Бейсенбі, Қазан 26, 2017
Негізгі > Руханият > Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын:  …ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІ ДҮНИЕЖҮЗІ БІЗДЕН ҮЙРЕНСІН. АНАНЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫН ҰЛЫҚТАУДЫ ҚАЗАҚТАН БІЛСІН

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын:  …ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІ ДҮНИЕЖҮЗІ БІЗДЕН ҮЙРЕНСІН. АНАНЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫН ҰЛЫҚТАУДЫ ҚАЗАҚТАН БІЛСІН

 

DSC_0147Шілденің 6 жұлдызы Тарбағатай ауданындағы аталмыш ескерткіштердің ашылу салтанатына ақын, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбекұлы да сонау Алматыдан ат басын бұрған екен. Сонымен қатар, аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлының қолынан «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» атағын алды,- деп хабарлайды zheruiyq.kz тілшісі төмендегідей сұхбатты жариялап.

 

– Көптің көңілінен шыққан, қазақ диаспорасының ұранына айналған «Көк тудың желбірегені» атты өлең мәтінін Тарбағатай жұртына тебіреніп тұрып, зор толғаныспен оқып бергеніңізді тыңдадық. Ең алдымен жұрттың жүрегін дір еткізген осы ән тарихын баяндап берсеңіз.

– Бұл әннің тарихы туралы мен көп сұхбаттарымда айтып жүрмін. Қазақстан тәуелсіздік алғанда біз шекараның сыртында болдық. Тәуелсіздік алып, Алтай өткенде, Қазақстан Республикасының көк Туы белгіленді. Оны теледидардан тікелей эфирде тамашаладық, әсерлі болды. Кейін 1993 жылы 22 ақпанда елге біржолата келе жаттым. Қорғас шекарасынан кірген бетте Туды тірідей көрдім. Кішкентай ғана самал соғып тұрған, желемік бар еді. Қарапайым, шифрлы үйдің төбесінде Ту тұрды. Лапылдап, сондай бір дүрілдеп тұрды… Әңгіме айтып, сөз айтып тұрған сияқты… Ақындық шабыт деген болады. Қатты толқыдым. Содан осы өлең туды. Көк Ту халыққа не дейді, қазаққа не дейді?- деген сұраққа жауап секілді болды.

– Шығыстың шырайы қандай екен?

– Біздің шығыста соңғы 4-5 жылдың ішінде тегін тану, оңалу, арғы ата-бабасын ұлықтау, өзінің ежелгі рухын тану, тәуелсіз бостандығына рухани жақтан қайта оралу үрдісі жүріп жатыр. Қаракерей Қабанбайға ескерткіш қою және оның 300 жылдығын тойлау, Шынқожа батырға, Көкжал Бараққа, Қаратай атаға ескерткіш қойылды. Міне енді, Мақта апаға, Мұрын анаға, Тоғас батырға қойылып жатқан ескерткіштер, осының бәрі, біз кімбіз, кім едік, кешеден бері ер едік, мұртымыз көкке шаншылып сөйлейтін батыр ел едік дегенді дәріптейді халыққа. Ұлттың рухын көтереді, тегіміздің, елдігіміздің тарихын асқақтатады. Осындай үш бірдей ескерткіш бір-екі күн бағдарында ашылғалы жатыр дегенді естіп, Астанадан Н.Ә.Назарбаев университетінде оқитын ұлымды алып, әдейі Алматыдан ұшып келдім. Ана балаларға да тәрбие болсын деп. Керемет, жақсы, әсерлі болды. Халықпен көрістім. Мына ескерткіштер өз деңгейінде көтеріліп жатыр. Мәселен, Мұрын анаға ашылған ескерткіште маған сөз берілді. Мен айттым, біздің қазаққа гендерлік туралы біреу үйреткісі келеді, гендерлік теңдікті дүниежүзі бізден үйренсін деп. Ананы ардақтауды, қызды сыйлауды, әйелдің теңдігін құрметтеуді, ұлылығын ұлықтауды қазақтан білсін деп. Мәселен, «Ер бала туса, ұл бала туыпты, қыз бала туса, нұр бала туыпты» дейтін халықпыз ғой. Сондықтан, Мұрын ана мен Мақта апаның рухына тағзым етіп жатқанымыз қуаныш. Бұндай ояну, есею бұдан әрі жалғасын табуы керек.

– Халықтың қонақжайлылығы…

-Халықтың қонақжайлылығы керемет болды. Оның сыртында маған тосын жағдай, «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» деген атағын беріп, кеудеме төсбелгі қадап, шапан жауып жатыр. Ақын өзі тебіренгіш халықпыз, мақтан сүйеміз ғой, керемет толқып, тебіреніп, мақтанышпен қайтып бара жатырмын. Қазақ жерінің қай түкпірінде ізгі шаралар болса, шама бар қалмауға тырысамын. Халықтың қуанышы – менің қуанышым.

Сұхбаттасқан Жұмабек АЙҚЫНҰЛЫ,
арнайы «Жерұйық» порталы үшін
Тарбағатай ауданынан

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару