Көрнекті қоғам қайраткері, қаламгер-публицист, әдебиет сыншысы Рақым Уәлиахметовтың Семейдегі өмірі шырғалаңға толы болды. Отыз жетінің ойраны мен зардабы жан түршіктіреді. Сталиндік саяси қуғын-сүргінде әке-шешесі, екі бірдей ағасы Рақым мен Сабырдан айрылып жүрегі шерменде болған, бүгінде елордасы – Астана қаласында тұратын, жасы сексеннен асқан кейуана Күлпан Уәлиахметқызы көз алдын көлегейлеген сонау бір қаратүнек жылдардың пердесін сыпырып былайша сыр шертеді. Үлкен ағасы Рақым Уәлиахметов Семейде жауапты қызметте жүріп ГПУ-дің қармағына ілігісімен-ақ бұл әулеттің шаңырағы шайқалып, қуғынға түскен. Уәлиахмет ақсақал мен анасы Бәткен Омбы жаққа жер аударылып, сонда дүниеден өтті. Ал Ленинградта оқитын кіші ағасы Сабыр үшті-күйлі белгісіз кеткен. Тек одан, 1937 жылдың мамырында Рақымды НКВД қызметкерлері тұтқындаған кезде тәркіленген «На память Рахиму от Сабира. 29 сентября 1936 года» деген жазуы бар жалғыз фотосурет қалған. Тегі бір сұмдықтың боларын алдын-ала сезген ағасы туған інісі туралы барлық деректердің көзін жойып, бір ғана осы суретті естелікке қалдырған секілді. Күлпан Уәлиахметқызының өзі де «халық жауының» қарындасы деген қуғыннан талай қиындықты бастан кешті. Жасы онға толар-толмас шағында КарЛаг-тың жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, ержеткенде ФЗУ-да оқыды, Қарағанды көмір шахтасында ұзақты күн ауыр еңбек етті. Бірақ та қаралы жылдар қасіреті әлі күнге ұмытылар емес. Рақымның қазаға ұшырағанын білсе де, Сабырдан мүлде хабар болмады. Тиісті орындарға қаншама рет сұрау салғанмен еш нәтиже бермеді. Тек, ҚР ҰҚК мұрағаттарынан үлкен ағасы Рақым Уәлиахметұлы туралы бар іздеп тапқаны, оның 1932 жылы Мәскеу мемлекеттік унивеситеті филология факультетін бітірген соң, алдымен Семейде, одан кейін Алматыда жауапты қызметтер атқарғаны, 1937 жылы астыртын антисоветтік ұлтшыл топқа басшылық жасады деп айыпталып, өлім жазасына кесілгені, оққа ұшқан денесі Алматы облысының Жаңалық ауылына тақау жерде атылған сталиндік репрессия құрбандарымен бірге жерленіп, Аза кітабына енгені жайындағы мәліметтер ғана болды.
Шын мәнінде, Рақым Уәлиахметов Семейге 1933 жылдың соңына қарай, бұған дейін Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеген Әбілқайыр Досовтың арнайы шақыруымен келеді. Әбілқайыр Досов бұрын да, дәлірек айтқанда 1922-1923 жылдары Семей губаткомына төрағалық еткен, білікті басшы әрі Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов ГПУ түрмесіне қамалғанда Мұхтар Әуезовпен бірігіп олардың темір тордан босап шығуына тікелей атсалысқан қазақтың ержүрек азаматы еді. Кейінде, мұндай елге танымал тұлғаларды кеңес өкіметінің басшылығы біраз уақыт Қазақстаннан тыс аулақта, Мәскеуде ұстағаны мәлім. Ал жас студент Рақым болса Әбілқайыр ағасымен осындай бір кезде танысқан. Дегенмен оларға бірге қызметтес болуға тағдыр жазбады. 1932 жылы Қазақстанда әкімшілік-территориялық өзгерістерге байланысты алғаш ірілендірілген алты облыс құрылғанда, Ә.Досов Ақтөбе облыстық партия комитетін басқаруға жіберілді. Мысалы, сол тұста Ақтөбе облысына Қостанай, Торғай, ал Қарағанды облысына Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола өңірлері қараған екен. Бәлкім содан да шығар, Р.Уәлиахметов НКВД органдарына тергеуге түскенде өз қолымен толтырған анкеталық өмірбаяндарында туған жерін бірде 1908 жылы 31 желтоқсанда Қарағанды, енді бірде Солтүстік Қазақстан облысы Қызыл ту ауданының №3 ауылында дүниеге келдім деп көрсетеді.
Рақым Уәлиахметұлы бастапқыда Шығыс Қазақстан облыстық жазушылар одағын басқарады. Бұл негізінен бүкіл кеңестер елінде, соның ішінде Қазақстанда саяси жағдай күрт шиеленіскен кез-тін. Атап айтсақ, 1933 жылы Мәскеуде өтетін ВКП(б)-ның XVII сьезі қарсаңында тікелей Сталиннің нұсқауымен барлық деңгейдегі партиялық басқару органдары өздерінің қатарын тап жауларынан тазартуға белсене кіріскен еді. Ол жайында, кейін «Правда» газетіндегі «Партия продалжает проверку своих рядов» атты бас мақалада: «…Чистка в 1933 г. еще более сплотила большевистские ряды. Товарищ Сталин на XVII сьезде констатировал, что «партия сплочен теперь воедино, как никогда раньше. Он отметил, что предыдущий период были разбиты и рассеяны остатки антиленинских группировок. Однако остатки идеологии разбитых врагов партии, оппортунистов всякого рода, «живут еще в головах отдельных членов партии и нередко дают о себе знать» [«Прииртышская правда», №115, 23 мая 1934 года] – деп ерекше мақтанышпен жария етілді.
Сонымен қатар мәдениет майданында да байшыл, ұлтшыл жазушылар мен бұқарашыл, тапшыл жазушылар арасында бітіспес ымырасыз күрес жүріп жатты. Абай мұрасы, жалпы қазақ әдебиеті төңірегінде түрлі айтыс-тартыстар кең етек алды. Әсіресе, бұл өзі «Алқа» үйірмесіне қатысты ұлт зиялыларын ашықтан-ашық қудалау асқынып тұрған аласапыран уақыт болатын.
«Алқа» демекші, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1922 жылдың күзінде Семей түрмесінен босап шығысымен-ақ бірден айдауылмен Мәскеуге үйқамаққа әкетілгені аян. Ол, сонда әйгілі ақын Мағжан Жұмабаевпен бірге «Күншығыс елдері» баспасында қызмет ете жүріп, 1924 жыл осы үйірмені құрады. Алаш қайраткерлері енді алдарына саяси биліктен кеткенімен, мәдениет майданында күш біріктіріп, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуді басты мақсат етіп қояды. Сол бағытта қоян-қолтық жұмыс жасайды. Алайда 1927 жылы «Алқа» үйірмесіне байланысты Әлихан Бөкейхан қатаң бақылауға алынып, 1929 жылы М.Жұмабаев 10 жылға сотталады. Жалпы ОГПУ органдарының Мәскеудегі аталмыш әдеби үйірме басшыларын «кеңес өкіметіне қарсы студент жастардың арасында контрреволюциялық үгіт-насихат жүргізіп, астыртын ұлтшыл ұйым құрды» деген айыптаулары 1930 жылдардың басында алыс шет қиырдағы қазақ өлкесін кеп тегіс шарпыды. Оның соңы Жүсіпбек Аймауытов, Ахмедсафа Жүсіпов, Дінмұхамед Әділов, Әбдірахман Байділдин тәрізді ұлт зиялыларының Бутырка түрмесінде ату жазасына ұшырауымен барып ұласты.
Ал енді Рақым Уәлиахметов Семейге келердің алдында біраз уақыт бұрын, яғни 1932 жылдың көктемінде ОГПУ үштігі «Алқа» үйірмесіне қатысты ұлтымыздың үлкен бір зиялы тобын, құрамында бұрынғы Алашорда басшылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел және Жанша Досмұхамедовтар бар, жалпы саны жиырма адамды соттап, 5 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандықтарынан айырған болатын. Қазақтың біртуар тұлғалары М.Әуезов пен Ә.Ермековті «саяси қателіктері» үшін кеңес өкіметі алдында кешірім сұратып, «Социалистік Қазақстан», «Казправда» газеттерінде мақала жазуға мәжбүр қылған.
