“Әлихан Бөкейхан ескерткіші қаламыздың қай тұсына қойылғаны жөн?”- деген мәселенің соңғы нүктесін қою үшін таяуда қала әкімі Ермак Сәлімов мырзаның тапсырысымен арнайы топ құрылды. Оның құрамына қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Назерке Аққожина, қоғам қайраткерлері Рахат Алтай мен Құсмилія Нұрқасым, ардагер Амантай Доғалақ, тарихшылар Мұхтарбек Кәрім, Амантай Исин мен Мұратбек Кенемолдин, алаштанушы Тұрсын Шаңбай және осы жолдардың авторы кірді.
Ескерткіш сол жағалау, жаңа көпірдің астыңғы жағына қойылмақшы-мыс деген сыбыс таралған. Сондықтан ең алдымен осы үлкен алаң талқыға түсті. Бұл тасалы, әрі елеусіздеу жер. Көбіне жастар жағы бас қосады. Сондықтан «Ғашықтар алаңы» деген арнайы композицияға сұранып-ақ тұр. Оның алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ескерткішіне лайықты орын емесі дәлелсіз-ақ айқын деп бірауыздан шешілді.
Енді оң жағалауға көз салар болсақ, онда тұрғын үйлер Ертіс жиегіне төніп-ақ тұр. Егер жаяу кісі немесе велосипедші сонау Шығыс саяжайына дейін өзен жиегімен өтер тротуарға орын қалдырылса әңгіме басқа (мұны ойлап бас ауыртатын бас архитектор қайда десеңізші…). Сонда халықтың дем алып серуендеуі де, еңселі ескерткіш қою да қиынға соқпас еді. Амал жоқ, көрікті жаға негізінен жекенің жетегінде кеткен секілді.
Сөйтіп, жиылған топ назарын Ленин көшесіне аударды. Көзбен көруге көше соңындағы Жеңіс сквері мен Балалар паркі арасына жетіп, ат басын іріктік. Осы тұс «менен артық орын таппассыздар» дегендей, көрікті де тыныш аллея бірден-ақ көз тартты. Алайда Әлекеңдей әлемдік тұлғамыз құрметіне аллея аздық етпей ме? Көңілді көншітетіні – оның екі қапталы бос екен, келешекте аллеяны кеңейтіп, «Әлихан алаңы» деген жаңа алаң жасауға толық мүмкіндік бар. Дәмеліміз. «Қайда барасың?» дегенге «Әлихан алаңына», «Қайдан келесің?»-ге «Әлихан алаңынан» деп жатсақ керемет емес пе. Тарихи әділеттілік дегеніңіз де осы болса керек. Алаңды жасауға бүгінгі билік дәрменсіз болса, келер ұрпаққа аманат! Тағы бір сөзіміз, Жеңіс скверінің төргі бөлігі «Алаш арыстары аллеясы» атануға тиісті. Онда Алаш құрбандарының есімдері қашалған мәрмәр тастар қойылса айып па?
Қыл қысқасы, аталған орында әзірше Әлихан ескерткіші қойылсын, ал келешекте кешенді алаң жасалуға тиіс деген қорытынды түйін комиссия мүшелері тарапынан бірауыздан құпталып, актіге қол қойылды.
Монументке неге Ленин көшесі таңдалған? Оның тарихи-мәдени негіздемесі қайсы? Енді осыған аялдайық.
Өлкетану музейінен (бұрынғы губернатор үйі) басталатын аталмыш көше, біле білсек, Семей Семей болғалы қаланың қан тамырындай бүлкілдеген нағыз іскерлік және саяси-мәдени орталығы. Осы көшеде кілең екі қабатты әдемі кірпіш үйлер бой түзеді (оның сегіз ғимараты бүгінгі таңға жетіп, әлі күнге халыққа қызмет етуде). Әлихан Бөкейханов 1904-1908 жылдары Семей қаласына Орыс географиялық қоғамы немесе кадет партиясы шаруасымен келіп-кетіп жүрген сапарларында көше бойындағы мекемелерде (кітапхана, Статикалық комитет, банк және т.б.) уақытын сарп еткен ғой. Ал шығысқа қарай татар көпестері майқарағайдан көтерген қос қабатты тұрғын үйлер қатары бастау алған. Әсіресе, 1917 жылғы Ақпан төңкерісі уағында талай алаш азаматы қолайлы қонысты осы Таткрайдан тапты.
Реті келген соң айтқан жөн, шын мәнінде зор сілкініс әкелген Ақпан төңкерісі болатын. «Ақ патша құлады» деп қазақ халқы, барлық кіші ұлттар бөркін аспанға атқаны қоспасыз шындық. Сол қуаныш ақталып, сегіз ай халықтар алаңсыз, тынышта өткерді. Бірақ Қазан төңкерісін алаштықтар бекер тіксіне қарсы алмаған (Ақпан төңкерісіне екі жыр арнап қуанған Шәкерім Октябрь төңкерісі жайлы «ләм» демейді. Себебі, оның тек күшке сүйенгені әу бастан-ақ байқалып қалған-ды). Біз пақырлар бостандық Қазан төңкерісімен келді деп шатастық, шындығында ол дүлей күш пен қанды бүліктің басытұғын.
