Сейсенбі, Тамыз 7, 2018
Негізгі > Бас баған > Қыз Жібек Төлегенінен айырылды: Құман Тастанбеков дүниеден озды…

Қыз Жібек Төлегенінен айырылды: Құман Тастанбеков дүниеден озды…

“Қыз Жібек” фильміндегі Төлеген рөлімен көпшіліктің жүрегін жаулаған белгілі кино және театр актері, Қазақстанның халық артисі Құман Тастанбеков өмірден озды деп хабарлайды NUR.KZ.

Қайғылы хабарды белгілі режиссер Асхат Маемиров өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған.

“Беу, дүние-ай… “Қазақтың Төлегені” – Құман Тастанбеков ағамыз бүгін мезгілсіз дүниеден өтті. Қазақ өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Құман аға шын мәніндегі xалықтың ұлы, Алаштың айтулы азаматы еді. Сондықтан xалыққа қайғырып көңіл айтамыз.

Ақ боз ат мінген, ақ сөйлеп, адал күлетін, ақиық Ағаның жүрегі тоқтады. Фильмде Қыз жібек “Иең қайда, ақ боз ат” деп егілетін. Өмірде де ақ боз ат иесіз қалды. Мықты болыңыз, Меруерт апа!!!

Көкірегіміз шерге толып отыр. Алайда Жаратқанның бұйрығына, жазмыштың ісіне не шара бар?! Қош бол, иманың жолдас болғай Құман аға!!!”, – деп жазады ол.

Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков 1945 жылы 10 наурызда Алматы облысы Сарқант ауданы Екіаша ауылында дүниеге келген. Актер, ҚР-ның халық артисі (1993 ж.). 1969 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін (ұстазы – профессор Х.Бөкеева) бітірген соң, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Оның алғаш ойнаған рөлі – “Қыз Жібек” фильміндегі Төлеген (1970 ж.). Бұдан кейін “Қыс – мазасыз маусым”, “Ағам менің”, “Ерекше күн”, “Аққулар ұшып келеді”, “Махаббат жаңғырығы”, “Ағама арналған қалыңдық”, “Қараша қаздар қайтқанда”, “Провинциялық хикая”, “Алаң шеті”, “Өрнек”, т.б. фильмдеріне түсті.
Ол театр сахнасында Қасым, Құлбек (Ш.Айтматов, “Ана – Жер-ана” мен “Ақ кемесі”), Әлібек, Нарша, Абыз (М.Әуезов, “Айман – Шолпан”, “Қарагөз” бен “Еңлік – Кебек”), Тәңірберген (Ә.Нұрпейісов, “Қан мен тер”), Жан (О.Бөкеев, “Құлыным менің”, Қазақстан Ленин комсомолы сыйл., 1976), Айдар (Әуезов пен Л.С. Соболев, “Абай”), Маздақ (М.Шаханов, “Сенім патшалығы”), Орест (Л.Дюрко, “Электра, сүйіктім менің”), Флоридор (Ф.Эрве, “Түлкі бикеш”), Фархад (Назым Хикмет, “Фархад – Шырын”), т.б. секілді әр алуан рөлдерді сомдады.
«Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері.

Nur.kz

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation