Тарбағатайдағы тоғызыншы ескерткіш ел аузынан есімі түспей келе жатқан Сасан би Мыңбайұлына арналды. Ол 18 ғасырда өмір сүрген, ел тізгінін ұстаған, әділдігімен халық жадында сақталған тарихи тұлға. Сол заманда Тарбағатай бөктерін мекендеген қаракерей – бәйжігіт ішіндегі тоғас руынан шыққан би әрі сол аймақтың билігін жүргізген басшы болған. Атақонысы мен мәңгіге тыныстаған жері қазіргі Тарбағатай ауданының құмкөл ауылының аумағы. Ол жайында тарихи деректер баршылық. Соның бірі – қазақтың жарық жұлдызы, тарихшы-ғалым Шоқан Уәлиханов еңбектерін ғалымның Қашқар сапарында Сасан бимен кездескендігі жазылған. Сол секілді патшалық Ресей саяхатшысы Н.Любимов естелігінде: «Бәйжігіттің Мәмбет бөлімін Абылай ханның төртінші ұрпағы Сәбек пен Долонбай басқарса, Жұмық тарамағына осы екеуінің ағасы сұлтан Қамбар иелік жасайды. Ал, бәйжігіттің тоғас тармағын осы елден шыққан сахараға өте сыйлы Сасан би басқарады” делінген.
Міне, сахараға сыйлы Сасандай саңлақ тұлғаның ескерткіш болып елге оралуы бүкіл бір аймақтың айтулы мерекесіне айналды. Астана, Алматы, Өскемен, Семейден келген қонақтар мен Тарбағатай жұрты алдында ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің лентасын қиып, ашылуында сөз алған Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев бұл соңғы төрт жыл шамасында орнатылған тоғызыншы ескерткіш екендігін атай келе: – Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласына орай, өткен тарихымыздағы ел есінде ерлігімен, ізгі істерімен қалған ата-баба рухын дәріптеу, қайта жаңғырту мақсатында Тарбағатай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Былтыр Ойшілік ауылынан Хан Тоғас ескерткіші бой көтерсе, Ақжардан Мақта анаға, Ақсуат ортасында ел анасы Мұрын ана мүсіндері сомдалды. Биыл Дәулетбай батыр мен Әрімбек ақынға да ақжарлықтар ескерткіш орнатты. Енді міне, Сасан биге де бір ескерткіш орнады. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымас» деген сөз бар, би ұрпақтары бірігіп осы ізгі істі бір кісідей атқарып жатыр екен, той құтты болсын, бабалар әруағы қолдап жүрсін, еліміз аман болсын! – деген лебізін жеткізді.
-Мәселе ескерткішті орнатуда емес, ескерткіштің маңайынан парк, аллея жасап, адамдар жиі келіп демалатындай болуы керек. Сонда ғана тас мүсіннің тарихы уақыт өткен сайын тереңге тарта бермек.
Сонымен бірге, аудан әкімі тағы бір жақсы сөздің астын сызып айтты:
-Ата-бабаларымызға ескерткіш орнатып қана қоймай, ол кісілер туралы жазылған еңбектер болса, жеке мұрағатта жүрген жазбалар болса жинап кітап шығарайық, таралымын көбейтейік, ол кітаптар ауыл мектептерінде, кітапханаларында тұруы тиіс.
Д.Тәжібайұлы құттықтау сөзінің соңында Сасан би ескерткішінің Бас ұйымдастырушысы Советхан Бекқазыұлын «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін» медалімен марапаттады. Осындай марапат Бәкишева Тұрархан, Базарханов Мейрамбек сынды ел азаматтарына да тиесілі боллды.
Құттықтау сөздер жалғаса түсіп, Тарбағатай аудандық сотының төрайымы Садуақасова Сәбира: – Қаншама ғасырлар артта қалса да, қазақ құқығының негізін салып кеткен әділ билердің еңбегі мен мәртебесі әлі күнге дейін күшін жойған емес, қайта жаңғыру үстінде. Бұрынғы жаугершілік заманда ата-бабаларымыздың мәдени құндылықтардан ажырамай, елді ауызбірлікте ұстауының арқасында осы тәуелсіздігіміз ұрпақтан ұрпаққа аманат етілді. Сондықтан бұл ізгі іс тек Бәйжігіт ұрпақтарының ғана емес, бүкіл тарбағатайлықтардың рухын жаңғыртып, елді бірлікке шақырсын. Мемлекетіміздің сыртын жаудан, ішін даудан сақтасын,- дей келе кешегі билер мен бүгінгі сот төрелігінің сабақтастығына тоқталды.
Алыс-жақыннан жиналған би ұрпақтарының ішінде Алматыдан келген Сасан бидің төртінші ұрпағы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Қасан Майқыбай ескерткішке атсалысқан барша қауымға бас иіп, «Сасан би Мыңбайұлы» атты арнайы жазылған кітабын таныстырды. Шалғайда жүрсе де Тарбағатайдың киелі жер екенін айта келе, ауданның тағат күттірмей дамып жатқанын естіп қуанып отыратынын жеткізді. Сөзінің соңында аудан әкіміне шапан жауып, Сасанның барша ұрпақтарының атынан алғыс айтты.
Сөз кезегі Сасан би ескерткішінің Бас ұйымдастырушысы Советхан Бекқазыұлы
Дүйсенбаевқа берілгенде ол: – Осыдан 16 жыл бұрын, яғни, 2001 жылы Сасан баба есімін мектепке бергенде ел болып айтқан едік, енді осы бабабызға бір ескерткіш орнатсақ деп. Бұл Бекқазы әкеміздің де арманы еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ дегендей, сол бір тілек бүгін жүзеге асып отыр. Әрине, бұл халықтың тілеуі мен бірлігінің арқасы. Сонымен бірге мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының жемісі. Тәуелсіздігімізбен бірге оралған тарихымызды қастерлеуге бағытталған идеологияның жетістігі. Мемлекет саясаттын жергілікті жерде оңынан жүргізе білген Аудан әкімі Ділдәбек Тәджібайұлына да ризашылығымыз шексіз. Аудан басшысы қолдау білдірмей ауылды жерде мұндай ауқымды шаралар жүзеге аса бермейді, – деп ескерткіштің жасалуынан орнауына дейін белсенділік танытқан жандарға ақжарма алғысын жеткізді.
Жергілікті қауым атынан сөз алған Тарбағатй аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Кенжин Тоқтарбек сөз арасында Ақсуатты екінші Астанаға теңеді. Бұл әрине, ақсақалдың аймағының, ауданының түлеп келе жатқанына қуанғанына шыққан тамаша теңеу.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Ділдәбек Тәжібайұлы Тарбағатайға әкім болып келгеннен бері ауданда түлеу мен түрлену бар, тіпті халықтың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен құрметі артып, ауызбірлігі жыл сайын нығайға түскенін байқап қайтамыз дейді алыс-жақыннан жиналған жұрт.
P.S. Тарихта қара қылды қақ жарған би ретінде ел есінде қалған Сасан Мыңбайұлына қойылған ескерткіштің ашылуына қатысты ақпарат осы тұстан түйінделмек. Бірақ, Сасан бидің тарихтағы орыны мен тұлғалық болмысына қатысты мақалалар легі алдағы күндерде берілетін болады. Атап айтқанда, ел аузынан жиналған әңгімелер мен 2 ғасыр сақталған Сасан би шапаны туралы жеке материалдар әзірлену үстінде. Таяуда таныс боласыздар, қадірлі оқырман!
«Жерұйық» порталы