыпты.

-Әңгімеңіз үшін рахмет!

P.S. Бүгінгі заман қадірін білу үшін алдымен кешегі тарихты танып-түсіну керек. Өткенін қадірлеген өскендіктің белгісі. Өйткені, қазіргі еркін өмірің кешегі өткендердің ерліктері мен еңбектерінің жемісі. Ұрпақ бақыты үшін бірі қанын төкті, бірі қара терін ағызды. Әсіресе, сұрапыл соғыс пен одан құлдыраған аймақты көтеруде өлшеусіз жұмыстар жасалды. Жеңісті жақындату үшін жанын шүбірекке түйген әке-шешелер рухын ұлықтау ұрпағына парыз. Бір өңірдің майдангерлеріне арналған «Отты жылдар»кітабы әлі талай хабарсыз кеткен қаһармандардың табылуына септігі тимек. Бұл кітаптың хабарсыз кеткендерді іздеушілер үшін  нұсқаулыққа татитынына сенім мол.

Сұхбатты жүргізген Қ.Зекенұлы.Семей.

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару