Жексенбі, Шілде 29, 2018
Негізгі > Тарих > Есіл ме, әлде Есім бе?

Есіл ме, әлде Есім бе?

Бүгінгі Астананы Есіл өзенінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, осыдан он бес жылдай бұрын Ақмоланың шеткі бөлігі саналған оның сол жағалауы қазір адам танымастай өзгеріп, жаңа қала салынды. Есіл өзені болса елорданың орта бөлігіне таяп, оның құрылымы мен архитектуралық бейнесін қалыптастырудағы аса маңызды элементке айналды.

Міне, осы өзен атауы мені кейінгі кезде таң қалдырып жүр. Дәлірек айтсам, оның неге орысша Ишим аталуы ойландыра бастады. Айталық еліміздегі басқа өзендер Ертіс – Иртыш, Нұра – Нура, Іле – Или, Жайық – Яик деп орыс тілі ыңғайына қарай кетсе де қазақ мағынасын білдіріп аударылған ғой. Ал Есіл неге Ишим болды?

Таяуда соның бір сырын шамалағандай әсерде қалдық. Әлихан Бөкейхановтың “Русские поселения в глубине Степного края” деген мақаласындағы төмендегідей жолдарға көзім түсті: “После Иртыша р.Нура, что значит многоводная, и Ишим, получивший свое название от имени хана киргиз-казахской (киргизы себя называют “казах”) степи Есым хана, кочевавшего здесь со своими казахами в ХVІІ веке, представляют самые большие пресноводные реки в сердце Киргизского края, богатые прекрасные луга их, привлекавшие раньше летующих казахов Есым хана, впоследствии были облюбованы нашими киргизами, как зимнее пастбище”.

Сонда Әлекеңнің пайымдауынша бұл өзеннің аты 47 жыл ел билеген (1598-1645 ж.ш.) Есім ханның атымен аталған ғой. Осы тұрғыдан келгенде орысша транскрипциясы өткеннен хабар беріп тұр деген жөн болар. Әрине, мен бұл мәселеге байланысты қалыптасқан беделді ғалымдарымыздың көзқарас, пікіріне қанық емеспін. Алайда, бір ғана Әлихан ағамыз секілді айтулы тұлғаның жоғарыдағы сөздері тегін емес, әбден көңіл аударуға тұрарлық дерек қой. Бұдан шығатыны, қазіргі Астанамыз, қанатын кеңге жайған Есіл бойы ежелден бері қазақтың ел билеушілерінің құтты қонысы болғандығы. Ал қазақтың соңғы ханы Кенесары бұл өлке үшін қалай қан төккені белгілі. Соның айғағындай бүгінде батыр бабаның тұлпардың үстіндегі айбатты, салтанатты қола тұлғасы Есілдің оң жағалауынан орын тепті. Міне, осындай құрметке жоғарыдағы деректерді еске алсақ, Есім хан да әбден лайық екеніне көзіміз жеткендей.

Сондықтан, болашақта Есіл үстінен салынатын бір көпірге қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын, “Есім ханның ескі жолы”, “Еңсегей бойлы ер Есім” атымен халық жадында сақталған Шығай сұлтанның баласы, Орта жүз ханы болған бабаның атын беріп, ескерткіші бой түзесе қазақ жеріндегі ұрпақтар сабақтастығы мен дәуір байланысының символы ретінде ата-бабаларымыздың өшпес рухын көрсететін игілікті іс болар еді.

Өмірзақ Сұлтанов,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті.

Астана қаласы.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation