Мемлекет басшысы Назарбаев азаматтар президенттің атына хат жолдай бермей, өз проблемаларын сотта өзі шешкен кезде барып еліміздің сот жүйесі табысқа жететінін айтты.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
“Сот жүйесінде қажетті шаралардың барлығы қамтылды. Адамдар өз проблемасын шешер кезде не маған хат жазбай, не әкімдікке бармай, сотқа жүгінетін болса, онда соттар адамдардың сеніміне ие болады. Сол кезде барып бір жетістікке қол жеткіздік деп айта аламыз”, – деді президент парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Президент еліміздің құқық қорғау органдарын реформалауды жалғастырып, қылмыстық процесті жаңа деңгейге көтеру керектігін, сол арқылы құқық қорғау органдарының жұмысын халықаралық стандарттарға жақындатуға болатынын айтты.
“Полицияға келетін болсақ, әлі көп нәрсе жасау керек. Біз қылмыстық, әкімшілік кодекстерге өзгерістер енгіздік, бірақ тергеу мәселесінде адамдарға қысым көрсететін кеңістік қалып қойды”, – деді Назарбаев.