Сенбі, Сәуір 28, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Майталман ұстаз-ғалым Қыдырниязовқа 100 жыл! 

Майталман ұстаз-ғалым Қыдырниязовқа 100 жыл! 

1970 жылы емтихандарды тапсырып, Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенті атандым. Оның алдында, орта мектепті бітірер тұста, шақшадай баста неше түрлі арман, қиял дегенің жетіп артылатын. Сөйткенмен, әкемнің, ағалардың таңдауы облыс орталығындағы аталған жоғары оқу орнына түсті. Ол заманның баласы үлкеннің, ұстаздың алдын кесе көлденең өтпейтін, оның үстіне мал шаруашылығының білдей бір маманы әкең айтып отырса, он жетіге де толмаған жасқа амал қайда, басты шұлғып жетекке ердік.

Алайда, содан бергі аралықта Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқығаныма бір сәтке болса да өкінген емеспін. Өйткені, аталмыш оқу орны жастарға білім мен тәрбие берудегі жинақтаған тәжірибесі, сайдың тасындай профессор-оқытушылар құрамы, материалдық-техникалық базасы (оқу корпустары мен зертханалары, оқу-тәжірибе шаруашылығы, клиникалық базасы, құрал-жабдықтары және т.б.) талаптарға сай келетін сол кездегі республикадағы беделді институт болатын.

Негізінен, Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріне зоотехниктер мен мал дәрігерлерін дайындаған зооветинститутта кезінде небір білімі мен біліктілігі жоғары ұстаздар еңбек етті. Сондай айтулы тұлғалардың бірі ғана емес бірегейі үлкен ғалым Ғ.Н.Қыдырниязов болатын.

Біз оқуға түскенде зоотехникалық факультеттің деканы да осы кісі еді. Сонымен бірге Ғадылша Ниязұлы «Қой шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі қызметін қоса атқаратын. Біздің топтың кураторы А.И.Перевезенцев осы кафедрада доцент болып істейтін. Сондықтан бірінші курстан бастап біз деканды тек институт пен факультет дейгейіндегі іс – шара, жұмыстардан ғана байқамай, тобымызда өткізілетін жиындарда жиі көріп, кездесіп жүрдік.

Студенттер арасында және ұжымда ол кісінің беделі өте жоғары болды. Мұндай абыройға ол кісі қалай жетті? Осы сұраққа қаншама жылдардан кейін тәлім-тәрбиесін көрген шәкіртінің бірі ретінде жауап іздегенді жөн көрдім.

Өмірде бір көргеннен түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, сөз саптасымен ерекшеленіп тұратын адамдар болады ғой. Ғадылша Ниязұлы да сондайлардың қатарынан еді. Иә, ол адамды қандай қасиетімен көңілін аударушы еді? Бойы жағынан келсек, бәлендей деуге келмейтін, кәдімгі көпшілік қазақ секілді орта бойлы, мүмкін сәл биігірек болар. Дене бітімі арық та емес, толық та емес, құрыштан құйғандай дерлік, «Сократ» тектес жаратылған басы дене пішіміне сай, толқынданған бұйра шашты, қыр мұрынды, көз жанары шоқтай, сапта келе жатқан сарбаздай, қаздиып тік жүретін адам еді. Қағылездігі, әсіресе сәлемдескенде басы иіліп, ілтипатын аумаған жапондық стильде білдіруі жағынан басқалардан ерекшеленіп тұратын. Қашан көрсек те, қылау түспеген қара костюм-шалбар, жағасы крахмалданған ақ көйлек, қара галстукпен жүретін. Нағыз интеллигент адам осындай болар деп ойлайтынбыз.

Алайда, ең бастысы, ол кісінің көл-көсір білімі, адамның тілін табу, сөзге шешендігі таңырқататын. Әсіресе, Ғадылша Ниязұлының орыс тіліне жүйріктігіне, мінсіз жазбасына тәнті болатынбыз. Бізге қой шаруашылығы пәнінен лекция оқып, бірнеше топтан емтиханды да өзі алған еді. Тағы бір жағдай, ол заманда институтта сабақтар тек орыс тілінде жүргізілетін. Қазіргідей ана тілімізде оқыту, қазақ тобы деген жоқ еді. Студенттердің басым көпшілігі, ауылдан келген, қазақ мектебінің түлектері болса, ал ұстаздарымыздың көпшілігі басқа ұлт өкілдері болып келетін. Мәселен, ол басқарған зоотехникалық факультетте сол кезде кафедра меңгерушілері болып, «Ботаника және агрономия» – В.А.Архипов, «Механикаландыру және электрификациялау» – П.Г.Шульмейстер, «Органикалық емес және аналитикалық химия» – А.Л.Мазурова, «Органикалық және биологиялық химия» – А.З.Морозов, «Ұсақ мал шаруашылығы» – Е.М.Красилов, «Генетика және мал өсіру» – В.Ф.Зубриянов, «Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикасы және ұйымдастыру» – В.И.Середин және т.б. қызмет атқарды. Міне, осындай «мүйізі қарағайдай» доценттер мен профессорлармен (арасында Ұлы Отан соғысына қатысқан, Мәскеу, Ленинградтың жоғары оқу орындарының аспирантурасын бітіргендер де бар – Ө.С.) тіл тауып жұмыс істеуде, оқу–әдістемелік, ғылым және тәрбие мәселелерін ұйымдастыруда Ғ.Н.Қыдырниязов үлкен білгірлік, шеберлік танытты деп есептеймін. Оның жарқын дәлелі, ол кісінің сегіз жылдай, яғни 1968-1974 жылдар аралығында факультет деканы болып жемісті қызмет атқаруы дер едім. Ол кездегі зоотехникалық факультет жылына 150 студент қабылдайтын, сонда бес курста, сырттай оқитын студенттерді есептегенде мыңға тарта адам білім алатын. Осыған қарап факультеттегі жауапкершілік жүгі оған жеңіл болмағанын бағамдай беріңіз.

Адамның өмірден өз орнын тауып, қоғамға пайдалы істер атқарып, айтарлықтай із қалдырып кетуіне әсер ететін жағдайлар көп қой Соның ішінде, ел құрметіне лауазымды қызметі, не бір атақ дәрежесі арқасында ғана жетпейтіндігі белгілі. Осындай жағдайларды ескере отырып, мақаламыздың өзегі болған кейіпкеріміздің қалың көпшіліктің бірі болып қалмай, топжарған тұлғаға айналу сырына үңіліп көрейік.

Шындығын айтқанда бұрын ол кісінің өмір жолын жақсы білдік деп айта алмаймын. Студент кезде алып қашты әртүрлі әңгімелер еститінбіз. Оның нақтылы байыбына да бара алмаған сияқтымыз. Біреулер оны ұлты ұйғыр деп те айтатын.

Енді міне қолға түскен архив материалдарын қарап отырмын. Арасында оның өз қолымен жазған өмірбаяны бар екен. Онда Ғадылша Ниязұлы өзінің ұлты қазақ екенін, 1918 жылдың 16 ақпанында Орал облысының (бүгінгі Батыс Қазақстан облысы) Чапаев ауданында (бүгінгі Ақжайық ауданы) туғанын жазыпты. Анасы 1929 жылы, ал әкесі 1932  жылы қайтыс болып, ата – анасынан ерте айырылып, жетім қалғанын да атап кетіпті. Олардың негізінен мал шаруашылығымен айналысқанын, орташа шаруалар қатарында болып, ұжымдастырудың алғашқы жылдары колхозға кіргендерін айтады.

Жетімдік тауқыметіне қарамай Ғадылша білім алуға ұмтылып, 1931 жылы он үш жасында Орынбор астық совхозының «Совхозуч» аталатын метебіне оқуға түсіп, 1934 жылы оны бітіріп, слесарь-монтер, тракторист-комбайнер мамандығын алып шығады да, сол шаруашылықта трактор айдап, комбайнға отырып, астық ору науқанына қатысады. Бұған қанағаттанбаған талапты жас сол жылғы күз айында  Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі.1938 жылы оны зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен Жамбейті аудандық дайындау бірлестігінде мал тұқымын асылдандыру зоотехнигі қызметін атқарады.

Ақын Серік Тұрғынбекұлының «Қандай талант болсын табиғатына тартпай тұрмайды. Меніңше, албырт ақын жас Қасымның шабытын оятқан, Тайырға тектілік сыйлаған, Жұбанның жігерін жаныған осы Ақжайықтың ақ жал толқындары шығар деп ойлаймын» деген сөзі Ғадылша Ниязұлына да қаратып айтса артық болмас. Өйткені, оның жарқын өмірі осы сөздің дәлелі бола алады деп санаймын.

1939 жылы ол Алматыға келіп, зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенті атанады. Ондағы зоотехникалық факультетте бес жыл оқып, 1944 жылы жоғары білімді зоотехник дипломына ие болады. Осы кезден Ғадылша Ниязұлының түгелдей білім және ғылым саласына арналған өмірі бастау алады.

