Мерейтой
«…Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» деген сөзді үнемі құлағымыз шалып қалады. Бұл сөздің «әке» деген асқар тауға қатысы жоқ-ау бірақ. Өйткені әкенің ешқашан аласармайтын таудай тұлға екеніне әрі әрдайым солай болып қалатынына ешкімнің таласы да жоқ шығар. Алайда тек оқушы, студент кездерімде бір-екі рет қолымнан келгенше А4 парағына графикалық портретін салып, одан кейін әке туралы өлең ұйқастырғаным болмаса, осы уақытқа дейін бірер жыл бойы қолға қалам ұстап жүрсек те, жалпы өз әкем жайлы жазып көрмеппін. Енді соның есесін қайтарсам ба деп, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ердің жасы елуден асып, 55-ке табан тіреген әкемнің саналы ғұмырына тоқталып, біраз сыр ақтармаққа ниеттенген жайым бар.
Менің әкем – Ақсуат өңірі Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Ескісұлутал елдімекеніндегі марқұм Тұрдаштың ұлы Талғат. Тегі – Кәкіш. Иә, Кәкіш деген қазақ халқына белгілі фамилия. Әңгімені алдымен осыдан бастасақ. Бұл танымал фамилия иесі кім десеңіз, халқымыздың біртуар перзенті, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалған филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, алаштың айтулы азаматы болған, осыдан бірер жыл бұрын ғана 80-ге тақаған шағында өмірден қайтқан марқұм Тұрсынбек Кәкіш. Алайда тегі бір бұл екі адамды не байланыстыруы мүмкін? Расында да бір атадан тараған қаны бір бауырлар ма? Әлде бар болғаны фамилия сәйкестігі ме? Бұл, әрине, жұмбақ. Дегенмен ол кісінің туысқан болуы мүмкін деген аздаған жорамалдың да бары өтірік емес. Ел тарихында өзіндік өмірбаяны бар тұлғаны меншіктеуге біздің де хақымыз жоқ, әрине. Оған әс те таласпаймыз да. Өйткені қалай болғанда да Тұрсынбек Кәкіш күллі қазаққа ортақ тұлға. Дегенмен кейбір жайттар бәрібір осы тұлғаның біздің әулетпен бір байланысы бар сияқты деген ойға жетелейді де тұрады еріксіз. Болған оқиғаны қалай болды, солай баяндасақ, ешқандай әбестік бола қоймас деп ойлаймын.
Әңгімені әріден өрбітетін болсақ, осыдан бір ғасыр бұрын Сұлутал деген жерді мекендеген Кәкіш атамызды көпшілік қауым «Жақсы адам» деп атаған деседі. Халқымызға зардабын тигізген 1932 жылғы ашаршылық сол Жақсы адамның отбасынан да айналып өтпепті өкінішке орай. Ашаршылықтың салдарынан Кәкіштің бәйбішесі қайтыс болып, артында Тұрсынбек пен Сәйденбек есімді екі ұлы қалыпты. Тұрсынбек сол кезде 3 жаста (1929 жылғы) болса, Сәйденбек жасқа толмаған екен (1932 жылғы). Содан өте қиын жағдайда қалған Кәкіш екі нәрестесін аштықтан аман сақтап қалуды ойлап, Сәйденбекті туысқандарының біріне асырауға беріп, Тұрсынбекті аудан орталығы Көкпектідегі (қателеспесем, ол кезде Ескісұлутал Көкпекті ауданына қараған екен) балалар үйіне уақытша өткізе тұруға бел байлайды. Алайда балалар үйі бүлдіршіндерді тек 5 жастан бастап қана қабылдайтын болғандықтан, амалы құрыған Кәкіш Тұрсынбектің туған жылын шегеріп, оған 1927 жылғы деген құжат жасап, яғни жасын ұлғайтып көрсетіп, осылайша ұлын жетімдер үйіне өткізуіне тура келген. Бірақ жағдай реттеліп, артынан ұлын үйге қайтарып алмақ болып Көкпектіге барғанында өкінішке орай Тұрсынбекті Алматыдағы балалар үйіне жөнелтіп жіберген екен. Салы суға құрып, сан соғып қалған Кәкіш атамыз өмір бойы ұлын аузынан тастамаған деседі. Кейіннен Кәкіш екінші рет отбасын құрып, одан Нәсима, Тұрдаш, Кәшипа туған. Алайда Кәкіш атамыз ақсақал жасына жетпей, өмірден ерте қайтқан екен. Сол сияқты Тұрдаш атам да 37 жасында жер жастанып, артында шиеттей ғана балалары қалған. Тіпті кенже қызы Армангүл атам қайтыс болғаннан кейін өмір есігін ашқан. Тұрдаш атамнан әжеміз Бәрәш 10 құрсақ көтерген (қазіргі кезде олардың 7-еуінің көзі тірі). Оның екеуі Шалабай мен Қайрат кішкентай кездерінде шетінеп кетіпті. Ал әкем Талғат – марқұм Мейірбану апайдан кейін дүниеге келген үйдегі ұлдың үлкені. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, 13-ке толып, бозбала шаққа аяқ басқан кезінде әкесінен айырылған Талғаттың мойнына үлкен ауыр міндет жүктеледі. Жалғызбасты анасы мен әпкесі, соңынан ерген іні-қарындастарына тірек болуы керек қой, буыны қатпаған бозбаланың еріксіз ерте есеюіне тура келген. Ағалық міндетімен қатар іні-қарындастарына әке орнына әке де болып, оларды өзінің балаларындай тәрбиелеп-жеткізді десек, артық айтқандық болмас. Ал жастайынан жесір атанған алтын құрсақты әжеміздің 8 баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, өзінің бүкіл ауыл-аймаққа «Бәбә» атануы ол – бөлек тақырып. Атамыз Тұрдаш өмірден өтер шағында әкесі Кәкіштің «Тұрсынбек есімді ағаң бар, соны қалайда тауып ал» деген аманатын орындай алмағанына өзегі өртеніп, осы аманатты ұлы Талғатқа айтып, мән-жайды түсіндіріп, аманатқа қиянат жасамауын, ағасын қалайда табуын міндеттеп кетіпті. Алайда ол кезде балалықтың аулынан алыстай қоймаған Талғат атасы мен әкесінің бұл аманатын әбден толысқан кезінде, яғни отыздан асып, қамал алатын жасқа жетер шағында бірақ орындады. Бірақ басқаша етуге оның шамасы да жоқ еді. Өйткені бала кезінен мотоцикл тізгіндеп, есейе келе колхоз-совхоздардың жұмысын істеп, жүк көліктерін жүргізіп нәпақа тауып, еңбекке ерте араласады. Мектеп бітірген соң жалғызбасты анасына қарайласып, әскерге де 1-2 жыл кеш барған. Белорусь елінің астанасы Минск қаласында Отан алдындағы борышын өтеген әкем сол жақта да әскери көліктерді тізгіндеп, Украинаның кейбір жерлерінде, Мәскеуде де бірнеше рет болған көрінеді. Әскерден келгеннен соң да қала жағалап, мәнсап қуалап кетуіне мүмкіндігі бар еді. Алайда анасы мен іні-қарындастарына қарайлап, ауылда 40 жастан асқанша тұрып қалады. Әскерден кейін әкем техникумда оқып, 1985 жылы 23 жасында анамызбен отбасын құрған. Ақсуат өңірінде, Сәтбаев ауылының төңірегінде совхоз жұмыстарында шопыр, «учетчик» болып, сол сияқты басқа да жұмыстарды істеп, кейіннен аталмыш ауылдық округіне қарасты Ескісұлутал елдімекенінде ұжым бастығы болып қызмет атқарған әкеміз ұжым тараған соң Сәтбаев ауылына көшіп барады. Сол уақыттан бастап сайлау кездеріндегі белгілі бір сайлау учаскесінің төрағасы деген сияқты уақытша қызметтерді атқарғаны болмаса, басшылыққа бағынатын жұмыстардан бойын аулақ ұстап, ешкімнің бұйрығымен жүргісі келмей, әлі күнге дейін тек өзіне-өзі жұмыс жасаумен келеді. Бір кездері саудамен де айналысып, кейіннен ауыл мен аудан орталығына, одан кейін қала мен ауыл арасына такси болып та кәсіп қылып, бізді ешқашан ештеңеден тарықтырған емес. Айта кету керек, қазіргі таңда Семей қаласында өзінің шағын ғана кәсібін нәсіп етіп жүрген жайы бар. Сәтбаев ауылына көшіп барған соң әкемнің денсаулығы сыр беріп, біраз уақытқа дейін ауырды. Тіпті кейде талмасы да ұстап қалатын. Сөйтсе өтінде тас бар болып шықты. Оған ота жасамай болмайтынын дәрігерлер сан мәрте айтса да, әкем отадан үзілді-кесілді бас тартқан. Содан аудандық ауруханаға дәстүрлі түрде жатып, ем алып жүрді. Бір кездері жағдайы күрт төмендеп, қатты жүдеп, әлсіреп қалғандықтан үйдің маңындағы отбасылық амбулаторияға анамыздың жұбайын өзі сүйемелдеп апарып жүргенін көрген көпшіліктің «Талғат нашар жатыр екен» деген қауөсет сөздері желдей есіп, алыс-жақындағы ағайынның құлақтарына жылдам жетіп жатса керек, тілектес-ниеттес адамдар әкемнің көңілін сұрап жиі келіп жатты. Бұл уақытта әкеміз тура атамыздың өмірден өткен шағындағы жасына келген еді. Осы жағдайды байқаған жақын-жуықтар, үлкендер жағы сол кезде қатты алаңдады расымен. Бірақ Құдайдың құдіретімен, ақ халаттылардың да көмегімен, күтімнің де әсері болар, әйтеуір әкеміз біраз уақыт өте келе ешқандай отасыз беті бері қарады. Бас көтеріп, денсаулығы жақсарған соң әкем дереу атамның аманатын орындауға кірісті. Теледидардан көрген сайын академик Тұрсынбек Кәкішевті ата-анамыз бен туған-туыстарымыз «осы кісі біздің ағамыз емес пе екен?» деп оның түр-тұлғасын әкемізге ұқсатып, қалжың-шыны аралас әңгімелерді өрбітіп отыратын. Содан академик жайлы деректер жинап, оны біздің сәби кезінде жоғалтып алған Тұрсынбек ағамыздың туған жылымен салыстыра отырып, өмірбаянын қарап, кейбір ақпараттардың сәйкесетінін байқаған соң әкем 1941-45 жылдардағы соғысқа қатысқан ардагер марқұм Құмар Кемербаев сияқты ауылдағы сауатты ақсақал ағаларымен ақылдасып, Тұрсынбек Кәкішевтің жұмыс мекенжайына мән-жайды түсіндіріп, хат жазады. Хаттың мәтін-мазмұны, әрине, жоғары лауазымдағы үлкен кісінің шамына тиіп кетпейтіндей етіліп, талай сүзгіден өткізілген болатын. Содан араға біраз уақыт салып, ауылдағы поштаға Тұрсынбек Кәкішевтің жауап хаты келді дегенді естігенде төбеміз көкке жеткендей болды. Хатта: «Талғат бауырым, ағаңды іздеп жатқаныңа, оны маған ұқсатқаныңа рақмет. Сол іздеген адамың мен болмасам да, бәріміз бір қазақпыз ғой. Сондықтан, мейлі, біз туыс болмасақ та, сен бәрібір менің бауырымсың» деген мазмұнда жазылған екен. Соның келесі жылында әкем Тұрсынбек Кәкішевпен жолығуға ағам Нұрқанатты ертіп, Алматыға арнайы барды. Жүректері дүрсілдеп барған қонақтарын өмірінде алғаш рет көрсе де, профессор оларды бұрыннан танитын адамша, тіпті туған інілерімен жолыққандай құшақ жая қарсы алыпты. Дастарқанды да құрметті қонақтарын күтетін бөлмесіне жайдырыпты. Оған дейін жұмыс кабинетінде де біраз әңгіменің басын қайырыпты. Әкем әңгіме барысында Тұрсынбек ағасын келер жылғы өзінің 40 жас мерейтойына да шақырыпты. Сонымен профессор өзінің қолтаңбасын қойып, кітабын сыйлапты алыстан келген қонақтарына. Осылайша, атасы мен әкесінің аманатын орындағандай сезімде болып, әкемнің арқасынан ауыр жүк түскен болатын. Әрине, қазақтың Тұрсынбегі әкеме «туған ағаңмын» демесе де, ерекше ілтипатын білдіріп, ағалық мейірімін танытқан көрінеді.
Содан бір жыл өте шықты. 2002 жылдың 8 тамызында әкем 40 жасқа толды. Бірақ кейбір себептермен тойдың өтетін уақытын 9 тамызға белгілеген болатын. Тойдан бір күн бұрын туысқандар жиналып, үйдің ауласына «палатка» тігіліп, қызу дайындық жүргізіліп жатқан. Бір кезде ауланың сыртына әппақ волга келіп тоқтады. Сырттағы адамдардың бәрі «бұл кім екен?» дегендей, көлікке қарап, аңтарыла қарады. Шопыр жігіт жедел көліктен шығып, артқы есікті ашты. Артқы жақ есіктен Тұрсынбек Кәкішев шықты. Бәрі таңырқап қарап қалыпты. Сөйтсек ол жалғыз келмепті. Шопыр жігіт көліктің арғы жақ артқы есігін де ашып жатыр. Одан да шашы ағарған, таяғына сүйенген бір ақсақал түсіп жатыр. Өз көзіме өзім сенер емеспін. «Құдай-ау бұл кісі шынымен де Қасым Қайсенов пе?!» Расымен де атақты партизан, Кеңес Одағының батыры, әйгілі Қасым Қайсенов екен. Теледидардан көріп, кітаптан оқып жүрген тұлғаларды сол кезде өмірімде алғаш рет көруім еді. Қасым Қайсенов таяғына сүйеніп, екінші жақтан шопыр жігіт сүйемелдеп келе жатыр. Оған қарағанда Тұрсынбек Кәкішев тың еді бұл кезінде. Осылайша мың жарым шақырымды артқа тастап, арнайы тойға келген тау тұлғалар шаңырағымыздың төрінде қонақ болып, анамның қолынан дәм татты. Әкемнің туған күнімен құттықтап, лебіздерін білдіріп, өздерінің қолтаңбаларымен бір-бір кітаптарын сыйға тартқан тұлғалар аудан орталығы Ақсуатқа аттанды. Міне, осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын Сәтбаев ауылында ұлан асыр той болды. Өкінішке орай арнайы келсе де, Қасым Қайсенов қапырық ауа райынан сәл сырқаттанып қалып, сол тойға қатыса алмады. Ал Тұрсынбек Кәкішев көпшіліктің ортасында болып, әкеме шапан жауып, құрмет көрсетті. «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей, әкем де құрметті қонақтың иығына шапан жауып, есте қалатын ерекше сәттер орын алды. Сол күні тау тұлғалармен кездесу үшін аудандағы лауазымды азаматтардың бірсыпырасы тойдың төрінен табылды. Көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін айтқан той қонақтарының сол күні әкемді 40 жас мерейтойынан гөрі ағасымен табысу қуанышымен көбірек құттықтап жатқандары ерекше есімде қалыпты. Айта кету керек, 200-300 қонақ жиылған тойды әкемнің досы Шүкрәт Құлманов басқарған болатын (Тұрсынбек Кәкішев арнайы келген сол тойдың бейнежазбасы әлі күнге дейін сақтаулы). Бұрынғы тойдан өзгерек болған бұл той бірнеше күнге, тіпті бір жұмаға ұласты. Қателеспесем, 15 тамыз күні алыс-жақындағы ағайындар тарқасып, той кезінде күтуші болып, көмектесіп жүріп дастарқанға отырмай қалған көрші-қолаң, жақын-жуық, дос-жарандары, яғни қонақтардың соңғы легі үйден ас ішіп, тойдың жырын талқылап дегендей әдемі отырыс болған еді. Алайда қонақтар үйді-үйіне тараған соң бірнеше күнгі шала ұйқы, қаншама жүктемелер әсер етті ме, әкем өзін жаман сезініп, қайтадан бұрынғыша талмасы ұстап, аяқ астынан қатты ауырып қалды. Содан аудандағы дәрігерлер бірден Семей қаласына жолдама беріп, ақыры көп жылдан бері бас тартып келген ота жасалып, өттегі тас алынып тасталды. Құдайға шүкір, нашар жағдайда кеткен әкеміз көптің тілеуі мен ақ халаттылардың арқасында аман қалды. Отадан кейін әбден жүдеп қалған әкем ауылға келген соң дәрігерлердің тапсырмасы бойынша тұзды, майлы тағамдар жемей, ауыр көтермей, біршама уақыт саналы түрде күтімде болды. Соның арқасында денсаулығы жақсарып, бүгінде ел қатарлы өмір сүруде. Алайда бәріміздің ойымызда бір өкініш бар. Неге десеңіз, дәл сол 15 тамыз күні марқұм Тұрсынбек Кәкішұлының дүниеге келген күні еді. Ақсақал басымен қасына қазақтың батырын ертіп мың жарым шақырым жол жүріп, бауырының 40 жас мерейтойына арнайы келген қазналы қарт іні тарапынан құттықтаусыз қалды. Әттең, қазіргідей ұялы телефон болмағандықтан ба, әлде сол кезде бәрінің есі кіресілі-шығасылы болғаннан соң ба, әйтеуір үлкен кісіге болған жағдайды да ешкім түсіндірген жоқ. Уақыт зымырап өтіп жатты, сол күйі екі жақ тараптың байланысы үзілді. Ал Тұрсынбек Кәкішұлының әкеміз жайлы, әулетіміз туралы сол кезде не ойлағаны тек бір Құдайға ғана аян. Кейіннен Тұрсынбек Кәкішев республикалық газеттердің біріне әкем мен ағам туралы көлемді мақала да жазған екен. Сондай-ақ халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 80 жылдық мерейтойына арналған Семейдегі Абай театрында өткен шарада Тұрсынбек Кәкішевтің баяндама барысында әкем туралы естелік әңгімелер өрбіткені жайлы да бірнеше адамнан естіген болатынмын. Қанша десек те, бұл кісінің бәрібір біздің әулетке бір бүйрегі бұрып тұрды. Оған бүкіл Сәтбаев ауылының жұртшылығы куә. Бірақ, әрине, «сендердің нақ туыстарыңмын» деп еш мойындамастан, бар құпияның бетін ашпастан қазақтың Тұрсынбегі барлық шындықты өзімен бірге о дүниеге алып кетті. Алайда оның құпиясы бізге кейіннен белгілі болды. Қалай десеңіз, көзі тірісінде біздің Қыржы руы, соның ішінде Кешу батырдан тараған ұрпақтың шежіресін жазып қалтырған 40 жыл оқу-ағарту саласында қызмет істеп, соның талай жылында мектеп басқарған марқұм Қайноллан Кенжебаев деген ақсақал өмірден өтер шағында әкеме «Тұрсынбек сенің нақты туысың» деген екен. Олай деген себебі әкемнің 40 жас мерейтойы кезінде Қайноллан ақсақалмен біраз сырласып әңгімелескен Тұрсынбек Кәкішев: «Сәйденбек бауырым қайда?» деп сұраған екен. (Осы сөзінен кейін марқұм Қайноллан ақсақал Кешу батыр ұрпағының шежіре кітабына Тұрсынбек Кәкішевті де тіркеп қойыпты.) Осы бір ауыз сөзінің өзі көп нәрсені аңғартқанымен, ол кісінің бұлай айтқанын растайтын бірде-бір куәгер жоқ. Негізі жабулы қазанның жабулы күйінде қала бергені де дұрыс еді. Бірақ барды бар, жоқты жоқ деп айтқанның еш айыбы болмас деп ойлаймын. Тау тұлғаға еш таласымыздың жоқ екенін тағы да қайталағым келеді. Тек жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болғай!
Әкемді тектінің тұяғы деп те айтуға болады. Қалай десеңіз, әкем Талғат Қайноллан Кенжебаевтың шежіре кітабындағы ақпаратқа сүйенсек, Кешу батырдың бесінші ұрпағы екен. Бір өкініштісі, Кешу батыр Кеңес Одағы кезіндегі солақай саясаттың салдарынан Қазақстанның ресми тарихына енбей қалған. Мектеп оқулықтарында оқытылмайды демесеңіз, жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жерін жаудан азат ету жолында Кешу батырдың ерлігі ұшан-теңіз болған екен. Тіпті тарихта аты алтын әріппен жазылған қазақтың батыры Қаракерей Қабанбайдың өзіне Кешу бабамыз бата берген деседі. Шапқыншылық кезінде Есіл, Нұра өзендерінің жағасындағы халықты, яғни қазіргі Ақмола облысының аумағын жаудан азат еткен Кешу батыр ұрпағын кейіннен Тарбағатай тауының аумағына аудырған делінген шежіре кітапта. Шежіре кітапта жазылғандай, сұрапыл шайқастардың бірінде 9 бірдей ұлынан айырылған Кешу одан кейінгі жорықтарының бірінде жаудан ұлдарының кегін қайтарып, кәрі-жасына қарамай, барлық еркек кіндіктілерді аяусыз қырып тастаған екен. Сол кезде бір жоңғардың қарт әйелі немересін жазым еткені үшін Кешуге қарғыс батасын беріп, батырдың көпке дейін балалары болмаған көрінеді. Кейіннен 4 ұлы дүниеге келіп, соның ішіндегі екінші баласы Бәйгелдіден біз тараған екенбіз. Осылайша, жауырыны жер иіскемеген батырдың ұрпағы болғаннан соң ба, әкемнің де көзінен от ойнап, айбар шегіп тұратын қатулы мінезін көрген сайын ол маған батыр болып елестейтін. Бала күнімде әлемге әйгілі кино жұлдыз Жан Клоуд Вандаммды пір тұтқанымды несін жасырайын. Киноларында небір дәулерді сұлатып түсіретін әлгі Вандаммды өмірде ешкімнен жеңілмейтін пенде деп есептесем де, оны әкемнің жанында бұйым құрлы көрмейтінмін расында. Өйткені әкем мен үшін әрдайым биік тұлға. Солай болып қала береді де. Әрине, әкемді мақтасам, өзімді мақтағандай болармын. Алайда расымен әкем ешкімнің ала жібін аттамайтын, адам баласына жамандық ойламайтын, ары таза, адал да әділ азамат. Оның әрдайым ұрпақ қызығына тоймай, анамызбен бірге жасасып, ақсақал жасына жеткенін қалаймыз.
P/S: Әрине, әлі ойымдағы жазғым келетін нәрсе көп. Бірақ сиырқұйымшақтатпай, осы жерден тізгінді тарттық. Әкемізді мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, бар игі жақсылықты тілейміз. Әжеміз де, анамыз да, аға-жеңгем Нұрқанат пен Динара да, жарым Айнагүл де, немерелері де, ағайын-туыс та, барлық құда-жекжат, дос-жарандары да сол көл-көсір тілектердің ішінде әрдайым. Бұл мақаланы әкеме сыйлық ретінде арнадым. Себебі әзірге қолдан келетіні осы, шыны керек. Ал қымбат көлік деген сияқты бағалы сыйлықты, материалдық мүлікті болашақтың еншісіне қалдырдық. Әзірге тақымындағы қос қасқасы да тізгіншісін жолда қалтыра қоймас. Лайым аттан түспегейсіз, әке!
Нұрдәулет КӘКІШЕВ,
Астана қаласы.
* негізгі тақырып/БӘЙТЕРЕКТЕЙ ТҰЛҒАЛЫ АСЫЛ ӘКЕМ немесе БАТЫРДЫҢ ҰРПАҒЫ, ПРОФЕССОРДЫҢ ІНІСІ