Дүйсенбі, Қыркүйек 3, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > СОНДА…МЕНІ ОЯТҚАН КІМ?

СОНДА…МЕНІ ОЯТҚАН КІМ?

Ей, шіркін, дүние-ай! Біз тіршілік етіп жатқан бұл тылсым дүние сұрауы көп, жауабы аз құпия сырға толы. Артыңда құдды біреу тесіліп қарап тұрғандай бойымызды үрей билейді. Шешімін таппаған сансыз сұрақпен күнделікті өмірде жиі кездесіп жатамыз.

Тұмажановтар әулетінде Дарханның әкесі, анасы және бір бауырымен үш бөлмелі мейірім мен шуаққа толы үйде тұрады.

Түн… Қою қараңғылық.  Қала көшесі. Дархан  достарымен бірге уақыт өткізіп, түннің ортасы болып қалғанын байқамай қалды. Подъездге келіп, баспалдақпен жоғары көтеріліп,үйіне келсе анасы мен әкесі оны күтіп отыр екен. Анасы оған дастархан жайып берді де, жаңалықтар көруге отырды. Бұл отбасының отағасы түсі жылы, көпті көрген парасатты адам. Баласының бұл қылығына бей-жай қарай алмаған Әкесі кешкі асын ішіп отырған ұлына:

 – Дархан, неге түнделетіп жүрсің, мұнша кешікпесеңші! – деді. Дархан әкесінің бұл сөзіне қарсы жауап қатты:

– Әке мен күнде осылай кешігіп жүрмеймін ғой.

– Балам, қарсы шықпа, уақытында келуің керек. Сен жаман болсын деп айтпаймыз ғой.

–    Әке, қойыңызшы, үнемі солай дейсіз!

– Осыдан кейін кешікпей кел!

Дархан әкесінің сөзін тыңдағысы келмей тамағын іше берді. Әкесі өзі түсінер деп ойлап ұйықтап қалды. Ішіне ел қондырып алғаннан кейін шаршап келген Дарханда бөлмесіне қарай  кетті. Түн тыныштығында Дархан көзін іліп, лезде ұйқы құшағына енді. Қара түнек қара атына мінгендей үй іші түгел маужырады.

 Қара көлеңкенің асыр салар кезі түн әлемінде Дархан шырт ұйқыда. Үш бөлмелі үйде екі ұлы бір бөлмеде қарама-қарсы ұйықтап жатқан-ды. Кенеттен әлдебіреудің есікті сықырлатып ашқаны сезілді де Дарханның бөлмесіне кіріп келіп, оны бір саусағымен  түртіп оятпақ болды. Дархан оянса да, көзін ашқысы келмей ыңырсыды да қойды. Оны тағы да бір рет темірдей қатты қолдарымен иығынан итеріп жіберді. Дархан шала оянды, көзін ашқысы келмей уқалай берді.  «Бар әкеңнің қасына барып жат» деген дауысты естіп, ештеңеден сезіктенбеген ұйқылы ояу Дархан әкесінің қасына барып жатты.

 Күн көкжиектен күлімдей жарқырады. Терезеден түскен күннің қызуы мен көзіне түскен жарықтан әкесі оянып кетті.  Қасында ұйықтап жатқан баласын көріп «кешірім сұраған түрі» деп жымиды да қойды.

Анасы таңғы ас әзірлеп, барлығын тамақтануға шақырды. Бүгінгі күні ерте тұрған анасы Дарханның сүйікті асын дайындап қойған. Ұйқыдан тұрып дастархан басына отырған Дархан:

– Мама сіз түнде мені ояттыңыз ба? –деп сұрады.

– Жоқ,балам мен емес.

– Әке, сіз емес пе?

– Жоқ, мен ұйықтап жаттым ғой, тұратын шамам да болған жоқ, – деді.

– Мені біреу түнде оятып, Әкеңнің қасына барып жат деді, әлде ағам болды ма екен!?

– Сұрап көр, – деді анасы.

Ағасы ұйқыдан енді ғана тұрып, таңғы асқа отырғанда Дархан:

– Аға, мені түнде оятқан сен бе? – деді.

– Жоқ, – деп жауабын қысқа қайырды.

Дархан түкке түсінбей оттай жанарынан жалын жалт берді. «Бұл не болды екен» деп бойын үрей билеп, қорқа бастады. Достары кейде тылсым дүние туралы әңгіме айтқанда құлақ аспайтын, енді дәл соның өзі ме деп үрейленіп жалтақ-жалтақ әкесіне бір, анасына бір қарады. Үркіп қалған жүрегі енді бөлмесіне жарық жағып жатуды жөн санады. Әкесі оның мазасызданып отырғанын көріп:

– Екеуімізді татуластырайын деген тылсым күш қой. Айтқанымды тыңдап, тілімді алып жүр. «Бір күн ұрыстан, қырық күн береке кетеді» деген ата-анаға қарсы шығуға болмайды. Бұл әлемде жұмбағы көп сырға толы шешілмеген құпиялар қаншама!

         Үй іші әкесінің сөзінен кейін жүректері орнына түсіп, сейіліп қалғандай болды.

 

БОТАКӨЗ КЕНЖЕХАНОВА

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, журналистика мамандығының студенті

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation