Қиял құсы…
Ол құстың иесі – ақын. Ұяң кісі.
Түннен жасап алардай тамаша әлем,
Бойына бар ғаламның сияр күші.
Жоқ оның одан басқа зиянды ісі.
Сүйінші, ағайын! Баянауыл аудандық “Баянтау” газетінің тілшісі, от ауызды ақын Еламан Қабділәшім халықаралық “Қызай Ана” қоры ұйымдастырған “Айбынды Алашым” жыр мүшәйрасынан бас жүлдеге ие болды!
«Қызай ана» қоғамдық қоры 6 жылдан бері Алматы облысы Талғар ауданы Өстемір ауылында Наурыз мерекесін өткізіп келеді. Биыл мереке аясында Алаш Орданың 100 жылдығына орай «Айбынды Алашым» атты жыр мүшәйрасын өткізген болатын. Мүшәйраның мақсаты – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін ұлықтаумен бірге бүгінгі жастарымызға Алаш рухын дәріптеу. Қызай ананың тұлғалық, кісілік келбетін айшықтап, жастарға өнегесін көрсету. Мүшәйра шарты бойынша жыр додасына 30 жасқа дейінгі жас ақындар қатысты. Бір өлең Қызай ана образына арналып, оның рухани бейнесін кестелі тілмен өрнектеуі керек. Бұдан бөлек, Алашорда үкіметі туралы патриоттық өлең, еркін тақырыпта бір өлеңін қоса жіберуі тиіс екен. Жыр аламанының қорытындысы 23-ші наурызда Өстеміс ауылында өткен Наурыз мерекесінде жарияланды. Өлең өлкесіне өзіндік леппен келген жас ақындардың арасында Еламан Хасенұлының өлеңдері Бас жүлдеге лайық деп танылыпты.
“… Айтпассың қаның арзан деп,
Жаның арзан деп…
Бекіген жанға Ар – Заң боп…
Болашақ үшін сөйлеймін асқақ,
Жүсіпбек болып… Мағжан боп…” ұлттық рухы бойында асқақтаған әріптесімізді жүлдесімен құттықтаймыз! Өмірі өлеңмен өрілген Еламанның отты жырлары талайдың жүрек түкпіріне жете білді. Ерекше шабытпен жыр керуенін түзген ақынның арда жырлары толастамасын!
Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.