Институтты жақсы бітірген ол бірден КСРО Ғылым академиясының Алматыдағы Қазақ филиалының аспирантурасына түседі. Бұл ғылыми мекеме 1946 жылы өз алдына дербес академия ретінде құрылып, оның тұңғыш президенті болып Қаныш Сәтбаев сайланғаны белгілі. Міне, осындай ғылыми орталықта және сонымен қатар ел астанасы Мәскеуде зерттеулерін жүргізген Ғ.Н.Қыдырниязов 1949 жылы аспирантураны аяқтап, академияға қарасты экспериментальді биология институтына бірден аға ғылыми қызметкер болып қабылданады. Зерттеулерін біліктілікпен жүргізген талантты жас жігіт, көп ұзамай-ақ  1950 жылдың басында Мәскеуде «Изменения волосяных фолликулов кролика путем воздействия индия» атты тақырып бойынша биология ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап шығады. Бір қызығы, ол жұмысын Кеңестер Одағына аты шыққан Мәскеудің I медициналық институтында қорғайды. Бұл жағдай, сол заманда, 32 жасқа да толмаған қазақ баласының ел астанасында және ондағы шетінен ығай мен сығайдан құралған оқу орнының Ғылыми кеңесінде зерттеу жұмысын талқыға салып, абыроймен қорғап шығуы, жас жігіттің осал емес асыл болғанын, дайындығының мықты, жұмыс нәтижесінің маңыздылығын, құндылығын айғақтаса керек.

Осыдан кейін жас ғалым 1950-1955 жылдар аралығында Бүкілодақтық Ауыл Шаруашылығы Ғылымы Академиясының Қазақ филиалында алдымен «мал шаруашылығы секциясының» ғылыми хатшысы, онан соң осы мекеме Президиумының ғылыми хатшысы, кейін «мал шаруашылығы секциясының» басшысы болып қызмет атқаруы сол кездегі республикамыздағы бүкіл ауыл шаруашылығы ғылымы бойынша атқарылатын зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, жаста болса бас болып, жүргізіп отыруы оның ғылыми қабілетіне берілген лайықты баға деп түсінген жөн болар. Сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, 1950-1953 жж. аралығында ол Алматы қаласындағы бір аудандық атқару комитетінің депутаты болып сайланады.

1955 жылы Ғ.Н.Қыдырниязовтың өмірінің соңына дейін созылған жоғары білім саласындағы қызметі басталады. Шілде айында ол Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына ауысып, алдымен қой шаруашылығы кафедрасының доценті, ал 1958 жылы осы кафедраның меңгерушісі болып сайланады. Бұл қызметті ол сегіз жыл атқарып, сонымен бірге 4 жылдай зоотехникалық факультеттің деканы қызметін қоса атқарады. Осы кез оның жоғары білім саласындағы жемісті жылдарының бірі болды. 1962 және 1965 жылдары ол КСРО ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қой шаруашылығына арналған оқу бағдарламасын жазуға қатысады (Оны жазуға А.И.Николаев, А.А.Капацинская,Г.Ф.Мухин, Ф.А.Грехов секілді одаққа танымал ғалымдар қатысқан еді – Ө.С.). Мұндай таңдау кез келген ғалымға түспейтін. 1964 жылы оның редакторлығымен жоғары оқу орны студенттеріне арналған «Қой шаруашылығы практикумы» «Қайнар» баспасынан жарық көрді (бірлескен авторлар Л.И.Цой, М.К.Кройтер, Н.К.Сенник және т.б.). Осы жылы өзінің әріптестері К.Иманғалиев, В.Абдуллин және Т.Есенғалиевтармен қазақ тілінде «Қойшының қойын кітапшасы» (9,1 баспа табақ) атты еңбек жариялайды. Ол да республикалық «Қайнар» баспасынан 10600 данамен шығарылады.

Ғ.Н.Қыдырниязов оқу-әдістемелік жұмысты, ғылыми зерттеулермен ұтымды ұштастыра білген ғалым. Сол кезде Қазақстанның қой шаруашылығында ғылыми және практикалық тұрғыдан өте маңызды науқан жүріп жатқан еді. Ол республикамыздың барлық өңірлерінде дерлік бұрыннан өсіріліп келе жатқан етті-майлы бағыттағы құйрықты қылшық жүнді қойларды биязы жүнді қойлармен будандастыру арқылы сапалы меринос жүнін беретін әр түрлі биязы жүнді қой тұқымдарын шығару болатын. Өйткені, ол заманда өнеркәсіп тарапынан биязы жүнге деген сұраныс өте үлкенеді және бұл өнімді сатып алу бағасы да айтарлықтай жоғары болатын. Сондықтан Одақтық үкіметтің талабымен және бақылауымен бұл жұмыс біздің республикамызда кең ауқымда жүргізіліп жатты. Соның нәтижесінде 1960 жылға дейін қазақ ғалымдары жаңа «қазақтың биязы жүнді» және «қазақтың арқармериносы» тұқымдарын шығарды. Белгілі ғалым ретінде бұл іс-шараларға Ғ.Н.Қыдырниязовта белсене ат салысты. Оның жетекшілігімен кафедра ғалымдары Қазақтың қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтығалымдарымен бірлесе отырып, Қазақстанның оңтүстік өңіріне, атап айтқанда Шымкент, Жамбыл және Қызылорда облыстары жағдайына бейімделген биязы қой тұқымын шығарумен айналысты. Ғалымдар мен мамандардың ерен еңбегі нәтижесінде 1946 – 1966 жылдары жергілікті қылшық жүнді құйрықты қойларды кавказ, алтай, ставрополь, грозный және кеңес мериносы қой тұқымдарымен күрделі будандастыру жолымен «оңтүстік қазақ мериносы» аталған жаңа қой тұқымы шығарылып, КСРО Ауыл Шаруашылығы Министрінің бұйрығымен бекітілді.

Осы жұмыaсқа Ғадылша Ниязұлының ерекше үлес қосқанын ол жазған еңбектерден анық байқауға болады. Оларды тұпнұсқадан бергенді жөн көрдім. Мысалы, «О путях породобразования в овцеводстве Казахстана» (1961), «Резервы повышения продуктивности овцеводства» (1963) атты мақалалары республикалық ғылыми басылымдарда, ал «Нужны более эффективные методы совершенствования стада» (1964), «Сосредочить внимание на повышении продуктивности товарного овцеводства» (1964), «Южноказахские мериносы – новая порода» деген еңбектері Мәскеуден шығатын ғылыми-практикалық «Овцеводство» журналында жарияланды.

Ғ.Н.Қыдырниязовтың саналы ғұмырының ұлкен бір бөлігі Семеймен байланысты. 1966 жылы оны Семейдегі зоотехникалық-малдәрігерлік институтын жоғары білікті кадрлармен нығайту мақсатында жолдамамен қызметке ауыстырады. Мұнда келісімен көп ұзамай Ғадылша Ниязұлы жаңадан қой шаруашылығы кафедрасын ұйымдастырып 1981 жылға дейін оның меңгерушісі болады. Сонымен қатар факультет деканы болғанын жоғарыда айттық.

Ғ.Н.Қыдырниязовтың қызметінің Семейлік кезеңі де ізденістер мен шығармашылық табыстарға толы болды. Ғадылша Ниязұлы қаншама уақытын оқу мен қоғамдық шаруалар алғанымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын да назарынан тыс қалдырмады. Оның үстіне ол кезде Семей облысы қой саны бойынша Қазақстанда бірінші, ал КСРО да үшінші орын алатын. Сондықтан институттың қой шаруашылығы кафедрасына да артылар жүк аз емес еді. Соның бірі республикада қой шаруашылығының жаңа бағыты – ұяң жүн беретін қой тұқымын шығару міндеті тұрған болатын. Ол кезде халықтың кілем және кілем өнімдеріне сұранысы үлкен болғанмен, оны тоқитын жүн көршілес Орта Азия республикаларындағы сараджа және тәжік ақ түсті ұяң жүнді қой тұқымдарынан  ғана алынатын. Қазақстанда болса негізінен биязы және қылшық жүнді  қой тұқымдары өсірілді. Осы жағдайға байланысты Алматыдағы кілем тоқитын үлкен фабрика шеттен келетін шикізатқа, жүнге тәуелді болды. Мұндай зәрулікті қанағаттандыратын ең тиімді жол – өзімізде арнайы қой тұқымдарын көптеп өсіру болатын.

Сондықтан, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі республика ғалымдары алдына кілем тоқылатын ақ және ақшыл түсті ұяң жүн беретін жаңа қой тұқымын шығару міндетін қойды. Осы жұмысты республикамыздың үш аймағында – Ақтөбе, Қарағанды және Семей облыстарында жүргізу көзделді. Семей жеріндегі бұл жұмысқа басшылық жасау Ғ.Н.Қыдырниязовқа тапсырылды. Бұл өте орынды таңдау болатын, өйткені бұл кезде ол республикаға белгілі тәжірибелі селекционер ғалым ретінде танылған-ды.          Жоспар бойынша жергілікті қылшық жүнді қойларды ақ түсті ұяң жүнді тәжік тұқымының қойларымен будандастыру көзделді. Ол үшін Тәжікстаннан Жарма ауданындағы «Бірінші май» совхозына асыл тұқымды қошқарлар  әкелініп, 1967 жылдан селекциялық-асылдандыру жұмыстары басталды. Алынған будандарды сұрыптап, іріктеп ары қарай таза тұқым алу әдісімен «өз ішінде» өсірілді. Ғадылша Ниязұлы бұл жұмысқа кафедраның белді оқытушылары А.Карнаков, Б.Нұрғалиевтарды тартты.

Осы бағыттағы селекциялық-асылдандыру жұмыстары отыз жылға таяу жүргізіліп, 1994 жылы жоғарыда айтқан үш облыста жаңадан шығарылған қой топтары «Қазақтың ұяң жүнді құйрықты қой тұқымы» деп бекітілгенде, семейлік ғалымдар мен мамандар шығарған қойлар тобы ресми «Байыс» тұқымішілік типі деген атқа ие болды немесе «Байыс қойы» деген атаумен тарихқа енді.

Ал ерекше еңбегі сіңген ғалымдар мен мамандар жаңа қой тұқымы авторлары атанды. Олардың қатарында атақты В.Бальмонт, М.Ермеков және ол бастаған істі жалғастырған семейліктер Н.Майтқанов, Б.Нұрғалиев, З.Тоқаев, С.Каметов, М.Жанділдинов, А.Мұсылманқұлов, М.Бақабаевтармен қатар бұл кезде марқұм болған Ғ.Н.Қыдырниязовта қазақтың ұяң жүнді құйрықты қой тұқымының жетекші авторы болып бекітілді.

Ғадылша Ниязұлы өз кафедрасындағы оқытушыларының ғылыми атақ дәрежеге ие болып, қызмет сатысымен жоғарылауына да жағдай жасап отырды. Солардың арасынан ғылым кандидаттары атанып, республикаға танымал болған С.Рахымбаев, А.Бортықаев, Б.Даулетбаев, Б.Нұрғалиев секілді ғалымдарды атап кеткен орынды деп есептеймін.

1981 жылы Ғадылша Ниязұлы зейнеткерлікке шыққан соң, Қазақтың қой шаруашылығы технологиялық ғылыми–зерттеу институтының Семей филиалы басшысының кеңесшісі  болып келді. Менде осы ғылыми мекемеде ғылыми қызметкер едім. Ғылымдағы жолымызды енді бастаған көпшілігімізге ол кісінің сол кездегі ақыл-кеңесі талай кәдемізге жараған болатын-ды.

Міне осындай майталман ұстаз, көрнекті ғалым болған тұлға тірі болғанда ақпан айында 100 жасқа толар еді. Өмірден өзғанына да 34 жылдай болыпты. Ақжайықта туып, Алматыдан қанаттанған тұлға Семей жерінде де айтарлықтай із қалдырды. Осында бақилыққа аттанып, топырақ та Ертістің бойы, қарағайдың арасынан бұйырды.

Алайда, ең өкініштісі сол, жоғары білім саласында 12 жылдай факультет деканы, 22 жылдай кафедра меңгерушісі болып, Алматы мен Семей институттарында толып жатқан шәкірттер тәрбиелеп, көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған, «оңтүстік қазақ мериносы» мен «қазақтың ұяң жүнді құйрықты қой тұқымын» шығаруға үлкен еңбек сіңірген адамның бүгінгі өмірде қалдырған ізі өшіп, атқарған ісі ұмытылып бара жатқандай.

Сондықтан, “тас түскен жеріне ауыр” дегендей, кезінде өзі қызмет атқарған бұрынғы зооветинституттың ізбасары санатындағы бүгінгі Шәкәрім университетінің аграрлық факультеті Ғ.Н.Қыдырниязовтың биылғы 100 жылдығына арнап конференция ұйымдастырса, таңдамалы еңбектері мен ол туралы естеліктер жинақ түрінде басылса, бір студенттер аудиториясына есімі берілсе деген ойлар келеді.

Осындай жарқын жұмыстар жүзеге асып жатса, бүгінгі және келер ұрпаққа өнеге боларлық іс болып, республикамызда  Елбасы бастамасымен атқарылып жатқан  «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай  келетін тағылымды шара болар еді.

Өмірзақ Сұлтанов,

 С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, а.ш.ғ.к., Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

 

 

 

 

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation