«Мал – игілік, сауда – пайда» – деп білген халқымыз қашаннан жәрмеңкелерді жатсынбаған. Қазақ жеріндегі жәрмеңке тек сауда-саттықпен ғана шектеліп қалған жоқ, мәдениеті мен тұрмысын қатар таныстырған көште несібесі мен нәсібін қатар молайтты.
XIX ғасырда қазақ даласында сауда-саттықтың жаңа түрі – жәрмеңкелер пайда бола бастады. Оған дейін ұлы дала елінде ғұн дәуірінен бастап айырбас сауда, керуен жолы саудасы дамыды. Көрші елдерден келген көпестер сауданың көбін Жібек жолы бойындағы ірі қалалар мен цитадельдерде ғана жүргізді. Ал, XIX ғасырда ірі қалаларда емес, әр түрлі өлкелік, уездік аймақтар таңдалып алынып, жылдың бір мерзімінде сауда-саттық жәрмеңкелері өтіп тұрды. Қазақ өлкесіндегі алғашқы жәрмеңке ошақтары Бөкей ордасы, Ақмола, Семей жерлерінде ашылды. Жәрмеңкелердің ашылуы барысында ел аралап сауда сату үлкен жобаға айналды. Сауда айналымының көлемі ұлғайып, қазақ жеріне Ресей, Қытай, Моңғолия, Орта Азия мемлекеттерінен көпестер мен саудагерлер келе бастады. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның әр түкпірінде маңызды жәрмеңке орталықтары ашылды. Солардың қатарында Қоянды (Қарқаралы уезі), Қарқара (Верный уезі), Шар (Семей уезі), Ойыл (Ақтөбе), Константинов-Еленов (Ақмола уезі), Тайыншакөл (Павлодар) жәрмеңкелері болды. Сауданың көрігі жылтыраған заттар мен тұрмысқа қажетті құралдар арқылы қызды. Мәдениетті қатар дамытқан кешегі сауда бүгінде заманауи тұрғыда қайта жанданды. Осы орайда күрсіне келе «бірақ» деген сөзді ауызға аламыз. Кешегі күнде көш үстінде өткен сауда мәдениетімізді мадақтаса, бүгінгі сауда керісінше мәдениетке сусап тұрғандай…
Алтын көріп, жолдан тайған періштенің кебі ме бұл? Бүгінде бұрыш-бұрышта болмаса да ауданымызда дүкендер қатары тізілген. Бұл қуанарлық, құптарлық жағдай. Керегін іздеп, қажетін сатып алады. Бірақ, мәдениеттен жұрдай деп жапсара қолданбасақ та, дөрекілік барлығынан болмаса да кейбірінен ұшқындап-ақ тұрады. Сауда орындары өз тұтынушыларына өркениет талаптарына сәйкес ыңғайлы да сапалы қызмет көрсете ала ма? Бұл да болса өкшелеп қалған мәселе. Ол аз десеңіз, сауда орындары тұтынушының алған затын полиэтилен дорбаға тегін салып беруге міндетті. Ал, оның өзін сатушылар ұсынған сәтте қолын жайып қайтарымын күтіп тұрады. Бұл жердегі мәселе бес теңгеге бола бет жыртысу емес, тұтынушылардың өз құқықтарын жетік білсе деген ниет. Етпен қарын тоқ, ниетпен жаның тоқ дегеніміз ғой. Тағы бір мәселе. Бір емес, мың… Сіз дүкенге барғанда чек талап етесіз бе?! «Ауылдық жерде оны не қыласың?», «Қағазды жинап қайтеміз?», «Оның өзі ерсі көрінеді» – деген жауаптар күнделікті өмірде қарапайым жайттарға айналып кете барады. Сөйтіп, талай шындықтың беті сол қағаздың астында қалып қояды. Осы ретте Баянауыл ауданды бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Әсет Мәулетұлын сөзге тартқан едік. «Кәсіпкерлер толығымен өздерінің табысын декларацияда көрсетуі керек. Сол арқылы олардың мемлекетке төлейтін салық көлемі шағыралады. Салық – мемлекеттің қуатын арттырып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына септігін тигізеді», – дейді ол. Алған тауарыңа чек талап ету ең біріншіден, тауардың сапалылығына жауап береді. Екіншіден, чек алу арқылы әр тұтынушы мемлекеттік бюджетті толықтыруға үлес қосады. Осы төңірегіндегі мәселелер сөз болғанда тұтынушылардың саудадағы сауатсыздығы қалқып шығады. Тауар бағасының шарықтауынан бөлек, сатушылардың келген адамды дұрыс қабылдамай, «арсылдап» тұруының өзі ерсі әрі тұтынушы құқының тапталғанын көрсетеді. Аталғандардың барлығына көз жұма қарайтын қарапайым тұтынушы қашанғы кәсіпкерлер мен саудагерлердің ырқына көне бермек?
Түйе сойып, ешкі сойғаннан дәмететін кейбір кәсіпкерлер бұл мәселені жылы жауып, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен көлеңкелі бизнесінің арқасында көлбеңдеп жүр. Нарық, нарық деп қарапайым халықтың қалтасын қаққаны былай тұрсын, адамгершілік пейіл мен адами пиғылдың орны ойсырап тұрған кей жерлерге кіріп, жаның ауырады. «Бағасы не деген қымбат еді?» деген сатып алушының сұрағын сұсты сатушының «біз қойған баға емес» деген қатқыл жауабы аяғына да жеткізбейді. Бағаның күн санап өсуіне етіміз үйреніп те қалды. Қош. Ол басқа әңгіме. Бірақ, адамшылықтан алыстамау керек қой. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» – дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны». Ұлтқа ұлықталған Абайдың 29-шы қара сөзі естеріңізде болар?! Көрсеқызар жеңілдік, арамдық пен арсыздықты тыйып, қазақы қалпымызды қайта түзейтін уақыт жетті. Көш жүре түзеледі деген бар. Бірақ сол көштің тоқтаусыз көшкенінің өзіне екі ғасыр болды. Сауданың сақал сипағанша екенін ұмытпаған абзал. Ал, адамдық пейіл, адал көңіл талай жылға азық.
Әлия ТАУКЕНОВА.