Сенсеңіз, жаңағы сегіз ай бойы Алаш арыстары Керенский басқарған Уақытша үкіметпен жақсы қарым-қатынас орнатып, аралас-құралас жұмыс жасаған. Оған бір дәлел мынау. «1917 жылдың март айында, – деп жазады қала тарихының білгірі В.Кашляк «Бастау» атты мақаласында, – қазақтың буржуазияшыл ұлтшылдар тобы Семейде Комитет құрып, Уақытша үкіметтің жоғын жоқтады. …Іле-шала Алаштың «Сарыарқа» атты газетінің тұңғыш нөмірі жарық көрді» («Семей таңы» газеті, 1989. – 11 тамыз).
Бұл деректе мақала авторы «ұлтшылдар тобы» дегені – келешек алаш қайраткерлері. Ескі Семейде алғашқы қазақ Комитетін құрған және алаштың тұңғыш газетін шығарған осы топ еді. Ал сол дүбірлі күндерде сан алуан жиындар өткен ғой, сол әйдік ғимарат қайсы? Ол – қазіргі Өлкетану музейі орналасқан «Губернатор үйі». Ақпан төңкерісінен соң ол «Бостандық Үйі» аталып, күллі басқосулар сонда өтуі дағдыға айналған. Соның бірінде Әлекең басшылығымен жаңа Кашляк айтқан қазақ Комитеті дүниеге келген-ді.
Қазақ автономиясын құру мақсатында 1917 жылдың 21 қазанында Омбыдан жеткен Әлекеңді жұртшылық осы Ленин көшесінде қарсы алды. Мұны қалай айтпасқа. Ертеңінде сол жағалауға өтіп, Заречная слободка (қазіргі Жаңасемей) тұрғындарымен кездескен. Бұл жайында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласы «Сарыарқа» газетінде жарық көрді. Бақсақ, Әлихан Бөкейханның қызметі төңкеріске шекті де, онан кейін де Ленин көшесімен байланысты болған екен.
Тағы бір дерекке көз тігелік. 1918 жылдың қысында Алаш автономиясы үшін қиын күндер туған. Себебі, Семей қаласында билікті ақтардан қызылдар тартып алды. Бірақ заңсыздық пен езіп-жаншудың көкесін көрсетіп, жұртты қанға бөктірген Советтер ұзаққа бармады. Маусым айында құлады.
Сол күндері Семейде қазақ атты әскер полкі жасақталғаны жайлы «Сибирская речь» газеті былайша қуана паш етеді: «…Семейге қырдан қазақ отрядтары жетті. Маусымның алтысы күні кешкі сағат алтылар шамасында олар қалаға кірді. Никольск шіркеуі қасындағы алаңда оларға салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Давыдов құттықтаулар айтты. Кездесу кезінде алаңға белгілі ұлт қайраткері Ә.Бөкейханов келді. Оның құрметіне подполковник Тоқтамышевтің ұсынысымен салт аттылар «Алла» деп жар салды».
Міне, бұл мәлімет-репортаж да қазіргі Ленин көшесінде болған тарихи оқиғаны паш етеді. Никольск шіркеуі – Орталық парктің орнында тұрған орасан зор собор. Ол 1935 жылы қиратылып, оның кірпішіне Б.Момышұлы мен Ә.Найманбаев көшелері қиылысындағы «Мамандар Үйі» салынған болатын. Айтпақшы, Колчак үкіметі мен Алаш Орда үкіметі әскерлері тізе қоса отырып, қызылдарды Алтай өлкесіне дейін қуып барады. Осымен, осыдан үш ай бұрын құрбан болған Қазы Нұрмұхамедов сияқты боздақтардың кегі қайтарылды.
Өздеріңіз аңдадыңыздар, тап Ленин көшесіндей Әлекеңнің бәтеңкесінің ізі қалған өзге жер қалада жоқ. Оның дәлеліне үш оқиғаны тілге тиек еттік. Алаш қайраткері ескерткішіне таңдау неге осы көшеге түскені енді түсінікті болар деген ойдамыз, қадірлі ағайын.
Сонымен, бұйырса, бірер айда қала орталығы – Ленин көшесі бойында жаңа аллея ашылмақшы. Оның төріндегі биік тұғырда сол жағалауға – бүкіл қазақ даласына көз тіккен бабамыз Әлихан Бөкейхан бейнесі асқақтап тұруы, әрине, жас ұрпақ санасына сәулесін түсіріп, көңіліне сенім құятын болады. Осынау жарқын тарихи оқиға күллі семейліктерді селт еткізіп, рухына серпін берер деген үміттеміз. Шаһарымызда Абай, Мұхтар тілінде сөйлеу, ұлттық терең тамырға оралу сияқты жаңғыру басталып кетсе, оған не жетсін. Осыған сенгіміз-ақ келеді.
Асан Омаров,
өлкетанушы.Семей.