Әкейдің кітапханасы жайында
…Сол кезде мен әкейдің кітапханасындай мол кітаптары бар кітапхана көрмедім. Бұл мол кітаптарды абдыра, жәшіктерге салдырып, ел қыстаудан көшкенде бір бөлмеге қалатып қойғызатын. Оған ешкім тимейтін. Жылда бір рет тазарттырып отыратын. 1918 жылы мен осы кітаптарды тазаластым. Отау үйлер малмен көктемде бауырға көшіп кететін. Әкей, үй-ішімен біздер ел сыртқа шыққанша қыстауда болатынбыз. Бір күні әкей кітаптарын тазалаттырып, маған тізімге алдыртты. Әкей айтып отырды, мен кітаптардың авторларын, шығармаларын жазып отырдым. Үш күнде тізімді жазып зорға бітірдік. Кітаптардың молдығы сондай, авторлардың бар томдарының аттарын жекелеп жазып шығуға мүмкіндік болмады. Мысалы, «Мың бір түннің» барлық томдары болатын. Оларды біз «Мың бір түн» бар деп қана жаздық. Сонда менің байқағаным, есімде қалғандары, діни кітаптардан: Құран, Інжіл, Таурат, Забр, Мұхтасар, Нақу, Бидал сияқты кітаптар. Солардың аудармалары, әр тілдегі тәпсірлер. Будда, Зарадұш діндері жайында жазылған кітаптар. Тарихқа келсек: Табари, «Тарихи ғұмұмн», «Тарих Ғусмани», «Тарих інтишарислам», Нажим Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүрдің шежіресі, Радловтың Ойгұр туралы шежіресі, Аристовтың түрік нәсілі туралы жазған шежіресі. Түріктің ең ескі замандағы кітаптары – Құтадғу білік, Кушучидам, Қытай тарихшысы – Юан-шау-ми-шидің шығармасы. Араб, фарсы, рум, грек, европа тарихшыларының шығармалары сияқты кітаптар. Философия жайлы: арғы замандағы араб ойшылы Абусуфиянның, «Хуррият» туралы кітабы. Аристотель, Платон, Сократ, Әбунасыр Ибн-Сина, Ұлықбек, Шопенгауэр, Кант, Луи Пастер сияқты философтардың кітаптары. Әдеби кітаптар туралы: Гомердің поэмалары, Бичер Стоудың шығарма кітабы («Том атайдың балағаны»), Байрон, Щедрин, Крылов, Гоголь, Некрасов, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Фердауси, Науаи, Сағди, Низами, Физули сыяқты басқа елдердің де ақын, жазушыларының кітаптары.
Әр елдің ертедегі эпостық кітаптары, мақал, мәтел, мәнілі сөздері жазылған кітаптар. Біліми фәндерден: алгебра, геометрия, физика, химия, астрономия, география, анатомия психология кітаптары. Араб, түрік тілдеріндегі нота кітаптары болған. Араб, фарсы, түрік тілдеріне аударылған әр елдің сөздіктері, әдеби шығарма кітаптары. Бұлардан басқа да әр жерден алдырып тұратын газет, журналдары болған. Бұларды тізімге жаздырған жоқ. Өте қымбатты, әрі ойшыл, әрі ақын, әрі жазушылардың шығармаларын оқығанда, олардың кітаптарының шетіндегі екі елідей, ақ қалған жеріне сол ойшыл, ақын, жазушылар жайында жазған бағалы сөздері, пікірлері бар еді. Әкей бес тілді жетік білген адам. Ол араб, фарсы, шағатай, түрік, орыс тілдері еді. Сол тілдерді жақсы білу арқасында, жер көлеміндегі елдердің тілдерінде жазылған шығармалармен оңай танысқан.
«Осы мол асыл қазына кітаптар қайда? Қайда кетті?» – дейсіздер ғой. Сіздердің де, менің де жанымды жеп, жүрегімді күйдіретін, мәңгілік арман боп, ауыр тиетін жағдай, 1931 жылы қораларды, тамдарды бұзып, ағаштарын, тақтайларын алғанда, ол кездегі жанама жандайшап, санасыз адамдар бар кітаптарды далаға үйіп, түп-түгел өртеп жіберген!…
Ахат Құдайбердіұлының естелігінен.
Дереккөз: http://shakarim.kz