Міне, осындай қатал қуғын-сүргін кезінде Рақым Уәлиахметов Семейде өзінің алғашқы қоғамдық-саяси, шығармашылық қызметін бастайды. Жаңасемейдегі «Қазақстан» деп аталатын қонақ үйге орналасады. Бұл ғимарат бұрындары Алашорда үкіметінің кеңсесі болған. 1918-1919 жылдары мұнда Әлихан Бөкейханның басшылығымен ұлт зиялылары Алаш автономиясын құру жолында тер төгіп еңбек еткен. Осы Алашорда кеңсесі орналасқан үйдегі Рақым Уәлиахметовтың шағын бөлмесінде Алаш рухты азаматтар, мысалы, оның Мәскеудегі студент кезінен жақсы таныс пікірлес досы, «Алтайполиметалл» комбинатының Семейдегі кеңсесінің басқарушысы Садық Дәуренов, облыстық қазақ драма театрының артисі, ақын Шахан Мусин, қалалық автомобиль жолдары техникумының директоры Азиз Байсейітов пен жер басқармасының агрономы Омаш Байжасаров т.б. жиылып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің келешегі, жастар мәселесі, кеңестік саясат жайында жиі әңгімелесетін болған. Сондай-ақ осындай әдеби бас қосулар Садық Дәуренов пен Семей КомВУЗ-ның оқытушысы Тұрлыхан Хасеновтің пәтерлерінде де өткізіліп отырған. Мысалы, НКВД Шығыс Қазақстан облыстық басқармасының №5277 тергеу ісіндегі жауап алу хаттамаларына қарағанда, мұндай астыртын пәтерлердегі кездесулер кезінде Тұрлыхан Хасеновтің «Ақиық», «Тау легендасы» мен Шахан Мусиннің «Ашыққандар», «Панасыз Рамазанға» өлең-поэмалары, Мұхтизар Титықовтың Алаш қайраткерлеріне арналған «Мұрат үшін күрес» пьесасы оқылып талқыланған. Тіпті, керек десеңіз Қарқаралы қаласының тумасы, Семей малдәрігерлік емдеу мекемесінің меңгерушісі М.Титықовтың Алашорда басшылары Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов т.б. қайраткерлігін сипаттайтын 4 көрініс пен 6 картинадан тұратын бұл шығармасы қалалық драма театр сахнасына қоюға дайындалған көрінеді. Мұның бәрі тергеу кезінде тәркіленіп алынған.
Р.Уәлиахметов жазушылар одағының төрағасы міндетіне қоса, 1934 жылы облыстық қазақ драма театрының директоры Орынбек Беков «ұлтшылдықпен» айыпталып қызметінен алынғанда, орнына басшылық жасайды. Осы уақытта театр сахнасына М.Әуезовтің «Тартыс», І.Жансүгіровтің «Кек», Б.Майлиннің «Майдан» пьесалары қойылады. Сондай-ақ Семей мемлекеттік баспасынан І.Жансүгіровтің толық шығармалар жинағы 3 мың, Б.Майлиннің «Асуда» әңгімелер жинағы 3 мың, Әбділда Тәжібаевтің «Жаңа ырғақ» өлеңдер жинағы 5 мың, Самат Нұржановтың «Еңбек» және Х.Шүкеновтің «Гудок» өлеңдер жинағы 2-3 мың, Қажым Жұмалиевтің «Қанды асу» романы 5 мың данамен басылып шығарылды. Бір атап айтарлығы бұл жұмыстардың барлығына да Р. Уәлиахметов тікелей білек сыбана кірісіп жүрді. Дегенмен кейінде бұл туындылар қара тізімге ілігіп, пайдалануға тиым салынған.
Жас дарын Р.Уәлиахметов үшін жалпы бұл жылдар басшылық қызмет пен шығармашылық тұрғыдан алғанда ерекше табысты болды. Облыстық жазушылар одағының баспасөз органы «Еңбек» журналы ашылып, онда жергілікті ақын-жазушылардың еңбектері жарық көрді. Өндірістік кәсіпорындар мен мәдени-ағарту мекемелерінде, жоғары оқу орындарында әдеби үйірмелердің саны өсіп, жастардың шығармашылық белсенділігі артты. Жергілікті «Социалды шығыс» және «Прииртышская правда» газеттерінде арнайы әдеби беттер ұйымдастырылып, жазушылар сьезі қарсаңында «Еңбек» атты Шығыс Қазақстан облысы жазушылары шығармаларының екі жинағы қазақ тілінде басылып шығарылды. 1934 жылдың мамырында ол Алматыда өткен Қазақстан совет жазушыларының тұңғыш сьезіне Шығыс өңірі делегациясын бастап барады. Сьезді дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин ашып, құттықтау сөз сөйлейді. Мысалы, Қалижан Бекхожин мен Ғали Ормановтың естеліктерінде өздерін осы жиында алғаш Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровпен таныстырған Р.Уәлиахметов екені әңгіме болады. Көп ұзамай маусым айында Семейде жас жазушылардың тұңғыш конференциясы ұйымдастырылып өткізіледі. Бұл туралы Қ.Бекхожин «Өлең өткелдері» кітабында «… Конференцияны ұйымдастырып, басқарған Рақым Уәлиахметов жазушылардың қазақстандық ұйымдастыру бюросының өкілі болып шықты. Р.Уәлиахметов сұңғақ бойлы, сымбатты, әдебиетші, сыншы, эрудициясы терең жігіт екен. Сол жиында жасаған баяндамасында партияның арнайы шешімі бойынша жазушыларды топқа бөліп келген қырсыз ұйым – Пролетар жазушылар ассоциациясы таратылып, қаламгерлер Совет Жазушылар одағына бірікті деп бізге түсіндірді» деп еске алады. Ал журналист Сәду Машақов облыстық «Екпінді» газетіндегі «Жазушылар ұйымының пленумына жақсы дайындалайық» мақаласында Р.Уәлиахметов басқарған Шығыс Қазақстан облыстық кеңес жазушылар одағы бұл күнде Алматыдағы республикалық Жазушылар одағынан кейінгі ең беделді, мықты, ұйымшыл ұйым екенін айтып жазады.
Бұған қоса Р.Уәлиахметов жаңа ашылған «Қазақ әдебиеті» газетінің аяқтан тік тұрып кетуіне және жалпы қазақ әдебиетінің, соның ішінде әдеби сын жанрының дамуына өзіндік қаламгерлік-пулицистикалық қарым-қайратымен елеулі үлес қосты. Осы жылдары оның облыстық және республикалық басылымдарда, мысалы «Прииртышская правда» газетінде (1934 г., №88) «О культуре, национальной по форме, социалистической по содержанию», «Социалды Қазақстан» газетінде (1934 ж., №№42, 43) «Әдебиеттегі ұлтшылдыққа қарсы», «Қазақ әдебиеті» газетінде (1934 ж., №27) «Семейдегі қазақ театры туралы» және «Шығыс Қазақстан жазушылары сапалы шығармалар жазуға кірісті», сондай-ақ ақын-жазушылар А.Тоқмағанбетов пен А.Тұрғанбаевтің шығармашылығына жасаған әдеби сын талдаулары секілді т.б. мақалалары жарияланды. Ал 1935 жылдың күз айларындағы «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Фольклор – көркем сөз қазынасы», «Поэзия сынын көтеруіміз керек» атты мақалалары сол тұстағы ғылыми-теориялық және әдеби сын тұрғысынан жазылған құнды еңбектер болды. Академик Мұхамеджан Қаратаев «Естелік сыры» мақаласында «Қазақ әдебиетінің» алғашқы мен білетін 10-15 номеріне түбегейлі қатысып тұрғандар: Москвада оқып жүрсе де Сәбең (Мұқанов), Бейсекең (Кенжебаев), Өтекең (Тұрманжанов), Нұғман Манаев, Нығмет Баймұхамедов, Рақым Уәлиахметов, Зейін Шашкин т.б. Бұлар үлкен ықыласпен өмірдің, әдебиеттің әр саласынан әрқилы материалдар түсіріп отырды”,- деген жылы лебіз білдіреді. Өкінішке орай, әдебиетші ғалымдар тарапынан оның шығармашылық еңбегі әлі толық зерттеліп, лайықты бағасын алған жоқ. Мәселен, журналист Б.Қайратұлы «Қасіреттің құрбаны болған» мақаласында «…әдебиетші-сыншы Рақым Уәлиахметовтің жазушы Б.Майлин шығармашылығына берген ғылыми түсініктері («Социалды Қазақстан», №118, 24 мамыр 1932 жыл) мен жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлттық әдебиеттің даму барысы туралы ой толғаулары («Әдебиет майданы» журналы, №6, 1932 жыл) дәл бүгінгі күн тұрғысынан зерттеушісі табылып қолға алар болса құнды дүниелер екені сөзсіз. Ақиқатын айту керек, дәл осы кезеңдегі әдебиет зерттеушілерін айтпағанда, сын саласын зерттеген алғашқылардың бірі осы Рақым Уәлиахметов екені шындық», [«Астана ақшамы, №25. 19ақпан 2002 жыл] – дейді.
1935 жылдың басында Р.Уәлиахметов жергілікті тергеу орындары қыр соңына түсіп қоймаған соң еріксіз Алматыға қайтып оралып, әуелгіде Жазушылар одағында істейді. Содан осы жылдың желтоқсан айында қамауға алынғанға дейін Қазақ ұлттық мәдени ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарады. Мәселен, 2001 жылы Күлпан әжейдің қызы Ляззат Хасенованың ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша Департаментіне Р. Уәлиахметов туралы сұрау салған өтініш хатына: «Сообщаем, что Валиахметов Р. В 1932 году окончил 3 курса МГУ в г. Москве. В конце 1933 года переехал в г. Семипалатинск, где устроился на работу ВКСХШ (КомВУЗ) в качестве преподавателя. С начала весны до осени 1934 года работал руководителем областного оргкомитета Союза Советских писателей и по совместительству директором областного казахского драматического театра. В январе 1935 года вернулся из Семипалатинска в Алма-Ату и работал в Союзе писателей. С апреля 1935 года до дня ареста работал научным сотрудником Казахского научно-исследовательского института национальной культуры…» деп жауап қайтарылыпты. Сондай-ақ бұл арада мына бір жайды айта кеткеніміз дұрыс. Р. Уәлиахметовтен кейін Семей облыстық Жазушылар одағына дарынды қаламгер, ақын Тұрлыхан Хасенов ие болып қалады. «Еңбек» журналын шығарып тұрады. Ал журналдың редакциялық алқасында Құлмырза Өтепұлы, Орынбек Беков, Тұрлыхан Хасенұлы, Уәли Орымбайұлы, Тілеуғабыл Қарабайұлы жұмыс жасайды. Жалпы сол уақыттағы НКВД органдарының тергеу материалдарында 1935 жылдың 24 желтоқсанында Семейде Садық Дәуренов пен Тұрлыхан Хасеновтің ұлтшыл топтары тұтқындалғаны баяндалған. Олар, қысқаша «Пронакк – Вейполип», ал тарқатып айтқанда «Проводники национальной классовой культуры…» дейтін астыртын антисоветтік ұйым құрды деп айыпталды. (Мұндағы «Вейполип» деген қысқарған атаудың мағынасы түсініксіз, тіпті бұл туралы айыптау қорытындысының өзінде ештеңе жазылмаған). Тоқетеріне келсек, «Алқа» үйірмесі басшыларының бірі Смағұл Сәдуақасовпен тығыз байланыста болды деген желеумен С.Дәуреновтің тобы бойынша Р.Уәлиахметов, О.Байжасаров, Ш.Мусин, А.Байсейтов, ал КомВУЗ оқытушысы Т.Хасеновтің тобы бойынша А.Хасенов, С.Бейсенов, С.Ақышев қылмыстық жазаға тартылды. Оған жоғары партиялық тұрғыдан «Садуакасовщины» деген саяси айыптау бағасы берілді. Енді осы «ұлтшылдарды» әшкерелеуге жергілікті және республикалық партия-комсомол ұйымдарының басшылығы белсене араласып, «Дело Алтайполиметалл», «Дело КомВУЗ» деп аталатын үлкен саяси даңғаза шу көтерді. Тіпті, 1937 жылдың 4 қаңтарында облыстық «Екпінді» газетінде алашордашыл топтарды айыптаған «Семей Комвузындағы ұлтшылдық туралы» атты мақала да жарық көрді. Сөйтіп, бұл екі «антисоветтік қылмыстық іс» бүкіл Қазақстанның саяси элитасын аяғынан тік тұрғызып, қатты дүрліктірді.
Алдымен, шұғыл түрде 1936 жылдың 10 қаңтарында Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің V пленумы болып өтті. Оған ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Садық Нұрпейісов арнайы келіп қатысты. Одан соң іле-шала 30 қаңтарда Алматыда Қазақ өлкелік партия комитетінің V пленумы өткізіліп, онда Садық Нұрпейісов Семей қаласындағы С.Дәуренов пен Т.Хасеновтің ұлтшыл топтарын, антисоветтік элементтер жайлаған еңбек ұжымдарын өткір сынға алып баяндама жасады. Ал енді мұндай қаралаудан сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Л.Мирзоян да шет қалмады. Ол өз баяндамасында Семейдегі ұлтшыл топтардың басшыларын саяси тұрғыда айыптап:
«Семипалатинский горком вскрыл антисоветские националистические группировки. Под руководством некоего Дауренова была организована группировка, которая ставила своей задачей – практически осуществить тезисы известного националиста Садвокасова. Группировка существовала очень долгое время, не один и не два года. В этой антисоветской организации был свой «орготдел», свой «агитпроп» и т. д. У них было несколько групп и все они были подчинены Дауренову. В организации господствовала строгая конспирация: одна группа не знала о существовании другой группы. Даже отдельные члены одной группы не знали других членов той же группы.
Там-же, в Семипалатинске, работала другая группа, которую возглавлял некто Хасенов, сын очень крупного бая, алаш-ордынца. Между прочим этот Хасенов работал руковадителем очень уважаемого нашего учреждения – секретарем областного отделения союза писателей. Один из членов этой группы писал: «здесь, в городе Семипалатинске, свирепствует шовинизм, а поэтому, не разбирая истину наших дел, а также партийных дел других коммунистов, будут исключать из партии». Хасенов давал установку: «партийная проверка в Казахстане проходит с большими перегибами, особенно за счет исключения казахов коммунистов, что тоже обьясняется наличием шовинизма в наших руководящих аппаратах» и т. д.
Семипалатинский горком провел очень большую работу и сумел вывести на чистую воду этих людей, которые затесались в наши партийные ряды, воспользовались партбилетом и занимали известное место в нашей парторганизации» [Прииртышская правда, №36 (2535), 12 февраля 1936 года] – деді. Жалпы бұл ұлт зиялыларын «Алқа» үйірмесіне қатысты Қазақстандағы, соның ішінде Семейдегі ең үлкен ұлтшылдықпен айыптаулардың бірі болды.
Көп ұзамай 13 ақпанда кешкі сағат 6-да облыстық қазақ драма театрында барша жұртқа жария жағдайында Семей қалалық партия активінің жиыны өткізіліп, ұлтшыл топтардың басшылары Рақым Уәлиахметов, Садық Дәуренов, Шахан Мусин, Тұрлыхан Хасенов т. б. бірауыздан «халық жауы» болып қатаң айыпталды. Онда Семей қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы И.Курицын ет комбинаты мен «Алтайполиметалл» кәсіпорны, КомВУЗ, облыстық «Екпінді» газеті, қазақ педагогикалық және ауылшаруашылығы, геологиялық барлау техникумдары тәрізді жиыны оннан астам еңбек ұжымдарындағы бастауыш партия ұйымдары қатарынан 25 троцкист, 17 алашордашы, 67 ақгвардияшы, 81 бай-кулак, 45 ұры-алаяқ, 5 басқадай партияның мүшелері, 65 қылмыскер, 37 партия тәртібін бұзушылар, 4 шпиондықпен айналысушылар шығарылғанын айтып мәлімдеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық және Семей қалалық комсомол комитеттерінің бірлескен жиынында қабылдаған «Қазақ жастарының контрреволюциялық Алашордашыл ұйымдары туралы» қаулыдағы: «… Считать установленным, что начиная с 1933 года в г. Семипалатинске существовала контрреволюционная алашординская организация казахской молодежи, организаторами которой были алашординцы Дауренов (бывш. директор с/хоз. техникума), Байсейтова (бывш. директор автодортехникума) и активными участниками ее комсомольцы: Мусин Шахан (актер Казтеатра), Байжасаров (агроном ГорЗО), Байжиенов (зоотехник Павлодарского РайЗО), Сатпаев (агроном ОблЗУ), Мукашев (преподаватель-агроном ВКСХШ), Валиахметов (бывш. директор Казтеатра исключенный из комсомола), Курмангалиев (директор Павлодарской школы подготовки сельхоз кадров).
Наряду с этим 1933-34 годах в этой контрреволюционной организации состояли членами ряд студентов-некомсомольцев с/хоз. техникума, который по существу являлся гнездом контрреволюционных алашординских элементов.
Основной задачей контрреволюционной организации казахской молодежи было – пропаганда программы алашординской партии среди казахской молодежи, воспитание ее в антисоветском духе чему соответствовало название этой организации «Пронакк – Вейполип», что означало проводники идей казахской культуры, вернеее политики партии, партии Алашорды.
Для членов данной организации были установлены членские взносы, внутри организации было создано пять секторов (политический, организационный, финансово-хозяйственный, культурный и женский), в качестве практической задачи организация ставила – создание ячеек и инициативных групп на предприятиях в особенности в учебных заведениях, организация проводила консперативные собрания, «вечеринки», которые являлись местом контрреволюционных клеветнических выступлений против политики ВКП(б), против руководителей партии и правительства…» деген айғақтарды сондай саяси айыптаулардың бірі ретінде атап айтуға болады (ҚР ҰҚК ШҚО бойынша Департаментінің мұрағаты. Арх. №1300., қор-6).
Ұлтшыл топтарға қатысты сот-тергеу жұмыстары тура бір жылға созылды. Дегенмен осыншама қатал айыптауларға қарамастан 1936 жылы 17 шілдеде РСФСР Жоғары Сотының Арнайы алқасы оларды «істерінен ешқандай қылмыстық әрекет табылмады» деп ақтап қоя береді. Бірақ та прокурорлық наразылық бойынша РСФСР Жоғары Соты Президиумының қаулысымен бұл шешім бұзылып, қайта тергеуге жіберіледі. Түрмедегі азапты күндерде Рақым Уәлиахметов тергеушінің қойған түрлі қитұрқы сұрақтарына әрдайым «Әбілқайыр Досов, Ғали Ташимов, Хамза Жүсіпбеков, Асқар Тоқмағанбетов, Сәбит Мұқанов, Зейін Шашкиндермен Мәскеудегі студенттік кезден таныспын. Алайда ешқандай астыртын антисоветтік ұлтшыл топ құрған жоқпыз, контрреволюциялық үгіт-насихат дегенді білмеймін», – деп жауап қайырудан танбаған. Сонымен қатар «Садық Дәуреновпен қандай байланыста болдың?» деген сауалға «Дәуреновке ешқандай қатысым жоқ, комсомолдан шығарған соң Семейден 1934 жылдың аяғында Алматыға кеттім», – дейді. Бұл арада оның косомолдан шығуына жергілікті партиялық басқару органдарына жазылған белгісіз біреудің «Семейдегі қазақ театры ұлтшылдықтың ордасына айналды, оған Р.Уәлиахметов айналасына Ш.Мусин, Қ.Жандарбеков сынды ұлтшылдарды жинап алып дем беріп отыр» деген домалақ арызы себеп болған секілді. Мысалы, оған біраз кейінде «Лениншіл жас» газетіндегі І.Есілбаев деген біреудің «Семей театры туралы» мақаласында «Семей театрында О.Бековтың орнына ұлтшыл Р.Уәлиахметов директор болған тұста қасына кілең ұлтшылдарды жинады, Шахан Мусин деген оңбағанмен ауыз жаласты» [«Лениншіл жас», 8 тамыз 1937 жыл] деуі дәлел болады. Бүкіл саналы өмірін ұлтына адал қызмет етуге арнаған Р. Уәлиахметов сонау Мәскеудегі студенттік кезінде және одан кейінгі басшылық қызметтегі уақытында болсын түрлі әдеби-саяси үйірмелерге қатысып, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Зейін Шашкин, Әбілқайыр Досов тәрізді т.б. қазақ зиялыларымен жиі араласты. Мысалы, 1937 жылдың күзінде Сәбит Мұқановты контрреволюциялық ұлтшыл топтың белсенді мүшесі ретінде айыптап, партиядан шығарған жиналыстың хаттамасында, оның «халық жаулары» Сейфуллин, Досмұхамедов, Асылбеков, Айсарин, Уәлиахметов, Жұмабаевтармен тығыз байланыста болғандығы атап жазылған («Политические репрессиии в Казахстане в 1937-1938 гг». Кн: стр. 180-181).
1936 жылдың желтоқсанында НКВД ШҚО басқармасының №5277 тергеу ісі негізінде Садық Дәуреновтің ұлтшыл тобын айыптап шығарған сот қорытындысында, олардың:
«1. Садық Дәуренов, ұлты қазақ, 1900 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Жаңақорған ауданында туған, үйленген, партиядан шығарылған, аяқталмаған жоғары білімді, «Алтайполиметалл» комбинаты Семей кеңсесінің басқарушысы;
- Рақым Уәлиахметов, ұлты қазақ, 1908 жылы Қарағанды облысының Қызыл ту ауданында туған, бай баласы, қызметкер, комсомолдан шығарылған, аяқталмаған жоғары білімді;
- Омаш Байжасаров, ұлты қазақ, 1908 жылы Қарағанды облысының Қоңырат ауданында туған, орта білімді, үйленбеген, партияда жоқ, комсомолдан шығарылған, агроном;
- Шахан Мусин, ұлты қазақ, 1913 жылы Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы) туған, партияда жоқ, комсомолдан шығарылған, аяқталмаған жоғары білімді, Семей қазақ драма театрының артисі;
- Азиз Байсейітов, ұлты қазақ, 1893 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған, ауыл молдасының баласы, Түркияда жоғары білім алған, партиядан шығарылған, Семей қалалық автомобиль жолдары техникумының директоры» болғаны туралы жазылып, Семей қаласында жастардың «Пронакк – Вейполип» деп аталатын ұлтшыл ұйымын құрып, жаулық пиғылда болғаны үшін РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабының 10, 11 тармақтарымен айыпталып, 3 және 5 жыл мерізімге бас бостандықтарынан айырылғаны, бірақ бұл істің ҚазКСР прокурорының наразылығы бойынша КСРО НКВД жанындағы Айырықша кеңестің қарауына жіберілгені көрсетілген. Ал енді Айырықша кеңес 1937 жылдың 4 мамырындағы отырысында алашордашыл ұлтшыл топтардың мүшелеріне, соның ішінде Рақым Уәлиахметовке қатысты сот шешімін сол күйінде өзгеріссіз қалдырады. Содан ол арнайы күзетпен 5 жылға кесілген қылмыстық жазасын өтеу үшін Хабаровск өлкесіндегі Солтүстік-шығыс еңбекпен түзеу лагеріне әкетіледі. Бірақ өмірдің азабы мұнымен бітпейді. Сол жылдың күзінде Алматыға қайтадан әкелініп, тергеуге алынады. Ақыры, 1937 жылдың 29 желтоқсанында НКВД-ның Алматы облыстық басқармасы үштігінің қаулысымен ешқандай кінәсі дәлелденбесе де жазықсыз атылып кетеді.
Р.Уәлиахметов өз заманының Алашым, ұлтым деген үлкен зиялы азаматының бірі болғаны даусыз. Осы орайда оның туған қарындасы Күлпан Уәлиахметқызы: «Ана бір жылы үйдегі отағасы сталиндік қуғын-сүргіннің куәсі, ГПУ түрмесінің мехнатын көп тартқан марқұм Жайық Бектұровты арнайы қонаққа ертіп келді. Сонда аузы дуалы қарттан соңғы рет Рақымды Хабаровскіде көргенін, алайда оны айдауылмен Сахалинге әкеткелі жатқанын, жалпы ол әдебиетші ғалым, саясаткер және домбырада шебер ойнап, ән салатын өнерлі жігіт болғанын естідік. Менің есіме ағайымның Абай әндерін сүйсіне салатыны түскен еді»,-дейді күрсініп. Амал не, бүгінде «әйтеубір өзіңді алашордашы ағаңмен көзі тірісінде табыстырдым ғой» деп әзілдеп жүретін сол өмірлік жары, соғыс ардагері, екі мәрте «Даңқ» орденінің иегері Бименді Бекешев те қайтыс болған. Ал өзі қазір баласы, отставкадағы полиция полковнигі Тезек Бимендіұлы мен немерелерінің күтімінде. Анда-санда той үстінде сонау жас кезде ағасынан естіп, құлағына сіңісті болып кеткен «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» әнін әдемі қоңыр дауысымен айтып қояды. Иә, «Орнында бар оңалар» деген осы да.
1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннің қаншама мыңдаған ер-азаматтың басын жұтып, отбасының шаңырағын ортасына түсіргені әзірге нақты белгісіз. Бірақ олардың қайғылы тағдыры көзден таса, көңілден ұмыт қалмауы тиіс. Мұрағат қорларында сақталған тарихтың ақтаңдақ беттері бізге соны айтады.
Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,
журналист-тарихшы. 2010 жыл.