Семейдегі Қазақ гуманитарлық заң-инновациялық университетіне биыл мемлекеттік «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік облыстан 207 студент оқуға келеді. Оларды сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған. 5 мыңнан астам студент білім алып жатқан Семейдегі Қазақ гуманитарлық заң-инновациялық университеті – аймақтағы ірі оқу орындарының бірі. 1998 жылы іргетасы қаланған білім ордасында 30 шақты мамандық бойынша мамандар даярланады. Университет жетекшілері: «Оқытушылардың біліктілігін арттыруға жіті мән береміз, әсіресе Елбасы Жолдауында айтылғандай жаһандық бәсекеге төтеп беру – басты міндетіміз» дейді. Айрат Базенов, Қазақ Гуманитарлық Заң Инновациялық университетінің проректоры: – Біз биыл кәсіптік бағдар беру бағытында «Фоундейшндерді» ашу, былайша айтқанда оқушыларға тек ғана мамандық жөнінде ақпарат беру, мамандық жөнінде даярлау емес, оларға ағылшын тілінде, әлемдік тілдерді игере алатын, сол тілдерде ертең білімін тереңдете алатын мамандар даярлау – біздің Университеттің басты мақсаты. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша соңғы жылдары 400 студент Чехия, Түркия, Қытай, Болгария, Польша сияқты мемлекеттерде білім алып келіпті. Ал жаз айларында 100-ден астам оқытушы шет елдерде арнайы тағылымдамадан өтеді. Семей қаласының орта білім саласында да игі жаңалығы көп. Жаңа оқу жылында 600 және 1200 орындық қос мектеп пайдалануға берілмек. Облыста былтырдан бері үш тілді оқыту жүйесіне байланысты ұстаздардың біліктілігін арттырудың арнайы бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Гүлнар Оразбекова, қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары: – Шәкәрім атындағы номері 5-гимназия, 6-гимназия, 22-мектеп-лицей, 38-мектеп-лицей, тағы да басқа қаладағы орта мектептер. Олардың ең негізгі мақсаты – оқулықтарды алдын ала 10-11-сыныпқа жеткенге дейін биология, химия, математика пәндеріндегі терминдерді ағылшын тілінде меңгеру. Жастың аты жас, олардың оқуға деген талпынысы, олардың болашаққа деген талпынысы, олардың білге деген талпынысы өте жоғары. Биыл 1 және 2-сынып оқушылары аптасына 5 күн оқиды. Сол сияқты бірнеше пәндер кіріктіріліп оқытыла бастайды. 7-сыныпқа дейінгі оқушылар үшін Бейнелеу және Еңбек сабақтары негізінде «Бейнелеу еңбегі» деп аталатын жаңа пән пайда болады. Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы