Жұма, Тамыз 24, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > ХАН ТОҒАС ЕСКЕРТКІШІНІҢ АШЫЛУЫНАН РЕПОРТАЖ

ХАН ТОҒАС ЕСКЕРТКІШІНІҢ АШЫЛУЫНАН РЕПОРТАЖ

IMG_6134

Хан Тоғас ескерткішінің тұғырына орнығуы 1 шілде – Қадір түніне тұспа-тұс келсе, ескерткіштің салтанатты ашылуы Ораза айтының екінші күніне дөп түсті. Ойшілік орталғында Хан Тоғас атындағы саябақта алыс-жақыннан келген қауым мен Тарбағатай ауданы әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қатысуымен ескерткіш лентасы қиылды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі қарсаңында халық ортасынан орын алған ер Тоғас еңсегей бойлы Есім ханның сенімінен шығып, ерен ерлігімен даңқы шыққан, cол кезде «хан» атанған.

 

IMG_5842

– Хан бабамызға ескерткіш қою – ұрпақтарының көптен бергі арманы болды. Өткенде Ойшілік ауылының әкімі С.Ығиев хан Тоғас атында ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырды.  Осы басқосуда ескерткіш орнату идеясы да қолға алынды. Жер-жердегі Тоғастың ұрпақтарына хабарластық. Ескерткішті бір жарым айдың ішінде жасап шықтық. Әрине, оңай болған жоқ. Ескерткішті орнатуда екі мақсат көзделді. Біріншісі – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу болса, екіншісі – бұл ұрпақ парызын орындау. Бүгін арманымызға қол жетіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болып тұр, – дейді  Тарбағатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ұйымдастыру ұйымының жетекшісі Мұқан Сахариев.

 

IMG_6074

«Бір кісі бастайды қалғаны қостайды» демекші, шаруаны қолға Мұқан Сахариұлының бастамасына алғашқы болып Аман Исламов, Құмаш Тілебалғанов, өскемендік Советхан Бекқазыұлы семейлік Жандос пен Елдос Тұрсынғалиұлдары, «Тоғас батыр» атындағы мектептің директоры Асан Хамзин, ауыл әкімі Серік Ығиев қолдау білдірген. Одан кейін де бір-бірінен естіген баба ұрпақтары қол үшін созудан аянбатыпты.

IMG_6353

Биік тұғырда қасқайып халыққа қарап тұрған Тоғас бабамыздың қолындағы асатаяқ хан дәрежесін білдірсе, қылышы ерлігін паш етеді. Айта кетерлігі, ескерткішті орнату – бұл руға немесе жерге бөлінуді білдірмейді. Қайта, елдің тұтастығына, жасөспірімдердің ел-жерін сүюге ықпал етеді. Тарихқа құрмет көрсету. Өскелең ұрпақтың жадында Хан Тоғастың ерлігін мәңгі сақталуына қосқан үлесіміз дейді ұйымдастырушылар.

IMG_6303 IMG_6292

Осыдан бес ғасырдай бұрын өмір сүрген тарихи тұлғаның бейнесін сомдау оңайға түспегені анық.  Хан Тоғас ескерткішінің авторы Ақжар өнер мектебінің директоры, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әлібек Шоқанов: «Мүсінді жасауға екі айдай уақытымыз кетті. Батыр, әрі, ханның мүсінін жасау да оңайға соқпады. Жобасы Астанада жасалды. Оны талқылап, кем-кетігін жөндедік. Ең соңғы шешеміміміз көз алдарыңызда. Бұл кісіні тек тоғас ұрпағының батыры емес, бүкіл қазақтың батыры деп білуіміз керек. Ұлыларымызды осылай ұлықтап жүрейік» деді.

Ескерткіштің ашылу сәтінде тарихшы, шежіреші, ғалым ағалар Тоғас ханның батырлығы, ерлігі, ел басқарудағы ерен еңбегі жөнінде сыр шертті.

– Белгілі ақын Несіпбек Айтовтың «Жалаңтөс» поэмасында «Жалаңтөс қамал бұзған алдыменен, көрсетіп сол соғыста ерлік ерен» дей келе Есім ханның алдына қолға түскен Тұрсынның әкелінгенін, Жалаңтөстің ерлігінің басымдау болғанын сипаттай келіп: «Есімнің әмірімен Тоғас батыр, Тұрсынның шауып тұрып басын алған» деп толғайды. Бұдан байқайтынымыз, Есім ханның ескі салтты берік сақтап «Ханның басын хан алады» деген қағиданы бұлжытпай орындағаны. Әрі қарай соғыс кезінде қанша ерлік жасаса да, талассыз лайық болса да Жалаңтөстің хан болып сайланбау себебін: «Бір кесіп екі қайта байламайтын, Есімнің саясаты айдан айқын. Болмаса Ақсүйектің тұқымынан, Ол кезде қарадан хан сайламайтын» деп жырлайды. Міне осы деректер Тоғастың хан тұқымынан екенін талассыз дәлелдеп тұр. Расында түркі тектес тайпалардан шығып ел билеген, қол бастаған, тіпті мемлекет құрған аса ірі тұлғалардың атақ дәрежесіне «хан» атауы қосылмайды. Мысалы: Моғолстанның негізін қалаған Полатшы әмірге кейіннен «Ұлыс бегі» атағы берілген. Ноғай ордасын құрған Едіге би «әмір» атағымен кеткен. Барластан шығып 35 жылда 37 мемлекетті бағындырған ақсақ Темірдің өзі «әмір» дәрежесін қанағат тұтты. Ал Тоғас бабаның арғы тегі жөнінде: «Атамыз Тоқтар қожа Сәйбек ханнан, кезінде озған екен мың мен саннан» деп келетін шежіре жолдары мен қатар қырықмылтық Сүлеймен бидің шежіресіндегі: «Тарихты енді айтамын Тоқтарқожа, Сәдібек хан баласы тегі таза» деген шумағы Тоқтарқожа бабаның арғы тегі хан тұқымынан екенін тағы да айғақтайды, – деді ҚР Білім беру ісінің үздігі, тарихшы Төлеухан Салқынбаев.

IMG_6122 IMG_6116 IMG_6084

Бұл айтулы оқиғаның қазақ халқы үшін маңызы зор екендігін тілге тиек еткен Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Махмұт Түйебаев: «Бүгінгі күні қасиетті Тарбағатай төрінде XVII ғасыр басында өмір сүрген, қазақ тарихынан ойып тұрып орын алған батырлардың бірі, ұлы бабамыз Хан Тоғасқа ескерткіш ашылып отыр. Елбасының «Мәңгілік ел» атты сындарлы саясатын жүзеге асыру мақсатында бабаларымызды, өткенімізді зерделеу арқылы келешек ұрпаққа тәрбиелік мәні бар шараны  ұйымдастырып отырмыз. Ертеректегі тарихи деректер ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа  аңыз әпсаналарда жалғасын тапты.  Технология қарыштап дамығанның өзінде ағылшын ғалымдары аңыз әпсаналарға сүйенеді. Өйткені, онда шындық жатыр. Дамыған отыз елдің қатарына қосылудың кілті халқымыздың ауызбірлігінде. «Ырыс қайда барасың дегенде береке қайда бар сонда барамын деген екен. Ескерткіш тұрғызып жатқандығымыз да береке-бірліктің көрінісі. Ескерткіштің ашылуы мына елдімекенге, халыққа үлкен қуаныш болумен қатар, үлкен сын. Қазақ халқы, жастары бабаларымыздың атына кір келтірмеуге тырысуымыз керек. Ол үшін әрбір қазақстандық елдің, жердің иесі ынтымақ қағидасын ұстануы керек» деген еді.

IMG_5981

Әрине, бұл ұлы той ауыл адамдарына үлкен қуаныш сыйлады. Қуанышын жасыра алмаған Ойшілік ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Махсұтхан Болысов «Біздің ауыл ертеден берекесі біріккен ұйымшыл, берекелі ауыл. Биыл ауыл көшелерінің жолдары жөнделсе, былтыр жаңа аурухана ашылды. Бабамызды биік тұғырына қондырып жатырмыз. Бұл халықтың береке бірлігінің арқасы. Баладан бастап, еңкейген қарияға дейін қол ұшын беріп, көмектесіп жатыр. Ойшіліктің береке бірлігі арта берсін дейміз!» деп ауыл қуанышымен бөлісті.

Ал, «қазақ елінің тұтастығымен, тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен хан бабамыз Тоғас туралы мектеп қабырғасында қаншалықты оқытылып жатыр?» деген сауалды «Тоғас батыр» атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Назигүл Қыдыргелдинаға қойып көрдік.

– Ұстаз ретінде біздің мақсатымыз оқушыларды еліне жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Сондай-ақ ата-бабаларымыздың ерлігін мақтан ете отырып, Қазақстанның Мәңгілік ел болуына лайықты үлесімізді қоссақ дейміз. Біздің мектеп тәуелсіздік алынғаннан бері Тоғас батыр атымен аталып келеді. Мектебімізде жетінші сынып оқушыларына өлкетану курсы өтеді. Мектептің Тоғас батыр атында аталу себептерін түсіндіру мақсатында өлке деректерінен, шежірелерден, халық ақыны Замантай Оразайұлының, ауылымыздың тұрғыны болған шежіреші қарт Сыдық атамыздың еңбектерін, мақалаларын пайданалана отырып, біздің өлкемізден шыққан батыр бабаларымыздың ерліктерін дәріптейміз,  – деп жауап қатты  Назигүл Қыдыргелдина.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген Тоғас ұрпақтары саябақтағы ақшаңқан қос киіз үйде бас қосып, келелі ойларын ортаға салды. Ескерткіш ашылғаннан кейін жиналған жұрт, баба рухына арналған асқа беттеді. Тоғас бабаның құрметіне жайылған ақ дастархан басында да талай келелі әңгімелер айтылып, ақсақалдар құнды мәліметтерін ортаға салды. Тоғас баба рухына құран бағыштап, ұрпақтары тағзым етті.

IMG_5967 IMG_5930

Хан Тоғастың тойында халық қуанышы еселене түсті. Көпшілік осы сәтте Хан Тоғастың Қытай елінде шыққан шежіресіне куә болды. Кітапты арнайы ала келген өскемендік кәсіпкер Серікқазы Құрманғалиев қолындағы туындыда Хан Тоғасты ақ киізде отырған суреті басылыпты. Бұл жөнінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Хасен Майқыбай: «Тоғас баба 1628 жылы хан болған. Біз Шәуешекте хан Тоғас жөніндегі деректерді жинастырып, кітап етіп шығардық. Оны Ахмет Байтұрсынов емлесімен жаздық. Негізінен, Манаш Қозыбаевтың, Ілияс Есенберлиннің кітаптарында Тоғастың хан болғандығы жөнінде мәліметтер кездеседі. Енді кітап кирилицаға аударылмақ» дейді.

IMG_6032 IMG_6012

Ойшілікте өткен осынау мереке де тарихтың бір беттерінде қалары сөзсіз. Бір ерекшелік, ескерткіштің қойылуы мен ашылуында ауарайында айрықша өзгеріс болып, табиғат Тоғас баба қасиетін айшықтай түсіпті. Осы орайда Мұқан Сахариұлы: «Бабамызды алғашқы күні қоярда бір қара дауыл соқты да кетті. Ол бір он-ақ минут соқты. Артынан күн шайдай ашылып, бәрі бабына келе қалды. Содан Құмкөл, Ойшілік ауылы енді өркендейді, тыныштық орнайды деп ойладым. Мен бабамызды көлікпен әкелген кезде бірден тұғырына әкеп қоя салмай, Ойшілікті айналдырып барып қойылатын жеріне бірақ алып келдім. Себебі, бабамыздың рухы тоғастардың ежелгі қонысы Ойшілікті жаман пәлекеттерінен аластасын дедім. Әрі, ескерткішті тұғырына орнату дәл Қадір түніне дөп келді. Бізде сол күні әкеліп қоямыз деген ой болмаған еді. Демек, Алланың бұйрығы солай болған ғой».

Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан ұлттық ойындарымыз Аламан бәйге де Хан Тоғастың құрметіне арналды. Атадан балаға мирас болып қалған ұлттық спорт түрінен  33 аттың бабы мен бағы сыналды.

IMG_6696

– Ат бәйгесі бойынша тоғыз орынға жүлде тігілді. Бұл «тоғыз тоғас» түгел қатысты дегенді білдіреді.  Лайық деп танылса оныншы келген бәйге де арнайы сыйымыз бар. Аламанға Құмкөл, Екпін, Ақсуат ауылынан және көрші Аягөз ауданының Тарбағатай ауылынан, Көкпектіден, Семейден бәйгелер келді. Жыл ма жыл Тоғас баба атында мереке ұйымдастырмақ ниеттеміз. Келесі жылдары теңге алу, аударыспақ сынды қазақтың ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырып, ұлттығымызды ұлықтасақ дейміз, – дейді  «Тоғас батыр» атындағы орта мектеп директоры Асан Хамзин.

IMG_6555IMG_6489

Неше күн ыстық болған ауа-райы тура осы күні қоңырсалқын тартып бәйгелердің еркін көсілуіне сеп болды. 25 шақырымдық Дүбірлі аламанда Екпін  ауылының  Ақселеу атты тұлпары шашасына шаң жұқтырмай бас жүлдені қанжығаласа, екінші болып Ақсуат ауылының №9 Саяхат Тоқашбайұлының Ақбақай атты жүйрігі келді. Шабандозы Ержан Қанапия. Ал, үшінші орын №31 ақжарлық Қуантай Айтмұхамбетовтің Торы атына бұйырды. Шабандозы Нұрбол Қалиев.

DSC_0230

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, хан Тоғас ұрпақтары Ойшіліктің төрінде, Барқытбелдің баурайында осындай дүбірлі той өткізді. Сөз соңында ауыл ағаларының осындай ұлан-асыр той өткізу бастамасын қолдап қол үшін созған азаматтардың есімдерін айта кеткенді де жөн көріп отырмыз. Өңіріміздің әр түкпірінде тұратын Ғазез СҮЛЕЙМЕНОВ, Манарбек АХМЕТОВ, Серік ДОСАНҰЛЫ,  Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, Серікқазы ҚҰРМАНҒАЛМЕВ, Советхан БЕКҚАЗЫҰЛЫ, Күлбаев БЕРІКХАН, Жандос ТҰРСЫНҒАЛИҰЛЫ, Әскербек ҚАЛИЕВ, Дүйсен МАЙЛЫБАЙ, Ерлан СЕРҒАЗИН, сынды жекелеген азаматтар мен Ойшілік, Құмкөл, Тұғыл, Тана мырза, Ақжар, Ақсуат ауылдарының ұйымшыл топтары қажетті ортақ шаруаны қолдан келгенше қолдай білген.

Осындай ортақ істі көп болып қолдай білу – ел бірлігінің шынайы көрінісі болса керек.

IMG_6806
Суретте: мақала авторы Айжан Тоқтасынқызы

 

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation