Дәстүрлі Абай оқулары биыл 18-ші рет өтіп жатыр. Бұл туралы Жерұйық порталы Абайдың Мемлекеттік Қорық-музейіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлы ақынның шығармаларына құмартып өскен жеткіншектердің жүзден жүйріктері Семей төрінде бас қосып, алғашқы қадамдарын Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастады. 14 облыстан жиналған Абай мұрасының жаршылары 10 қыркүйек күні жергілікті білім басқармасы ұйымдастырған іс-шараға қатысып, семейлік жасталаптардың өнерін тамашалады. Гүл қою рәсімі ең алдымен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековтың құттықтау сөзімен ашылды. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенко, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің деканы Айбар Қадыровтар өнерпаз өрендерге өз тілектерін айтты.
Байқау қонақтары гүл қою рәсімінен соң Түйемойнақ аралын аралап, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің экспозициялық залдарын тамашалады. Ұлы ақын мұраларына мұқият зер салды.