Қытайдың оңтүстігіне «Мавар» тропикалық алапат дауылы соқты. Осыған байланысты аймақтардағы қауіп деңгейі көтеріліп, Азаматтық әкімшілік министрлігі апатқа қарсы шұғыл шараларды қолға алды. Ал секундына 20 метр жылдамдықпен соққан дауыл қазір Гуандун провинциясына жеткен. Ауа райын болжау қызметінің айтуынша, алай-дүлей дауылмен бірге жаңбыр нөсерлетіп, су тасқыны жүруі мүмкін. Айта кетейік, соңғы екі аптада Қытайдың осы өңірлері мен Макао және Гонконг арнайы әкімшілік ауданы екі бірдей алапат дауылды бастан кешірді. Табиғат апатынан 16 адам қаза тауып, ел экономикасына орасан зор шығын келді.