Сенбі, Наурыз 17, 2018
Негізгі > Тарих > АБАЙ ӘЙГЕРІМГЕ НЕШЕ ӨЛЕҢ АРНАҒАН?

АБАЙ ӘЙГЕРІМГЕ НЕШЕ ӨЛЕҢ АРНАҒАН?

Абайдың аяулы жары Әйгерімге арнаған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды» деп басталатын шығармасы, өкінішке қарай, әлі күнге бүркеулі, бүгулі қалып, оның жазылу мерзімі де қате белгіленіп келеді.  Барлық Абай жинақтарында аталмыш шығарма «1884 жылғы» деп белгіленген.  Шындығында, бұл  өлеңнің тек екінші бөлімінің ғана жазылу мерзімі. Бастапқы бес ауызы онан он жыл бұрынырақ Абай Әйгерімді жолықтырған 1874 жылы жазылған. Онда сипатталған сұлу – анық Әйгерім дегенге дәлел, дерегіміз кәне?

1874 жылы Абайдың Әйгерімді (шын аты – Шүкіман) жолықтырғаны, Ақшоқыда екінші рет шаңырақ көтергені Әрхам Кәкітайұлының естелігінде тәптештей баяндалған. Онда Бекейдің бойжеткен қызы Әйгерім былайша суреттелген: «Кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді, ақша жүз, алқызыл бетті, күлкісі бұлбұлдың сайрағанындай қыз екен» (Абайдың өмір жолы. Естелік. –Семей, 2010. -61 бет). Қарап отырсақ, Әрхам айтқан өмірдегі Әйгерім мен Абай өлеңіндегі сұлу бойжеткен арасында айырма жоқ. Мұны ескеруге тұрарлық маңызды өмір фактісі деуге керек.
Енді мықты дәлелімізге келейік. Ол – «Қақтаған ақ күмістейдің» екі бөлімнен екендігі. Яғни екі өлең бір-ақ туынды болып басылып келеді.
Бастапқы бес шумақ пен оған жалғасқан келесі бес шумақ тақырыбы,  идеясы жағынан да өзгеше.  Жырдың бас жағы мен аяқ жағы сәйкес емесіне ең алғаш ғұлама Мұхтар Әуезов назар аударған-ды. «Жырдың бас жағындағы өлеңнің тақырыбы қазақтың бой жеткен қызының сырт көрінісін, пішін, мүсін келбетін суреттеуге арналады», – дейді бас абайтанушы.
«Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?» деп басталатын екінші бөлімі ше? «Екінші бөлімі, – дейді Мұхаң, – Абайдың бұл өлеңін композициялық тұтастық, көркемдік күйден айырып, әлсіздікке ауыстырып әкетеді. Оның себебі – өлеңнің бас жағы бір тақырыптан басталып, аяқ жағы екінші бөлек тақырыпқа ауысқаннан. …Басында сұлулыққа сүйсіне сөйлеп, кейін ұрсып тоқтайды» (Абай Құнанбайұлы. Монография. -Алматы, 1995. – 105-бет).  Көріп отырмыз, М.Әуезов жырдың бас жағы мен аяқ жағы сәйкеспейтінін соқырға таяқ ұстатқандай ғып айтқан.
Тұңғыш жинақты шығарушылардың (Кәкітай, Тұрағұл) екі өлеңді бір-ақ туынды қылып басқаны несі? Мұның мәнісі неде? Оны төменде сөз етеміз. Қазір өлеңдегі екі бөлімнің жазылуы мерзімі бөлектігіне назар аударайық.  Бірінші бөлімнің («Қақтаған ақ күмістей» деп басталатын) жігіт Абайдың, екіншісі («Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?» деп басталатын) – ағартушы, ақылшы Абайдың стилінде жазылғаны  айқын көрініс береді.
Мәселе сонда, Абай эволюциясының саты-сатысы бойынша жырдың бас жағы – жігіт Абай өз басының тәжірибесін жырлаған ұзақ кезеңдікі (1870-1879 ж.ж.) де, ал аяқ жағы – оқымысты Абай қоғамның мінін, елдің мінезін қатты ашумен, ұрсып айтқан сыншылдық кезеңнің өнімі (1884-1886 ж.ж.)
Сөйтіп, әр шығарманың дәлді дерегі мен ішкі мән-мазмұнына сүйене отырып, олар («Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» және «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?») Абайдың даму жолының екі басқа кезеңінен деген қорытынды түйінге келеміз.
Осымен, 1909 жылғы тұңғыш жинақта екі туынды бір-ақ өлең болып басылғаны қалай деген мәселеге қайта оралайық.
Абайдың тұңғыш жинағын даярлаған Кәкітай, Тұрағұл қаңқу сөз тумаса және адамдар арасы ашылмаса дегенді қатты ескерген екен. Мұхаң сөзінше: «Сол Абай сынаған адамдардың өзі немесе бала, бауырлары «баспаға шығарушы адамдарға өкпелейді», «араздық ұстанады» деп жасқанып қалған».
Осы себептен, сенсеңіз, Абайдың қырық шақты жеке адамдарға (мәселен, Абыралы, Көкбай, Күлембай, Оспан, Әбдірахман, Тәңірберді, Дүтбай, Қыздар, Рақымшал, Күйісбай, Разақ, Ғабидолла және т.б.) арнау өлеңдері  арасынан тек үшеуі ғана тұңғыш жинақта басылған.
Жинаққа енген үш өлең қайсы десеңіз, олар: Әйгерімге («Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы»), Ақылбайға («Ата-анаға көз қуаныш») және Көжекбайға («Бөтен елде бар болса»).  Бірақ, осы үш өлеңнің өзі де кімдерге арналғаны бүгулі, көмескі қалуға тиісті болатын. Аталған үшеуіне де бөтен туындылар тіркеліп, қосақтала басылғаны сол. Нақтылы айтқанда, «Ақылбайға» деген арнауға  «Тайға міндік» өлеңі, «Көжекбайға» деген арнауға тіпті бір емес екі өлең (бірі – «Әркімде-ақ бар ғой туысқан», енді бірі – «Жалығуды пәледен, жұрт ұмытты біржола» деп басталады) тіркелген.
Міне, 1909 жылғы тұңғыш жинақта Тұрағұлдың анасы Әйгерімге арналған «Қақтаған ақ күмістей» деп басталатын жырдың саналы түрде тасалануы осымен өз түсінігін табады.
Сөз соңы, ұлы Абайдың жастық дәуірінен жеткен бір әдемі белгіні, сүйіктісінің сымбаты тебіренткен шақта шығарған бес шумақты  «Әйгерімге» деп атап, оны өз орны – 1874 жылға шегерудің уақыт жетті деген ойдамын. Абай жинағы редакторларының құлағына алтын сырға, осы арнау мен «Тайға міндік» өлеңі бір мезгілдің туындылары. Жоғарыда айттық, «Әйгерімге» жалғасқан «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?» деген өлең өзінің заңды орнында – оны қозғау керек емес. «Қақтаған ақ күмістейдің» қилы тағдыры жайында айтарымыз әзірге осы, ағайын.

Асан Омаров,
Зерттеуші ғалым.
Семей қаласы.


[ig-posts-carousel post_type=”post” cat=”тарих” posts_num=”12″ posts_per_slide=”3″ show_image=”true” show_excerpt=”false” autoplay=”true” arrows=”false” dots=”true”]

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation