Нақтылықтың болмауы өмірде кедергі жасайды. Ол көп істің уақытында жасалмауына әкеліп, соның салдарынан жұмыста немесе сабақта бітпеген жұмыс көбейе береді. Ал ол уайымға және күйзеліске әкеледі. Сондықтан уақытында бәріне үлгерудің денсаулыққа да пайдасы бар.
Неден бастау қажет?
Бәріне үлгеру үшін ми белсенді жұмыс істеуі керек.
• Ол үшін алдымен ұйқыны қандыру керек. Ересек адам қалыпты түрде тәулігіне 7-8 сағат ұйықтауы қажет.
• Дұрыс тамақтануды бастаңыз. Нақты тәртіп пен дұрыс тағам ағзаны қажетті ресурспен қамтамасыз етеді.
• Спортпен айналысыңыз. Күні бойына қуат сыйлайтын таңғы жаттығудан бастап, берік иммунитетті қамтамасыз ететін машықтандыруға дейін ағзаға пайдасы зор.
Кедергілерді жоюға көмектесетін кеңестер:
Уақытты жоспарлаңыз. Өзіңізді болашаққа әрі жақын уақытқа жоспар құрып жүруге үйретіңіз. Күнде кешкілік ертеңгі күнді жоспарлауға арналған уақыт бөліңіз. Түрлі түсті қаламмен істің маңыздылығына қарай бөліп жазыңыз. Орындалған істерді тізімнен өшіріп жүріңіз.
Алаңдататын жағдайларды болдыртпаңыз. Жұмысқа кірісер алдында барлық әлеуметтік желілерді жабыңыз. Егер маңызды қоңырау күтпесеңіз, ұялы телефоныңызды да сөндіріп тастаңыз. Өзіңізді ең жиі алаңдататын жағдайды анықтап, соны біртіндеп жоюға тырысыңыз.
Барлығына үлгеру үшін ол «сіздің мүмкіндік шегіңізде» болуы керек. Өзіңізге арналған тапсырма көлемінің мүмкін шегін анықтап алыңыз. Егер мүмкіншілігіңізді арттырғыңыз келсе, жұмыс көлемін біртіндеп ұлғайтыңыз. Мүмкіндігіңізді дұрыс бағаламасаңыз, ол күйзеліске және өзін-өзі бағалауыңыздың төмендеуіне әкеледі. Тапсырманың санына емес, сапасына жұмыс істеуге тырысыңыз.
Жұмыс орнын тәртіпте ұстаңыз. Әр элемент өз орнында тұрсын. Ол сізге қажет затты жылдам табуға көмектеседі. Сонымен қатар, артық заттар сізді алаңдатпайды. Жалпы үстелдегі тәртіп жұмыс атмосферасын сыйлайды.
Уақытты үнемдейтін заманауи технологияны қолдануға тырысыңыз. Мысалы, тұрмыстық деңгейде блендер, ет турағыш секілді басқа да ас үй техникалары тамақ дайындау уақытын екі есе азайтады.
Жақсы орындалған жұмыс үшін өзіңізді мақтаңыз. Марапаттау жүйесін ойластырыңыз. Мысалы, нақты деңгейге өссеңіз, өзіңізге керек қымбат дүние сатып алыңыз. Ойыңызда ұмтылатын мінсіз адамды жасамаңыз. Мінсіз адам болмайды. Оған жетемін деп кеткен күш пен уақыт білінбей қалады да, бәрібір жұмысқа үлгермей жүресіз.
«Бүгін жасауға болатын істі ертеңге қалдырма» ережесін ұстаныңыз. Жиналған жұмыстарды қалай да жасау керек болады, алайда оны біртіндеп орындаған жеңілге түседі. Орындалмаған жұмыстар жүгі сізді алаңдатып, қыспаққа алады.
Көмек сұраңыз. Егер бір нәрсеге үлгермей жатсаңыз, ұялатын ештеңесі жоқ. Мұндай жағдайда жақыныңыздан немесе әріптесіңізден (группаласыңыздан) көмек сұрай білу керек.
Кездесуге немесе жұмысқа шығар алдында 1 сағат бұрын дайындала бастаңыз.
Күн ұзақ болу үшін барынша ерте тұруға тырысыңыз. Қалай ұйқыдан тұруыңыз өте маңызды. Ұйқыдан ақырындап тұрудан және оятқыштың көп санынан бас тартыңыз. Төсектен бірінші дыбыстан бірден тұруды үйреніңіз. Тұрған бойда бірден терезені ашып, жаттығу жасауға кірісіп кетіңіз.
Жұмыс тиімділігі және ойдың айқындығы үшін үзіліс жасап тұрыңыз. Алайда ол уақыт та ақылмен толтырылған болуы керек. Үзілісті әлеуметтік желіде отырумен өткізуге болмайды. Мысалы, әр сағаттың соңғы 5-10 минутында далада жүріп келіңіз немесе көзіңізді жұмып, ештеңе ойламай демалыңыз. Сол кезде мидың және ағзаның төзімділігі артқанын байқайсыз.
Егер қалай тырыссаңыз да жұмыста үлгермесеңіз, оны жалғастырудың мәні бар ма екенін ойланыңыз. Егер айналысатын ісіңізді қатты ұнатсаңыз, оған өзіңізді толықтай арнағандықтан, қиындықтар аз болады. Егер күнде сізге негатив әкелетін іспен айналыссаңыз, өзіңізді күйзеліске ұшыратасыз.