Кәрімовтің ерке қызы атанып кеткен Лола Кәрімова өзінің фэйсбук парақшасында әкесінің өмірінің соңғы сағаттары жайлы жазбамен бөлісті.
Жазбаның авторы Лоланың құрбысы Акила Таирова, деп хабарлайды 31 арна.
Акиланың жазуынша, Ислам Кәрімовтің өмірінің соңғы сағатында қан қысымы қатты көтеріліп кеткен. Оның жанында тек жары Татьяна мен Лола қызы болған. Яғни, үлкен қызы Гүлнар болмаған. Президент ауруханаға түскен сәттен бастап, оның жағдайы туралы анық ақпарат жарияланып тұруын отбасы мүшелері өтінген.
Науқастың өмірінен күдер үзген олар елдегі ең мықты қариларды шақыртып, Кәрімов көз жұмғанша 12 сағат Ясиннен бастап, үзбестен Құран оқытқан екен. Кәрімовтің қазасынан кейін молдалар оның денесін президенттің өзі жақсы көрген райхан гүлдерімен көмкеріпті. Ислам Кәрімовтың жерлеу рәсімі өзі аманат еткендей қатаң түрде барлық Ислам қағидаларын сақтай отырып өткізіліпті. Өзбекстанды 25 жыл басқарған Кәрімов 2016 жылдың 27 тамызында миына қан кетіп ауруханаға жатқызылып, 2 қыркүйекте көз жұмған еді.