II кезең, 1905-1907 жылдар аралығы
Бұл кезеңде негізінен Бір және Екінші Ресей Мемлекеттік Думасының қазақ депутаттары, Қарқаралы петициясы, Қазақ кадет партиясы, Алаш қозғалысының басшылары Әлихан, Ахмет, Міржақыптың Семей түрмесіне қамалуы туралы тарихи оқиғалар айтылып, әңгіме болады.
Алдымен бір және екінші Ресей мемлекеттік думасының қазақ депутаттары жайлы әңгімелеп кеөрелік.
1905-1907 жылдар аралығында Бірінші және Екінші Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты болып кадет партиясының мүшелері Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбаев, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов, Дәуіт Ноян Тұндыт, Молда Тайынұлы мен халықтық-мұсылман партиясының мүшесі Сәлімгерей Жантөрин, мұсылмандар фракциясының мүшелері Бақтыгерей Құлманов, Шәймерден Қосшығұлов, Темірғали Нұрекенов, Тілеулі Аллабергенұлы, Бақытжан Қаратаев сайланды. Үшінші Ресей Мемлекеттік Думасына қазақтар депутаттыққа сайланбады. Оған негізінен Мемлекеттік Дума мінбесінен Қазақ жеріне Ресейдің ішкі аймақтарынан қоныс аударып келушілер санының артуы және олардың жергілікті халықты шұрайлы жерлерінен ығыстырып шығара бастауы секілді мәселелердің өткір қойылып, үлкен наразылықтардың туындауы басты себеп болды. Сол себепті қазақ зиялылары Думаға депутат болып сайлану құқынан айырылды.
Бірінші Ресей Мемлекеттік Думасы патша үкіметі тарпынан таратылған тұста депутаттардың басым бөлігі Санкт-Петербургке таяу орналасқан Выборг қаласына жиналып, Ресей патшасына демократиялық құқықтардың сақталмауына байланысты саяси наразылық білдірген үндеу жариялады. Бұл тарихта Выборг үндеуі деп аталады. Міне, осы саяси наразылық акциясына қатысып, Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін үш ай мерзіміне бас бостандығынан айырылған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1908 жылдың басында Семей түрмесіне абақтыға қамалады. Ол туралы Ә.Бөкейхан «Қазақ» газетіндегі «Кәкітай» атты мақаласында: «…Бірінші Г. Дума депутаттары саясат әдісіне сайланған жерде абақтыға отыралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908 жылы Семейге келдім. 1908 жылы Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда олар тағы келіп амандасқан. Бұған өзге қазақ жарамады-ау…», – деп жазды.
Қарқаралы петициясы туралы
1905 жылдың маусым-шілде айларында Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Көлбай Төгісов және т.б. қатысуымен Қарқаралы петициясы жасап дайындалды. Бұл құжатқа Қоянды жәрмеңкесіне жиналған еліміздің игі жақсылары 14 мың 500 адамның атынан қол қойған. Мұнда қазақ халқы атынан патша үкіметіне әкімшілік басқару, сайлау жүйесін қайта құру, сот ісі, мектеп мәселесі секілді жалпы жиыны 11 (кейбір деректерде – 43) тармақтан тұратын саяси, әлеуметтік-экономикалық талаптар жіберілді. Қарқаралы петициясын орысшаға Екінші Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Темірғали Нұрекенов аударды.
Осы Қарқаралы петициясы туралы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Ақаңның елу жылдық тойы» мақаласында: «1905 жылы Қарқаралыда Ақаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылдардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын мүфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан, Ақаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған», – деп жазды.
Қазақ кадет партиясы
1905 жылы Оралда бес облыстың құрылтайы болып, онда қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылғаны мәлім. Осы құрылтай жұмысына көрнекті қазақ, татар қоғам қайраткерлері: Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ғ.Тоқай, А.Бірімжанов, Б.Қаратаев, Ш. Қосшығұлов, М.Тухватуллин, Б.Құлақметұлы және тағы басқа алаш қайраткерлері барып қатысты. Осы жылдың 25 желтоқсанында «Фикер» («Пікір») газетінде Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының бағдарламасы жарияланды.
1906 жылы бұл құрылтай өкілдерінің құрамында Міржақып Дулатов Санкт-Петербургке келіп, мұнда алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының өкілдері: Сералы Лапин, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов тәрізді қайраткерлермен кездеседі.
Сол 1906 жылдың жазында Семейде Қазақ кадет партиясының кезекті жиыны өтіп, оған 150-ден астам делегат қатысты, ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы құттықтау сөз сөйледі, партияның бағдарламасы қабылданды.
Алаш қозғалысының басшылары Әлихан, Ахмает, Міржақыптың Семей түрмесіне қамалуы…
Алаш қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейхан 1906 жылы – Павлодар және Омбы, 1908 жылы – Семей, ал Ахмет Байтұрсынов 1907 жылы – Қарқаралы, 1909 жылы – Семей түрмелеріне қамалса, олардан соң 1911 жылы Семей түрмесінде Міржақып Дулатов біржарым жылдан астам уақыт тар қапаста отырып шықты. Абақтыдан кейін Әлихан Бөкейхан Самараға, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Орынборға саяси жер аударылады.
Ол жайында Міржақып Дулатов «Қазақ» газетіндегі «Қазақ» баспаханасы мақаласында: «1916 жылы 12 августа Орынбор губернаторына жергілікті жандармения бастығы полковник Кашинцев жолдаған құпия ақпарында:
«1. Ахмет Байтұрсынов 1909 жылы Қарқаралыда өкіметке қарсы іс істегені үшін абақтыга жабылған адам. Министрдің жарлығы бойынша екі жылға жер аударылған. Орал губернаторының телеграммасында Байтұрсынов 25 июнь жарлығына қарсы қазақты құтыртты дейді.
- Міржақып Дулатов 1911 жылы июнь ішінде «Оян, қазақ!» атты кітабын таратқаны үшін Семейде абақтыға жабылды. 103 һәм 129 статъялар бойынша айыпталып, Семей окружной сотының үкімі бойынша 19 ай қамауда отырды. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Дулатовтың үйіне және редакцияда тінту болды, бірақ ештеңе табылмады.
- Әлихан Бөкейханов бірінші Г. Дума ағзасы, кадет. 1912 һәм 1913 жылдар Бөкейханов социалист-революционер партиясына қатынасып жүргендігі сезілді. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Самара жандарм мекемесіне білдірдім, олардан бұларды сыртынан бақылап жүрміз деген хабар алдым» деп жазған екен», – деп жазды.
Мұратбек Мұфтиұлы, тарихшы, Семей қаласы.
P.S. Қарқаралы петициясы және оның тарихи маңызы
Тарихи анықтама:
«Весной 1905 года, с наступлением привольной жизни, в степи на летних стоянках начались сьезды, на которых обсуждались местные нужды и нужды всей киргизской народности. Все больше степные ярмарки этого года стали ареной киргизских политических сьездов, где киргизы обсуждали и подписывали, поданные потом Высочайшее имя, петиции. На этих же сьездах были избраны делегаты, уполномоченные лично подать эти петиции. Религиозные и земельные вопросы стояли у киргиз впереди вопросов политической свободы.
В составлении петиции принимали участие, с одной стороны, интеллигенция, воспитанная на русской литературе, верующая в европейскую культуру, видящая счастье родины в здравом претворении плодов западной культуры и считавшая религиозные вопросы второстепенными, при наличности обещанной 17 апреля свободы веротерпимости. С другой стороны, выступала и интеллигенция, воспитавшаяся в духе восточной ортодоксии и национально-религиозной исключительности. Эта последняя выдвигала религию на первый план: в мусулманской схоластике она видела и продолжает видеть науку, который никто и никогда превзойдет; киргизский народ, и вообще магометан, она ставит выше всех народов, искренне и сознательно отождествляя религиозное единство с единством национальным. Если провести некоторую аналогию с русской интеллигенцией, то можно было бы назвать западниками, а вторую тюркофилами и поборниками панисламизма»
Дереккөзі: Букейханов А. Киргизы. Формы национального движения в современных государствах. Под ред. А.И. Костелянского, СПб, 1910.