Сәрсенбі, Тамыз 22, 2018
Негізгі > Руханият > Дәстүр > ТЫНЫШТЫҚБЕК ТӘМСІЛДЕРІ

ТЫНЫШТЫҚБЕК ТӘМСІЛДЕРІ

Ұлттық ойлау жүйеміздің дұрыс қалыптасуына жаңа леп, соны серпін сыйлаған Тыныштықбек Әбдікәкімұлының жазбалары сөз танитын қауымға қол соқтырып келеді. Басқа танымдардың шылауына шырмалып қалған түйсіктер басында «Тыныштықбек не жазып отыр?» деп үрке қараған. Олай болатын да жөні бар секілді. Туғаннан жат қолында өскен бала кейін өз ортасына оралғанда екі жақ әлдеқанша уақытқа дейін бір-бірін жатырқап жүрмей ме… Сол секілді, Тыныштықбек ақын «бір түрлі ойларын» орай соққан желдей үдеткенде түсінгеніміз тұщынып, түсінбегеніміз ушығып қалғанбыз. «Ақшам хаттарына» алақайлаған қауымның көбі «Бесінші маусымды» айтпағанның өзінде «Қассақ аңқымасы» мен «Ырауанына» келгенде кібіртіктеп қалғаны жасырын емес… Олай дейтінім, әлгі кітаптардың жарық көргеніне «Ура» дегенімізбен ол шығармалар туралы тура айтып, түсіндіріп берушілер бойкөрсеткен жоқ. Әбіш Кекілбаев пен Қинаят Шаяхметұлы сынды алыптарымыздың нұсқаған бағытын басылым бетінде жалғастырғандар да тапшы боды. Көзін бадырайтып қойып «Сен ұлы ақынсың», «Ғажап ақынсың» дегенімізбен оның ғажайып жазбаларын қоғам санасына жеткізудің жолын ұсына алмағандаймыз.

Негізінде, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының танымдық мәселелерге, ұлттық ұғымға құрылған ойлары алдымен қалың бұқараның санасына сіңуі керек. Ол дегеніңіз біздің рухани жаңғырудың мақсаттарына толық жетуімізге өз ықпалын етпек. Оны қандай жолдармен жүзеге асыру керектігі анықтала жатар. Бірақ, алғашқысын автор өзі жасап қойыпты. Ол – Тыныштықбек ақынның түйінді ойлары. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін – мақал, мәтел, нақыл, қанатты сөз деп жатамыз ғой, мен автордың айдарлы сөздерін «Тыныштықбек тәмсілдері» деп атағым келеді. Бұл сөздер таңдайда еріп түсетін тәтті тіркестер ғана емес, меніңше, Тыныштықбек ақынның бүгінгі әрі болашақтағы том-том шығармаларының алтын өзегінің ұшқындары іспетті. Бұл ұшқындардың төл танымымызды төрімізге шығаруға септігі тиерлік жарығы бар.

Сонымен, 20 сәуір күні Алматы төрінде (Алатау театрында) Тыныштықбек ақынның шығармашылық кеші өтетінін етсігенде бізді осы бір ойлар иектей қалған екен, қағазға түсіруге тырыстық. Сол бір рухани жиынға сәттілік тілей отырып, көзімізге түскен (арнайы түгендемеген) Тыныштықбек тәмсілдеріне кезек берелік:

 

Тәңір әділеті: әр адам өз жазмышын өзі «жазады» әуелде.

***

Өлік сасыған сана болғанша, аруақ аңқыған мола бол.

***

Ақылсыз – айнадан өзін ғана көреді. Ақылды айнаны да көреді.

***

Көркем сөйлейтіндер аз емес, Көркем ойлайтындар көп емес.

***

Бабалар даналығын танып-білсеңіз, басқа ілімнің де, діннің де қажеті жоқ.

***

Елімді ойласам, көлеңкем де күрсінеді.

***

Біздің қоғам – “Абай жартасы”. Құдайға да жауап қатпайды.

***

Суми – сыпырып болған жеріне су себер, Көкми құм себер.

***

Одүниелік «тозақтың отынан» да бұдүниелік Ардың оты азапты.

***

Кердеңнің сәлемі не, кекірік не, – айырмасы жоқ.

***

Бақ – баста, жұпары – жүректе.

***

Көп ішінде – батыр, жалғыз қалса, – пақыр.

***

Ата Тілім ардақталмаған Отанымнан қотаным артық.

***

Өзіндік “артистігі” жоқ пенде болмайды.

Бірақ, әулие болып көрінгісі келетіндері – ең сорлылары.

***

Ғылымсыз елде – дін сойқан.

***

Бала жыласа, жұбатарсыз.

Дана жыласа, қоса еңірерсіз.

***

Ең ұлы мақалдар өлі күйде.

Соларға жан бітірсек, басымызға Бақ қонады.

***

Жақсыны өкпелетсең, кешіреді.

Жаманды өкпелетсең, өшігеді.

***

Көзден де көреген сөздер бар.

***

Көптің көз жасына қайық жүргізсең, сол қайығың табытыңа айналар.

***

Жаман ойлағаның үшін де жазаңды тартасың.

***

Өзіңе керек екеніңді ұмытсаң да, өзгеге керек екеніңді ұмытпа.

***

Бір тұтам жерің сатылса да, ол – Отаныңның өзегіне түскен шайтан құрты.

***

Ақсақалдық қасиет ұлғайған жасқа қарамайды, ұлағатты Басқа қарайды.

***

Ақылдың отынан – көңілдің түтіні қауіпті.

***

Қайла қаза алмағанды айла қазады.

***

Ойыма алғанымның бәрін жазып үлгерсем,

Жылап жатып өлер ем қуаныштан.

Қайрат Зекенұлы, «Жерұйық» порталы.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation