
Ұялы телефонымның оятқыш қоңырауының соғылар сәтін сезгендей жастықтан басымды жұлып алдым. Мен күткен домбыраның күмбірі де естілді. Күндегідей қолыма алып, сағат 7.00-дің болғанын көзіммен көріп, телефонның дауысын басып, жуынатын бөлмеге ендім.
Сүлгімен бетімді сүртіп тұр едім, қасыма қызым келіп: -Папа, болсаңшы, киіміңді кисеңші, мен кешігіп қаламын, бүгін «детшадта» біз 8-наурызға «консирт» қоямыз-деді.
–Балам үлгереміз-деп күлдім де, киінуге кірістім. Күлетін жөнімде бар, себебі, біздің үйде күнде таңертең ұйқысынан оянбай, анасын жалындырып отыратын «менің жеке бастығым» бүгін өзі маған ұрсып жүр.
Көктемнің тұңғыш таңы. Наурыздың алғашқы күні маған да бір сергектік сыйлап тұрғандай болды да, терезені ашып қыстың соңғы демін бүркіп тұрған Астананың ауасын құшырлана жұттым. Қолыма телефонымды алсам «WhatsApp» дейтін «бәлеге» бірнеше адамнан келген хаттардың тізбегін байқадым. Біреуін аштым, екеуін, үшеуін… бәрінің жазғаны «1-НАУРЫЗ *ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛҒЫС АЙТУ* күні!!! Бәріңе рахмет!!! Ең бірінші өмір сыйлаған Аллаға рахмет, дүниеге әкелгені үшін «АТА-АНАМЫЗҒА» рахмет. Артымнан ерген бауырларыма, көзімнің нұрындай балаларыма рахмет. Аса сыйлайтын келіндеріме! Оң көзімдей күйеу балаларыма рахмет!! Алтындай жиендеріме рахмет! Бір қауым ел болған ҚҰДА-ҚҰДАҒИЛАРЫМА рахмет. Отбасы болып жүрген коллективиме рахмет! Ел-жұртыма РАХМЕЕЕЕ..Т!!!» деген мәтіндегі жазба екен.
Тамаша! Басқан ізіңнен бәле іздеп жүргендер көбейген заманда таң атпай бірнеше адамнан алғыс есту кімге жаман дейсіз? Бірақ, мына мәтінде тізбектелген біздің ет-жақындарымыз емес пе еді? Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ, 365 күн, жыл он екі ай, атқан таңмен, батқан күнмен таласып тілек тілеуге, ағыңнан жарылып алғыс айтуға тиісті емессің бе? Содан кейін бұл мерекеге «Халықаралық» деген абыройды кім беріп жүр? Бұл ойдың бәрі баламды балабақшаға апара жатып, таңғы көліктердің түтініне көмілген бұлыңғыр көшелердің бойында миыма маза бермеді.
Жұмысқа келдім де «Google» дейтін Құдайдан кейін тұрған көмекшімізді ашып, «Алғыс айту күнінің мағынасы» деп теріп жіберіп едім. 2016 жылы 15 қаңтардағы мынау ақпарат алдымнан шыға келді. «Қазақстанда 1 наурыз Алғыс айту күні болып жарияланды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап» деп тұр. Ары қарай шұқшия кетіп едім «Қазақстан Республикасының Президентінің “Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы” Жарлығына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгені айтылады: Алғыс айту күні – 1 наурыз, Геолог күні – сәуірдің бірінші жексенбісі» деп жазылған екен. «2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының “Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр” тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Назарбаев халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. “Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді”, – депті Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Осыны оқыдым да, таңертеңнен толассыз екі-үш мәтіннің ғана үлгісінде бірін-бірі қайталап келіп жатқан хаттарды жеке-жеке ашып отырып, бірнеше ғасыр бұрын қалмақтардан Шығыс өңірінде «Долаңқара» деп аталатын қара тауды тартып алып, сол жерде қоныс теуіп, өніп-өсіп тіршілік еткен бабасы бар, бүгінде баласы жеті атасын сұраса ұзын санын жетпіске жеткізетін, өз атасы Ұлы Отан соғысының ардагері болған мен сияқты пақырды мына «СМС-тер» келімсектердің қатарына қосты…
Яғни, бұл «Алғыс айту күні» мағынасы жағынан мүлде басқа мереке. «Қазақстан халқы Ассамблеясының» құрамындағы өзге этнос өкілдері қазақ халқына, қазақ ұлтына кешегі қиын қыстау заманда көрсеткен ерекше мейірімі үшін алғыс айтуға арналған күн бұл. Бірнәрсені баса айтқым келеді, қазір тақырыпты түрлендіріп бұрып кететіндер көп, сондықтан, кезінде солақай саясаттың кесірінен, туған жерінен шұбыра көшкен қандастарымыздың бүгінгі ортамызға оралған, кейбіреулеріңіз әлі «оралман» деп айтып жүрген бір туғандарымыз тұрғылықты халыққа «алғыс» айтуға міндетті емес. Өйткені, олар қаңғырып келген жоқ, өзінің бабасының кіндік қаны тамған топыраққа сарғайған сағынышпен келді. «Алғыс айту күні» мерекесінің пайда болуына түрткі болған жиында елбасымыз: “Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды – киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сұрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым”, – деп өз басынан өткен оқиғаны еске алғанын естеріңізге салғым келеді.
Шынымды айтсам, бұл тақырыпты қозғауыма себеп болған сіздерден келген ыстық ықыласты хаттар емес. Президентіміз қазақ дейтін халықтың жотасы басқа этностардан жоғары жүрсін, мынау ұлан-ғайыр даланың иесі кім екенін бір күн болса да естеріне салайық, олар қазақтың дәстүріне бойұсынып шаңыраққа қарап жүрсін деп бекітіп берген бір күндік мерекені де өз жөнімен қолдана алмағанымыз жаныма батты. «Ұлттық идеологиямыз дұрыс емес» деп байбалам сала бергенше, әр идеологияны өзімізден бастайық. Осы сіздер бір-бірлеріңізге көшіріп таратып отырған хаттардың негізгі түпнұсқа мәтінін солардың ішіндегі кейбір мысық тілеулер жазып, дайындап соны өздеріңіз насихаттап жүрулеріңіз де бек мүмкін?! Тағдырдың жазуымен қатарымызға қосылып, қазақтың құтты топырағында өмір сүріп жүрген өзге этнос өкілдерінің бәріне бірдей күйе жағудан аулақпын. Олардың қатарында да қанағаты қарын тойғызған, тәубәсі таң атырған небір жақсы адамдар бар. Көріп жүрміз, араласып жүрміз, кейбіреуімен доспыз. Десе де, бір уақыт ертеңіміз үшін бірге алаңдайтындай, кешегі өткен заманды естеріне салып қою керек деп ойлаймын. «Алғыс айту күнінің» мағынасын біле жүрейік!
Жанжігіт ОМАРХАН
журналист