1. Ең бірінші айырмашылық – баға. Астана мен Алматыда бір бөлмелі пәтерді 80-150 мың теңгеге табуға болатын. Қазақстандағы орташа жалақымен (соңғы рет Алматыда 174 мың теңге деп оқыған едім) оның өзін төлеу оңай емес. Ал әлемдегі ең қымбат қала деген атағы бар Лондонда бір орташа бөлме 700 фунт, бізше 315 мың теңге. Қате жазған жоқпын, пәтер емес, пәтердегі бөлме ғана. Әрине одан арзаны да, қымбаты да бар. Басқа қалаларда арзанырақ: 300-400, солтүстіктегі қалаларда тіпті 200 фунтқа тұрып жатқан студенттерді көрдік. Жергілікті орташа жалақы жылына 23 мың фунт. Айына екі мың фунт, бізше 865 мың теңгенің шамасында. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Жалақы мен пәтерақыны салыстырсаң, қай елде жалдау қымбатырақ?
2. Қазақстанда жақын адамдар бірігіп пәтер іздейді. Англияда көршіңді көбінесе үйге барған соң көресің. Өйткені пәтер емес, жоғарыда айтылғандай бөлме беріледі. Әдетте бір үйде төрт не бес бөлме болады. Асүйді, екі (кейде үш) ваннаны және тамақ ішетін бөлмені көршілеріңмен бөлісесің. Студенттер болса бір жылға бір-ақ жалдауы мүмкін, жұмыс істейтіндер бірі келіп, бірі кетіп жатады. Әрине, бір, екі бөлмелі пәтер жалдауға да болады, бірақ қымбатырақ.
3. Қазақстанда маклер үйді тауып берген соң, жалға беруші мен жалдаушыны жайына қалдырады ғой. (Құдайға шүкір). Бізде “маклер” десең, “алаяқ” болып естіледі. Англияда да жетісіп тұрған жоқ. Бірақ агенттіктер Гуглдағы қолданушылардың пікіріне тәуелді, сондықтан жаманатты болмауға тырысады. Және үйді иесінен емес, Агенттіктен жалдайсың. Әр агенттіктің лейблі басылған көліктері бар. Барлық қағаздарды әдемі офистеріне барып бекітесің. Бәрі кәдімгідей ресми түрде бекітіледі.
4. Тым ресми деуге болады. Пәтер жалдай алу үшін табысыңды банктің анықтамасымен дәлелдеуің керек. Оған қоса сен төлей алмай қалған жағдайда орныңа пәтерақы төлейтін адам (гарант) тауып, оның да кірісі мен шығысын дәйектеуің керек. Бір айлық төлем көлемінде депозит қалдырасың. Пәтерден шығатын кезде келіп тексеріп алады, бәрі дұрыс екеніне көз жеткізген соң депозитті қайтарады. Оған қоса 200 фунт (бізше 90 мың теңгедей) агенттік ақысы бар. Ол әрине, қайтарылмайды. Ал Қазақстанда анықтама сұрап басыңды қатырмайды ғой. Бір айырмашылық. Бұларда бәрі қағаз жүзінде бекітілуі керек. Бірақ оны бюрократия деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені банктің анықтамасы, жұмыс орнынан анықтама деген сияқты қағаздардың бәрі автоматқа көшкен. Өзің, үйде отырып та шығара бересің (ЦОН-ның жұмыс қарқынымен осы стандартқа біз де жетерміз).
5. Қазақстанда келісімшарт деген жай ғана бір парақ қағаз (біздегі көп заңдар, ережелер сияқты). Ал Англияда, ол кәдімгі бұлжымай орындалатын тәртіп. Бір емес, он жеті беттік келісімшартқа қол қоясың. Кілтті жоғалтып алсаң 50 фунт, қабырғаға шеге қақсаң 100 фунт, пәтерақыны уақтылы төлемесең 40 фунт, агенттің үйге іздеп келуіне себепкер болсаң тағы 50 фунт деген сияқты айыппұлдары толып жатыр. Оның бәрін ойласаң, Қазақстанның “өзіміз ғой” жүйесі артық.))
6. Қазақстанда бірдеңе дұрыс болмаса үйдің иесіне айтасың. Ал мұнда агенттіктің вебсайтындағы арнайы формасын толтырасың. Жарты сағат өтпей агенттер телефон шалады, көрдік, тиісті мамандарға тапсырдық дейді. Сосын күтесің. Ұзааааақ күтесің. Бітелген құбырды не сынған тоңазытқышты жөндеулері ұзааақ. Жалпы, бұлар не нәрседе де асықпайтын сияқты. Таңғы оннан кешкі беске дейін ғана істейді, арасында екі сағат үзілісі бар.
7. Бір тамашасы, көбіне уайфай, жарық, су, қоқыс салығы, консул такс деп аталатын жылжымайтын мүлік салығы, т.б. жаңағы пәтерақыға кіреді. Және дадам! Үй жинайтын сервистері де соның ішінде. Келісімшарт бойынша аптасына бір рет келіп, үйді өздері тазалап кетеді.
8. Англияда орталық жылу жоқ. Бритиштердің өздері қоңырсалқын үйде қысы-жазы жүре береді. Көбіне тоқпен істейтін душтарының суы да біздікіндей ыси кетпейді. Қазақстанның жылуына әсте жетпейді. Суық су мен ыстық суы да екі бөлек краннан ағады.
9. Бұлар сен пәтерден шығарда ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, дастархан, қысқасы жиһаздан басқаның бәрін лақтырып кетуіңді талап етеді.
10. Еденге ковролан төсеп тастайды да, үйдің ішінде аяқ киіммен/жалаңаяқ жүре береді. Аяқ киіммен жүргендері маған ұнамайды, жалаңаяқ жүргендері өздеріне зиян. “Мынаумен қазір төсегіңе барасың ғой, еден таза емес қой” деп жатып тәпішке киюді көршілеріме әрең үйреттім.
Әсия Бағдәулетқызы